Байланыс телефондары:
+7(7172) 20–44–5
+7(701) 533-12-2
» » Қостанайда Төлен Әбдіктің шығармашылық кеші өтті

Қостанайда Төлен Әбдіктің шығармашылық кеші өтті

24 ноябрь 2017, Пятница
932
0
                                                                                                                                                               ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайдағы қазақ театрында белгілі жазушы Төлен Әбдіктің 75 жылдығына арналған әдеби-шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесу кешіне танымал ақын-жазушылар, билік өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты. Шараны облыстық «Qostanai'» телеарнасының директоры Еркін Мұхамеджанов жүргізіп отырды. Алдымен, облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев өңір басшысының құттықтау хатын оқып берді.
«Қаламыңыздан туған көркем шығармалар қазақ прозасын жаңа деңгейге көтерді. Сіздің әңгімелеріңіздің негізінде бірнеше фильм түсірілді, театр сахналарында спектакльдер қойылды. Көрермендердің ыстық ықыласына ие болу жазушының шын бақыты болса керек. Сіз адамгершілік қасиеттерді бәрінен биік қоясыз. Ізгілік пен зұлымдық, жақсылық пен жамандықтың аражігін ажыратып, оқырманға ой саласыз. Мерейтойыңызды туған жер төсінде қарсы алдыңыз. Бұл біз үшін ерекше мәртебе саналады», - делінген Архимед Мұхамбетовтің құттықтау хатында.
Белгілі жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұхамедқали сахнаға көтеріліп, Төлен Әбдікұлының қазақ әдебиетіне қосқан үлесі туралы айтты.
«Әдебиеттің негізгі міндеті адам жанын ізгілендіру болса, мұны Төлен мүмкіндігінше орындады. Әрине, кейбір қаламгерлер жақсы адам болуы мүмкін, бірақ шығармасы нашар болса қалай оны мақтауға болады? Мен әдебиетте нашар шығармаларды өтірік мақтай салатын біраз жігіттерді білемін. Ал шын мықтыны мойындау керек. Біздің Төлен сондай тұлғалардың қатарында. Себебі, оның шығармалары адамзатқа ортақ. Осындай кісімен дос болғанымды мақтан етемін», - деп ағынан жарылды ол.


null 
Қостанай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин жазушының домбырашылар оркестрінде күйші болғанын айтты.
«Мен Төлен Әбдікұлын бірнеше жылдам бері танимын. Ол 20 жылға жуық уақыт мемлекеттік қызметті атқарды. Тәуелсіздікке қол жеткізген соң Елбасы бірінші сапарын Түркияға жасады. Үлкен делегация құрамында мен де болдым. Ал зиялы қауым өкілдерінің арасынан Төлен Әбдіков еріп барды. Сол кезде Төкең шертпе күйді ортамызға төгіп, бәрімізді тағы бір мәрте таңқалдырды, - деп еске алды Кенжебек Үкіұлы.
Мұнан соң жазушының «Оралу», «Жат перзент», «Қонақтар» атты бірнеше шығармасында кездесетін Ақан серінің «Алтыбасары» орындалды. Төлен Әбдікұлы өзінің ән-күйге деген ынтасының жоғары екеніне тоқталды. Сондай-ақ, сөз арасында «Парасат майданы» повесінің ұзақ уақыт жазылғанын айтты.


null 
«Бұл шығарманы 2002 жылы жаза бастадым. Оған дейін ұзақ уақыт санамда жүрді. Бас-аяғы 3 айдың ішінде жазып бітірдім. Негізінде, көркем әдебиетте айтар пәлсапаң қанша терең болғанмен, көркемдік сипатқа түспесе, ол әдебиет емес. Әдебиетте философия жанайқайы мен азабы түрінде берілуі керек. Сонда ғана оқырманды сілкіндіре алады. Қазір ақыл-ой, көзқарас текетіресі, парасат майданы жүріп жатыр. Бұл адам баласына үлкен жауапкершілік жүктейді. Жер бетіндегі зұлымдықты жеңу үшін, адам өзімен өзі күресуі тиіс. Сондай-ақ, ізгілік те, зұлымдық та өзіңнің ішіңде. Адамның өзін өзі жеңуі ең ұлы жеңіс болмақ. Сонда ғана жер бетінде шынайы адами тіршілік орнауы мүмкін. Міне, «Парасат майданының» айтар ойы осы болды, - дейді Төлен Әбдік.


null 
Жазушы қазіргі қазақ әдебиетінің дамуына кедергі келтіріп жатқан себептерге тоқталды. «Мемтапсырыс деген шықты. Үш мың дана кітап шықса, оның екі мың данасы кітапханаларға тарайды, қалғаны талан-таражға түседі. Автор күн көретін ақшасын үкіметтен алады. Бітті. Мәселенің бәр осыдан басталады. Әдебиеттегі алаяқтыққа келіп тірелеміз осы жерде. Кімде ақша бар - сонда кітап, атақ. Қаншама талант көлеңкеде қалып қойып жатыр. Біздің ұрпақты жоғарыда айтқан кеңестік принциптен құтқару мүмкін болмас. Жас ұрпаққа алаңдаймын. Кейбір жастарды білемін, билікті мақтап, кісі жағалап, кітап шығаруға асық. Әдебиеттегі ең жаманы - арзан ұпай алуға тырысу», - деді ол.
 

null 
Басқосу қорытындысында Жанкелдин ауданының әкімі Шота Оспанов жерлес жазушыға ат мінгізіп, шапан жапты. Сондай-ақ, Төлен Әбдікұлына «Жанкелдин ауданының құрметті азаматы» белгісін тапсырды.
 
 
                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                         Автор:                                                                                                                  Қасқырбай Қойшыманов 
Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры