Байланыс телефондары:
+7(7172) 20–44–5
+7(701) 533-12-2
» » Реферат: Төлен Әбдікұлы – қазақ әдебиетіне 60-70-жылдары келген жазушы

Реферат: Төлен Әбдікұлы – қазақ әдебиетіне 60-70-жылдары келген жазушы

26 июнь 2019, Среда
10 587
0


referat.pdf [683,39 Kb] (Жүктеу: 213)

Көру онлайн файл: referat.pdf


КІРІСПЕ

Зерттеудің өзектілігі. Төлен Әбдікұлы – қазақ әдебиетіне 60-70-жылдары келген жазушы.Жазушының шығармалары адамгершілікке, ізгілікке, мейірімге, еңбексүйгіштік сынды қасиеттерге арналған. Т.Әбдікұлы тұлғаның екіге бөлінуі сынды психологиялық мәселені де қозғаған. «Оң қол», «Парасат майданы», «Тозақ оттары жымыңдайды» атты шығармаларында тұлғаның екі ойда болуы, екі тұлғада өмір сүруі  көрініс табады. Тұлғаның екіге жарылуы туралы жазылған шығармаларынан соң, автор біраз сынға да ұшыраған. Автордың «Әке», «Ақиқат» повестері мен «Қайырсыз жұма», «Бассүйек», «Жат перзент» сынды әңгімелеріндегі «жалғыздық» философиясының мәтіндегі көрінісі мен идеясы анықталады.

Автордың «тұлғаның екіге жарылуы» құбылысы 1970-жылдары жазылған «Оң қол» әңгімесінде көрініс тапты. Әңгіме жарыққа шыға салысымен сындарға ұшырап, бірақ кейіннен өзінің оң бағасын алды. Сол кезден бастап Төлен Әбдікұлы шығармаларының көркемдік ерекшелігі, ұлттық құндылықтары зерттелді. Төлен Әбдікұлы сол кезден бастап әдебиеттану ғылымының өзекті тақырыптарының біріне айнала бастады. Әсіресе, Төлен Әбдікұлы шығармаларындағы «тұлғаның екіге жарылуы» тақырыбы - ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырдың басты зерттеу нысанына айналды. 2002 жылы шыққан «Парасат майданы» әңгімесі де «тұлғаның екіге жарылуы» тақырыбына ғалымдарды қайта айналдырып әкелді. «Парасат майданы» әңгімесі негізіндегі постмодернистік бағыт жайлы Амангелді Кеңшілікұлы, Мауленов Алмас сынды ғалымдар еңбек жазды. Бұл жұмыста Төлен Әбдікұлы шығармаларындағы автор-оқырман-көркем мәтін концепциясының негізінде талдау жасалынады. Төлен Әбдікұлы - қазіргі оқырман қауымның ұсыныс қамтамасыз етіп жүрген бірден бір жазушы. Халықтың сұранысындағы автордың жазу стилін, оқырманға ұсыну жолдарын, мәтінді құрастыру ерекшелігін ашып көрсету - бұл жұмыстың негізгі мақсаты. Қазіргі таңда өзекті талқыланып жүрген жазушының өзіне тән ерекшеліктерін ашуымыздың өзі бұл тақырыптың өзекті тақырыптардың бірі екенін айқындауда. «Т.Әбдіков прозасындағы баяндау тәсілі мен стилі», «Т.Әбдікұлы шығармаларының мәтініндегі тілдік ізденістер», «Көркем шығармадағы автор табиғатына қатыстытеориялар», «Т.Әбдікұлының шығармаларындағы авторлық идеялардың көрінісі», «Автор-мәтін-оқырман», «Оқырман түрлері мен оқырман назары» деген тақырыптарға топтастырылған жұмыс нақты дәлелдермен бекітілген.

Зерттеудің ғылыми жаңашылдығы. Төлен Әбдікұлы шығармаларын үштік концепциясы негізінде зерттеу барысында осыған дейін анық көріне бермеген жаңа дереккөздер пайда болды:

-Т.Әбдікұлы шығармаларын жанрлық, тақырыптық, көркемдік тұрғыда арнайы қарастырған алғашқы еңбектердің бірі болғандықтан, жазушының суреткерлік шеберлігіне, өмір шындығын толыққанды көркем бейнелермен жеткізу бағытындағы ұстанымдарына баса назар аударылды;

-Автор шығармаларындағы «жалғыздық» ұғымының берілу жолдары анықталды. Мәселен, «жалғыз ұрпақ», «жалғыз орын», «жалғыз соңғы өкіл» сынды т.б. көптеген жалғыздық ұғымына қатысты ойлардың берілу жолдары зерттелді;

-Автор мәтініндегі жаңаша айшықтау құралдары айқындалды. Тілімен стиліндегі ерекшеліктер айқындалып, қазақ әдебиетіне әкелген лебі зерттелді;

-Прозалық шығарма автор мен мәтін, автор-мәтін-оқырман тұрғысынан зерттелді;

-Автор-мәтін-оқырман концепциясы негізінде Т.Әбдікұлының әдебиет әлеміндегі орны айқындалды.

Зерттеудің практикалық маңызы: Жұмыстың нәтижелерін әдебиеттанудағы жаңа бағытты (автор мен оқушы, автор мен қабылдаушы, мәтін мен оқырман. т.б.) қалыптастыруда пайдалануға болады. Автор мен оқырман, автор мен мәтін, автор-мәтін-оқырман мәселелерінің теориялық негізін қалыптастыруда, методологиясын анықтауда көмек береді. 

Зерттеудің мақсаты:Автор, оқырман, мәтін ұғымдарының категория, поэтикалық категория екендігін дәлелдеу, үштік ұғымына жан-жақты анықтама беру, Т.Әбдікұлының прозалық шығармаларындағы көркемдік-идеялық ерекшеліктерін, қаламгердің стильдік белгілерін зерттеп,  бүгінгі күн тұрғысынан саралау.

Зерттеудің міндеттері:Негізгі мақсатты орындау үшін дипломдық жұмыста мынадай басты міндеттерді шешу алға қойылды: 

-Қаламгердің шығармаларында жиі кездесетін «Жалғыздық» идеясының берілу жолдарын ашу;

-Мәтіндегі баяндау тәсілі мен тілдік ізденістерін анықтау;

-Көркем ойды жеткізудегі тілдік-стильдік шеберлігін көрсету;

-Жазушының прозалық шығармалардағы өзіндік қолтаңбасын айқындау;

-Т.Әбдікұлының авторлық табиғатын ашу;

-Оқырманның мәтінге қатысын анықтау

-Автор, оқырман, мәтіннің толық зерттелуіне алғышарт жасау.

Зерттеу нысаны.  Жұмыста Төлен Әбдікұлының шоқтығы биік «Әке», «Оралу», «Ақиқат», «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт»,«Тозақ оттары жымыңдайды», «Парасат майданы» повестері, «Қайырсыз жұма», «Қонақтар», «Бассүйек», «Оң қол», «Жат перзент», «Бір күндік ашу» сынды әңгімелері негізге алынды. 

Зерттеудің теориялық-әдіснамалық негіздері. «Көркем мәтін-оқырман-автор» концепциясы, негізінен, өз бастауын әлем әдебиетінен алады. Әлем әдебиеттанушыларынан М.М.Бахтин, В.Е.Хализев, В.В.Савельва, Б.О.Корман, Б.С.Мейлах, қазақ әдебиет зерттеушілерінен Т.Есембеков, К.Жанұзақова, А.Байтұрсынұлы, Н.Кенжегараев, М.Оразбек, Т.Танабекова, Ж.Дәдебаев, Қ.Жұмалиев, Г.Пірәлиева еңбектеріндегі ой-тұжырымдар жұмысымыздың негізі болды.

Зерттеу әдіс-тәсілдері. Жұмыс ғылыми сипаттама әдісі негізінде жүзеге асты. Сондай-ақ, салыстыра отырып зерттеу, кешенді талдау, жүйелеу, жинақтау әдістері мен тәсілдері де тиісінше пайдаланылды.

І Т.ӘБДІКҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ АВТОР КОНЦЕПЦИЯСЫ


1.1 Көркем шығармадағы автор табиғатына қатысты теориялар



«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, Сонда да солардың бар таңдамасы», - деп қазақтың ұлы ақыны Абай атамыз өлеңге қойылар талапты жіліктеп жатпай, бір ауыз сөзге сыйдырып кеткені анық [1,114 б.]. Өлең - сөз өнерінің бір бөлшегі. Сөз өнері - өнерлердің ішіндегі мағына мен мазмұнды қамтитын өнер түрі болғандықтан, әр жазушы мен ақын бұл үлестен алып қалғысы келеді. Бұл дұрыс-ақ. Әдебиеті мен тарихи дамымаған елдің алға қарай жылжуы неғайбыл. Кез келген оқиға шығармаға айналмаса, көзден таса қалып қалатынын қайтесін?! Шығарма көркем тілде жазылмаса, тағы да өз оқырманын таппайды. Бұл жерде шығарманың әдеби тілде жазылуы шарт емес, адамның әдемі дүниеге ғашықтығынан туған қажеттілік. Шығармалар жазылады, сонымен бірге зерттеуді қажет етеді.  Осы уақытқа дейін әдебиет әр қырынан зерттелді. Поэзияның поэтикалық ерекшелігі, прозаның көркемдік ерекшелігі  және т.б. көркемдіктің, былайша айтқанда теория, тарих, сын аясында зерттеліп, сүбелі еңбектер жарық көрді. Батыс ғалымдары әдебиетті  зерттеуде көш ілгері жүрді. Ең алғаш әдебиетті Аристотель бастап зерттегені белгілі. Аристотельдің «Поэтика» атты еңбегінде әдебиет теориясына қатысты негізді қалыптастырды. Көркем шығарма, оқырман, автор арасындағы байланыс алғашқы рет Аристотельдің еңбектерінде зерттелді. Кейіннен Б.С.Мейлах «Ой-шығарма-қабылдау», А.М.Левидов «Қаламгер-образ-оқырман», У.Эко «Қаламгер-мәтін-оқырман», В.В.Молчанов «Ой-көркем шығарма-оқырман», В.Г.Благова «Қаламгер-мәтін-оқырман» деген концепцияларды өрістеп дамыды [2].

Автор мен қабылдаушы, автор-көркем шығарма-оқушы мәселелері кеңестік дәуірде КСРО Ғылым академиясының Әлем мәдениеті тарихы Ғылым кеңесінің жанынан құрылған Көркем шығармашылықты кешенді зерттеу комиссиясы (төрағасы академик Б.С.Мейлах) тарапынан зерттеліп, жарияланған ұжымдық еңбектерде, өнер мен әдебиеттің мәні мен қызметі жөнінде ой толғаған Л.Н.Толстой, Г.В.Плеханов, ғалымдар А.Н.Веселовский, А.А.Потебня, В.В. Жирмунский, В.В.Виноградов, М.М.Бахтин, Л.С.Выготский, Б.С.Мейлах, М.Б.Храпченко, В.В.Прозоров, Ю.М.Лотман, А.М.Левидов, Д.С.Лихачев, А.Ф.Лосев, Ю.Я.Барабаш, М.Л.Гаспаров, Ю.Б.Борев, В.Е.Хализев, В.Агеев, Ю.И.Минералов, О.А.Кривцун, Л.А.Новиков, батыс ғалымдары А.Б.Лорд, Р.Барт, П.Рикердің еңбектерінде, сондай-ақ КСРО Ғылым академиясының А.М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институты жыл сайын жариялап отырған «Контекст» жинағында қарастырылады. 

Отандық ғалымдардан А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, Х.Досмұхамедов, М.Әуезов, Е.Исмаилов, Қ.Жұмалиев, З.Ахметов, Ш.Елеукенов, Р.Сыздық, Қ.Өмірәлиев, В.В.Савельева,  Т.Есембеков, Г.М.Мучник, В.Бадиков, А.С.Ісімақова сынды зерттеушілердің еңбектерінде тереңінен зерттелді.

Қаламгер мен автор, оқырман, көркем мәтін мен шығарманың ұқсастығы мен айырмашылығын көбінесе айыра алмай, шатасып жатамыз.  Автор дегеніміз - өнер туындыларын дүниеге әкелуші тұлға болса, қаламгер - автор сөзінің әдебилендірілген нұсқасы.  Ал енді көркем мәтін мен шығарманың ара жігін ажыратып көрейік.  Ауыз шығарған сөз болсын, жазып шығарған сөз болсын бәрі  - шығарма [3, 17 б.]. Шығармаға эсседен басталып, романға дейін жалғасатын өнімдер жатады. Көркем шығарма деп әдебиеттің көркемдікке қойылатын талаптарына (образ, сюжет, композиция, мазмұн, пішін, идея, т.б.) сақтай отырып жазылған шығарма. Көркем шығармаға тек қана әдебиетке қатысты шығармаларды (поэзия мен проза өнімдері) айтамыз. Осыдан шығарманың жалпылама атау, көркем мәтін шығарманың құрамдас бөлігі екені айқындалды. Оқырманға келер болсақ, ол - шығарманың өмірін жалғастырушы. Көркем мәтін, оқырман, автор арасындағы айырмашылықтар айырылып алынғандықтан соң, олардың арасындағы байланыс өз кезегімен жалғасып дамиды. 

Қаламгер - туындыны дүниеге әкелуші болса, оқырман - оның өмір сүруін жалғастыратын тұлға. Ал көркем шығарманы әдебиеттану ғылымы мәтін ретінде қарастыратындықтан, мәтін - қаламгер мен оқырманның арасындағы көпір. В.В.Савельева: «Көркем мәтін - шығармашылықтың сырлы нәтижесі; талқылаудың және саралаудың нысаны; қаламгер мен оқырманның дүниеге деген өзіндік көзқарасының нәтижесі; ол белгілі бір мәдениеттанудың феномены; лингвистикалық санаты; сублимацияның нәтижесі және невропатологияның куәлігінің айғағы; архетипиялық әлемі; психологиялық нақтылық», - деп көркем мәтіннің табиғатын анықтап берген болатын [4,18 б.]. 

Көркем шығарма қаламгердің өзіне негіз етіп отырған өмір шындығын, оқиға желісін, саяси ойларын бірден оқырманға жеткізбейді. Ол көптеген ақыл мен қиялдың, дүниетанымның қаламгер санасымен қорытылған нұсқасын алады. Сонымен бірге, оқырманға деген сыйлығын да өзіне сіңіреді. Шығарманың сыйлығы оқырманның оқиға арқылы өз жанын қозғауында жатса керек. Т.Әбдіковтің «Оң қол» шығармасындағы баяндау сырттай жақсы болып көрінсе де, автордың өтіп жатқан оқиғаларға, адам тағдырының ішкі жан дүниесінің қатысы, оқырман назарына қозғау салғысы келгені көрініп тұр. Көркемдік танымы биік деңгейдегі орыстың белгілі сыншысы В.Белинский А.С.Пушкин туралы ғылыми мақаласында: «Мен қандай оқырманды қалаймын? – Мынадай: мені де, өзін де, тіпті күллі әлемді де ұмытып, тек менің шығармаммен өмір сүретін», - дейді [5,20 б.].

Қаламгер мен оқырманның бастарының бірігетін ортасы, диалог құрып, ой алмасатын алаңы – көркем шығарманың әлемі. Әрбір қаламгер оқырманның өз шығармасымен етене араласып, сіңісіп кеткенін қалайды. Орыс жазушысы А.М.Ремизов: «Пишется не для кого и не для чего, а только для самого того, что пишется и не может быть написано… Дляписателя, когда он пишет, не существует никакого читателя», - деген пікірінің теріс жағы бары анық [5]. Себебі, кез келген қаламгер шығарманы оқырманға арнап жазады. Өйткені, шығарманың мәңгілік болуы, автордың мәңгі өмір сүруі тікелей болмаса да жанама оқырманға байланысты. Бұл жерде шығарманың өміршеңдігіне оқырманнан бөлек тақырып, өзектілік, оқырман ортасы, шығарма көтерген проблема, мәтін тілдік жағы да әсер етеді. 

Көркем шығармада автордың оқырманға сыйлығы - «мәтін астары». Қаламгер мәтін астары арқылы өзінің жасырын жатқан, айта алмаған ойларын жасырады. Мәтін астары біздің алашорда өкілдерінің цензура кезіндегі шығармаларында көп көрініс тапқан. Мәселен, көркем әңгіменің классикалық үлгісі болып табылатын Ж.Аймауытовтың “Елес” әңгімесі. Қаламгер оқырманға өнердің қоғамда алатын орнын, ақын, жазушының халық үшін атқаратын міндетін, халықтың тұрмысын аталмыш әңгіме арқылы жеткізді. Шығарманың құрылысы диолог үлгісінде жазылуы оқырманға кеңес дәуірінің шындығын,  қазақ елінде болған ашаршылықтың ауыртпалығын, өлім, қайғы, зардап және т.б. өмір шындығына қатысты сөз етілген оқиғаларды танып, түсінуге мүмкіншілік берді. Қаламгердің астарлы ұстанымы шығарманы үшінші тұлға арқылы жүзеге асты.  Әңгімедегі жас әдебиетшіге түнгі елес келіп, екеуі диалогқа түседі. Олар төңкерістен кейінгі әдебиеттің ахуалы туралы сөйлеседі “Төңкерістен бері қазақ елінің басынан қандай күндер өтпеді? Қазақ даласын көмірдей басып ақтар өтті. Қазақ даласында соғыс майданы ашылды. Мұның бәрі қандай із қалдырды? Осыларды қайсың жаздың?” [6,425 б.].Қаламгер көркемдік шеберлігімен қоғамның жағдайын  ашпақшы болады. Кейіпкер өң мен түстің ортасында отырып, жұмбақ елестің сауалдарына мүдіріп қалады.  Кейін өзінің табан жолының тайғанақ, мәнсіз  екенін сезген жас жазушы осы елестің сөздерінен кейін ұйқыдан ояна бастағандай болады “Құлағыма жағып кетті. Сөзі де әрі жатық, әрі жат көрінді. Магнит қуаты бардай-ақ, сөйлеген сайын ұйытып, бойымды балқытып әкетті” [6,423 б.]. Қаламгердің шеберлігі - ойды астарлап жеткізуі. Көркем шығарманың құндылығы - қаламгердің астарлы ұғымын беруі. 

Автордың шығармаға қатысымын анықтау үшін автор сөзінің мағынасынтереңінен зерттеп алуымыз қажет. «Әдеби энциклопедиялық сөздікте»: «Автор (латынша – негізін салушы, ойдан шығарушы) филологиялық категория тұрғысынан алғанда – әдеби шығарманы тудырушы, жеке-дара шығармашылық қолтаңбасын, өзінің көркемдік әлемін танытушы» [7,13 б.]- деп түсіндірілген. Яғни, автор - шығарманы тудырып қана қоймай, оған өзінің қолтаңбасын қалдырып кететін тұлға. Шығармаға автор өзінің позиция арқылы қолтаңбасын қалдырады. Авторлық позиция дегеніміз - автордың өзін қоршаған ортаға, қоғамға, өмірге сырттай көзқарасы немесе пікірі ғана емес, ол автордың бүкіл жан дүниесі, сезім сүзгісінен өткен, өзі суреттегелі отырған өмірдің әр түрлі жақтарын сезініп, түйсінуінен пайда болған ой тұжырымы, авторлық ұстанымы немесе авторлық тұлғасы [8,15-16 б.]. Авторлық позиция мен автор шығармада қатар жүріп, тұтас зерттелінеді. Авторлық позицияны ашуымыз үшін әрдайым автордың көркемдік және рухани әлеміне жүгінеміз. Себебі, автордың ой-сезімі, идеясы авторлық позиция арқылы шығарма оқиғасы мен кейіпкерлеріне енеді. Бірақ кейде шығармада көрінген ой немесе оқиға автордың өз басында өтпеуі мүмкін. Мәселен, Т.Әбдікұлының шығармаларында жиі ұшырасатын «Жалғыздық» философиясы. «Оң қол» әңгімесінде жалғыз Алманың ауруы, «Парасат майданында» жалғыз адамның екіге бөлінуі, «Тозақ оттары жымыңдайды» повесінде араку тайпасынан жалғыз адамның қалуы, «Қайырсыз жұма» әңгімесінде өзінің жалғыз билікке жетуі, «Қонақтар» әңгімесінде жалғыз ұрпақтың санасыздануы – жалғыздық идеясының анық көрінісі. «Парасат майданы» повесінде жалғыздық былай сипатталады: «Жалғыздық жайында көп ойландым. Қиындыққа да, қиянатқа да, зорлық-зомбылыққа да, жала мен бәлеге де төзуге болатын секiлдi. Төзуге қиын жалғыз нәрсе - жалғыздық. Адамның жұлын-жүйкесiнiң қайғы қасiретке төтеп бере алмауы  жан азабын бөлiсетiн жақын жанның жоқтығынан. Ондай кезде жалғыз әмiршiң - Жалғыздық. Ғашығыңдай жабысқан, түнде түсiңде, күндiз iсiңде серiк болған, жатырлас сыңарың Жалғыздық  - ендi сенiң тағдырың» [18,13 б.], «Ғалымдардың айтуынша ғалам кеңістігіндегі ой жетпес алыс галактикаларда «қара тесіктер» (черные дыры) болады екен. Осынау космостық құрдымға жұтылмайтын ештеңе жоқ, бүкіл масса атаулы, тіпті оған тап болған сәуле де одан қайтып шыға алмайды. Жалғыздық та осындай космостық қара тесік секілді. Бойындағы сәулеңді, күш-қуатыңды, жігеріңді, үмітіңді, сеніміңді қайтып шықпастай етіп сорып алады. Жалғыздыққа кеткен қайратыңның жүзден біріне қыруар ерлік жасауға болар еді. Жалғыздықтан құр сүлдері қалып қажыған қанша адам ерлік жасамақ түгілі қарақан басын әрең алып жүр. Жалғыздықтың өзіме тым жақын келіп қалғанын денемнен, сыздаған жүрегіммен сезіп тұрмын. Аласұрып серік іздеймін» [18,13 б.]. «Әке» повесінде де жалғыздық көрініс тапқан: «Өлер алдында сөйлей алмады. Тек қолымды қысып, жалғыз саусағын шошайтты. Жалғыз қалдың дегені болу керек. Өзінің өсиеті бойынша ескі қорымға апарып көмдік. Дүйсеннің үйіндегі Гүлсім жеңгеміз кейін күйеуге шығып кетті. Жалғыз баланы өзімен әкетті», «Ақсары кемпірдің Жорабек деген жалғыз ұлы Ермек көкемдермен бірге соғысқа кеткен [16, 34]. Жорабектің атын атамай сөз сөйлемейді. Өзінің сөзіне қарағанда Жорабек он екі құрсақтан қалған жалғыз ұл» [16,39 б.]. Жалғыздан қалған тұяқты іздеген ақсақал туралы «Қыз Бәтіш мен Ерсейіт» повесіндегі жалғыздық былайша суреттеледі: «Белі бүгілмес-ақ, басы иілмес-ақ деген, қу тірліктен бір мойын биік азамат емес пе! Кәрі қойдың жасындай жасы қалғанда жалғыз ұлдан айырылып, қираған бәйтеректей отырған отырысы мынау ғой. Киіз үй ішінде қазаға көңіл айта жиналған қалың жұрттың осыдан басқа ойларға ойы болмай, Қожабектің жалғыз ұлын өз қолдарыңнан өлтіріп алғаннан бетер бастары салбырап, жер шұқып отыр» [16, 203 б.]. Әрбір адамның басында жалғыздық кездеседі, бірақ автор бұл жерде заманның ағымына қарай болған жалғыздықты сипаттауда. Кеңес өкіметінен кейінгі қаржының таршылығындағы бала санының азаюына орай «Жалғыз бала», қысымның көбеюіне орай «Жалғыз ұлт», билікке құмартудың күшеюіне орай «Жалғыз орын» сынды жалғыздықтарды ұрпаққа үлгі ретінде әкелуі арқылы, өзінің басындағы емес, заманның басындағы ойды автор позициясы арқылы жеткізе білді.Демек, автор  сырттай бақылап байқаған ойды да өз шығармасының негізгі идеясы ете алады. Бұл жердегі маңызды нәрсе -шығармадағы ойдың авторда болу-болмау мәселесі емес, автордың сол ойды жүзеге асыруы. Ойды жүзеге асыратын автордың көркемдік мен рухани әлеміне бойлайық. 

Автор мәселесі дүниежүзілік әдебиеттану ғылымында ХХ ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап қарастырылып келеді. Соның ішінде ағылшын және американ әдебиеттанушылары көркем шығармадағы баяндау тәсілін баяндаушы, әңгімеші қызметіндегі автордың «көзқарасы» тұрғысынан қарастырды. Бұл бағыт танымал әдебиеттанушылар Г.Джеймстің, П.Лэббоктың  және Р.Маккейли, Г.Ланинг, Р.Шолес, Р.Келлог еңбектерінен көрінеді. П.Лэббок өз еңбегінде баяндау, әңгімелеуден гөрі автордың жетекшілік әдісінің артық екендігін дәлелдейді. Осы бағыттың тағы бір өкілі -  Л.Сурмелян автор көзқарасын барлық екенін көрсеткен. Яғни, олар авторлық көзқарасты бәрінен жоғары қоя отырып, оны шығарманы баяндау стилінен, формасынан, идеялық негізінен бөле жара қарастырады. Бұл біршама автор категориясына да, тұтас көркем туындыға да біржақты қарау.

 Қазақстанда, Ресейде де автор мәселесі дәл осы кезеңдерде зерттеле бастаған еді. Ресей әдебиеттануында автор категориясына В.В.Виноградов, М.М.Бахтин, Б.Эйхенбаум сынды ғалымдар көп көңіл бөлді. Бұл ғалымдар тобы шетелдік зерттеушілерге қарағанда авторды тұтас шығармадан бөліп қараған жоқ. Яғни, тұтас шығарма жүйесіндегі автор концепциясы немесе автор образы ретінде композициялық-сюжеттік ерекшеліктермен бірлікте қарастырады.

Әлем әдебиетінде «автор бейнесінің» қалыптасуы классицизм ағымының жойылуымен байланыстырады. Бұл дәуірде әдебиет тарихшы, куәгер не мемуаршының болған оқиға жөнінде іскерлік хабар, мәлімет беруі түрінде жасалды, не шындыққа жатқызылатындай етіп берілген ертегілік, аллегориялық қиял-ғажайып іс түрінде дүниеге келді. Ал Қайта өрлеу дәуірінде (Еуропа елдерінде XV ғасырдың орта шені - XVI ғасырдың аяғы) гуманистік көзқарастың өркендеуіне байланысты әдебиет өнерінде де адам үлкен маңызға ие бола бастады. Енді шығарма тек сыртқы құрылысынан ғана емес, автордың өзіндік позициясынан да қарастырыла бастады. Суреткер тұлғасы, автордың жеке адам ретіндегі таным, түйсігі, жан толқынысы ерекше орын алды. Бұл өзгеріс оқырмандардың  туындыны қабылдауына да байланысты еді. Оған мысал ретінде Дж.Бокаччо, Данте Алегьери сынды әлем жазушыларының шығармаларын келтіруімізге болады. Ал бертін келе әдебиет романтизм дәуіріне аяқ басқан шағында «автор бейнесі» айқын байқала бастады, бірақ тек бір қырынан ғана.Сондықтан көп жағдайда автор өз кейіпкерімен біртұтас болып кетіп жатты.  Автордың бейнесі әр шығармада әртүрлі қырынан көрінетінін жоғарыда атап өттік.Мәселен, эпикалық туындыларда автор баяндаушы ретінде ғана көрінеді. Көне дәуір әдебиеті, мейлі ол жазбаша туған шығармалар болсын (Орхон-Енисей ескерткіштері, орта ғасыр мұралары), мейлі ауызша шығып тараған шығармалар болсын (аңыз, хикая, ертегі, жыр), олардың негізгі міндеті хабар, мәлімет беру болып, танымдық, тәрбиелік қызмет атқарғандығы басты ерекшелігі болса керек. Ал олардың эстетикалық қызметі екінші қатардағы қызмет болып, бертін келе (ертегі, жырларда) ол бірте-бірте алдыңғы қатарға шыға бастайды. Яғни, мұнда автордың бейнесін оқырман оның оқиғаны айту мәнері, кейіпкерлерді суреттеу өзгешелігінен, қозғаған этикалық мәселелерге деген көзқарасы арқылы ғана елестете алады.

 «Автор тұлғасының» прозада көрінуіне тоқталар болсақ, мұның біршама күрделі мәселе екенін мойындауымыз керек. Себебі, көркем прозаның ауыз әдебиетінен ерекшелігі – автордың және кейіпкерлердің жанды даусы, интонациясы, сөйлеу мәнері, көңіл-күйі, бір сөзбен айтқанда олардың «өзіндігі» сезіліп, білініп тұрады.Ол үшін – әдеби туындының тілдік құрылымында автор бейнесі, кейіпкерлер бейнесі бейнеленіп, көрініс табуы керек. Ал, бұл бірден қалыптаса қойған жоқ. Ол үшін ортағасырлық жансыз кітаби стильден бас тарту керек болды, ауыз әдебиеті шығармаларындағы бірсарындылықты жеңу керек болды.

Сондай-ақ, проза жанрынан «автор бейнесін» көре алу қиындығының тағы бір себебі - ол көркем шығармалардың композициялық тұрғыдан көпқабаттылығы мен тілдік құрылымдардың әр алуандылығы. Негізінен, тұтастай алғанда автордың көзқарасы оқиғаны баяндау және кейіпкерлер әлемін беру мәнерінен байқалады.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін көркем шығармаға жүгінейік. Мысал ретінде Қ.Түменбайдың «Сағат жөндеуші және мен» атты қысқа ғана әңгімесін алайық. Әңгіменің көлемі бар-жоғы екі бет. Бірақ автордың шеберлігі сол – осы екі бет әңгімеге терең де ауқымды мағына бере білуінде. Сонымен қатар мұнда автордың баяндау кезіндегі көзқарасының берілуінің үш жолы да көрініс тапқан. Біріншіден, автордың тікелей кірігуне әңгіменің «Мен» деп бірінші жақтан баяндалуын жатқызамыз: «Топ-томпақ «командирский» сағатымның бұрандасы былқ-сылқ етіп бұралмай қалды. Бір секөндті сарп етпейтін уақыттың құлымыз ғой, енді қайттім? Көршім: «Поштаның қасында сағат жөндеуші бар» деп сілтегесін салып ұрып жеттім»[8,29 б.].

Ал, екінші, автор сөзіндегі лексикалық элементтер арқылы көрінуі туралы сөз еткенде, әңгіме барысында ұшырасатын сөздерді айтуымызға болады: «Көшенің бергі беті «Қазақфильм» ықшам ауданы да, арғы беті – «Алатау» совхозы.Асқақ Алатаудың етегінде алшаң басқан түрік пен ұйғыр көп еді, енді армянды ұшыраттым»[8,29 б.]Келтірілген үзіндіде «Қазақфильм» ықшам ауданы, «Алатау» совхозы сияқты біздің жаңа заманымызға тән лексикалық қорымыздағы сөздер кездеседі. Бұл – автордың қай заманда өмір сүргендігінен және сол дәуірге тән өзіндік ерекшеліктерінен де көрініс береді.

Үшіншіден, әңгіме көбінесе диалог мәнеріне құрылған. Яғни, оқиғаға бар-жоғы екі-ақ кейіпкер қатысады. Бірі – автордың өзі де, бірі – сағат жөндеуші, ұлты – армян Енгибарян. Оқырманда шығарманы оқу барысында осы Енгибарянның сөйлеген сөздері арқылы жазушы өз ойынан хабар беріп отырады деген пікір қалыптасады. Әрине, дәл сол күйінде емес, тұспалдап жеткізуге тырысады. Мысалы: «Ол басын көтерместен былқ-сылқ еткен бұранданы бір бұрады да, ішек-қарнын ашып қарап, қылдай жіңішке бізімен бір жерін сырт еткізіп түртіп еді, сағатым тық-тық етіп өмір жырын шертіп жүре берді.

-Серіппе сымы шығып кеткен. Бұны бір алға, бір артқа бұрау

керек.Сендер, қазақтар, қызықсыңдар. Мән-мағынасыз алға бұрай бересіңдер» [8,29 б.]Осы бір сағатшының сөзі арқылы автор не айтқысы келді екен деген сұрақ туындайды. Әңгіме екібастан сағат туралы болып отырған жоқ қой. Сағат дегеніміз – ол қазақтардың қазіргі таңдағы алға қадам басуындағы сана-сезімі. Мән-мағынасыз алға қарай бұрай бересіңдер дегені – біздің әйтеуір қалай да болса алға жылжу мақсатында тырмыса беруіміз, ал алды-артымызға жиі қарамай, өз-өзімізді жоғалтып алу қаупінде тұрған жайымыз. Және тағы бір мына үзіндіге назар аударайық: 

-«Қай жылғысың? – дедім шебердің жас мөлшерін бағамдап.

-55-пін.    

-Менімен, сосын біздегі тың игерумен құрдас екенсің де.

-Әй, қойшы, сендерде дата көп.Өздеріңе түк пайдасы жоқ» [8,30 б.].

Расында да, өзімізге түкке де пайдасы жоқ нәрселер біздің санамызды әбден шырмап, орап алғаны шындық. Соны автор қазақтың өзі емес, басқа ұлттың өкілін сырттан бақылаушы – сыншы ретінде айтқызып отыр. Бұл – қазақтың намысын түртіп, санасын ояту мақсатында қолданылған тәсіл болуы мүмкін. Себебі, адамға көбінесе сырт, бейтаныс адамның айтқан сөзі әсер етеді. Негізінен, әңгіме бастан-аяқ тұспалды ойларға толы. Алайда оқырман оны оқыған кезінде бірден түсіне алатындай деңгейде жазылған. Автор неліктен әңгімені «Аяқ киім жөндеуші» немесе «Киім тігінші» деп емес, дәл «Сағат жөндеуші» деп атаған. Өйткені сағат дегеніміз – ол уақыт, замана ағымы. Сонда автор қазір бар билік пен соңғы сөз қарабайыр қазақта емес, өзге ұлт өкілдерінің қолында екенін айтқысы келді ма деген сұрақ еріксіз ойға оралады. Расында да, оңай істейін деп тұрған сағат тілін басқа ұлттың адамы түртіп қана іске қосуында нендей хикмет бар? Ол - өз жеріміздігі ұлан-асыр байлығымызды өзіміз игермей, шет елдерден келген азаматтарға пайдалануға беріп қойғанымыздан хабар бермейді ме? 

Автордың көркемдік  әлемі - бұл эстетикалық әлемі, сұлулықты қабылдау, сезіну әлемі. Демек, көркем шығармадағы барша оқырманды баурап әкететін персонаждар мен сұлулықтың (пейзаж, кейіпкерлер, т.б.) суреттелуі [8,16 б.]. Бұл сұлулық кейіпкердің ішкі мінезіне және оны қоршаған ортаға дариды. Автордың рухани әлемі – ол жан дүниесі рухани, моральдық құндылығы, бір сөзбен айтқанда адамгершілігі [8,16 б.]. Рухани әлем кейіпкер әлеміне беріледі. Автордың көркемдік пен рухани әлемі автор бейнесімен астасып жатыр. Лирикада автор бейнесі бірден көрінеді, ал прозада  олай емес. Автор бейнесін прозада көбінесе кейіпкер ретінде келеді. Яғни, автор кейіпкерде көрінетіндіктен, авторды шығарманың идеясынан емес, кейіпкерден іздеген жөн болар. Дегенмен, бұл барлық жағдайда емес. 

Авторды көркем шығармада кездесуіне орай 1-диаграммаға сәйкес А.Байтұрсынұлы толғаушы, сарындаушы, әуезелеуші, жазушы, ақын деп бөлсе, 2-диаграммаға сәйкесВ.Е.Хализев ғұмырнамалық автор, көркем болмыстағы автор, көркем шығармадағы автор деп бөлген. 

1-диаграмма. А.Байтұрсынов жіктемесі

 


Авторды толғаушы дегенде: «Толғаушы ақын әуелі көңілінің күйін, мұңын, мүддесін, зарын, күйінішін, сүйінішін айтып, шер тарқату үшін толғайды, екінші ішкергі ғаламында болған халдарды, нәрселерді тысқа шығарып, басқаларды сол көңілінің күйіне түсіріп, халін түсіндіру мақсатпен толғайды», - деген [8,450 б.]. Әуезелеуші деген - автордың әңгіме, тарихи  әңгіме, т.б. шығармалардағы рөлі, толғаушы деген - лирикалық өлеңдердегі ақынның рөлі. Ал сарындаушы дегенде: «Сарындаушы – өз заманындағы бар тұрмысты ғана суреттеп қоймайды, өнеге үшін жоқ тұрмысты да алып суреттейді» [8,450 б.]. А.Байтұрсынұлының жіктемесі бойынша Т.Әбдікұлы әуезелеуші және сарындаушы ретінде танылды. 

2-диаграмма. В.Е.Хализев жіктемесі




В.Е.Хализев: «Слово «автор» (от лат. аuсtог – субъект действия, основатель, устроитель, учитель и, в частности, создатель произведения) имеет в сфере искусствоведения несколько значений. Это, во-первых, творец художественного произведения как реальное лицо с определенной судьбой, биографией, комплексом индивидуальных черт. Во-вторых, это образ автора, локализованный в художественном тексте, т.е. изображение писателем, живописцем, скульптором, режиссером самого себя. И наконец, в-третьих (что сейчас для нас особенно важно), это художник-творец, присутствующий в его творении как целом, имманентный произведению. Автор (в этом значении слова) определенным образом подает и освещает реальность (бытие и, его явления), их осмысливает и оценивает, проявляя себя в качестве субъекта художественной деятельности». Бірінші автор – ғұмырнамалық автор. Жазушы автобиографиясын жазу арқылы өзінің ішкі толғаныстары мен күйін толық жеткізеді. Автобиографиялық еңбекке автор емес, оқырман мұқтаж. Себебі, автордың үздік шығармасы мәңгі өмір сүреді, ал автор оның тасасында қалып қалады. Бірақ кейін автор өз сұранысына ие болады. Т.Әбдікұлының «Тұғыр мен ғұмыр» шығармасы – автобиографиялық шығарма. Т.Әбдікұлының бұл шығарманы өз тұлғасына қатысты сұрақтарға жауап ретінде әрі өзінің өмір жолын өнеге – естелік ету мақсатында жазған. Екінші автор – көркемдік болмыстағы автор. Түсінікті айтқанда, екінші автор - автор-туындыгер. Кез келген шығарманың автордың өзінің ережесі мен талабы бойынша жазылады. Яғни, автор өз шығармасында өз заңын жүргізеді. Автобиографиялық шығарма ол Аллаһтың жазған шығармасын жеткізуші болса, ал өз қолынан шыққан шығармада автор өзі тудырады және сырттай бақылайды. Үшінші автор – көркем шығармадағы автор. Үшінші автор жоғарыда айтылған екі автордан ерекше өзгеше болып келеді. Мәтіндегі автор оқиғалармен бірге құбылып, оқиғалармен бірге тербеледі. 

Автор әдебиеттің әр дәуірінде берілуіне қарай әр түрлі көрінді. Мәселен, ауыз әдебиетінде «автор» деген ұғым жалпылама болды. Бұл кезде жекелеген авторды кездестірмейсін. «Елім-ай» өлеңі  «Халық әні» деп берілді. Кейіннен оның авторы Қожаберген жырау деп те айтылып жүр. Сөйтсе де, фольклорда автор деген ұғым болмай, авторды атау кейіннен қалыптасқанын көреміз.  Көне Греция әдебиетінде«автор» ұғымы пайда бола бастады. Сол ғасырдың авторлары риторика мен дәстүрлі поэтика бойынша жазды. Яғни, риториканыңЭсхил, Софокл, Еврепид сынды авторлары болды,  олар жанр мен стилге мән берді. 17-18-ғасырларда классицизм жанры келуімен дәстүрлі поэтика өз қалыбын өзгертпеді, тек романтизм мен сентементализмнің келуі әдебиеттегі жағдайды өзгертті: «Центральным «персонажем» литературного процесса стало не произведение, подчиненное канону, а его создатель, центральной категорией поэтики – не стиль или жанр, а автор»[10,33 б.]. 19-ғасырдан бастап шығарманың негізгі нысаны жанр мен стиль емес, автор болды. Автордың категория болып танылуынан бастап, автор шығармаға өзінің сан салалы қиялдары мен идеяларын еге бастады. 19-ғасырдан басталған автордың творчествалық еркіндігі шығармалардың сапалығына әкелді деуімізге болады.

Американ – ағылшын әдебиеттануының 20-шы жылдардағы негізгі нысаны – автордың баяндаушы, әңгімеші қызметіндегі автор көзқарасы. Бұл зерттеу П.Лэббок пен Г.Джеймстің еңбектерінде көрінді. П.Лэббок бойынша баяндаушы, әңгімелеуші тәсіліндегі авторлық көзқарас барлығына жетекшілік етуі керек. Яғни, автордың көзқарасы шығармада баяндау және әңгімелеу кезінде көрінеді деген айтты. Бұл бағытты кейін «Жаңа сын» мектебі жалғастырды. Бұл мектептің өзіндік ерекшелігі болғанымен, қателікке бой алдырмай қоймады. Баяндаушы, әңгімелеуші автор идеядан да, сюжеттен де жоғары деді. Баяндаушы, әңгімелеуші автор идея мен сюжеттен жоғары емес, бір-бірімен тығыз байланысты. 

Автор мәселесі 20-жылдары Ресей әдебиеттанушыларының да зерттеу нысанына айналды. В.В.Виноградов, М.М.Бахтин, Б.Эйханбаум, т.б. «Жаңа сын» мектебінің қателіктерін қайталамады. Олар автор образын, автор позициясын шығарма жүйесінде зерттеді. В.В.Виноградов: «Автор образы – бұл ақынның шығармашылығында жасалынған образдың басты ерекшелігі. Ол өз биографиясының да көркем-бейнелік элементтерін қамтып, жүзеге асырады. Лирикалық «Мен» -  бұл автордың ғана образы емес, сонымен қатар адамзаттық үлкен қоғамның рөлі», - деген сөзінен шығатын қорытынды мынандай: автор өз шығармасында өз образын салады, сонымен бірге халықтың да образын қамтиды [11, 113 б.]. Автор өз образын қоғамның өзгерістері мен жағдайларына орай да өзгертіп, шығармаға арқау етіп отырады. Автордың шығармаға, шығарманың авторға қатысы болады. 

М.М.Бахтин бойынша: «Әдеби шығарма авторы тек тұтас шығармада ғана қатыса алады және осы тұтас дүниеден бір сәтте бөлінбейді, бәрінен бұрын мазмұн тұтастығын алшақ тұрған емес. Ол мазмұн мен форманың құйылысып, ажырамас күйге айналған тұсынан табылады. Әдебиеттануда авторды әрдайым тұтас мазмұннан іздейді, демек оны белгілі бір уақыттағы, белгілі бір автобиографиялы, белгілі бір дүниетанымды автор-адаммен үйлесімде алуға болады. Осыдан барып «автор образы» нақты бір адамның образымен кірігіп кетеді», - дейді [12, 382 б.]. Бахтин автор образын форма мен мазмұнның бірлігінен іздейді. Автор белгілі бір дәуірдің перзенті бола отырып, сол дәуірмен үйлесіп, ал өзге бір  дәуірдегі автордық тұлғамен үйлесе бермейтінін, сөйтіп әрқилы кезеңде түрлі авторлық көзқарас көрінеді. 

Автордың көркем шығармаға қатысы жайлы Б.О.Корман былай айтқан: «Автор сөзіне бүгінгі әдебиеттану ғылымында әр түрлі маңыз беріліп қолданылады. Сондықтан бұл терминнің мазмұн – мәні туралы ескерте кеткен орынды. Автор арқылы біз жазушының барлық немесе жинақталған шығармаларының концепцияларын сақтаушы екенін түсінеміз. Авторға бұлайша мән беру, оны нақты жазушыдан да, сондай-ақ авторды баяндаушы, жеке дара баяндаушы, әңгімеші, әңгімеші-қаһарман, т.б. құбылыстардан бөліп, шегін ажыратып береді. Жоғары мағыналы инстанция бола отырып,  автор шығармаға тура мағынасында енбейді. Ол үнемі сюжеттік-композициялық форма құрамында жанама субъект болып қала береді»[13,19 б.]. Корманның пікірінше автор шығармаға өз бейнесін енгізбейтін, керісінше өзгелердің оқиғасын суреттейді. Шығармада автор өзінің «менін» көрсетпейді. 

Орыс ғалымдарының жіктемесінде сонымен қатар баяндаушы (повествователь), әңгімелеуші (рассказчик), әңгімелеуші-кейіпкер деген категориялар бар.Бұлар А.Байтұрсыновтың бөлуімен дәлме-дәл келмесе де, біразы сәйкес келеді.Ғалымның келесі бір авторды атауы – ол «толғаушы».

«Толғаушы ақын әуелі көңілінің күйін, мұңын, мүддесін, зарын, күйінішін, сүйінішін айтып, шер тарқату үшін толғайды, екінші ішкергі ғаламында болған халдарды, нәрселерді тысқа шығарып, басқаларға білдіріп, басқаларды сол көңілінің күйіне түсіріп, халін түсіндіру мақсатпен толғайды» [8, 407 б.]. Бұл автордың категориясы әдебиетте көптеп кездеседі. Әсіресе, поэзия әлемінде, жалпы лирикалық туындыларда жиі ұшырасады. Оған мысал ретінде Т.Тәшеновтың «Өрт ішінен аман шыққан гүлдеймін» деген өлеңінен үзінді келтірейік:

Күнде, мейлің,

Міне, мейлің,

Күл, мейлің!

Өрт ішінен аман шыққан гүлдеймін.

Талайсыздан тай торысы Тәңірдің,

Қоғамның қой торысы боп жүр деймін...

Керегі жоқ

енді маған мақтау мен даттаудың да,

Өзімді-өзім жатқан жоқ ақтау мұнда.

Керегі сол – тек қана тыныштық бер,

Көремін сол – тек қана Хақты алдымда...[8,25 б.].

Автор-толғаушы шығармасында өз көңіл-күйін эмоционалды-экспрессивті түрде беруі мүмкін. 

Ақынның бұл өлеңінде эмоционалдық реңк аса басым емес. Мұнда тек мәселені ортаға тастау, соны талқылау, өз ойын білдіру, соңында жеке танымымен қорытынды жасау. Яғни, толғаушы тек өз сезімінен хабар беріп қана қоймай, сонымен қатар кейбір тақырыптар аясында ой қозғай алады. Авторға берілген атаулардың келесі категориясы – ол «сарындаушы».

«Сарындаушы өз заманындағы бар тұрмысты ғана суреттеп қоймайды, өнеге үшін жоқ тұрмысты да алып суреттейді» [8, 450 б.].

Қорыта келгенде, автор категориясы – күрделі категория. Әр ғалым автор категориясына қатысты әр түрлі көзқараста болуы орынды. Барлық ғалымның ортақтастыратын нәрсе – автор-туындыгер. Автор өз ойын да, идеясын да әрі басқа да идеяларды шығармаға арқау етеді. Автор мақсаты – шығарма арқылы оқырманға ой тастайды.



1.2 Т.Әбдікұлы шығармаларындағы авторлық идеялар

Төлен Әбдікұлы әріптестері сынды әдебиет майданына әңгімелер жинағын алып келді. Жазушының  «Райхан» атты алғашқы туындыларының бірі Қазақстан жазушыларының 1964 жылы шыққан «Таңғы шық» жинағына еніп,  жазушы жолын жеңіске жетелеген еді. Бұл кез жазушының студенттік кезеңіне сәйкес болатын. Университет қабырғасында қазақ және әлем әдебиетінен сусындаған тұлғаның шығармалары да өзге болды. Әр шығармасында шетел әдебиетінің элементтері кездесіп жатты. 

Жазушы қаламынан туындаған танымал болған әрі танымал еткен десек те артық емес шығармасы - «Оң қол» әңгімесі. «Оң қол» әңгімесі - 70-жылдардағы қатты сыналған әрі оқылған шығарма. Қазақ прозасын зерттеп жүрген ғалым Г.Пірәлиева: «Жетпісінші жылдардың басы мен   орта тұсында қазақ прозасында бір құбылыс әдеби жанрда бұрындары   байқала қоймаған тың көркемдік тәсілдер туа бастады. Мәселен, роман-монолог «Аңыздың ақыры» - Ә. Кекілбаев,  роман-диалог  «Ақиқат пен   аңыз» - Ә.Нұршайықов,  әңгіме-түс көру «Оң қол» - Т.Әбдіков,   повесть-новелла «Ақ ару-ана» - С.Санбаев  және   басқалар.Мұның   бәрі    қазақ сөз өнеріне өзіндікқолтаңбасымен, стильдік ерекшеліктерімен   жаңаша леп әкелгендей еді», деген пікірді айтады. Шынында да, Т.Әбдікұлы - жаңа леп әкелген жазушы. 

Әңгіме жазу - жүгі ауыр өте қиын дүние. 10-15 беттің ішіне мән-мағына, өнеге, тәрбиенің барлығын қамту кез келген адамның қолынан келе бермес. Бұл жерде роман, поэма жазатындардың жұмысы оңай деуден аулақпыз. Әр жанрдың өз көтерер жүгі бар. Сонда да әңгіменің орны проза үшін ерекше. «Оң қол» әңгімесінде Алма дейтін кейіпкердің басындағы жағдай медицинада бар ұғым. Медицина тілінде «тұлғаның екіге жарылуы» деп айтады екен. Ал әдебиеттануда «адам ішіндегі адам» деген тәсілмен көрініс табады. Қаламгер тұлғасының екіге жарылуын түсі арқылы бейнелеген. Ж.Дәдебаевтың түске қатысты пікірі мынандай: «Қаламгер қай кейіпкерінің бейнесін жасамасын ол сөзге сараң,  автордың ішкі сезімін сездіре бермейтін салқынқанды. Кейіпкерлері   тек  өз табиғатына, дәрежесіне тән сөздерді сөйлеп оларды толғайды. Шағын   әңгімеде шашырап жатқан ой, оңды-солды пайдаланған сөз жоқ. Әдеби шығармада кейіпкер болмысын кесектеп, ішкі жан сырын ашуда  айрықша рөл атқаратын түс ішкі монолог ретінде көрініс тапқан. Әңгімені әсерлі етіп, оқиғаны қоюлатып отырған түс – автордың үлкен  табысы» [14,77 б.]Түс - мифтің бір түрі. Саналы жаратылысқа тән қасиет болғандықтан, түс арқылы жазушы аз сөзге көп мән сыйдырады. Ж.Дәдәбаевтың айтқан пікірі осыны меңзесе керек. Сонымен бірге,  О.Бөкейдің де  «Жасын» атты әңгімесін түс тәсілі арқылы жазуының сыры осында.

«Оң қол» әңгімесіндегі бақытсыз қыздың арғы аталарының бірі өзін-өзіөлтірмекболып, бірақ идея іске аспай қалған. Генетикалық кодқа жазылған өлім әңгімеде былай берілген: «Оң қол Алмаға тек қалың ұйқы құшағына енгенде шабуыл жасайды. Яғни өзіне қанша түсініксіз болғанмен, өзін-өзі өлтіру ниеті қыздың миында бар деген сөз. Бірақ ол ниет кімнің ниеті, қайдан келген. Алманың бүкіл өткен өмірін, мінез-құлқын, адамдармен қарым-қатынасын зерттей келіп, мұны өз басынан туған ниет деуге себеп таба алмадым. Бұл қалайда қанмен, тұқым қуалап келген ниет. Науқастың шешесі, иә әкесі, иә әкесінің әкесі бір кезде өзін-өзі өлтірмек болған. енді олар әлдебір құпия заңдылықпен Алманың санасында тұрып, өздерін-өздері өлтіргілері келеді. Бірақ олардың өздері жоқ. Санасының иесі – қыз өлуге тиісті» [16, 317 б.]. Енді генетикалық   ақпаратқа енген осы идея пәленбай ұрпақтан кейін қыздыңжадында   жаңғырып, ақыры жүзеге асып қыздың мерт болуымен аяқталады. «Оң қол» әңгімесінде автор идеясы – жақсылық атаулымен қатар жүретін зұлымдық іс-әрекеттер мен жауыздықтың түп-төркіні - ой мен соны іске асыратын қол. Жаман істің ойға келіп, бірақ іске аспаса да оның өзінен кейінгі болашағының генетикалық кодында сақталып, кесел болып жабысатынын автор әңгіме арқылы жеткізіп отыр. 

«Бассүйек» атты әңгіменің желісі Хамит деген жас мүсінші-антропологтың мүсінді жасау кезіндегі ізденістері мен қиыншылықтары жайлы өрбиді. Хамитті атақты Герасимов сынды ғалым мақтап, оның дәрежесін өсірген болатын. Бірақ сол Хамит бүгін бір мүсін жасауда қатты қиналуда. Жасаған мүсінін достары жақсы баға бергенімен, халық бұл еңбекті мүлдем ұнатпайды. «Әсіресе, мүкіс құлағын қалқалап, түсінсін-түсінбесін қолын көлегейлеп қарап: «Қайдам, шырағым», - деп тұрған Мұқаш шалдың бейнесі көңілге қона кетті. Кенет қиқулана жымиып: - Мынау біздің милиция Оқап секілді екен, -  деп, болмаса: - Ал былтыр өлген әкесіне бухгалтер Ермек әшекейлеп күмбез орнатты, көрдің бе?- деп, әлдекімдерді сыпырта боқтап отырған сахарға салып алғандай аппақ шалдың іші-тысы түгел танылғандай», «Мүсінді ел көзіне – ортаға қойғанда күтпеген жағдай болды [16, 321-322 б.]. Жиналған халық тас мүсінге аз-кем үнсіз қарап қалды да, артынша бәрі бірауыздан: 

- ... Жоқ, бұл Жаубөрі емес, Жаубөрі мұндай болуға тиісті емес, - деп

шу ете қалды. 

Хамит алғашында бұған қысыла қоймаған. - Мен мұны тек антропологиялық өлшемдер мен математикалық дәлдікке сүйеніп жасадым, - деп дәлелдеді ол отырған жұртқа. – Мен көркемөнер мүсіншісі емеспін. Мен мүсінші-антропологпын. Сондықтан Жаубөрі образын емес, антропологиялық пішінін ғана сақтауды мақсат еттім. 

Ұзын бойлы көзілдірікті арық жігіт түрегеліп, Хамитке тесіле қарады. 

-Егер жирафтың мойнының ұзындығын алып тастаса, ол жираф

болар ма еді?- деді көзін аудармай. 

-Әрине, болмайды. 

-Ендеше Жаубөрінің кескініндегі батырлықты алып тастаса, ол даЖаубөрі болмайды. Сізде солбырайған ауыз, мұрыннан басқа түк жоқ.

-Жоқ, мен антро...- деп Хамит бірдеңеге дәлелдемек болсада, санасының түкпірінде өзінің бірдеңеге түсініп қалғанын сезе кетті. 

Тіпті қайдағы бір студенттің:

-Батырдың қабағы төмен салбырамайды, шаншылып тік тұруға тиісті,-деген сөзінің де біртүрлі жаны бар секілді. 

-Сіздің мынауыңыз маска,- деді тағы да көзілдірікті жігіт. – Маскада ешқандай кескін болмайды. Өйткені онда мағына жоқ»,- деген жолдар Хамиттің жасаған мүсінінің сәтсіздігін баяндаған »[16,309 б.]. Хамит сәтсіздігінен кейін бассүйекті апарып орнына қоймақ боп жүргенде, Жаубөріні түсінде көріп, бұл апарып тастау ойынан айниды. Автор бұл әңгімеде де түс көру тәсілін қолданады. Белгілі ғалым, ф.ғ.д. К.Сыздықов: «Кейіпкер де автордың өзі сияқты жоғары оқу орнын бітіріп, таңдаған мамандығынан біршама мол мағлұмат алып, енді сол іштей жиналталған дайындықтарымен өз бетінше творчествалық еңбекке алғаш бой бұрған тұсы болуы керек» дей келіп, «Өзгені танығың келсе, өз ішіңе үңіл, өзіңді білгің келсе, басқаларды бақыла» -деген Ә.Науаи сөздерін тілге тиек еткен. Түптеп келгенде, бұл өзін-өзі тану - өзін-өзі жазу. Яғни, мұнда автор кейіпкерінің жан дүниесін, сезім құбылыстарын үнемі іштей кеулеп, қадағалап, соны ашып көрсетеді» - деген пікір айтады. [15, 150-151 б.]. Автордың айтпақ болған ойы К.Сыздықов пікірінде анық көрсетілді. «Бассүйек» әңгімесіндегі автор түйіні – әр адам өзгені тану үшін өзін тануқажеттілігі. Қанша мықты адам болса да өзін тани алмаса, өмірден бос өткені анық.

Келесі әңгіме - «Қонақтар» шығармасы. Тақырыптың өзі символ ретінде алынғандықтан, онда көптеген ой жатыр. Негізінен, бұл әңгіме кемпір-шалдың жалғыз ұлы жайлы өрбиді. Абайдың «Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» деген өлең жолдарындағыдай жалғыз ұлын оқытқан, «Адам болам десең, алдымен орыс тілін меңгер» дегендей орыс тілін үйреткен ата-ананың халдері баяндалған. Жалғыз ұлдарының орыстың қызын алып, немересін ауылға тастамай, орыс мектебіне беремін дегенін естіген қарт ата-ананың басындағы мүшкіл жағдай - қазіргі мына заманның ащы шындығы. Қаламгер идеясы осы ащы шындыққа негізделген. Бұл шындық әңгімеде былай көрінген: «Ертеңіне тұрысымен Сапабек қайтуға жиналды. Әке-шешесіне алған базарлықтарын, біраз жинаған ақшаларын қалдырды.

- Осының бәрі Томаның жинап жүргені. Сіздерге де осы шыбын-шіркей болып жүреді. Мен болсам қалтама түскен затты сол күні құртам ғой, - деп қояды. Осыдан барысымен посылка салатынын айтты. Одан соң:

  -Ал, енді мына балаларың,-деді Жеңісті көрсетіп, - бір түйір қазақша білмейді, - чемоданының аузын жаба алмаған болып біраз қиналды, - таттанып қалған ба немене?... Ал енді оқу уже басталып қалды. Бұл арада орыс мектебі жоқ. Мұны қалай оқытамыз деп отырсыздар? Биыл жетіге келді. 

Ерекең төмен қарап, үн-түнсіз ұзақ отырды. 

-Алып кет өзіңмен бірге, -деді бір кезде даусы қарлығып.  – Оқыт, өзіңдей қаңғыбас етіп шығар. 

Сапабек тағы да қынжыла күлді.

-Ой, көке-ай, мені бір баласырап барады деп ойлайсың ба? Орыс мектебінің жоқ екенін айтып отырмын ғой. Әйтпесе ...

-Бар, бар, алып кет, - деді Ерекең. - Жолдарың болсын!» [16, 301-302б.]. Сапабек сынды санасыз ұрпақ жайлы Ш.Айтматов «Боранды бекет» романында сөз еткен. Бұл жердегі ерекшелік «Боранды бекет» романында Сәбитжан шешесін жерлеуге келгенде бейітке емес, темір жол бойына жерлеуді ұсынған. Ал Сапабек өлімге келмесе де, ата-анасын ажалсыз өлтіріп кетті. Бұл тақырып Т.Әбдікұлы заманындағы жазушылардың да тақырыбы болғаны сөзсіз. 

«Қайырсыз жұма» әңгімесі – кресло жайлы туындысы. Бұл жерде кресло – синехдоха. Кресло деу арқылы біз билік, мансап, атақ-даңқты сөз етпекпіз. Бұл әңгіме Әбен Ілиясовичтің бір күнде креслодан айрылып, қарапайым адамдар қатарына қосылуы туралы жазылған. Өз күшімен жеткен бұл орыннан ағаларының жоқтығынан айрылуы оның жүрегін ауыртады. Орнынан айрылған сәттен бастап ойға шомып, үйіндегі дүниеқор әйелін, нашақор ұлын ойлап күйзеліске түседі. Күйзелістің соңы жүрек инфарктісіне әкеледі. Биліктен түскен Әбеннің ішкі сөздері мынадай: «Билік дейді-ау, кімде бар ол билік? Министр түгілі әлгі хатшың да жоқ. Манағы қалт-құлт етіп қалған Қойбағаровтан оның артық жері қайсы? Қайта хатшыға қарағанда Қойбағаровтың ұйқысы да, жүйкесі де тынышырақ шығар. Тіпті сол билік біріншіңнің өзінде бар ма екен? Біреуге күжірейіп, біреуге кішірейген заманда билік туы тігілген  жер біздің көзіміз жететін жерде емес. Осыны білсек, кінәласудың орнына бір-бірімізді аяйық» [16, 286-287 б.]. Билікте отырған жоғарылардың да қолында жоқ билік туралы жазылған бұл сөздердің астарында біраз мағына жатыр. Билікте биікке шығу қиын болғанымен, одан түсу бір секундтың жұмысы екен. Сонымен бірге, шенділер билікте жүремін деп баласының да тәрбиесін, өмірінің кейбір сәттерін жібергенін түсінеді. Бұл өкініш Әбеннің тұла бойын өртеп жатыр. 

Билік жайлы, биліктегілер жайлы жазу көп жазушының қаламына негіз болмаған. Мүмкін бұл тақырыпқа бой алдыру Т.Әбдікұлының да билікпен қатысты өмір кезеңдерінен көрген-түйген ісі шығар. Әңгіменің түйіні – билік ол қашанда билік, адам оның құлы болып кеткенін одан айрылғанда түсінеді. Түсінген сәтте барлығы өз бояуын басқа бояумен араластырып, сіңіп кеткенін ғана көріп, «Қап!» деп санын соғумен аяқталады.

Автордың ерен туындысы – «Парасат майданы» повесі. Повесть «Күнделік иесі» мен «Бейтаныс құрбы» арасында өрбіген диалог бойынша жазылған. «Парасат майданы» шығармасының тың жаңалығы – мифтік ойын, мифтік иллюзия. Ә. Нұрпейісов: «Ағымнан жарылып айтайын, өткен жылы Т.Әбдіковтің «Парасат майданы» повесін оқып шығып ай бойы әлде бір сиқырлы әлемге арбалғандай күйде жүрдім. «Қазақ әдебиеті тіршілігін тоқтатты деп кім айтты? Жоқ, ол тірі, мұндай ғажап туындыны дүниеге әкелген әдебиет өмір сүре береді» деген жүрекжарды лебізімді дүркін-дүркін қайталаумен болғаным есімде қалыпты», - деп, баға беріп ғана қоймай, қаламгердің ерекше стилін тілге тиек еткен [17,34 б.]. Повесть өз бойына модернистік әрі постмодернистік үлгіні, диалог арасындағы интертекстуалдық өрістегі тартысты, сананың екіге айрылуы, кері оралыс сынды көркемдік құралдарды жинаған. Ең бастысы - философиялық шығарма. Сол себепті, оқырман бұл шығармаға бірнеше рет қайтып келеді.

Күнделік иесінің жан ауруымен ауруханаға түсуі оның адамдарға аяушылықпен, жанқиярлық сезімдерімен күресінен түскен. Бейтаныс құрбы – оның Иньнің Янды, Янның Иньді толықтырып тұратын заңдылығы іспетті. Қоғамдағы сұрақтарға сұрау салып, жауап алып жүрген күнделік иесінің ішінде тағы бір адамның барын білгенде, ол өз-өзіне қол жұмсайды.  Өйткені, оның ойынша, оның бейтаныс құрбысы террористтік ұғымдардың иесі. 

Шығармада «Оң қол» әңгімесіндегідей тұлғаның екіге жарылуы, дәрігерлер көмегі, палатадағы арпалыс, өлім сынды элементтер қайталанады. «Парасат майданы» повесінің «Оң қол» әңгімесінің кеңейтілген нұсқасы болу ықтималдығы жоқ емес. Өйткені, оқиға желісі, автор идеясы бір-бірін жалғаған. Әйтсе де, «Парасат майданы» повесінің айтар ойы мен идеясы тереңірек.  "Құрметтi Бейтаныс құрбым! Кiршiксiз тазалықты  талап ететiн ұғымдар бар. Мәселен: махаббат, арұждан, мұрат, әдiлдiк, адалдық т.с. Сәл-пәл арамдық араласқан адалдық, сәл-пәл әдiлетсiздiк араласқан әдiлдiк, сәл-пәл алаяқтау махаббат болмайды. Олар иә бар, иә жоқ. Мұны абсолют десең де, демесең де, негiзгi мағынасы осы. Ал iзгiлiк мұратының табиғаты туралы өткен хатта өз дәлелдерiмдi толық келтiрген болатынмын. Оны қайталап жатпаймын. Айтарым, iзгiлiк мұраты күн сайын өзiнiң орындалуын талап етiп отыратын заң емес, ол заң секiлдi жағдайға қарай өзгерiп, кезең сайын  толықтырылып отырмайды. Мұрат - баратын жердi емес, жүретiн бағытты көрсетушi темiр қазық iспеттi рухани  жұлдыз. Сондықтан адамның өзiнiң кемшiлiгiнен туындайтын жердегi берекесiздiктi көктегi жұлдыздан көрудiң ретi жоқ. 

Жердегi өмiрдi жақсарту үшiн мұратты емес, адамды жөндеу керек, адамды», «Өмір – күрес. Адамдар алдымен қара күшпен күресетін болды. Одан кейін неше түрлі қару-жарақ ойлап тауып, соғыс ашып, халықтарды жаппай қырғынға ұшыратты. Енді, қатері одан кем емес, ақыл-парасат майданы шықты. Егер бұл майданда ізгілік жеңіске жетпесе, адамзаттың рухани күйреу дәуірі басталды. Одан құтқаратын күш жоқ. Сіз маған ізгілікке қалай сенсеңіз, зұлымдыққа да солай сеніңіз депсіз. Құрбым-ау, олардың өмірде бар екенін мойындау сенім қой. Сенім деген сол екеуінің біреуінің адам үшін қымбат екенін, артық екенін мойындау». Достоевский: «Сенім жоқ жерде – ізгілік те жоқ»,-дейді. Сонда бұл қандай сенім? Ізгіліктің болмыста бар екеніне ғана сену ме? Жоқ, бұл – ізгіліктің жеңісіне деген сенім. Ізгілікке сенім артпаған адам ешқашан да жасай алмайды. Сіз тағы да ештеңеге «жақсы», «жаман» деп айдар тағуға болмайды депсіз. Адам баласының хайуандар әлемінен жоғары тұруы әлгі «жақсы» мен «жаманды» айыра алатын парасатының арқасында ғана емес пе. Егер біз осы екі ұғымға лайықты айдар таға алмасақ, адамгершілік деп аталатын ұлы шариғат та тумаған болар еді» , - деген жолдардан түйетін нәрсе – әлемде не болса, адамға тікелей байланысты [18,6 б.]. Автор идеясы да жоғарыдағы сөздердің ішінде жатса керек.

Әлемді қатыстырып жазылған шығармалардың бірі – «Тозақ оттары жымыңдайды» повесі. Повесть астарында ұлттың жойылуы, санасыздық, дәрменсіздік, жауыздық жатыр. Эдуард Бейкер сынды мықты хирургтың шыққан тегін ұмытып, ал тайпа халқының күн сайын құрып келе жатқандығы повесте терең сипатталады. Журналисттің себепкерлігімен туған еліне сапар шеккен мықты хирургтың өз тайпасының соңғы адамын аман алып қалмағаны – ойлантарлық жағдай. Атағы жер жарса да өз тайпасының адамын өлтіріп алуы оның атағының бес тиын екенін дәлелдеді. Доктор Бейкердің туған елі, жері туралы мәліметтер айтылмайды. Өйткені, Бейкердің әке-шешесі елінің байлығына сұқтанғандардың құрбаны болып кеткендіктен, ол асыранды бала және Африкадағы құрып бара жатқан араку тайпасының өкілі еді. Тіпті, Эдуард Бейкер де оның шын есімі емес. Оның аты – Кияку, ал Эдуард есімін  асырап алушысы қойған еді. 

«-Бұрын бұл тұста қанша индеец тұрған?-деді сигарет ұстаған саусақтары қалтырап.

-Қанша болғанын дәл айту қиын. Осыдан 100 жылдай бұрын шамамен осы жердегі тайпада 150-200 мыңдай адам болған..

-Қазір қанша?

-20 адам.

Доктор аузына сигаретін апара алмады.

-Қалғаны қайда? – деді меңірейіп, не сұрап тұрғанын өзі де түсінбей.

Миссионер докторға таңырқай қарады. 

-Індеттен қырылып қалды ғой» – деген сөздерден санаулыұрпақтың індеттен ғана емес, соғыстан да қырылғанын біледі [16, 193].

Доктор Бейкердің өз ұлты жайлы айтылған ойларды автор шығармаға былай түсірген: «Доктор Бейкер миссионердің бұрынғы индеецтер туралы, олардың әдет-ғұрпы, ойын-сауықтары, әкімшілік-басқару жүйелері туралы айтқан әңгімелерін тыңдай алмады. Тағы да сол жалғыздық дерті жанын күйзелтіп, «тым болмаса, басына түскен қайғы-қасіретімді бөлісетін адам бар ма?» деп ойлады ішінен «Кім бар?! Әлде әділет жоқшысы, журналист синьор Палетелли ме? Әлде құрып жатқан тайпалардың тұрмыс-тіршілігін тарихқа енгізу үшін жан аямай еңбек етіп жүрген ұжданы биік ғалымдар ма? Әлде индеецтерді қорғау қызметінің негізін салған атақты, мейірбан генерал Кандидо Мариано Родон ба?.. Жоқ! Синьор Палетелли бөлісе алмайды! Үйткені оған араку да, ваура да, бороро да, шаванте де, каражо да бәрібір. Ол тек дүниедегі әділет заңының принциптері бұзылмауы үшін күресіп жүр. Жоқ! Ұжданы биік ғалымдар да бөлісе алмайды. Олар тек тарих пен ғылымның ақиқаттығы үшін, шындық үшін күресіп жүр. Жоқ! Мейірбан генерал Родон да бөлісе алмайды. Ол тек өз нәсілі үшін жанын кемірген ар-ұяттың әмірімен қызмет қылды. Өзін тарих алдында ақтау үшін күресті. Сонда араку тайпасының рухын оятып, түндер бойы ұйқы көрмей, азап кешетін, жаны ауырып, көзіне жас келетін, сағынатын, іздейтін кім? Ол – мен. Мен – Эдуард Бейкер. Басқа ешкім де емес. Мен! Мен! Мен!..» [16,193-194 б.].

Туған елден айрылуды тозаққа теңеген Т.Әбдікұлы бір тайпаның ғана емес, әлемнің проблемасын қозғағаны анық. Автордың осы шығармасының тасада қалуыоның өзге ел туралы жазғаны еді. Жазушының өзгенің басында жайт арқылы өзінің ұлтын сақтандыру туралы идеясын шамасы кейбіреулер түсінбеген сияқты.  30 жыл ешкім түсінбеген шығарма «Ф.Кафка атындағы алтын жұлдыз» сыйлығының иегері атанды. 

Қорыта келгенде, 1.1, 1.2-кестеге сәйкес автордың барлық идеясы - қазіргі заманның басты проблемалары. Бұлай болуы да жай емес. Себебі, оқырман қоғамда бар, заманда бар, тіпті, өзінде бар қажеттілікті кітаптан іздейді. 








1.1-кесте. Т.Әбдікұлы шығармаларындағы авторлық идеялар


Автор идеялары

Шығарма атауы

Жақсылық атаулымен қатар жүретін зұлымдық, жаман іс-әрекеттер мен жауыздықтың түп-төркіні - ой мен соны іске асыратын қол.

«Оң қол» әңгімесі

Әр адам өзгені тану үшін өзін тану қажеттілігі. Қанша мықты адам болса да өзін тани алмаса, өмірден бос өткені анық.

«Бассүйек» әңгімесі

Ұрпақтың ұлттық құндылықтардан айырылу, өзге ұлтқа үйленген жастардың тағдыры және тілден айырылуы 

«Қонақтар» әңгімесі

Билік ол қашанда билік, адам оның құлы болып кеткенін одан айрылғанда түсінеді. Түсінген сәтте барлығы өз бояуын басқа бояумен араластырып, сіңіп кеткенін ғана көріп, «Қап!» деп санын соғумен аяқталады.

«Қайырсыз жұма» әңгімесі


1.2-кесте. Т.Әбдікұлы шығармаларындағы авторлық идеялар


Авторлық идеялар

Шығармалары 

Адамды жөндеудің жолдары, адамның адам болып қалу тәсілдері қашанда актуалды

«Парасат майданы» повесі

Туған елден әрі жерден айрылған елдер жайлы жазу арқылы сақтандыру

«Тозақ оттары жымыңдайды» повесі
















ІІ ТӨЛЕН ӘБДІКҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ МӘТІН

КОНЦЕПЦИЯСЫ


2.1 Т.Әбдіков прозасындағы баяндау тәсілі мен стилі



Көркем мәтін – автор санасының, шығармашылық ойлауының, танымының негізінде бейнеленген дүниенің модельденген түрі. Диалогты, коммуникативті, адресатты болғандықтан қабылдаушы санасына көркем ақпаратты жеткізеді.  Автор өз танымын, сезімінің жемісін түрлі операциялар (мәтін құрылымы, философиясы, хронотоп, диалогтілік) арқылы мәтінге айналдырғаннан бастап, шығарманың екінші белесі қабылдау, түсіну процесі арқылы жүзеге асады.

Т.Әбдіковтің шығармаларының көркемдік ерекшеліктері, кейіпкер психологиясын ашу, сөз саптауы, сюжеті, былайша айтқанда, стилі бүгінгі әдебиет қоғамының мәселелерінің біріне айналды. Стильді зерттеу де ХІХ ғасырда А.Потебня, А.Веселевский, ХХ ғасырда В.Жирмунский, А.Гофман, В.Виноградов, М.Бахтин, В.Ковалев сынды ғалымдардан бастау алған. «Стиль» сөзінің тегі арғы замандарда жатыр. «Стиль» сөзі грек тілінде «stylos» деп атаған. Ал «stylos» сөзінің мағынасы - балауызбен сырлаған тақтаға сөз жазу үшін жұмсалған ағаш қалақша. Кейіннен мағынасы кеңейіп таза, әдемі сөйлеу ұғымын иеленген. Жүйелей келгенде стильге берілетін анықтама мынандай: «Стиль - жазушының шеберлігін, талантын дәлелдейтін үлкен көрсеткіштің бірі» [19, 112 б.]. Стильді тереңірек зерттеген В.В.Виноградов болатын. Ғалымның «Проблемы авторства и теория стилей» еңбегінде стильдің көпмағыналығын, басқа да ғылым салаларымен қатысын зерттеген. Бұл арада қазақ ғалымдарының да стильге берген анықтамалары жоқ емес. М.Әуезов: «Әдебиеттегі ұлттық түр мәселесінің бір іргелі үлкен мәні - стиль. Теңеу тілі, әр алуан көркемдік шеберлікпен келетін сөз кестесі түгел келіп жазу стилін қалыптайды. Әдебиеттің ұлттық ерекшеліктер жайын анықтағанда, тіл бұл стильдің өзі емес, құралы, қоры ғана. Екінші бір стиль – сөздік, ақындық теңеу кесте мағынасынан басқа екінші мағынаны және тудырады. Ол – ұлттық мінез, бейне жасаудың стилі», - деген [20,230 б.]. Ал, Қ.Жұмалиев: «Стиль ұғымына жазушының тілі, сөйлем құрылысы, мәнері, шығарманың композициясы, оқиға дамыту әдістері, тақырып талдаулары, жанрлық ерекшеліктері, тағы да басқа компоненттері кіреді. Ең орталық мәселе – идеялық мазмұн», - деп тұжырымдаған [21,13 б.]. Екі ғалымды да ортақтастыратын нәрсе - стильдің жазушыға тән ерекшелігін көрсететін көрсеткіш екендігі. Әр жазушының өзіндік ерекшелігі, яғни стилі болады. Ерекшелік жайында С.Асылбекұлы: «... Айталық, қазақта төңірегін көктемгі жойқын селдей бұзып-жарып, арнасымен шүпілдей толқып-тасып ағатын тіл болса, бұл – Әбіштікі, көктемгі самал желдей, май айының жұпарындай аңқыған тіл болса, бұл – Сайындікі, ұстамды, ойшыл, барынша мерген тіл болса, бұл – Мұхтар (Мағауин) мен Қажымғали, Төлендікі, әрі қалжыңқой, әрі өткір, тиген жерін дыз еткізетін тіл болса, Бексұлтан мен Жақсылықтікі - осылай кете береді, кете береді» , - деген пікірі ерекшеліктің бар қасиетін нақтылап берген сынды [22,33 б.].

Қаламгердің стилін зерттеудің өзіндік мақсаты бар. Зерттеуші стильді қарастыру арқылы жазушының тілдік мүмкіндігінбіліп қоймай, тілдік ерекшелігін кешенді зерттей алады. Кешенді зерттеу барысында қаламгерге тән айрықша белгілер көрінеді. Айрықша белгілердің ашылуы қаламгер қарымын анықтайды. Стильге кешенді зерттеу жүргізген ғалымдар деп Қ.Жұмалиев, З.Ахметов, Ә.Қоңыратбаев, С.Негимов, Қ.Жүсіпті айтамыз.

Стиль қаламгердің дара қасиеті дегеніміздей Т.Әбдікұлына тән қасиеттерді тереңірек ашатын боламыз. Төлен жазушыға тән даралықтың біріншісі – шығармаларына психология, лирикамен бірге философияның да дәндерін егетіндігі. Яғни, шығармаларында пәлсапалық ой кезіп жүреді.  Мәселен, «Тозақ оттары жымыңдайды» повесіндегі Эдуард Бейкердің мына сөзіне мән берсек: «Шындығында белгілі бір құбылыстың бір ғана себебі болуы мүмкін емес. Тарихи себеп, әлеуметтік себеп, биологиялық себеп, физикалық себеп... м-м-м, философиялық себеп, тағы сол сияқты дегендей, толып жатыр ғой. Ал творчество адамын биікке шырқататын құдіретті күштер - білім, еңбек, ерік күші және интуиция. Ұлы жаңалықтарда осының ең соңғысы басым болады... Ал маған келетін болсақ, менің творчестволық методымда бір ғана өзгешелік бар. Ол - шектелу. Яғни ... қалай деп айтсам екен... өз бойындағы барлық күш-қуатыңды бір нүктеге қадау. Медицинада мыңдаған нүкте бар.  Мен медицинаның кейбір қарапайым мәселелерінен түк сезбеймін. Иә, иә, бір өтірігі жоқ. Есесіне, мен маңызды нүктелерді жақсы айырамын» [16,145 б.]. Жетістікке жеткен адамдардың шыңға шығу кезеңіндегі түйген түсініктерін автор кейіпкер тіліне салған. Анық көрінбесе де, көзі ашық, көңілі ояу оқырман осы сөздерден ой түйетіні анық. Негізінде, қаламгердің әр шығармасы пәлсапаға толы. Пәлсапа мен әдебиет «Парасат майданы» повесінде тоғысқан. Күнделік жанрындажазылған бұл повесть диалог тәсілі бойынша құралуының өзінде үлкен мән жатыр. Өйткені, көптеген ой сұрақ-жауап кезінде анық көрінеді. Негізі адам табиғатында сұрақ қою арқылы әлемді таниды. Оны баланың әр нәрсені сұрап, мазалауынан-ақ көрсек болады. 

Қаламгердің екінші бір ерекшелігі - баяндау тәсілі. Көркем мәтіннің сыртқы мен ішкі бірлігінде әңгімелеудің, суреттеудің, баяндаудың қызметі маңызды. Автор баяндауға қатысы әртүрлі. 3-диаграммаға сәйкес Б.Шалабаев прозалық шығармада баяндаушының композициялық негізгі 3 типін анықтайды. Олар: үшінші жақ («ол»формасында) әңгімелеуші автор, «арнайы» әңгімелеуші (бұл не шығарманың кейіпкері, не белгілі бір атқа ие әңгімелеуші адам болуы мүмкін) және бірінші жақтағы («мен») әңгімелеуші [23,3 б.].







3-диаграмма.  Прозалық шығарманы баяндаудың композициялық негізі 




Ал Ж.Женетт, К.Долинин сияқты зерттеушілер баяндаудың түрлерін гетередиогетикалық және гомодиогетикалық деп жіктеген (4-диаграммаға сәйкес). 

4-диаграмма. Баяндау түрлері





Гетередиогетикалық баяндау қолданылған көркем мәтінде автор оқиғаға мүлдем араласпайды, кейде тіпті оның мәтінге қатысы жоқ сияқты болып кетеді. Ал гомдиогетикалық сипаттағы баяндаушы екі түрлі мәндегі қызметтер атқарады: 1) «мен-куәгер», «мен-кейіпкер». Екінші мәндегі баяндаушының қызметін көбінесе автодиогетикалық деп атау кездеседі [24, 65-66 б.].

Үшінші жақтан әңгімелеуші шығармадан тыс жатады. Бірақ та қаламгер шығармаға өзінің дүниетанымы мен сезімін енгізеді. Шығарманы обьективті жүргізсе де ара-арасында түсінік беріп кетіп отырады. Өз ойын білдірер кезде шығармаға ену жолын қарастырып, еніп кетеді. Автор көбінесе шығармаға авторлық шегініс арқылы енеді. Үшінші жақтан баяндалған Т.Әбдікұлының шығармаларына «Бір күндік ашу», «Бассүйек», «Қонақтар» әңгімелері мен «Ақиқат» повесі жатады (2-кестеге сәйкес).

2-кесте. Үшінші жақтан баяндау түрі


Баяндау түрі

Шығарманың аты

Үшінші жақтан әңгімелеуші

«Бір күндік ашу», «Бассүйек», «Қонақтар» әңгімелері мен «Ақиқат» повесі


 Мысалы, «Бассүйек» әңгімесінде: «Мүсінші-антрополог Хамит кешкі астан соң жұмыс бөлмесіне беймезгіл кірді. 

Лаборатория деп аталуға тиісті ұзынша бөлменің іші лық толы кітап болғандықтан, жазушының кабинетіне көбірек ұқсайтын»,- деген [16, 303 б.]. «Қонақтар» әңгімесінде де: «Курорттан қайтып бара жатқан сапарларында жолай үйге соқпақ болған балаларын күтіп, Ерғабыл шал түн ортасы ауғанда жатса да, ертеңіне күн шықпай оянды. Алагеуімде үндемей жүріп киініп алды. Мәсісін де, шұлғауын да сұраған жоқ», - деген сөздерден баяндаудың үшінші жақтан болғанын көреміз.

Бірінші жақтан әңгімелеу («мен») формасының ерекшелігі – баяндаудың субъективтілігі мен шындыққа жақын болып көрінуі. Бірінші жақта әңгімелеу кезінде жеке адам ерекше сезіледі. Баяндаушы шығарманың бір бөлігі ретінде кірігіп, бірігіп кетеді. Әр оқиғаға, кезеңге өзінің де ойларын теліп, қосып отырады. Автор көркем мәтінде «Мен» деген сөз арқылы көрінетіндіктен, көбінесе автобиографиялық романда бірінші жақ баяндау қолданылады.  Бірінші жақтан баяндаудың ерекшелігі – белгілі бір көңіл-күйді және ішкі сезімді бейнелеуі. Т.Әбдікұлының «Оң қол», «Жат перзент» әңгімелері мен «Парасат майданы» повесі, «Әке» романы  бірінші жақтан бейнеленген (3-кестеге сәйкес).

3-кесте. Бірінші жақтан баяндау түрі


Бірінші жақтан әңгімелеуші

«Оң қол», «Жат перзент» әңгімелері мен «Парасат майданы», «Оралу» повесі, «Әке» романы


 Мәселен, «Оң қол» әңгімесінде: «Мен оларды жанымдай жақсы көремін. Иә, иә, жақсы көремін. 

Олардың ешкімге ешқандай зиян жоқ. Егер дүниедегі бар зиянкесті тексерер болсақ, солардың бәрін бәрін жындылар емес, сау адамдар жасаған ғой», - деп, дәрігер сөзімен басталғанымен, автордың да ойы жатыр [16, 315 б.]. 

Ал «Жат перзент» әңгімесін автор былай аяқтаған: «Мен өмірімнің ұзын ырғасына көз жібердім. Бұл өмірде қатеміз қайсы, дұрысымыз қайсы – адам біліп болған ба? Осыдан біраз жыл  бұрын Зәурешпен арамыздағы жастықтың желігінен туған бұра жүрісті таразының бір басына, қалған ғұмырымды екінші басына шығарып, жалғастырғым келеді. Анықтауға зәрдем жетпейді. Бар білгенім – Зәурешті шын көңіліммен ұнатыппын» [16, 345 б.]. Бұл сөздер кейіпкердің ішкі күйзелісін бейнелеген. Бірінші жақтан баяндаудағы көңіл-күйді жеткізу ерекшелігі осы жерде өз дәлелін тапты.  

Әңгімелеушінің үшінші түрінде автордың орнын әңгімелеуші-кейіпкер басады. Жазушы бірінші сатыдағы әңгімелеуші болса, әңгімелеуші-кейіпкер екінші сатыдағы әңгілеуші болып бекітіледі. Жазушының шығармаға екі әңгімелеушіні сенімділік үшін арнайы қосады. Автордың қызметін бұл баяндау түрінде кейіпкер атқарады. Яғни, шындықты кейіпкер ашады, одан кейін автор сол шындықты тереңдетіп аша түседі.  Т.Әбдікұлының бұл баяндау түрінде жазылған шығармасы - «Тозақ оттары жымыңдайды» повесі (4-кестеге сәйкес). 


4-кесте. Арнайы әңгімелеуші баяндау түрі


Арнайы әңгімелеуші

«Тозақ оттары жымыңдайды», «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» повесі, «Қайырсыз жұма» әңгімесі


Бұл повесте қаламгердің айтқысы келген сөздерін, білгісі келген сұрақтарын журналист арқылы сұрап отырған. Мәселен, доктор Эдуард жайлы автор суреттемей, журналисттің хатшыға қойған сұрақтары арқылы доктордың бейнесін жасап шыққан. Ол повесте былай көрінеді: «- Доктордың бала-шағасы бар шығар?- деді шетелдік кісі оның сөзін бөліп.

-Баласы жоқ, әйелі де жоқ. Неге екенін бір тәңірім білсін. Ғылымға

беріліп кеткеннен деп те атайды. Кім білген? .. Өзіңіз де медицина жағынан шығарсыз?

-Жоқ, журналистпін.

-А-а-а, солай ма еді? Сіз маған мынаны айтыңызшы, журналист мырза, доктор Бейкер адам жасын ұзартатын дәрі жасап жатқан көрінеді. Сонда біз қайда барамыз? Ауру өлмейді, кәрі өлмейді. Жер бетіне қалай сиямыз, а? – Адамдардың жер бетіне сыймай қалатыны швейцарға біртүрлі қызық боп көрінді де, жөтелген секілді булыға күліп, көзінің астымен журналистке сығырая қарады. 

-Доктор келе жатыр, ортадағысы доктор Бейкер... Оның оң жағында академик Клейтман... Сол шақ шеттегі доктор Холл. 

Жалпақ, күңгірт көзілдірік киген, ұзын бойлы, ерекше тіп-тік доктор Бейкер бейтаныс қонаққа жақындап келіп: 

-Сіз мені күтіп тұрсыз ба? – деді тәкаппарлықтан туатын батыл үнмен» [16, 143 б.]. Басты кейіпкердің мінезі мен сырт келбеті оның сөйлеген сөзінен, хатшының сипаттауынан байқалып тұр. Автор диалогтан бөлек, өзінің сипаттауын да қосқан. Бұл үзіндіде баяндау екіжақты жүрген. Яғни, кейіпкер және автор арқылы. 

А.Пекуровскаяның 2004 жылы жарыққа шыққан монографиясында Ф.Достоевскийдің шығармашылығын сөз еткен. Ғалымның есептеуі бойынша Ф.Достоевскийдің 34 аяқталған шығармасының 24-і бірінші жақтан баяндалған екен.  Ал қалған жеті шығармасын «біз»  арқылы баяндаған. Осыдан шығатын қорытынды баяндаудың да бір нәрсеге әсер ететінін байқаймыз. 

Баяндаудың үш түрі де Т.Әбдікұлы шығармаларында кездескен. Бұл - автордың шеберлігімен қатар ерекшелігі. 

Т.Әбдікұлының үшінші бір ерекшелігі – эпиграф. Эпиграф – көзге түсетін элементтердің бірі. Алғашқыда эпиграф деп грек ескерткіштердегі сөздерді айтқан. Эпиграф қысқа әрі нұсқа болады. Шығармада эпиграф басында немесе барлық жерде де кездесе береді. Сонымен бірге, эпиграфтың тақырыпқа, стильге, мағынаға қатысты айыра білу керек. Авторлар кейде эпиграфты шығармасына қарама-қарсы мағынада алады, ал кейбірі шығармадағы ойды қысқа эпиграфқа сыйдырады. Бұл қаламгердің өзіндік стиліне байланысты. Қазақ әдебиетінде эпиграфты көп қолданатын жазушы – О.Бөкей. Жазушы шығармаларына эпиграф алу арқылы шығармада кездесетін ауыр оқиғаларды, мәтіндерді ашу кілттерін оқырманға ақырын ғана тастап кетеді. Яғни, шығарма оқылуға жеңілдейді.

Төлен Әбдікұлы «Ақиқат», «Тозақ оттары жымыңдайды», «Парасат майданы» повестерінде эпиграфты пайдаланған. «Әркім жәрмеңкені өзінің тапқан затына қарап бағалайды» деген эпиграфты «Ақиқат» повесінде қолданған. Бұл повесте Роберт сынды адамды профессорлардың бір істі ашуға байланысты қинауы баяндалады. Қылмысты ашу үшін Робертті пайдаланады, қиналған Роберт ақыры асылып өледі. Профессорлар Робертті қиналғанын сезбей, өзіне керек ақпаратты алуға тырысты. Бұл эпиграфтың повеске тікелей қатысының барын көресіз.

«Всякая власть – от Бога, это я признаю; но и всякая болезнь от Него же» деген Жан-Жак Руссоның сөзін алған «Тозақ оттары жымыңдайды» повесі мықты дәрігердің өз тайпасының соңғы адамын құтқара алмауы жайлы өрбиді. Шынында да, өмірді беретін Аллах болса, оны алатын да Аллах. Бұл жерде қанша білікті болса да, адамның қолынан ештеңе келмейтінін дәлелдеді. Эпиграфты оқырман шығарманың негізгі бөлімінде түсінбегенімен, повесть соңына қарай эпиграф өз мағынасын ашады. 

  «Қайда жатыр мәселе  - иә өмір, иә өлім.

 Десе де, лайық па көндігу тәлкегіне тағдырдың

Қарсы тұрып немесе ұшан-теңіз нәубаттың,

Көзін жойған дұрыс па?

Жан алысып, жан беріскен ұрыста?!

Содан кейін бақилыққа көз жұму

Түнек қылып жарықты, бар дүниеден безініп,

Жан мен тәнді күйзелдірген сан мың ауыртпалықты

Жалғастырған, байластырған шынжырларды осылай

Үзгеніңді жүрегіңмен сезініп»,- деген У.Шекспир мен Роберт Пенн Уоренннің «Сен жақсылықты жамандықтан жасауың керек, үйткені оны жасайтын басқа ештеңе жоқ»,- деген сөздер - «Парасат майданы» повесінің эпиграфтары. «Парасат майданы» повесті күнделік иесі мен бейтаныс құрбы арасындағы психология, философия, өмір жайлы сұрақ-жауаптардан құралғандықтан, эпиграфтары да шым-шытырық өмір жайлы.  Бұл жерде эпиграф  шығарманы ашып тұрған жоқ, керісінше жалғастырып тұр. Шығарма соңының жауабы эпиграфта тұрған сияқты. 

Төлен Әбдікұлының төртінші ерекшелігі - арнау. Қаламгер шығармасында арнаудың болуы - оның көңіл-күйін жеткізудің бір тәсілі.  Әдебиеттануда И.Чернышевскийдің «Не істеу керек?» деген романын зерттей келе оның әйеліне арналғанын анықтаған. Оны анықтауға негіз болған себеп - Кольцовтың өлеңдері. Чернышевскийдің әйелі оған Кольцовтың өлеңдер жинағын сыйлаған. Ал автор оған деген ықыласы мен сүйіспеншілігі ретінде оған «Не істеу керек?» романында Кольцовтың өлеңдерін арнау ретінде қолданған екен. Арнаудың да шығармадағы қасиеті осында болса керек. 

Төлен Әбдікұлы өзінің бір шығармасында ғана арнауды қолданған екен. Ол шығармасы -  «Парасат майданы» повесі. Арнау повесінің соңында былай берілген екен:

«Ойым бар менің 

Ойым бар менің ерекше

Жақсылық жауып,

Дүниені мынау сел етсе, 

Жауыздықтардың, жамандықтардың барлығын

Көрге алып кетем керексе. 

Адамның бүкіл айыбын

Арқалап алып,

Азабын өзім көрер ем.

Жамандық басқан денемен,

Жандырып жатқан.

Тондырып жатқан тамұққа

Жамандығыммен төнер ем.

Бүкіл дүние жамандықтарын

Артыңдар маған, көтерем!

Қарызым болсын өтеген,

Жауыздық біткен менімен ғана бірге өлсе,

Бүгін-ақ өліп кетер ем.

Армансыз барып,

Көрімнің аузын жапқасын,

Дүниедегі тірілер

Жамандық іздеп бақпасын!

Жауыздық жатқан,

Арамдық жатқан көрімнің

Қақпасын келіп қақпасын!». Бұл өлең - ақиық ақын Мұқағалидың «Ойым бар менің» өлеңі. Автордың бұл өлеңді таңдауының өзіндік себептері де жоқ емес. Біріншіден, Мұқағали ақын өлеңдері сезімі мен көңіл-күйінің жеткізуші, екіншіден, өлең мен басты кейіпкер мақсаты бір ой жетегінде жазылған. Арнаудың шығармаға берер әсері осындай екен. Арнауды қазақ жазушыларынан Ғ.Мүсірепов пен С.Мұқанов қолданған. Бірақ та ол өз зерттеуін таппаған.

Қаламгердің бесінші бір ерекшелігі – прозалық шығармаларынан көркем пейзаж, өткір образ бейненің көптеп кездеспеуі. Автор көркем пейзаждың орнына ащы шындық, өткір образдың орнына кейіпкердің ішкі жан дүниесіне, ішкі әлемін суреттеуді мақсат етсе керек. Мұның мәнісін Т.Әбдікұлы былайша түсіндіреді: «- Меніңше көп жағдайда тәсілді тақырыптың өзі анықтайды. Мәселен, философиялық шығармаларда оқиға, әрекет көп болмайды, сондықтан ішкі ой мен сөзімнің өзінен драма жасауға тура келеді. Ал шынында ойдың драмасы деген ғажап нәрсе» [26].

Келесі алтыншы ерекшелігі ретінде аз сөзге көп мағына беруін айтсақ болады. Бұл жайлы ғалым Г.Пірәлиеваның мына пікірі дәлел бола алады: «Тағы бір тоқталар жай – Т.Әбдіковтің тілі. Оның қай туындысын алмасаңыз, артық-ауыз әңгімеге, жалған сезім, жылтырауық теңеуге кездеспейсіз. Немесе, ділмарсыған кейіпкер, не автор жоқ. Мүмкіндігінше аз сөзге көп мағына сыйдыруға және әр сөзінің әйтеуір бір роль атқаруына аса жауапкершілікпен қарайтындығы – қаламгердің өзіндік қолтаңбасы, өзіндік әдіс-тәсілі» [25,78 б.]. Сонымен бірге, шұбыртпалы құрмалас сөйлемдердің орнына қысқа жай сөйлемдерді көптеп қолданған. Төлен Әбдікұлы оқиға барысына орай құрмалас сөйлемдерді де қолдана білген. Мәселен, «Қонақтар»әңгімесінде Ерекеңнің өмір туралы ойларынан үзіндіден автордың сөйлемдерді құрастыру ерекшелігін байқаймыз: «Заманымызда біз де шалқыдық. Сайрандап бақтық. Бірақ ештеңе бітірмеппіз. Е, шіркін, баяғының кісілері-ай! Осы күнгінің адамдары ұсақтап кетті ғой. Әйнекібайлар тізерлеп отырғанда түрегеп тұрған адаммен бірдей еді. Пай-пай, жарықтықтар-ай! Біз күзектеміз сонда... Атты казактар үстімізден өтіп, адамдарды атып, ауылды тонап, жылқы алып кетіп жатты. Сонда Әйнекібай екеуміз ауыл адамдарын жиып, қол бастап, ұйықтап жатқан орыстарды байлап тастап едік» [16, 295 б.].

Жоғарыда авторға тән 6 ерекшелікті айтып шықтық (5-диаграммаға сәйкес). Автор шығармашылығына тән стильдік сипаттар деп ішкі психологизм, философиялық ой, өмір шындығын суреттеуді айтамыз. Сонымен қатар кейіпкердің ішкі әлемі мен жан дүниесіне көп үңілуі арқылы мөлдір сезім, лирикалық тон мен өршіл пафосты қазақ прозасына жаңа леп етіп әкелді. Төлен Әбдікұлының шығармаларындағы ерекшелік өз кезегіндежалғаса бермек. Себебі, адам күн сайын ескі пікірлердің өліп, жаңа пікірлердің тууымен таң атырады.

5-диаграмма. Т.Әбдікұлына тән ерекшеліктер






2.2 Т.Әбдікұлы шығармаларындағы мәтініндегі тілдік ізденістер



Төлен Әбдікұлының алдынғы тарауларда стильдік ерекшеліктеріне баса назар аудардық. Ендігі кезек автордың тілдік ізденістеріне келді. Қаламгер шығармасын оқырманға қызықты ету үшін айшықтау құралдарының ерекше түрлерін қолданып, жаңа ізденістерге жол ашады. Төлен Әбдікұлының қазіргі кездегі оқырманы бар жазушылардың қатарына кіруінің өзі оның тілінің, жазу стилінің ерекше екенін айқындайды.

М.Горькийдің «Тіл – әдебиеттің басты мүшесі» және Фединнің «Сөз – шығарманың негізгі материалы» деген сөздерден шығарманың тілін зерттеуден маңыздылығын байқаймыз. Өмір шындығы адамдар арасында қарапайым сөздер арқылы жүзеге асса, көркем әдебиетте көркемдік тәсілдер арқылы жүзеге асады. Өйткені, оқырманның жазушыдан талап ететін қажеттіліктердің бірі. Көркем әдебиет көркемдік бейнелеу құралдары мен әдіс-тәсілдерінің нәтижесінде дүниеге келеді. Бейнелеу құралдары - шығарманы бөлек әлемге апаратын құрал. Жазушы шығарманы ерекше әлем етемін де айшықтау  құралдарын сапасыз, шұбыртпалы түрде қолдана беруі де жарамас. Метафора, метонимия, теңеу, градация, синекдоха, гипербола, литота сынды көркемдік құралдарының мәтінге берер өзіндік рөлі бар. Олардың шығарма рухын арттыратын маңызы бар.

Қаламгер өз шығармаларында айшықтау құралдарын өз орнымен ерекше қолданған (4-кестеге сәйкес).

4-кесте. Т.Әбдіков прозасындағы теңеу


Тілдік ізденіс

Мысал

Теңеу

«Жыланды бойы ол кезде саласындай тізілген ел»,  «Сенің де бір айналшық жегендей шыр айналып, ісіңнің өнбейтіні-ай, - деп кейіді тап бір сау күніндегідей», «Қолындағы ортасынан сынған шолақ найзасын оңтайлап, айналасына ашынған аңның жүзіндей жабайы қызғанышпен жауыға қарайды»


Айшықтау құралдарының ішінде бірінші болып теңеуді қарастырамыз.Теңеу затты, құбылысты, нәрсені немесе солардың қасиетін білдіреді. Теңеу Абай шығармашылығында теңеудің түр-түрін қолданған. –Ал Төлен Әбдікұлы өз мәтіндерінде  тұрақты теңеу, яғни -дай, -дей, - тай, -тей арқылы жасалған теңеулерді көбірек қолданған. Жазушы теңеудің одан да басқа түрлерін де қолдана білген.  Төлен Әбдікұлы шығармаларында кездесетін теңеулер мынадай: «Жыланды бойы ол кезде саласындай тізілген ел» [16, 8 б.],  «Сенің де бір айналшық жегендей шыр айналып, ісіңнің өнбейтіні-ай, - деп кейіді тап бір сау күніндегідей» [16,13 б.], «Қолындағы ортасынан сынған шолақ найзасын оңтайлап, айналасына ашынған аңның жүзіндей жабайы қызғанышпен жауыға қарайды» [16, 167 б.], «Ештеңе көрінбейді, көрдің ішіне түсіп кеткендей тастай қараңғы» [16,180 б.], «Сымға қонған қарлығаштардай сатушының төңірегінде жұрттың арасына барды» [16,224 б.],  «Әлпештеген, үміт артқан сол ұлы өсе келе сабындай бұзылды» [16,284 б.], «Мұқаш түрі сахарға салғандай аппақ, сақал-шашы да аппақ, қаудырап бітуге тақаған шал екен» [16, 309 б.]. Дыбыс үйлесімі арқылы жасалған теңеулерге тоқталсақ: «Екі ұдай сезім құшағында – үміт пен күдіктің, шындық пен жалғанның арасында сергелдең болған жандарға, бәлкім, пайдасы тиер» [16, 7], «Қыста мойылдай қап-қара, атақты бәйге қарасқасқасын, ал жер қарайысымен жұмыртқадай аппақ жорғасын мінетін» [16,66 б.], «Екі көзі бұлаудай» [16, 101 б.], «Аяқ-қолың неге жалаңаш» [16, 7 б.], «Мына қаз Доспамбет былтыр ауырғанда бүкіл үй ішімен арыздасып, артынан жазылып, тұрып кетті ғой- деді молда қалтасынан тасбиығын алып жатып» [16,118 б.].

Автордың келесі бір айшықтау құралы – метафора. Метафора гректің «metaphora» «ауысу» деген сөзінен шыққан. Метафора деп сыртқы не ішкі белгілеріндегі (тұлғасындағы, атқаратын қызметіндегі т.б.) ұқсастыққа қарап бір зат атауының басқа бір затқа атау болуына байланысты сөз мағынасының ауысуын айтамыз [27]. А.Байтұрсынов бойынша ауыстыру бір-біріне сәйкес келмейтін, үйлеспейтін ұғымдарды байланыстыру қасиетіне ие болғандықтан, оны автор өз мәтінін оқырманға әсерлі болу үшін қолданады. Себебі, метафораның шығармаға ерекше әр беретіні уақытпен дәлелденген дүние. Ғалымдардың зерттеуінше, адамның ойлау қабілетінің күннен-күнге дамуына орай метафора да күн сайын жаңарып, жанданып отырады. Метафора адам ойының жемісі десек, ал адамның ойы сан салалы идеялардың орталығы деп есептей келе, ой бір ойдың жетегіне тағы да бір ойды ертіп жүреді. Яғни, бір ой бір ойды жалғайды. М.Жұмабаевтың: «Толқыннан толқын туады, Толқынды толқын қуады, Толқын мен толқын жарысад» [28, 50 б.] деген өлең жолдары метафораға тән қасиетті ашады. Метафораны әрбір жазушы қажеттіліктен емес, онсыз шығарманың көркемдігін аша алмағандығынан болады. 5-кестеге сәйкес қаламгер шығармаларындағы метафоралар көптеп кездеседі.

5- кесте. Т.Әбдіков шығармаларындағы метафора


Тілдік ізденістер

Мысал

Метафора

Жол бойы көңіліме неше түрлі ойлар келді», «Тегінде адам жинаған қор бітсе де, жарықтық табиғаттың қоры бітпесін де», «Мұқаштың әйелі келіп, апамды құшақтап отыр»


 Мысалы,«Жол бойы көңіліме неше түрлі ойлар келді» [16, 6 б.], «Тегінде адам жинаған қор бітсе де, жарықтық табиғаттың қоры бітпесін де» [16, 26 б.], «Мұқаштың әйелі келіп, апамды құшақтап отыр» [16,43 б.], «Апасының жарығы, апасының тобасы. Апасының әні, апасының сәні. апасының айы, апасының тайы, - деп ұйқастырып, айналып-толғанып жөнеледі» [16,49 б.], «Бір жылы туған төл едің» [16,58 б.], «Әй, бұрынғының адамына дауа бар ма!» [16,61 б.], «Дегенмен, тарихқа кейіпкер болу әркімнің маңдайына жазылмаған» [16,111 б.], «Жауласпаққа дәл осы қатерлі дертті, ақиқат ажалды таңдап алдым» [16, 146 б.], «Болмаса мемлекеттер өмірінің негізгі жүгінері – экономика емес, мораль болатын кез жетті емес пе?» [16,148б.], «Дүниеде зұлымдық үшін жаратылған қасақана мақұлықтар бар» [16,169 б.],  «Енді қайтер екен» деп, асыға күткендей тынышсыз, есірік күй биледі» [16,178 б.], «Міне, дәл осы тұста каторганың кесімді жылының аяқталғаны секілді, тағдыр тауқыметі мойнынан біржола сыпырылып, басқа бір сәулелі, жарқын өмірдің кіріспесі басталды» [16,186 б.], «Табиғаттан жаралған өзіндей адам баласын екі ғасыр аулап, жер бетінен жойып жіберу табиғи процесс пе, сұмырай» [16,191б.], «Жастыққа жантайып, ұйыған белін жазып, жан шақырды» [16,215], «Бұрынғы мінез-құлықтың мүлде басқаша болып өзгеретінін сезген кезде әлде бірдеңе үзіліп кеткендей ішкі сарайы солқ етті» [16,282б.], «Әсіресе, Үлкен кісінің хабарды естісімен, командировкасын тастап, әдейі келгенін, таңертең үйге кіріп шыққанын айтқанда осыны өзіне зор бедел, мақтаныш тұтатының жасыра алмады» [16,289 б.],  «Қызылкүрең жас топырақ дымқыл күш құрғамапты» [16,292 б.], «Көңіл құрығы жетпейтін тым әріде қалған бейшара бір сағыныш жүрегінің түбін әлсіз түртіп, онсыз да қаусағалы тұрған әдіре қалғыр ит жанын күйзелткендей болды» [16,293 б.], «Сіздерге деп осы шыбын-шіркей болып жүреді» [16,301 б.], «Жақсылықтың ең терең тамыры сұлулықтаа, өйткені тіршілік тәннен басталады» [16,325 б.], «Тағы да оның жанарынан ескен жанға жайлы, ғажайып, жылы ағынды сезіп тұрмын» [16,330 б.], «Ең мерез іштен шыққан жасырын жау екенін ұқтым» [16,333 б.], «Жалғыз қыздан кейін үй-ішіне жаңалық енгізбей қойды» [16,345 б.], «Көз қарайған шақтарда екі көл мен өзеннің балығы таптырмайтын қорек болды»[16,26 б.], «Кешегі іс, кешегі ақыл бүгінге жарамай жатыр» [16,278 б.].

Төлен Әбдікұлы да басқа жазушылар сынды троп түрлерін өз шығармаларында қолданған. Троптардың ішінде метафорадан кейінгі метанимияны қолданғандығын шығармаларындағы қолданыстан байқаймыз. Көптеген адамдар метафора мен метонимияны айыра алмай жатады. Метанимияның метафорадан айырмашылығы – метафора ұқсас заттарды немесе құбылысты бір атаумен берсе, метанимия ойда бар сөзді басқа бір сөзге сыйдырып жібереді.  Салыстырмалы түрде қарасақ метанимияның қолдану аясы метафораға қарағанда тар. Өйткені, метанимия көркем шығарма стилінде қолданылып, ал метафора барлық стилден өз орнын табады. Және де метанимияны троптың келесі түрі синекдохамен шатастырып алушылық жиі кездеседі. Метонимия синекдохадан сандық айырмашылығы жағынан ерекшеленеді. Синекдоха сандық айырмашылықты қажет етеді. Ал метонимия олай емес.  6-кестеге сәйкес метаномиялар берілген.

6-кесте. Т.Әбдіков шығармаларындағы метаномия


Тілдік ізденіс

Мысал

метаномия

Тірісінде құдай болғанның бірі сондай-ақ болар», «Сейсен, бой қалай?- деді, әкемнің қолын алып жатып», «Үкіметтің күші жетеді»


Мысалы, «Тірісінде құдай болғанның бірі сондай-ақ болар» [16,13 б.], «Сейсен, бой қалай?- деді, әкемнің қолын алып жатып» [16,15 б.], «Үкіметтің күші жетеді» [16,17 б.], «Несиеге ештеңе бермейді» [16,27б.],  «Артельде күш қылатын адам соншалық көп емес» [16,29 б.], «Биғайша жүрегін алып кетті ғой» [16,35 б.], «Сапабектің жолдасымын ғой. - Не дейді, ойбай! Сапабек дейсің бе? - Иә. – Мына өзіміздің жаман жырық Жақанның ба? – Иә. – Көксау? – деді, әкем тағы бір ауруының шетін шығарып» [16,47 б.], «Өмір сүру рухани дәлел керек» [16,113 б.], «Бірақ кока жапырағын емес, жалған идеялар жапырағын шайнайды» [16,133], «Медицинада мыңдаған нүкте бар» [16,145 б.], «Ең соңғы араку өлді» [16,202 б.], «Институтты айрықша дипломмен бітірді» [16,204б.], «Мен біріншіге өзім кіріп шығайын» [16,279 б.], «Қарапайым әйелдің аузынан осы сөзді естігенде Хамит творчество бақытының тұңғыш рет сезініп еді» [16,304 б.].

Гипербола мен литотаның мәтінге қосар үлесі айрықша. Гипербола және литотамен, көбінесе, батырлық жырларда ұшырасамыз. Мәселен, «Қобыланды батыр» жырында: «Астындағы бурылдың, Жоғарғы ерні көк тіреп, Төменгі ерні жер тіреп» деген өлең жолдарынан Қобыланды батырдың астындағы тұлпары Тайбурылды батырға тән етіп сипаттауда гиперболаның орны ерекше [29].  Оқиға желісінде болып жатқан шиеленісті гипербола мен литота әсерлі әрі өнімді жүзеге асырады. Бұл пікірдің өзінің оң жағы мен сол жағын барын да ескертеміз. Мәселен, «Мінезіндегі ең басты ерекшелік – өлердей балажандығы» [16,121 б.], «Есік сарт етіп ашылып, бөлмеге тажалдай қорқынышты, қатыгез сестра әйел кіріп келді» [16,136 б.], «Батқан күннің қызыл шапағы өлеусіреп, сөніп барады» [16,307 б.](7-кестеге сәйкес).

7-кесте. Т.Әбдіков шығармаларындағы гипербола мен литота


Тілдік ізденістер

Мысал 

Гипербола мен литота

«Мінезіндегі ең басты ерекшелік – өлердей балажандығы»,

 «Есік сарт етіп ашылып, бөлмеге тажалдай қорқынышты, қатыгез сестра әйел кіріп келді», «Батқан күннің қызыл шапағы өлеусіреп, сөніп барады» 


Алдыңғы сөзден соңғы сөзді, алдыңғы құбылыстан соңғы құбылысты өсіріп, дамытып отыратын градацияның, жалпының орнына жалқыны немесе керісінше болатын синекдоханың да мәтінде өзіндік орнын бар екендегін жоққа шығара алмаспыз. Қаламгер градация мәтіннен ерекше етіп көрсету керек оқиғаны жеткізу үшін қолданатыны анық. Ал синекдоханы жалпыхалықтық тілді көрсету үшін пайдаланады. Байқауымызша қарапайым халық күнделікті тұрмыста синекдоханы жиі қолданады. Бұл - сөз үнемдеудің бір түрі. Мәселен, «Абайға қалай шығамын?», «Үй ішің қалай?», «Мал басы қалай?», «Қанша балаң бар?», «Аллаһтың бергені бар», «Отар қой бар» деген сөздер арқылы тұрмыстағы синекдоханы көреміз. А. Байтұрсынов синекдоханы «меңзеу» деп аударған. Шынында да, халық нақты санын айтудан қорқып, жалпылама немесе жалқы айту арқылы меңзейтіндігін көреміз. Санын айтса, малдан, баладан айырылып қалудан қорыққан қазақ меңзеп айтып отырған. Меңзеуге тән қасиеттерді мәтіннен көрсек болады: «Жапағы құлағы қалқиған, қалақтай, мұртты қара екен» [16,18 б.], «Қолындағы ортасынан сынған шолақ найзасын оңтайлап, айналасына ашынған аңның жүзіндей жабай қызғанышпен жауыға қарады» [16,167 б.], «Артында тұяқ бар» [16,43 б.].

Автордың өз шығармаларында фольклордың бір мақал-мәтелдерді де өз шығармасынан тыс қалдырмаған ( 8-кестеге сәйкес). 

8-кесте. Т.Әбдіков шығармаларындағы мақал-мәтелдердің тізбегі


Тілдік ізденістер

Мысалдар 

Мақал-мәтел

«Әкеңнің асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?»,«Ат жақсысын кермеден, ер жақсысын түрмеден көр»


Мысалы, «Әкеңнің асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?»[16,74 б.], «Ауру деген шелекпен кіріп, мысқылдап шығады» [16,80 б.], «Ат жақсысын кермеден, ер жақсысын түрмеден көр» [16,91 б.], «Үш күннен кейін адам тозаққа да үйренеді» [16,9 б.], «Алайда «тұяғы бүтін тұлпар, қанаты бүтін сұңқар жоқ» деп қазақ айтқандай, іштен үңілген адамға бұл үйдің өзіне жетер қайғысы баршылық» [16,292 б.], «-Шырағым Бәтима, қатын өлсе, қамшының сабы сынды, азамат өлсе, асқар тауын құлады деген,- деп өзім жаттап алған үлкендердің сөзіне салып алыстан орағыттым» [16,134 б.], «Қара арғымақ арыса, қарға адым жер мұң болар,- деп мақалдап, көзін жұмды» [16,303 б.].

Қазақ фольклоры өзінің кеңдігімен ерекше. Автор өз шығармасында жоқтау, естірту, жұбатудың элементтерін қолданған (9-кестеге сәйкес).

9-кесте. Т.Әбдіков шығармаларындағы фольклор үлгілеріне мысалдар


Тілдік ізденістер

Мысал

Жоқтау, естірту, жұбату

Кімдер түспес тағдырдың қармағына,

Құрғыр тілім байланып қалмады ма.

Айтайын мен, Ақжеңге, Сейсен аға,

Қол жетпейтін күн бопты ардағыңа. 

Шейіт болып кетті деп келді хабар,

Енді Ермек жоқ оралып елді табар.

Сабыр тілеп құдайдан, шүкірлік қыл,

Ұрпағың бар артында белгі қалар


Мәселен, «Әке» романында соғысқа кеткен Ермектің қазасын былайша естірткен:

«Дүркін де, дүркін, дүркін де,

Заман да өтер бір күнде.

Үлкендер сөйле дегенде

Қызыл бір тілім іркілме,-

Қайрылмас қазақ келгенде,

Батырың өлді – Бөгенбай!

Батырды қолдан өткіздім

Сәлемін міне жеткіздім.

Жараға жақсы қас қарар,

Ойбайлап жаман бас салар

Көріспей айтты демеңіз,

Осы еді біздің келген жай.

Бөгенбай сынды батырың

Береке берсін артына-ай,

Сабыр берсін халқына-ай,

Жасаған ием жар болып,

Бейіште нұры шалқығай!

Кімдер түспес тағдырдың қармағына,

Құрғыр тілім байланып қалмады ма.

Айтайын мен, Ақжеңге, Сейсен аға,

Қол жетпейтін күн бопты ардағыңа. 

Шейіт болып кетті деп келді хабар,

Енді Ермек жоқ оралып елді табар.

Сабыр тілеп құдайдан, шүкірлік қыл,

Ұрпағың бар артында белгі қалар»[16, 43 б.].

«Әке» романында жоқтау да кездеседі: 

«Тұрмыстың көріп азарын,

Өлгенде көрген базарым.

Қарағым аман-сау деген

Хабарын қашан алармын» [16,40 б.]. Өлімді естіртіп, артынан жоқтаған халықты туған-туыс, дос-жарандары жұбата да білген. Мәселен, «Әке» романында жоқтаудың мына үлгісі берілген:

«Бұл қайғы келелі бидің кеңесінде қалады,

Биік таудың төбесінде қалады,

Өзен судың көбесінде қалады,

Қыран құстың қияғында қалады,

Жүйрік аттың тұяғында қалады,

Сұлу жардың қойынында қалады,

Ұлы тойдың ойынында қалады,

Осы айтқанымды істемесең,

Өле-өлгенше өзіңнің мойыныңда қалады» [16,64 б.]. 

Сонымен бірге, Төлен Әбдікұлының шығармасында тұрақты тіркес пен әдемі әуез беретін тіркестер де кездеседі: «Жүрегінде ескі жараның орны біржолата шыққалы тұрған әдіре ит жанын ең соңғы рет қинап қалып жатқанға ұқсайды. Баяғыда қылышынан қам тамған ұрының тұқымы еді»[16,83 б.], «Осында демалысқа келген балалардан сені күреске қалды деп естігенде зәреміз зәр түбіне кетті» [16,109 б.], «Ал кеңседе ол суда жүзген балықтай сезінеді» [16,284 б.], «Ымға түсінбеген дымға түсінбейді деп...» [16,289 б.], «Залда ине шаншар жер жоқ» [16,360 б.], «Түу деген түкірігі жерге түспейді» [16,144 б.], «-Ол қызметін жақсы істеуі мүмкін, бірақ адамға жақсылық істемейді, ішіне пышақ айналмайтын қызғаншақ, күншіл» [16,314 б.] (10-кестеге сәйкес).

10-кесте. Т.Әбдіков шығармаларындағы тұрақты тіркестер


Тілдік ізденістер

Мысал

Тұрақты тіркестер

Жүрегінде ескі жараның орны біржолата шыққалы тұрған әдіре ит жанын ең соңғы рет қинап қалып жатқанға ұқсайды. Баяғыда қылышынан қам тамған ұрының тұқымы еді», «Осында демалысқа келген балалардан сені күреске қалды деп естігенде зәреміз зәр түбіне кетті», «Ал кеңседе ол суда жүзген балықтай сезінеді»


Қаламгердің шығармасы тақырыбымен, көтерген жүгі мен тіл байлығы арқылы бағаланады. Осындай критерийлерді сақтаған шығарма да оқырман арасында көп оқылып, талқыланады. Кейінгі кезде бұл критерийлерді сақтамайтын еңбектер сұраныс үстінде екенін де жасырмаймыз. Дегенмен, ол шығармалардың ғұмыры қысқа болатыны анық. Төлен Әбдікұлы өз мәтіндерінде айшықтау құралдарын, мақал-мәтел, тұрақты тіркестерді қолданса да, қарапайым жазылған. Яғни, оқырманға оқылуы жеңіл, жатық тілде жазылған. Сол жеңіл сөздердің көптеген астарлы ой мен шындық жатқанын да білеміз.

Қаламгердің шығармасында философтардың да қанатты сөздері бар (11-кестеге сәйкес).

11-кесте. Т.Әбдіков шығармаларындағы қанатты сөздер


Тілдік ізденіс

Мысал

Қанатты сөздер

Бальзактың: «Жер бетінде бақытсыздықтан басқа, толық жүзеге асатын ештеңе жоқ», Ф.Достоевскийдің: «Сенім жоқ жерде – ізгілік те жоқ», «Мейлі, ақтай беріңдер, мейлі, жазаламай-ақ қойыңдар, бірақ зұлымдықты зұлымдық деп өзінің атымен атаңдаршы»


Мәселен, Бальзактың: «Жер бетінде бақытсыздықтан басқа, толық жүзеге асатын ештеңе жоқ»[16,9 б.], Ф.Достоевскийдің: «Сенім жоқ жерде – ізгілік те жоқ» [16,22 б.], «Мейлі, ақтай беріңдер, мейлі, жазаламай-ақ қойыңдар, бірақ зұлымдықты зұлымдық деп өзінің атымен атаңдаршы» [16,44 б.], Ф.Ницшенің: «Жаман деп жүргенімізді жақсы деуге батылымыз жеткен күні біздің өмірімізде ұлы кезеңдер басталады» [16,26 б.], Сократтың: «Олар өз бойларындағы құмарлықтың құлдары, ал мен сол сезімдердің патшасымын» [16,29 б.], «Қиындыққа да, қиянатқа да, зорлық-зомбылыққа да, жала мен бәлеге де төзуге болатын секілді. Төзуге қиын жалғыз нәрсе - жалғыздық» [16,33 б.],Х.Ортеге-и Гассеттің: «Өмір дегенің қашан да кеменің апаты» [16,40 б.], М.Гандидың: «Күнәһармен емес, күнәнің өзімен күресу керек» [16,44 б.], «Рухани әлемде екі бағыт бар: бірі – пенделік мүдде, екіншісі – биік парасат пен ізгілік құдыреті» [16,52б.], «Немесе кішіпейіл, ізетті адамның не байығанда, не үлкен билікке қол жеткізгенде өркөкірек, дөрекі мүлде басқа адамға айналуы және сол адамнан өзінен жоғары бастықтың алдында қайтадан кішіпейіл, ізетті адамға айналуы да әлгі айтылған құбылыстың бір түрі» [16,57 б.], «Бүгінгі әлеуметтік мінез-құлық: өзінен басқаның бәрін иттің етінен жек көретін өлермен өзімшілдік, жексұрын мақтаншақтық, жаны ашымас қатыгездік, іштарлық – патология емес пе?» [16,17 б.], «Ақиқаттың бір жауы – сұлулық. Ақылсыз сұлу адам, опасыз сұлу әйел, алдамшы сұлу сөз» [16,20б.]. Қанатты сөздерден байқайтынымыз қаламгердің шетел әдебиетінен, шетел философтарының еңбектерімен етене таныстығы. Негізінен, автордың шығармашылығы медицина, философия, мүсін, театр, политика, психология, логика сынды ғылым түрлерінің шығармада профессионалды түрде жазылуы, сипатталуы және маман ретінде талқылауы жазушының әр ғылым саласынан хабардар екендігін көрсетеді. Бұл қазіргі ХХІ ғасырдың жазушына керек қасиеттерді бойына жинағандығын көреміз.





















ІІІ Т.ӘБДІКҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ОҚЫРМАН КОНЦЕПЦИЯСЫ


3.1  Оқырман – мәтін – автор 



Алдыңғы бөлімдерде автор мен мәтінді барынша қарастырып кеттік.  Адам ауасыз бір минут, сусыз 3-4 күн,  тамақсыз бір аптадан артық өмір сүре алмайды. Сол сынды автор да оқырмансыз ұзаққа бармайды. Автордың оқырмансыз ұзаққа бара алмауының себебі: оқырманы болмаған автордың еңбегі бағаланбай, оқылмай қалатындығы. Автор оқырманмен тікелей қарым-қатынасты қажет етеді. Олай болмаған жағдайда М.Мақатаев айтпақшы шаң басқан архивтерден табылармыздың күйі болмақ.

Қазіргі әдебиеттану ғылымында автор мен мәтін ұғымдары бір жолға қойылған. Ал оқырман ұғымы әлі де өз зерттеуін таппай, ұғым яки категория ретінде теориясы қалыптаса алмады. Осы уақытқа дейін оқырман ұғымының зерттелмей келуінің де өз уәжі бар. Өйткені, автор мен мәтінді қарастырмай жатып, оқырманды зерттеу ерте болып табылады. Оқырман – әдеби шығарманы қабылдап, саралайтын орта және үштік концепциясының бір бөлігі. Автор шығарманы тудырып қана қояды, ал оқырман оның ғұмырын анықтайды. Яғни шығарманың ғұмырының ұзақ болуы немесе қысқа болуы оқырманға байланысты. Л.Толстойдың мына пікірі оқырманныңавторға қатысын көрсетіп береді: «Когда мы читаем или созерцаем художественное произведение нового автора, основной вопрос, возникающий нашей душе, всегда такой: «Ну-ка, что ты за человек?», если это же старый, уже знакомый писатель, то вопрос уже не о том, кто ты такой, а «Ну-ка, что же можешь ты сказать мне еще нового? С какой стороны теперь ты осветишь мне жизнь?»[30,88 б.]

Автор мен оқырманның мәтінге деген көзқарасы бірдей болмайды. Әр адамды жеке индивид ретінде қарастыратын болсақ, әр индивидтің өмірге, құбылысқа және жағдаяттарға көзқарасы, танымы мен пайымы әртүрлі болады. В.Ф.Асмус өзінің «Труд и творчество» деген еңбегінде: «Никакое произведение не может быть понято если читатель сам, на свой страх и риск не пройдет в собственном создании по пути, намеченному в произведени автором. Творческий результат чтения в каждом отдельном случае зависит от всей духовной биографии читателя. Наиболее чуткий читатель всегда склонен перечитывать выдающееся художественное произведение», – деген сөзінен көркем шығарманың қабылдануына оқырманның да өзіндік үлесін барын байқаймыз [30,89б]. Шығарма – екі жақты құбылыстың тоғысқан ортасы. 

Мәтінді тану мен түсінуден бұрын мәтін туралы автор мен оқырманның көзқарасын анықтап алайық. «С точки зрения писателя, текст никогда не бывает окончен – писатель всегда склонен дорабатывать, доделовать. Он знает, что любая деталь текста – это лишь одна из возможных реализаций потенциальной парадигмы. Все можно изменить. Для читателя текст – отличная структура, где все на своем – единственно возможном – месте, все несет смысл и ничто не может быть изменено. Автор воспринимает окончательный текст как последний черновик, в читатель – черновик как законченный текст. Читатель гиперструктурирует текст, он склонен сводить до минимума роль случайного в его структуре. Но дело не только в этом. Читатель вносит в текст свою личность, свою культурную память, коды и ассоциации. А они никогда не идентичны авторским», – деген Ю.Лотманның пікірінен автордың еңбегін баспада шығарса да ол үшін түзетулерді қажет ететіндігін, ал оқырман оны аяқталған ойлардың жиынтығы ретінде қабылдайтынын байқаймыз [31,112 б.]. Кейде сол үшін де кей шығармалар оқырман жүрегіне жетпей жатады. Кей кездерде оқырманның заманын, ортасын ескеру керек. Мәселен, Д.Исабековтің «Қарғын» романы 80-жылдары жарық көріп, сол заман оқырмандарының жатып-жастанып оқыған шығармасының бірі болған. Романдағы Жасын сынды ер-азаматтар пайда болып, соған бой түзегендер де баршылық. Кейін бұл шығарма ұмыт болып, екі мыңыншы жылдары қайтадан көп оқылатын шығарманың қатарына енді. Бұл жерде кітаптың көлемін де өзгертуі өз ықпалын тигізсе керек.

Түсіну – басқа адамның рухани әлемін сезіну, оның ойы мен сезімдеріне бірге толқи білу, өзі дербес мәнге ие бола алмайтын ілімнің типі, түсіну – творчестволық акт кезіндегі автордың жеткізбек болған ойының мағынасын ұғыну, сол сәттердегі автордың рухани күйін кеше білу [33]. Түсіну, ұғыну ұғымдарын герменевтика ғылыми зерттейді. Герменевтика өз бастауын ХХ ғасырдан алады. Ең басында мәтіндерді талдауда қаралған герменевтика кейін жеке филологиялық ұғымға ие болды. Әдеби герменевтика – көркем мәтіндерді талқылау, түсіндіру жайындағы арнайы ғылыми сала [24,78 б.]. Герменевтика «шығарма-оқырман-дәстүр» атты үштікке байланысты дамыды. 

«Адамды түсіну үшін оның дүниетанымын, көзқарасын, идеалдарын, яғни рухани әлемін білуі қажет. Ал ол жаратылыстану ғылымдары сияқты көзге көрініп тұрған нәрсе емес, сондықтан оны танып білу, зерттеудің де өзіндік ерекшеліктері бар. Осы тұста бізді қызықтыратын ұғыну, түсіну мәселесі көтеріледі. Рухани әлемді тек «эмпатикалық» ену, бойлау арқылы, яғни сол зерттейтін субъектінің орнына өзінді қойып, соған айналу арқылы – бір сөзбен айтсақ, ұғыну арқылы танимыз» [34,55 б.]. Адам ұғымынан бөлек қабылдаудың келесі бір түрлеріне жас ерекшелік, ұлттық-этникалық, кәсіби, психикалық қабылдаулар жатады. 

Психологтар қабылдау мен ұғыну бірден екі деңгейде саналы және санадан тысқары түрде жүзеге асады деген пікірді айтады. Қабылдау кезінде оқырманның өмірлік тәжірбиесі мен тарихи жады маңызды рөл атқарады. Мәтінді тану, түсіну үшін қабылдаушы алдымен мәтін авторы өмір сүрген дәуір, мәтіннің тууы кезіндегі қоғамдық-әлеуметтік, саяси жағдай, дәстүрді біліп барып қана, автордың, мәтіннің философиясына үңіле алады. Сол дәуірдің толық бейнесін біліп, тарихи процестер, оқиғалар тіріліп, сөйлегенде ғана авторды, мәтінді, бейнелерді түсіну шындыққа айналады. «Тарихи тұлғаны тек «іштей ене» түсіну ғана мүмкін, яғни соның «терісін жамылып», соның орнына өзінді қойып қана ол туралы бір нәрсе айта аласын. 

Шынайы ұғыну қаншалықты біреудің «ішкі тұңғиығына» бата білсең, соншалықты одан биікке көтеріле алуды талап етеді. Ұғыну үшін танымдық контекст болу керек. Біздің танымдық контекстіміз қаншалықты кең болса, яғни біздің зерттеу объектімізді салыстыратын, қарама-қарсы қоятын басқа объектілер көп болса, соншалықты біз оны «зерттеу объектісін» терең түсінеміз. 

Таным екі жақтылықты қажет етеді, біріншіден, зерттейтін нәрсеңе «іштей ену», екіншіден, одан «тысқары кету» [34,51 б.]. Түсіну, ұғыну процесі қабылдаушыға, оның қасиеттеріне байланысты болғандықтан, қабылдаушы автордың рухани дүниесіне еніп, шығармашылық актіні жаңғырта отырып, мәтінді қайта өңдейді. Түсіну мен ұғыну процесі - мейлінше диалогты, автор мен қабылдаушы диалогы. Автор идеясын мәтіннің құрылымы арқылы жасап, жасырса, диалогтың екінші жартысы қабылдаушы мәтінді қайта өңдейді және жасырынған мағынаны шешеді. Мәтіннің диалогтігі, жалпы ойлау мен сөйлеудің диалогтігінен, сөйлеуші мен тыңдаушы грамматикаларының диалогтігінен бастау алған. «Адам іс-әрекеті потенциалды текст және ол өз уақытының сұхбаттық контексті арқылы ғана түсіндіріледі. 

Текст (әңгіме, сөз, хат, оқиға) әрқашан біреуге бағышталған әрі сол бағышталғандығымен ғана құнды, бағалы. Текст авторының ішкі дүниесімен қатар өзіндік көзқарасы, дүниетаным шеңбері бар. 

Әлем дегеніміз әрқашан түрлі дауыстар, түрлі түсініктер, түрлі сана-сезімдер полифониясы. Ұғыну, түсінудің сұхбаттығы оған аяқталмаған, шектелмеген қасиет береді. Айтылған сөз естуді, ұғынуды қажет қылады. Ол да бір сұрақтың әлемдегі бір жауабы. Осылайша, мәңгілік шексіз ұмтылыс» [34,54 б.]. Мәтін – автор мен оқырман арасындағы байланыс емес, ол тудырушы мен тұтынушы арасындағы ой, пікір, сана-сезімдерінің араласып тоғысатын нысаны. Мәтіннің диалогтылығы полилог, полифония, коммуникацияға айналады. Сонымен бірге, мәтінді ұғыну, түсіну арқылы әр кезең, әр мәдениет, әр этнос, жеке тұлғалардың түрлі ой-пікірі, түсінігі белгілі болып, мәтінтануда көпварианттылық, көпқырлылық, көпдауыстылық туып, дамиды. 

Мәтінді түсіну кезінде дәлме-дәл ойлап, сөзбе-сөз оқудың орнына автордың ойын, дүниетанымын, қоршаған орта мен адамдардың дауысына мән беруіміз керек. Яғни қоршаған ортаға, оның адамдарының ойы да авторға әсер етеді. 

А.Потебняның «көркем шығарманың мағынасы мәтін аяқталғаннан кейін, суреткерде дамымайды, ол қабылдаушыларда дамиды»,- дегеніндей, оқырман, түсінуші мәтінді оқу, талдау-талқылаулар арқылы түрлі мағына табады, мән жүктейді, концепция, идеялар ашады, мәтіннің қабылдаушыға жетуінен оның екінші өмірі басталады. Көркем мәтінді қабылдау, түсіну тек танымдық тұрғыда ғана әсер етіп қоймай, қабылдаушыға сезімдік ләззат береді. 

Өнер туындысының адамның танымына, беретін нәрі, ләззаты туралы ойшыл-жазушы Л.Толстойдың да айтатыны бар: «Деятельность искусства основана на том, что человек, воспринимая слухом или зрением выражения чувства другого человека, способен испытовать то же самое чувства, которое испытал человек, выражающий свое чувство.

Как только зрители, слушатели заражаются тем же чувствам, которая  испытовал сочинитель, это и есть искусство. Вызвать в себе раз испытанное чувство и, вызвав его в себе, посредством движений, линий, красок, звуков образов, выраженных словами, передать это чувство так, чтобы другие испытали то же чувство, - в этом состоит деятельность искусства. Искусство – есть деятельность человеческая, состоящая в том, что один человек сознательно известыми внешними знаками передает другим испытываемые им чувства, а другие люди заражаются этими чувствами и переживают их. 

Как бы ни был поэтичен, похож на настоящий, эффектен или занимателен предмет, он не предмет искусства, если он не вызывает в человеке того, совершенно особенного от всех других, чувства радости, единения душевного с другом (автором) и с другими (ее слушателями или зрителями) воспринимающими то же художественное произведение» [35,148 б.]

Көркем мәтін – автор санасының, шығармашылық ойлауының, танымының арқасында бейнеленген дүниенің модельденген түрі, диалогты, коммуникативті, адресатты болғандықтан оқырман санасына көркем ақпаратты жеткізуші өнер туындысы. Автор өз танымының, сезімінің жемісін түрлі операциялар (мәтін құрылымы, философиясы, хронотоп, диалогтілік) арқылы біткен дүниеге (мәтінге) айналдырғаннан бастап, шығарманың екінші үлкен белесі, қабылдау, түсіну процесі жүзеге асады. Рецептивті эстетика, герменевтика салаларының зерттеу нысанына айналған мәтінді қабылдаушылар, оның түсінілу мәселелері мәтін мен қабылдаушының байланысын құрайды. Мәтінді қабылдау, ұғыну процестерінен мәтіннің полифонологиялығы, полилог, адамның жан дүниесіне әсер ету механизмдері, қабылдаушының алған әсері білінеді. Мәтін – автор үшін (сезім, ойын жеткізу формасы) де, оқырман үшін де (танымдық, тәрбиелік, эстетикалық маңызы бар нысан) де өмірді, дүниені, қоғамды, адамды танудың бірден бір маңызды құралы.

Көркем шығарманың оқырман арасында оқылуы үшін автор оқырманның заманын, проблемасын, қажеттілігін ескеруі керек. Өйткені, оқырман шығармадан өзін іздейді немесе ортасын іздейді. Өзінің басынан өтіп жатқан шым-шытырық оқиғаларды сырт көзден бақылайды. Шығарма кей кезде психологтың қызметін атқарады. Әсіресе, ХХІ ғасырда адам кітапты психолог ретінде қабылдайды. Ешкімге айта алмаған сырын шығармадан оқып, ол кітапты біреуге оқыту арқылы оның да пікірін біледі. Одан қалса көркем шығармадағы автормен тілдеседі. Мәселен, Төлен Әбдікұлы - тілдесетін жазушылардың бірі. Қаламгердің шығармаларының біразы сұрақ-жауап негізінде құралған. «Тозақ оттары жымыңдайды», «Парасат майданы», «Оралу», «Ақиқат» повестерінде, «Қайырсыз жұма», «Оң қол» әңгімелері сұраққа толы. Мәселен, «Оң қол» әңгімесінде: «- Кинода неге ылғи сұлу әйелдер ойнайтынын түсінбеймін? Сұлу емес әйелдер жұртқа үлгі бола алмай ма? Олардың бойынан жақсы қасиеттер табуға болмай ма? – деді қолын жайып. – жақсылықтың ең терең тамыры сұлулықта, өйткені тіршілік тәннен басталады. Ал сұлу адамдардың ақылсыз, жаман болып шығуы – диспропорция, өмірдің күрделілігінен, қиындығынан алғашқы тепе-теңдіктің жиі-жиі бұзылуы» [16, 325 б.], «Тозақ оттары жымыңдайды» повесінде: «Түн ортасы ауа араку тайпасынан қалған жалғыз индеец доктор Бейкердің алдында біржола көз жұмды. – Бітті, бәрі де бітті...Енді ешқандай мағына қалған жоқ... Түк қалған жоқ... Ең соңғы араку өлді... Бітті... Бәрі де бітті... бітті... Бірақ ол араку тайпасынан ең соңғы адамы өзі екенін аңғармады. Ол, тіпті, өзін адам қатарына санаған жоқ» [16,202 б.], «Оралу» повесінде: «Кенет «япыр-ау, мен Бәтимамен қосыла қалғанда қандай бақытты болатын едім» деген өкінішті ой жүрегімді қысып, ауыртқандай болды. «Мен сонда қандай бақытты болатын едім... Мен неге сүйтпедім... У-у-у! Тағдырдың өзі Бәтиманы менің бауырыма қанша әкеліп итерсе де,, өз жұмыртқасын танымай безген тауықтай ұямнан шығарып тастай берген екем. Сонда мен қайда асықтым? Не үшін асықтым? Биік мақсат үшін бе? Қоғам үшін бе? Шындық үшін бе? Әлде үміт күйінде қалып қойған ақыл-ой қабылетінің жарқын болашағы үшін бе?.. Жо-жоқ! Әлде бір қасиетті, үлкен іске басымды байласам-ау деген ойға менің дәтім шыдамайды. Біз сонау алғашқы махаббатқа да жанпидалық көрсете алғанбыз, енді тіпті де жанпидалық көрсете алмаймыз» [16, 106 б.], «Ақиқат» повесінде: «Адамдарды сүйіп те бақыт таба алмайсыз. Өйткені, бір адамды шын сүйсеңіз, өз қайғыңның үстіне әлгі адамның бүкіл азабы келіп қосылады. Өйткені, оның басына түскен қиыншылықты бөліспей тұра алмайсыз. Үш адамды сүйсеңіз, үш адамның азабы, ал жүз, одан да көп адамды сүйсеңіз, тіпті бүкіл адамзатты сүйсеңіз, бүкіл жер бетінің қайғысы бір сенің басына келіп орнайды. Ендеше жан-тәнімен сүю қауіпті. Будда секілді безіп кеткеннен басқа ештеңе қалған жоқ. – Сенім керек, сенім,- деді священник осы кезде әндете сөйлеп. – ізгілік жеңсін десеңіз, соның бар екеніне сену керек, әйтпесе қиянат жеңуі мүмкін» [16, 130 б.], «Бассүйек» әңгімесінде:«Слушай, ты не ребенок, и не первый год работаешь министром. Пора понять, что достоинство нужно не только для победы, но и для поражения. Надо уметь проигрывать, а не устраивать дурацкую сцену. Содан кейін бүкіл ой-сезімі өзгеріп сала берді. әзірге астында машина болғанымен, «Шынында да, біздің үйге қандай авторбус барар екен» дегендей жол жиегінде қалып бара жатқан аялдамаға тұңғыш рет үңіле қарады» [16, 280-281 б.], «Бассүйек» әңгімесінде: «Хамит стол үстінде жатқан бассүйекке сығырайып ұзақ қарады. Тағы да сол мезі қылған сәтсіз еңбектің анық себебін іздеді. Музейдегі лекцияны, көзілдірікті жігітті, Мұқаш шалдың әжім жапқан аппақ жүзін елестетті. «Жаубөрінің тарихтағы орнын, халқына қадірін, өмірін...», «Жирафтың мойнының ұзындығын алып тастаса...», «Түсі суық болыпты ғой...». Жоқ, бәрі де әншейін теория. Жоба, тұспал» [16,310 б.], «Оң қол» әңгімесінде: «Кеше бір ұлы ақынның  кітабын оқыдым. Соның ішінде «Дауыл» деген өлең бар екен. Кеменің діңгегі қирап, рулі сынған, желкені жыртылған. Көкжиекке батып бара жатқан күнмен бірге кеме де теңізге батып барады. Жұрттың бәрі жанталасып, өлім дұғасын оқуда. Әркім өзінің жақын көретін адамдарымен құшақтасып, қоштасып жатыр. Тек бір адам ғана өлімнен қорқуды да, қашуды да ойламайды. Ол тек: «Шіркін, осындай өлер сәтте құшақтасып қоштасатын адамның болғаны қандай бақыт»,- дейді ішінен күбірлеп. Қараңызшы, өлім аузында тұрған ең бақытсыз жандар да енді біреу үшін соншалық бақыт болып көрінеді. Өйткені олардың өлер сәтте қоштасатын жақындары бар. Сіз мені түсініп тұрсыз ба?» – деген жолдардан автордың шығармасында әртүрлі тақырыпта сұрақтар қойылып, жауабы ізделінеді [16, 321б.]. «Оң қол» әңгімесіндегі алғашқы сұрақ өз жауабын таппай келе жатыр. Әйелді сұлу немесе сұлу емес деп бөлудің қажеттілігі жоқтығы жайлы да біраз айтылды. «Тозақ оттары жымыңдайды» повесінің негізіндегі сұрақтың өзі және жауабы осы сөйлемнің ішіне сыйдырып кеткен. «Оралу» повесіндегі сұрақ көптеген адамдардың өміріндегі өкінетін сәттері жайлы болған. «Ақиқат» повесіндегі бұл сұрақтың мәнісі ең тереңде. Адамды емес, Аллаһты сүюдің қайыры барын көрсетуде. Адаммен бірге қайғы, ал Аллаһпен бірге қуаныш болады. «Қайырсыз жұма» әңгімесіндегі жауап кейпіндегі сұрақ қойылған. «Бассүйек» әңгімесіндегі сөздер сұрақ сынды көрінбесе де астарында үлкен сұрақ жатыр. Ол сұрақ – Жаубөрінің бейнесі. Батырға тән бейне қандай критерийлерге сәйкес келеді деген ой Хамитті мазалайды. «Оң қол» әңгімесіндегі соңғы сұрақ өлім аузындағы адамды ойландыртатынын байқаймыз. Өлім халіндегі адамның басынан өтетін хал суреттелген. 

Көркем шығарма - өнерлердің ішіндегі ең жоғарғы сатыдағы өнер. Өнер адамға эстетикалық, этикалық тәрбиені өз бойына сіңіріп, көрерменге жеткізе білуі керек. Көрермен суреттен ләззат алғаны сынды көркем шығармадан да ләззат алуы тиіс. И.В.Ильинский көрерменді балаға теңеген: «Истинная культура зрителя выражается в непосредственном, свободном, ничем не стесняемом реагировании на то, что он видит и слышит в театре. Реагировании по воле души и сердца» [30, 87 б.]. Көрермен өзіне ұнаған қойылымынан көп уақытқа дейін әсерленіп жүреді. Төлен Әбдікұлының «Парасат майданы» повесін оқыған Әбіш Кекілбай ойға шомып жүргенін айтқан: «Парасат майданы» қайталап айта беруге, тіпті жіліктеп талдап беруге келмейтін зұлмат хикая. Оны оқып отырып, ойын он саққа жүгіріп, ойланасың, тебіренесің. Ойланған сайын, ойсырап, құлазып, тебіренген сайын, теңселе күйзелесін. Нағыз өнердегі шок терапиясы» [32,55 б.]. 

Кәсіби оқырман ретінде Ә.Кекілбайдың пікірін алсақ, қатардағы оқырмандардың да пікірлерін де ескердік. Мәселен, «Қазақ филологиясы» мамандығының 4-курс студенті Таңшолпан Серікқызы: «Төлен Әбдіктің интеллектуалды оқырман талап ететін, тәрбиелейтін шығармашылығы ғасырлық бағасын алатын майталман шеберхана деп санаймын»,  «Филология» мамандығының 4-курс студенті: «Оң қол» туындысының өз уақытында үлкен жаңалық ретінде қабылданғаны анық. Бұған себеп не? Себеп сол, ең әуелі тақырып тосындығы, сондай-ақ жазушы идеясының шығарма сюжетімен табиғи бірлік табуы дер едім. Тағы бір айтары, бұл тек «Оң қол» шығармасына ғана қатысты ерекшелік емес, Т.Әбдікұлы шығармаларының барлығына тән қасиет. Шынтуайтына келгенде, жазушының шығармаларының өзін ана бір тақырып я мына бір шындық, болмаса шетел тақырыбы деп бөлудің қажеті жоқ. Неге десеңіз, қайсыбір тақырыбын алсаңыз да өмірдің өзекті, аса зәру, аса ділгір мәселелерін көтергеніне көз жеткізесіз. Олар тек жанрлық тұрғыдан және шығарманың сюжеті мен композициялық құрылымынан ғана бөлек. Ал, автордың философиялық ой түйіні, алға қойған мықты гуманизмі барлық шығармаларының алтын арқауы. Сөз жоқ, Төлен – тума талант. Ал бұл сөз дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Оған себеп оның шығармалары «Оң қол», «Бассүйек», «Ақиқат», «Тозақ оттары жымыңдайды» сияқты т.б. да туындылары – қазақ әдебиетінің қазынасына қосылған құнды қомақты үлес. Айта кетерлік тағы бір ерекшелік -  жазушының көптеген  шығармаларының соңғы нүктесі қойылмаған. Бұл даралық шығарма мазмұнының тереңдегін аңғартады, яки шығарма соңындағы аяқталмаған түйіндер оқырман қауымды бей-жай қалдырмай, кітаппен бірге ойланып толғануға жетелейді, өзіндік жеке ой қалыптасып, өзінше жеке ой түйін жасауға шақырады. Сөзімді қорытындыласам, адам жан дүниесіне жол тапқан жазушы Төлен Әбдіктұлының шығармалары жұртшылық назарында қашанда болады, бола бермек те. Психология мен философияны әдебиетке әкелген дарынды тұлғаның туындылары қоғамға қажет».

«Оң қол» әңгімесі басынан аяғына дейін бірінші жақтан берілген әрі талданған. Мәселен, «Сол түннен бастап Алманың науқасы туралы жеке күнделік жүргіздім. Тіпті, өзіме жеке ғылыми объектінің табылғанына қуанғанымды да жасыра алмаймын. Оң қол Алмаға тек қалың ұйқы құшағына енгенде шабуыл жасайды. Яғни, өзіне қанша түсініксіз болғанмен, өзін-өзі өлтіру ниеті қыздың миында бар деген сөз» [16, 317 б.]. Бірінші жақтан баяндалған шығарма оқырманды шығармаға жақындата түседі. Ол бір шығармада өзі жүргендей күй кешіп, автормен бірігіп кетеді. 

Баяндау туралы сөз қозғағанда біз әрқашан стиль мен тілге келіп тірелетініміз анық. Баяндаудың автор, мәтін, оқырман арасында болатын қарым-қатынасты біріктіруші ретінде қарастыру соңғы кездерде ғана көрініс тапты. Баяндау мәселесін үштіктің айналасында қарастыруға келгенде сюжет пен фабуланы баяндаумен шатастыру болып жатады. Осы ұғымдарды шатастырып алмауымыз үшін шығармадан екі мәселені ажыратып алуымыз қажет. Біріншісі -  шығармада айтылған оқиғалар жүйесі, ал екіншісі – баяндаудың өзінің оқиға ретінде берілуі. Баяндау деп сюжеттегі әрбір оқиғаны хабар ретінде беруін айтамыз. Ал сюжет – шығармадағы оқиғалар желісі. Яғни, сюжет оқиға болса, баяндау - оны жеткізуші құрал. Оқырманға оқиғадан гөрі баяндау тәсілі оған көбірек әсер етеді. Яғни, көкірегіне нұр, сәуле болып енеді. Баяндаушы, хабарлаушы, нарратор, актор, автор дегендердің барлығы баяндаушы ретінде танылады, бірақ қызметі мен орны әртүрлі. 

Кез-келген оқырманның назары 2-ге бөлінеді. Біріншісі – оқиға және оның маңыздылығы, екіншісі – баяндаушының сөйлеу мәнері мен мәдениеті. Оқырман шығарманы оқыған кезде осы екі критерийге баса назар аударады. 


3.2 Оқырман түрлері және оқырман назары


Әр шығарма оқырманға өзіндік ерекшеліктерімен, қызықтарымен, сонымен бірге қарсылықтарымен бірге келеді. Оқырман автормен кейде бірігіп, кей кезде ажырап кетеді. Оқырман шығармадан өзіндік қажеттіліктері мен критерийлерін көрсе, автормен бірге, ал керісінше болатын болса, шығармаға өз қарсылықтарын көрсетеді. Оқырман - шығармаға өмір сыйлайтындардың бірі. Автор өз қиялы, ақылы мен еңбегі арқылы тудырса, оқырман ақылы, қиялы және еңбегі арқылы шығарманың өмірін жалғайды. Еңбегі ретінде шығарманы оқуын, талдауын, талқылауын жатқызамыз. Қиял мен ақылдың әр адамда әртүрлі көрініс табуына қарай оқырманды да өз ішінде жіктейміз. В.Е.Хализев оқырманды шынайы және көпшілік, ал Т.У.Есембеков «Көркем мәтін поэтикасы» атты еңбегінде Г.Яусстың жіктемесі бойынша оқырманды қатардағы оқырман және оқырманның үстінен қарайтын кәсіби филолог деген түрлерін көрсеткен екен  (6-диаграммаға сәйкес).

6-диаграмма. В.Е.Хализев пен Г.Яусс бойынша оқырман түрлері





В.Е.Хализев өзінің «Теория литературы» атты еңбегінде автор, мәтін және оқырманның арасындағы байланыстарды, қатынастарды әрі нәзік тұстарды тереңірек қарастырған. Өзінің еңбегіне М.М.Бахтин, В.М.Жирмунский  және т.б. белгілі әдебиеттанушылардың ой-тұжырымдарын негіз ете алған. Сол себепті де, В.Е.Хализев еңбегі әдебиеттанушы көпшілікке көп көмегін тигізіп жатыр. Әдебиеттанушы оқырманды реальный (шынайы) және массовый (көпшілік) деп жіктеген. Ғалымның пікірінше, оқырман шығармаға тікелей және жанама қатыса алады. Тікелей қатысқан кезде автор оқырманның да ойын ескеріп, онымен сөйлесе отырып, диалог құрып, шығарманы қызықтыра түседі. Бұндай авторлардың қатарына «Евгений Онегин» шығармасындағы Пушкинді, Л.Стерннің повестін, Н.В.Гоголяның прозасын, М.Е.Салтыков-Щедрин және И.С.Тургеневті жатқызған. Бұл қаламгерлер шығармасында авторды да, оқырманды да кезіктіре аласыз. Сонымен бірге, шығармада оқырман-адресаттың да болу ықтималдығы жоғары. Оқырман-адресат ұғымын 1970 жылдары Х.Р.Язер мен В.Изер қарастырған. Х.Р.Язер мен В.Изердің пікірінше, шығармада екі эстетикалық теория болады. Біріншісі – дәстүрлі, яғни автордың ойы мен идеясы, ал екіншісі – адресат. Адресатты имплицит,ал біріншісін имманент деп атаған. Адресаттың шығармада кездесуі жоғарыда айтқанымыздай шығарманы қызықтыра түседі. Сол үшін автор бұл оқырман түрін қолдануда. 

Шығарманы қабылдауда адресаттың болуы маңызды болғаны сынды оқырманның шығарманы тани білуінің де тәжірбиесінің болуы маңызды. Шығарманы тани білмеген, оқи білмеген оқырман шығарманың кейбір тұстарын түсінбей, автор идеясын ұға алмауы себепті шығарма өз бағасын алмай қалу ықтималдығы да жоқ емес. Бұл жерде автордың да жеткізу, жазу тәжірбиесі, ал оқырманның тани, оқи білу тәжірбиесі қажет. Қазіргі таңда оқырманның авторға қояр талабының жоғары болуы, ал авторлардың ол талаптарды қанағаттандыра алмауы да шығарманы оқымауға алып келуде. Н.А.Рубакин: «История литературы – не есть только история писателей, но и история читателей» - деген пікірі негізінде оқырманның да шығармаға әсерінің қатыстылығын көреміз [30,91 б.]. Автор оқырман талабын қанағаттандыру үшін сол заманның зарын, проблемасын шығармасына өзек етеді. Чехов өз замандастарының көрінісі, ал шығармалары заманның ащы зары бола білген. Бұл - автордың тапқырлығының белгісі. А.Чехов деген аттың қазіргі таңға дейін жетуі өз заманының оқырмандарының көңілінен шыға алғандығынан болса керек. 

Шығарманың оқырман арасында танымалдығын оның қайта басылуынан, тираж санының көбеюінен және өзге тілдерге аударылуынан көрсек болады. Сонымен бірге, шығармадағы цитаталардың қолданысқа ие болуы және де кинолардың түсірілуін айтамыз.  Философ, әдебиеттанушы және сыншылардың да еңбектеріне өзек бола алуы да шығарманың оқырман жүрегіне жол тапқанын көрсетеді. 

Шынайы оқырман – шығарманы түсінген, автор идеясын жүрек түбіне жеткізе білген оқырман. Шынайы оқырман заманнан заманға ауысады. Әр заманның шынайы оқырманы әртүрлі болады. Мәселен, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы ХХ ғасыр оқырмандарына ақын Абайдың өмірі, ұлы туынды ретінде танылса, ал ХХІ ғасыр оқырмандарына оқылуы тиіс немесе қазақ тұрмысын, тарихын танытатын шығарма ретінде қабылдауын айта аламыз. Шынайы оқырман көпшілік оқырманнан интеллектуалды білімі мен арнайы тәжірбиесімен ерекшеленеді. В.А.Жирмунскийдің мына пікірі шынайы мен көпшілік оқырманның айырмашылығын айырып берсе керек: «Вы читаете поэму, смотрите картину, слушаете сонату чувствуете удовольствие или неудовольствие – вот вкус, разбираете того и другого – вот критика» [30,92 б.].

Әртүрлі жастағы адамдар, әртүрлі мамандықтағы адамдар және әр дәуір адамдары бір шығарманы әрқалай қабылдайды. Бұл - әр адамның индивид, әркім әртүрлі ойлауға және пікірін айтуға құқылы болуынан болса керек. Мәселен, ХІХ ғасыр оқырмандары діни, тұрмыстық жанрдағы кітапты, ХХ ғасыр тарихи, драма жанрын қаласа, қазіргі таңда фантастика, шытырман оқиғаларға толы шығармаларды жақсы оқиды.

ХІХ ғасыр өзінің мықты авторларымен, классикалық туындыларымен  және таласты әрі тартысты оқитын оқырмандарымен ерекешеленді. Ал ХХ ғасыр өз бастауын соғыстан алғандықтан, автор мен оқырман, автор мен шығарма өз араларын суытып алды. Сұрапыл соғыс талай адамның қанын ғана емес, оқырманның да ынтасын алып кетті десек болады. Бірақ та ол заманның да оқырмандары болды. Соғыс тақырыбында жазылған шығармалар азғантай оқырманның жүрегіне жол тауып, өз оқырмандарын қайта жинады. Көпшілік оқырман шығармаға шынайы оқырмандай үлкен талап қоймаса да шығармадан өзіндік қажеттіліктерін талап ете алады. Олар шынайы оқырман сынды тіліне, идеясына, сюжетіне және тәсілдеріне қарап, талдау жасауға талпынады. Шынайы оқырман сынды жіліктеп талдамаса да сыни көзқарастан шет қалмайды.  Шынайы оқырман кейде авторға қатал қарап жатса, көпшілік оқырман керісінше авторға дем береді. 

Т.У.Есембеков «Көркем мәтін поэтикасы» атты еңбегінде: «Әдеби мәтінді түсіну барысын Г.Яусс шартты белгі, яғни нотамен жазылған музыкалық туындының партитурасын оқумен теңестіреді. Бұл кезеңде талқулаушының өзі екіге бөлінеді екен: біреуі - қатардағы оқырман, екіншісі - оның қалай оқығанын талдайтын  кәсіби филолог, ол оқырманның үнемі үстінен қарап тұрады. Ал талқылау (интерпретация) үдерісін ғалым мәтінді оқып түсіну кезінде екіге бөлінген оқырманның қайтадан эстетикалық тұтас тұлғаға айналуы дейді. Оқырманның жүйкесі мен сезіміне, ойы мен санасына мәтіннің ерекше салмақ түсіретін кезі  - осы. Мәтінді аяғынан басына дейін тағы бір сүзіп оқып шығу, кейбір тұстарды қайта – қайта пысықтау, жекелеген сәттерге шүйлігу, өзіне, мәтінге, авторға сан сұрақ қою, оларға жауап іздеу  - өте қиын үдеріс. Мәтін қойған сауал, оқырман діттеген амал да бар мұнда. Осының бәрін жауап беруші – мәтін ғана, өйткені онда автордың барлық сауалдарға эксплициттік дайын жауабы жоқ. Оқырман автордың екіге жарылуы жайлы жазылған еңбектерді оқу, талдау, талқылау барысында да екіге бөлінеді. Бұның барлығы оқырманның ой-сезімі мен танымының көрінісі», - деп, оқырманның да түрге бөлініп, шығарма тану ерекшелігін айтқан [24,184 б.]

Бұл шығармадан оқырман өзіне қажетті өзекті нәрсені тауып, адамгершілік жағынан үлкен сабақ алады.  Жоғарыда оқырманның екі түрі болатынын айтқан едім. Сол кәсіби филолог ретінде Ә.Кекілбайдың шығармаға берілген оқырман пікірі: ««Парасат майданы» қайталап айта беруге, тіпті жіліктеп талдап беруге келмейтін зұлмат хикая. Оны оқып отырып, ойын оң саққа жүгіртіп, ойланасың, тебіренесің. Ойлаған сайын ойсырап, құлазып, тебіренген сайын теңселе күйзелесің. Нағыз өнердегі «шок терапиясы»» [32,56 б.]. Т.Әбдікұлы шығармалары туралы Г.Орда мынандай баға береді: «Өткен ғасырдың 60-жылдарындағы әдебиет, ол – адамның жан дүниесіне үңіліп, талдау жасау жағынан ерекшеленетін. Төлен ағамызды шығармашылығы адам бойындағы ерекше құбылыстарға және сонымен бірге психологиялық талдау жасау арқылы оқырманға, замандастарына үлкен ой салған, жекелеген кейіпкерлердің өмірлері арқылы үлкен философиялық ойларға жетелеген қаламгер қатарына жатқызуға болады. Мысалы, «Оң қол» әңгімесі алпысыншы жылдардағы қазақ прозасының үлкен табысы болса, соңғы жазылған «Парасат майданының» өзі де соның заңды жалғасы ретінде көрініп отыр». Т.Әбдікұлы шығармалары оқырман қауымын оятып, тың ой салып, шығармашылық сүйсіндіргені анық» [36].

Әдебиеттану ғылымы көп уақыт мәтінді оқырманның сұрағына жауап беруші ретінде танып келді. Яғни, автор оқырманды қызықтыратын тақырыпта, ойландыртып жүрген ойды, өзекті проблемаларды мәтінге себеп етті. Г.Яусс бойынша оқырман мәтінді оқып отырған кезде ой туатынын айтады. Оқырман автордың сөздерінен ой сабақтап, идеяларын қорытады. Бұл ой да өз бағамын ала жатар.

Кез-келген зерттеуші автор немесе шығарманы зерттемес бұрын қатардағы оқырманның ойын алып, пікірін тыңдап барып ғана кәсіби оқырманның пікіріне жүгінеді. Ойдан ой, пікірден пікір туындату арқылы зерттеудің нәтижесін шығарады. Қатардағы оқырман мен кәсіби оқырманды салыстырудың өз қажеттілігі де жоқ емес. Бірі байқаған ой келесі адамда басқаша көрініс табуы мүмкін. Бұл автордың шығармаға еккен идеяларының ашылуына әкеледі. Г.Яусс мәтінді талқылау кезінде оқырманнан авторға қарай зерттеуді дұрыс деп зерттеген. «Көп пікірдің бірі» деген ойды ғалым өз еңбектерінде жазған. Оқырманның пікірі де зерттеуге әсер ететінін осы жерден байқасақ болады. 

Салыстыру кезінде жоғарыда айтқанымыздай оқырманның заманын, ортасын, қоғамын және таным көкжиегін ескеру керек. Өткен ғасырларда қолдан қолға өтіп оқылған шығармалардың  осы ғасырда құнының болмауы оқырман көкжиегіне байланысты. Негізінде, автор да, оқырман да заманға сай өзгеріп отырады. Өзгермейтін тек шығарма. Шығарманың өзгермеу себебі сюжет, композиция, айшықтау құралдарының шығармада өз кезегімен өрбуінде. Автор да, оқырман да революция жасады, ал шығармаға революцияға жақындағанымен аяғына жетпей тынып қалады. Қай шығарманы алмасаңыз жаман басталып жақсылықпен аяқталады немесе керісінше, одан қалса аяқсыз қалып кетеді. Өзімен бірге елітіп әкетіп, тылсым әлемге әкеп бір тірейтін шығармалар аз. Революция жасауға талпынып жүрген авторлар бар. Бірақ шығармалардың жазылу форматы бір. Форматта революция жоқ. Осы уақытқа дейін форматта болған өзгерістер: кітаптың пішіні, әңгіме емес диалог күйінде өрбуі, психология мен философияның дәндері. Классикалық шығармалар -  өзі бір бөлек әлем. Шетел әдебиетінің кең таралып, қазақ әдебиетінің революция жасай алмауы оқырман көпшілігінің шетел әдебиетіне ауып бара жатқанын байқаймыз.

Осы кездегі зерттеулердің ішінен Н.Холландтың әдеби шығарманы автордың ауани, физиологиялық, нәпсілік қиялдарының көрінісі деген еңбегі назар аударарлық. Ол оқырманның мәтінді түсіну үдерісінің конфронтация – тастап кету  - қайта оралу сияқты үш кезеңнен тұратынын бөліп көрсеткен. Туындыны талқылауды оқырманның өзін-өзі тануы деп түсінген ғалым оқырманды кедергісі көп, жолы ойқы - шойқы автомобиль трассасындағы жүргізушіге теңеген. Д.Хортман деген американдық әдебиетшіге «айналып өту» деген ұғым арқылы әдеби мәтінді талқылаудың барысын үнемі жөнделіп жататынын, «ой  - шұңқыры бар» деген хабар беретін көптеген белгілерден тұратын жолмен жүруге ұқсатқан. Қандай қиын болса да жүргізуші жолдан шығып та кете алмайды, тоқтап қалуы да қисынсыз екен.

Қазіргі кездегі шетелдік зерттеулерде әдеби мәтінді оқырман көзімен талқылау мәселесі - өті жиі сөз болып жүрген тақырыптардың бірі. Зерттеушілердің көбі оны талқылаудың үш кезеңнен тұратындығы жөнінде ортақ тиімді пікірге келген сияқты. Этикалық бағыт өкілдері интерпретатордың тарихи-әлеуметтік заңдылықтарға тәуелділігін дәріптесе, әлеуметтік-психологиялық тұрғыдағы ғалымдар талқылау барысында ассоциативтілікті тану, талқылау, бағалау жөнінде ортақ көзқарас байқалмайды, талас тудыратын сұрақтар жетерлік, жауаптар әрқилы. Демек, отандық әдебиеттанудағы қалыптасқан көркем мәтінді талқылаудың тиімді амалдарымен қатар қазіргі кезеңдегі ғылыми негізі басқа көзқарастарды білудің артықтығы жоқ. Әр кезең туындысын сол үшін автохонды, аутентивті көзқарастар тұрғысынан бағалаудың тиімділігі жетерлік. Орынды әлеуметтік бағадан, қисынды ассоциативтік талдаудан бас тартпау керек. 

Сонымен бірге, әрбір әдеби шығарма аурасын мынандай негіздер құрайды: персонаж санасы, авторлық сана, оқырман санасы, заманның әлеуметтік санасы, трансперсоналдық сана.  Барлық сананың ішінде бізге керектісі – оқырман санасы. Оқырман санасының дәрежесі көп жағдайда шығарма мен автордың санасын айқындайды. Оқырманның білімді әрі саналы болуы кейбір жағдайда шығарма тағдырын айқындайды. Қазіргі кезде кітаптардың көп оқылмауы оқырман санасының басқа нәрселерге бой ұрып кетуінен көрінеді. Оқырман санасы кітапқа емес, компьютерге ден қойған. 

Осыған дейін шығармадағы оқырманға әсер ететін тұстарды барынша баяндауға тырыстық. Ендігі кезек оқырманға әсер ететін басқа да деталдарға көшейік. Оқырман назарын аудартатын бірінші деталь – мұқаба. Адам психологиясы - күрделі ұғым. Адам психологиясының күрделі екендігін ескере отырып, кітап мұқабасын соған ыңғайлы ету маңызды. Кітап таңдауға барған оқырманға ең бірінші әсер ететін мұқаба болғандықтан, автор мұқабаға ерекше мән беруі керек. М.Мағауиннің «Жармақ» романы бір адамның екі тұлғаға бөлінуі жайлы баяндалған. Соған сәйкес мұқабаның да сырты адам бет-пішінінің екіге бөлінуі суреттелген. Бұл мұқабаның шығарманың мазмұнына сәйкестігін көрсетеді. Сонымен бірге, мұқабаның суретінің ғана жақсы болуынан бөлек, қабының қаттылығы, сапасы, безендірілуі де оқырман санасына әсер етеді. Мәселен. «РаритетР» баспасының сыртының терімен қапталуы, жазуларының алтын түстес сиямен жазылуы да оқырманға әсер етіп, кітаптың сатылымы мен таралымы және оқырман қызығушылығын арттырған. Кітаптың сыртының әдемілігіне де қатты мән беріп, іші солғын тартқан шығарма да болмайды. Ішіне сырты, сыртына іші сай шығармалар ғана оқырманға әсер етеді.

Екінші деталь – тақырыптың аударылуы. Панама жазушысы Х.Беленьонының «Luna verde» атты шығармасы орыс тіліне «Зеленая луна» деп аударылған. Бұл екі тақырып бір-біріне байланыспайды, тек қана «Луна» дегенде ғана ұқсастық кездеседі. Аударма кезінде түпнұсқаға сәйкестілігіне қатты мән берген жөн. Себебі, оқырман автордан бөлек, шығарманы сүйіп оқиды. А.Камюдың «Маленький принц» ертегісіне қызыққан оқырман қазақша оны «Кішкентай ханзада» деп іздейтіні анық. Өйткені, басқаша болу мүмкін емес. Абай айтпақшы  «Жүрегі – айна, көңілі - ояу»  кез-келген адам қолына түскен кітапты ойланып, сараптап барып оқитыны анық. 

Үшінші деталь –мәтіндегі сөздердің орналасуы. Мәтінде сөздер солдаң оңға қарай орналасуы заңды. Сол себепті де сол жақтағы сөз оң жақтағы сөзден бірінші оқылады. Баяндауыш бастауыштың сол жағында жазылып немесе бастауыш пен баяндауыштың ортасына басқа сөйлем мүшелері кіріп кетсе, оқырманның назары бұзылады. Яғни, сөйлемді түсінбей қалу ықтималдығы жоғары. Бұндай олқылықтың алдын алудың бір жолы – синтаксистік параметрлерді сақтау. Бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлемдер бағанға бөлініп жазылады. Ол жерде солдан оңға және төменнен үстіге қарай оқу қолайлы болып көрінгенімен, күтілгендей нәтиже бере қоймайды. Сөйлемдердің арасында суреттердің берілуі сынды фатикалық тәсілдер де оқырманға әсер етеді. Бұл, көбінесе, балалар әдебиетінде көп қолданады. Фатикалық тәсіл шығарманы толық түсіну үшін қолданылады. Суреттердің қолданудағы кемшілік те жоқ емес. Мәтіннің ішкі мазмұны суретпен салыстырғанда шет қалып, мәтін көлеңкеде қалып қояды. 

Төртінші деталь – түсіндірмелер мен кітап соңындағы комментарийлер. Драмалық шығармаларда оқырманның жаулап алатын нәрсе – сахнаның безендірілуі. Сахнаның әдемі безендірілуі қойылымның көрермен жүрегіне жол тартудың ең өтімді тәсілі болып келеді. Түсініктеме мен комментарий де оқырман жүрегіне жол тартудың бір жолы. Түсініктеме мен комментарийлерді көркемдік құралдарымен шатастырып алмауымыз қажет. Бұл тек қана оқырманның түсініп оқуына арналған. Түсініктеме мен комментарийлер көбінесе ғылыми, бір кәсіп саласына арналған шығармаларда көптеп кездеседі. 

Бесінші деталь – оқырманмен тікелей хабарласу. Еуропа мен орыс әдебиетінде жазушылар және ақындар өз оқырманымен тікелей хабарласып отырған. Оны «сүйікті оқырманым», «оқырман» сынды т.б. сөздермен жеткізіп отырған. Қазақ әдебиетінде де ол үрдіс бар. Оқырманмен тікелей хабарласуды Абай мен Махамбет шығармашылығынан көре аламыз. Абай «тыңдаушым», «қалың елім, қазағым», «қайран жұртым» сөздерін пайдалану арқылы оқырманын өзіне тарта білген. Абайдың «Ішім өлген, сыртым сау» өлеңіндегі «батыр-ау», «жайдары-ау», «жарқын-ау» сөздері оқырманға айтылған арнау, толғау, мұң , өкпе, наз екенін байқаймыз. Оқырманмен тілдесу қазіргі әдебиет өкілдерінің де шығармашылығында жиі кездеседі. Мәселен, Қалқаман Сарин «Оқырман қыз» атты өлеңі. Оқырманмен тілдесе білген ақынның өлең жолдары мынандай:

Оқырман қыз,

Өмірде алыс,

Өлеңде жақын жанбыз. 

Түнге сіңіп, тағы да

Ай жүзінен

Мұң көшіріп ақының отыр жалғыз. 

Сен ше, қарғам?

Мұңаймашы, 

Түспесін еңселі арман. 

Ықыласын бір саған аударар ем,

Ыңғайыма осы бір көнсе жалған. 

Амал нешік?..

Сансыз арман сарылып, санамда өшіп 

Дәруіштей дәрменсіз күй кешемін,

Көңілімнің көгінде ғалам көшіп. 

Аңғалым-ай!

Жағымды бір болар ма ең жанға бұлай.

Қалам ұстап қолыма сәл мұңайсам,

Саған ұқсап кетеді жап-жарық Ай!

Мөп-мөлдір шық,

Жанарыңнан жас болып кеткенде ыршып,

Жұбанышың болар жыр жазсам, шіркін,

Жүрегіңнен жарғандай көктем бүршік.

Оқырман қыз...

Өмірде алыс,

Өлеңде жақын жанбыз.

Түнге сіңіп тағы да 

Ай жүзінен,

Мұң көшіріп ақының отыр жалғыз [37]. 

Кітаптың автордан оқырманға жеткізудің бірнеше деталдарына мән бердік. Осы деталдардан бөлек оқырманға әсер ететін нәрсе – кино. Кітаптың желісі бойынша түсірілген кинолар кітаптың да сұранысын арттырады. Мәселен, Шыңғысхан туралы кино түсірілген соң, Шыңғысхан жайлы жазылған көп томдық кітап сұранысқа ие болған. Өйткені, оқырман кітап пен киноны салыстырып, айырмашылықтарын айырып, жіліктеп тастауы керек. 

Автор мен оқырман арасында көпірлердің бірі- кейіпкер. Оқырманның талғамы өте күрделі. Бір оқырман авторды, екіншісі кейіпкерді, ал үшіншісі сюжетті жақсы көруі мүмкін. Көбіне оқырманды кейіпкері баурайды. Басты кейіпкермен бірге қуанып, бірге жылап оқитын оқырманға бәрінен кейіпкер маңызды. Кейіпкерді оқырманына сүйікті етіп алған автор келесі шығармаларында өте абай болғаны жөн. Келесі шығармада өз кейіпкерін көре алмаса, сюжетте өзгешелік орын алса, оқырман көңілі қалады. Яғни, автор ол үшін ерекше болудан қалып, басқа авторлардың қатарына ілігеді. Бірақ та автор прогресс жасаудан да таймау керек. Автор өз оқырманын сақтауға және шығармада төңкеріс жасауға мүдделі болу керек. Ал сапасы оқырман автор жеңісі мен жеңілісін бағалай білу керек. 









































Қорытынды



Қазақ әдебиеті - көптеген мықты жазушы мен ақындарды жинай білген орта. Қайсысын алып қарамасаң да өз биігінде, өз дәрежесінде жүр. Солардың бірі – Төлен Әбдікұлы. Қазақ әдебиетіне қосылғанына жарты ғасырдай болса да өз қолтаңбасын оқырман жүрегіне қалдыра білді. Өзінің философиялық ойлары, психологиялық жағдайлары, көкейтесті мәселелері мен жазу стиліндегі ерекшелік оқырман санын көбейтті. 

Қазіргі таңда авторды басқа, жаңа постмодернистік көзқарастан тану үрдісі белең алуда.Енді бұл бағыт бойынша, автор – жеке бір әлем немесе таным ретінде қаралмай:  автор-кейіпкер-оқырман  концепциямен жүзеге асатын болды.

Яғни, классикалық әдебиеттану танымынан шығып, автор, кейіпкер, оқырман арасындағы қарым-қатынасты интерсубъектік тұрғыдан қарау, оны постклассикалық ғылым мен философияның аясына біріктіре зерттеу. Структуралистік бағыттың мақсаты – шынайы, биографиялық автордан автор – жасаушыны, автор образы мен абстрактілі автордан бөле қарастыру. Нәтижесінде, автор оқырманмен бір деңгейге түсіп, шығарманың бастапқы инстанциясы ретінде көрінбейтін болды.Керісінше автор тұлғасын жаңа қырларынан тану көбейді. Қалай дегенде де автор ұғымының көптеген арнайы зерттеулерге нысана болатын тақырып екені айқын. 

Автор шығарманы жазып жатқанда өзі төреші, өзі автор болса, шығармадан баспадан шығып оқырман қолына жеткенде тек қана бақылаушының рөлін атқарады. Яғни шығарма шыққанға дейін автор, шыққаннан соң оқырман төраға атанады. Автор өз туындысына барынша әдемі сөздер, қызықты сюжет және сүйікті кейіпкерлерді оянатуға тырысады. Заманның қасіреті, адамдардың тақсыреті суреттелетін туынды өз оқырманын табады. Бірақ ол оқырман ол шығармамен және автормен қаншалықты етене араласып кететіні шығарманың сапасына байланысты. Негізінен, авторға да, мәтінге де, оқырманға да қойылатын талаптар бар. 

Аллаһ мына әлемді жаратқалы бері адам көптеген заттар жаратып келеді. Бір адам кітаптың, бір адам компьютердің жаратушысы ретінде танылды. Автор да солар сынды шығарманы жаратушы тұлға. Автор шығарманы тудырар кезде ұзақ ойлануы қажет. Шығарма ой, қиял және ақыл сынды құндылықтар және жазу шеберлігін қамтуы керек. Автор ой тудырып, ақыл арқылы қорытып, қиял арқылы дамытып, содан кейін жазу шеберлігіне жүгінсе, оның туындысы өз деңгейінде бағасын алады. Автор атану - шығарманы жазу сынды қиын жұмыстың бірі. Өйткені, автор кітап жазу арқылы көптеген адамдарды тәрбиелеуі мүмкін немесе адамды адамдық қасиеттен айыруы мүмкін. Автор идеясының оқырман санасына әсер ету ықтималдығы жоғары екені анық.  

Автор ұғымы пайда болған соң ол түрлерге де жіктелді. А.Байтұрсынов сарындаушы, толғаушы, әуезелеуші, ақын, жазушы деп бөлсе, орыс ғалымы В.Е.Хализев ғұмырнамалық автор, көркем болмыстағы автор және көркем шығармадағы автор деп жіктеген. Авторды былай жіктеу жазу стилі мен форматына байланысты орын алса керек. 

Мәтін – автордың туындысы. Автордың барлық ерекшеліктері мәтінде көрінетіндіктен, мәтінді зерттеу автордың шеберлігін айқындайды. Мәтіннің бір ерекшелігі – баяндау тәсілі. Баяндаудың 3 түрі бар. Олар: бірінші жақтан, үшінші жақтан әңгімелеу және арнайы әңгімелеуші. Бірінші жақтан баяндау шығарманы оқырманға оңай жетуіне көмектеседі.Оқырман бір жақтан баяндалған әңгімені оқыған кезде автормен кейіпкер ретінде тікелей тілдесіп отырғандай сезінеді. Т.Әбдікұлының бірінші жақтан баяндайтын шығармалары бар. Мәселен, «Оң қол», «Жат перзент» әңгімелері, «Әке» романы мен «Парасат майданы» повесі. 

Үшінші жақтан баяндау тәсілінде автор шығармадан тыс жатады. Авторды шығармадан тыс жатса, арасында түсінік беріп кетіп отырады. Үшінші жақтан баяндау  оқырманның шығарманы өзінің қорытуына әкеледі. Шығармаға деген әсері ешкімнің ықпалынсыз жүзеге асады. «Бір күндік ашу», «Бассүйек», «Қонақтар» әңгімелері мен «Ақиқат» повесі үшінші жақтан жазылған шығармалардың қатарына жатады.

Арнайы әңгімелеуші кезінде шығармада екі автор кездеседі. Бірі – әңгімелеуші автор, ал екіншісі – автор-кейіпкер. Автордың кейбір айта алмайтын тұстары кейіпкер арқылы жеткізіліп отырады. Яғни, бірінші автор ұсынушы, екінші автор түсіндіру болып көрініс тауып, шығарманы ерекшелендіре түседі. «Тозақ оттары жымыңдайды» повесі арнайы әңгімелеушінің қатысымымен жазылған. Ф.Кафка атындағы сыйлықтың иесі аталған шығарма өз бағасын алды. 

Т.Әбдікұлы проза баяндаудан бөлек тілдік ізденістер, стиль, фольклор түрлері, қанатты сөздер сынды ерекшеліктерге ие. Автор шығармасында барлық шығарманың құндылықтары қатысқан. Ерекшеліктердің санын тізе берсек те автор шығармасында шұбыртпалылыққа салынбаған. Яғни, қысқа әрі мағыналы жазылған. Жазушы оқырман санасын және қабылдау ерекшеліктерін ескерген. Қазіргі заман оқырмандары қысқалықты, бірақ сол қысқалық көптеген тағылымды қамтуы керек. Сол себепті де автор роман сынды көлемді жанрлардан гөрі қысқа әңгімелерді жазады. Сонымен бірге, драма жазады. Шығарманы көзбен көру басқа әсер беретіндіктен, автордың драмалары да баршылық. 

Авторды бағалаушы, мәтінге өмір беруші – оқырман. Оқырман туындының өмірін өзгерту қабілетіне ие. Автор сияқты оқырманның түрлері бар. Г.Яусс оқырманды қатардағы оқырман және кәсіби оқырман, ал В.Е.Хализев көпшілік және шынайы  деп бөлген. Оқырманның түрге жіктелуі оның шығармаға қояр талабынан, шығармаға деген көзқарасынан немесе білімі мен ортасына байланысты болса керек. Г.Яусс оқырманды арнайы біліміне қарай жіктеген. Сол себепті де кәсіби, қатардағы деген атау берсе керек. Оқырман шығармаға бастан аяқ назар аударады. Кей кезде автор байқамай, мән бермей кеткен жерлеріне маңызды көңіл аударады. Кітаптың сыртқы мұқабасы, тақырып, сол тақырыптың жазылуы және т.б. деталдар оқырманға тікелей әсер етеді. 

Оқырманды көбінесе шығармамен байланыстыратын нәрсе – кейіпкер. Оқырманның әр шығармада өзінің сүйікті кейіпкері болатыны хақ. Кейіпкерімен бірге тіріліп, қуанып, қайғырып, яғни кейіпкермен бірге өмір сүріп кететін оқырманы бар шығарма мықты шығарманың қатарына ілігеді. Кез келген шығарма ондай артықшылыққа ие емес. Ондай оқырманы бар авторларға Абай, Махамбет сынды азулы ақындар, Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза сынды қарымды қаламгерлерді жатқызамыз. 

Қорыта келгенде, автор-мәтін-оқырман үштігі - әдебиеттану ғылымында тереңінен зерттеліп келе жатқан концепция. Үштіктің бірге қарастырылуы көптеген мәселелердің зерттелуіне септігін тигізді. Т.Әбдікұлының үштік концепция негізінде зерттеу оның мәтінге, оқырманға, ал мәтіннің авторға, оқырманға қатысы, оқырманның мәтін мен авторға қатысы анықталды. 































Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:



  1. Абай өлеңдер жинағы. Алматы:Казгослитиздата, 1961. – 681б.
  2. Әбдібек Ж. Көркем мәтін - қаламгер мен оқырман арасындағы    шығармашылық байланыс.Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ хабаршысы. №3(88) 2012. 
  3. Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. Алматы: Атамұра, 2013. – 208 б.
  4. Савельва В.В. Психоантропология и современная художественная литература. Художественная литература и проблемы антропологии. Караганда, 2002. -  С. 50
  5. http://www.ru.wikipedia.org
  6. Аймауытов Ж. Шығармалары. -  Алматы: Жазушы, 1989. – 558 б.
  7. Литературный энциклопедический словарь. – Москва, 1987. – С. 500 
  8. Оразбек М.  Көркем прозадағы шығармашылық тұлға мен авторлық позицияның арақатынасы. Ф.ғ.к. дисс.  – Алматы, 2007. – 86 б.
  9. Байтұрсынов А. Ақ жол. – Алматы: Жалын, 1991. – 464 б.
  10. Аверинцев С.С., Андреев М.Л., Гаспаров М.Л., Гринцер П.А., Михайлов А.ВКатегории поэтики в смене литературных эпох. – Москва, 2000. – С. 55 
  11. Виноградов В.В. Теории художественной речи. – Москва: Высшая школа, 1971. – С. 240
  12. Бахтин М.М. Эстетика словесного творчества. – Москва: Искусство, 1986. –  С. 441
  13. Корман Б.О. Проблема автора в художественном творчестве Ф.М.Достоевского и типология русского реалистического романа. – Кемерова, 1981. – С. 174 
  14. Дәдебаев Ж. Қазіргі қазақ әдебиеті. Алматы: Қазақуниверситеті, 2002. – 311 б.
  15. Сыздықов К. Ұстаздық ұлағат. Алматы: Шартарап, 2001. – 360 б.
  16. Әбдікұлы Т. Оң қол. – Алматы: Атамұра, 2002. – 352 б.
  17. Нұрпейісов Ә. Қаламгер дидары. Алматы: Жалын, 2003. №1
  18. Әбдікұлы Т. Парасат майданы. Abai.kz саиты 
  19. Танабекова Т. Т.Әбдіковтің прозалық шығармашылығының жанрлық,тақырыптық және көркемдік ерекшелігі. Ф.ғ.к. дисс.- Алматы, 2010. – 90 б.
  20. Әуезов М. 12 томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы, 1958. 12 т.  – 498 б.
  21. Жұмалиев Қ. Стиль – өнер ерекшелігі.  – Алматы: Жазушы,1966.  - 228 б.
  22. Асылбекұлы С. Қазіргі қазақ повестеріндегі заман шындығы. Автореферат. Алматы, 1997. - 46 б.
  23. Шалабаев Б. Көркем проза тілі.  – Алматы: Білім,1994.  – 128 б.
  24. Есембеков Т. У. Көркем мәтінді талдау негіздері.  – Алматы: Қазақ университеті, 2009. - 96 б.
  25. Пірәлиева Г. Ізденіс өрнектері, - Алматы, 2001. – 220 б.
  26. Әбдікұлы Т. Рухани кемелдену – адамның өзіне-өзі үңілуінен, өзімен-өзі күресуінен. «Қазақ әдебиеті» газеті, 18 ақпан 2005.
  27.  Қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігі. – Алматы: Дайк-пресс, 2009. – 160 б.
  28.  Жұмабаев М. Өлеңдер мен поэмалар. – Алматы: Ан-Арыс, 2009. -320 б.
  29. http://ushkin.kazjur.kz/
  30. Хализев В.Е. Теория литературы. – Москва:Высшая школа, 1999. – С.289 
  31. Мейлах Б.С. Процесс творчества и художественное восприятие. Москва: Исскуство, 1985. - 318
  32. Мауленов А.А. Т.Әбдіковтің «Парасат майданы» повесіндегі модернистік бағыттағы көркемдік ерекшеліктер. Қазақстанның ғылыми әлемі, 2010. №5(33).
  33. Кенжегараев Н. Қазақ әдебиетіндегі автор мен тыңдаушы (ХҮ-ХҮІІІ ғасыр). Ф.ғ.к. жазылған диссертация. - Түркістан,2007. – 30 б.
  34. Ғабитов Т., Мүтәліпов Ж., Құлсариев А. Мәдениеттану. – Алматы: Рарирет,2004. – 416
  35.  Толстой Л.И. Полное собрании сочинений. – Москва: Государственное издание художественной литературы, 1951. – 608 б. Т.30
  36. http://ramazanuli.blogcn.com/
  37. http://kalkamansarin.kz/






Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры