Байланыс телефондары:
+7(7172) 20–44–5
+7(701) 533-12-2
» » Әңгіме: Өліара | ЕКІНШІ БӨЛІМ

Әңгіме: Өліара | ЕКІНШІ БӨЛІМ

26 июнь 2019, Среда
982
0

II

Бәйтеннің аудан орталығынан шыққанына үшінші күн. Ал үлкен шаһардан осыдан екі апта бұрын аттанып еді. Содан бері көргені – жол қиындығы. Ел аралап кеткен оқу бөлімінің бастығын күтіп, ауданда төрт күн жатты. Ақыры ол адам келмеген соң, мұны аудандық атқару комитетінің председателі Ыбыш Қалтаңбаевтың өзі қабылдады. Алғашқы қадамындай болған осы бір оқиғаны есіне алса, Бәйтеннің ұялғаннан құлағына дейін қызарып кетеді.

Қалтаңбаевыңыз шашы тікірейген, қоңқақ мұрын, еңгезердей айбатты кісі екен.

— Мен кісі жемеймін, кәне, бері жақын отыр, — деп гүр ете қалды бұған.

Тумысында ұялшақ Бәйтен абдырап, қабырғаға қойылған орындықтардың біріне отыра берем дегенде, құдыққа құлағандай гүрс етіп жерге құйрығымен түсті. Қолындағы қоржынының қайда ұшып кеткенін білмей қалды. Қас қылғандай, алшақ тұрған екі орындықтың арасына тап болыпты. Бәйтеннің берекесі кеткен мына түріне жаны ашығандай, председатель даусын сәл жұмсартып:

— Көзіңе қарамайсың ба?! — деп күңк етті.

Аяқ астынан айрандай төгілген абыройының қайтып қалпына келмейтініне көзі жеткен Бәйтен қызара терлеп және өзінің терлеп отырғанын сезген сайын, одан жаман борша–борша болып, әйтеуір, қоржынын тауып алып, жақындап келіп, орындыққа отырған. Председатель «мынадан түк шықпас» дегендей көзінің астымен сүзіле қарап, үнсіз отырды да:

— Шаруаңды айт, — деді.

Бәйтен документін ұсынды. Қалтаңбаев қағазды оқып шығып, сенбегендей бұған тағы қарады да:

— Қайда барғың келеді, — деді.

— Төртінші ауылға, — деді Бәйтен. Осыны айтып «тағы да – қызарып кетпесем болар еді» деп қауіптенді ішінен.

— Мұның дұрыс, — деді Қалтаңбаев кенет жылы шыраймен. Даусы тым жұмсақ шықты. — Кадр жетпей жатқан жердің бірі сол ауыл. Қазір күн тәртібіндегі негізгі мәселе — байларды тап ретінде жою және мал мен шаруашылықты қоғамдастыру жұмысын өрістету. Бұл жайында арнаулы қаулы бар. Одан кейінгі ұран – сауатсыздықты жою. Сондықтан барған бетте саяси өмірге араласасың. Комсомолдардың белсенділігін арттыру керек. Қызыл отау жұмысын қолға алу керек. Жалпы істейтін жұмыс жеткілікті. — Председатель ащы бірдеңе жеп отырғандай тыжырынып, терезеге қарады да: — Бір дәрігердің – ақ реті келмеді сол жаққа жіберетін, — деп мұңын шаққан адамдай боп, жүзін Бәйтенге бұрды. — Өзі бір жердің түбі, қыста мүлде қатынастан айрыламыз. — Соны айтты да, «баланы шошытып алған жоқпын ба» дегендей: — Бірақ жастар сондай ең қиын жерлерге бару керек, — деп серпіле сөйледі. — Қазір тепсе темір үзетін кездерің. Көздерің ашық. Енді не керек? Жеткізіңдер ұғындырыңдар халыққа үкіметтің саясатын. Келістік пе?

— Келістік, — деген Бәйтен.

Сол күні пошташының түйесіне мінгесіп, бір табан жақын ғой деген оймен, ойдағы Жарбөгетке жетіп қалды. Жарбөгет әжептәуір өскен екен — орталығында үй көп. Көбі шымнан салынған. Кеңсе алды сеңдей соғылысқан халық. «Бұл не?» — деп сұрағанда: «Атақты Оспан молданы білуші ме ең, соны сақалын күзеп, складқа қамап қойды. Ертең ауданға әкетеді», — деп түсіндірді тұрғандардың бірі.

Бәрі сығалап, складтың төңірегінен шықпайды; сырттай мынау істен шошыған болса да, Оспанды сақалсыз күйінде бір көруге ешқайсысы кет әрі емес секілді.

Бәйтен қырдан келген ешкім жоқ па деп сұрастырып жүріп, келесі күні таңертең дүкеннің алдынан Есенді кездестірді. Өзі жамағайын туыс боп келеді. Осында тұратын інісі науқас болып, халін сұрай келіпті. Ол да: «Күн ыстық, Дауқараға жетіп жығылуым керек еді», – деп асығыстық білдірген соң кездескен бетте кідірместен, екеуі өгіз арбамен жолға шыққан. Бір мүйізі сынған қызыл шолақ өгіз қабырғалары сидиған арық болса да, жүрісі ширақ екен, көз байлана теңіздің аңғарындай тұмсығын бір–ақ тіреді.

Қожай дене бітісі олпы–солпы, жалпақ бет, мұрны осылай болар деген жобамен жасалған секілді, қолағаштай, тұлғасы ірі кісі екен. Отырғанда шөккен түйедей басқалардың төбесінен қарайды, ал түрегелгенде содан көп биіктеп жарытпайды. Бәйтен шамалас жалғыз ер баласы өзіне тартпаған – ұзын сида, аурулау болу керек, қой терісінен жасалған күртешесі үстінен түспейді.

Әйелі кезінде ете ажарлы болғанға ұқсайды, қыр мұрынды, жанары кең, өңі ақ құба, қазір ет алып толысқан, самайына ақ кірген салиқалы бәйбішеге:

Содан Қожекең шынтақтаған күйі шай ішіп отырып, рахаттанып, келген жолаушыдан елдің әңгімесін тыңдайды екен. Анда–санда әлдекімді есіне түсіре алмай, «ол қайсы еді» деп, руын, ата тегін қазбалап, ақыры біреу шымшып алғандай «ойбай» деп, шыр ете қалып, «иә, сол ма, тәйірі» деп есіне түсіріп, «ал айта бер» деген кейіппен ілгері жылжып қойып, әңгіме күтеді. Ғажайып ертегі тыңдағаннан бетер кісінің аузына кіріп кететіндей ентелеп, арасында әлдекімді қоштай, әлдекімге өкпелеп, енді біреуге шат – шәлекейі шығып кейіп, қырық құбылған күйеуіне әйелі: «Бәтір – ау, текке отырып күйіп–пісетінің не», — деп басу айтқан болады. Ойдағы ел мен құмдағы елдің жаңалығын түні бойы айтсаң, қой дейтін түрлері жоқ. Жалғыз үй боп сарғайып, адам түрін көрсе, қуанатын халге жеткен жандар секілді. Бәйтен таңертең жолға шығарда:

— Елге неге көшіп бармайсыз? Мына айдалада не бітіресіз? — деген.

— Е – е, — деп Қожай жабырқағандай қалып білдірді. — Біріншіден, атамекен… Әке–шешемнің моласы жатыр. Екіншіден, бұл арада бір үй болмаса, екі елдің арасына қалай қатынайсыңдар? Өзіміз осыған үйреніп алдық. Өткен–кеткен үйге түссе, соған мәз боп қаламыз…

Бәйтендер қыр асқанша, Қожай қорасын күйттеп, шым ойған болып, сыртта жүрді.

Содан бері, мінеки, талай қырқа, талай ойпат артта қалды. Ұшы–қиыры жоқ cap дала, тынымсыз шиқылдаған ескі арба қажытуға айналды. Есен жалғыз өгізінің ішін боқтаумен кептірді.

Бәйтен жол қысқарту үшін, әңгімеге тартып көріп еді, көлігін ия мұны боқтап отырғаны белгісіз, «ой енеңді…» деп қойып, ойдағы елден бір тақта шай таба алмай бара жатқанын, мата деген бәленің емге жоғын, бала–шағаның жалаңаш отырғанын тағы сол сияқты толып жатқан семья тауқыметін уайым қылып, кешегі айтқан әңгімелерін қайта бастады.

— Кооператив бар емес пе? — деді Бәйтен Есеннің ылғи күлімсіреп тұрғандай көрінетін әжімді жүзіне қарап.

Есен «соны қойшы» дегендей қолын бір сілтеді.

— Кәператиптен не пайда? Алыстағы елге ештеңе жетіп жарымайды. Азды–көпті бірдеңе түссе, қолы жеткендер пышақ үстінен бөліп алады… Жағыпар деген бір пірқаншық шықты. Бұл енді адам баласы емес, арбалы қырсық қой. Баяғыда талай бірге шөп шапқанбыз. Өзін күнде сабаушы едім. — Есен қалай сабағаны көз алдына елестеп кеткендей, кеңкілдеп күліп алды. — Енді қазір қарындашын құлағына қыстырып алып, тірі жанды менсінсе не қыл дейсің?!

Бәйтен мырс етіп күліп жіберді.

— Өзін сабаған адамға кім жібиді.

— Ой, әдірем қал! — деді Есен кенет тәкаппарланып. — Соған жағынбай–ақ күнімді көремін. Қу сақау. Баяғыда біз атқа мініп жүргенде күнін көре алмай жүруші еді.

Бәйтен өмір бойы жалшылықтан қолы босамаған Есеннің қай кезде атқа мініп жүргеніне түсінбей таң қалды.

— Рас айтасыз ба?

Есен қалтасынан шақшасын алып насыбай атты.

— Шырағым–ау, кәмпескені өзіміз атқардық қой, — деді сақаулана ерніндегі насыбайын тілімен жөндеп. — Комиссияның мүшесі болдық… Әлі есімде мына Батпақты жақтағы қаз Таңат деген байды кәмпескелегеніміз. Онда бәрі бір–ақ аудан ғой. Таңертең ертемен сау ете қалдық. Комиссияда ГПУ — дің адамдары бір. Келсек, жүгін буып, қашуға дайындалып отыр екен. Сол күні кешіксек, айрылғандай екенбіз…

— Ал қазір? — деді Бәйтен Есеннің әңгімесіне шын қызығып.

— Ой, несін айтасың, Бәйтенжан, неше түрлі болып жатыр ғой елде. — Есен кекесін түрмен мырс етті. – Баяғы Қонақбайдың Жүнісін білуші ме едің?.. О, албасты! Он алтыншы жылы тізім кезінде әкесінің атын сұраса, шешесінің атын айтқан мәжнүн. Сол ауылнай болған соң, бұ құдайдың құдіретіне қайтып қалмассың! — Есен шошынып жағасын ұстады. – Тура баяғының болысы болды да шықты. Жанына әнші, ақын, палуан, мешкей ертіп масқара қылды ғой. Ойбуй, жаман – ай, енді қайтейін!

— Ауылнай болған адам жаман бола ма? — деді Бәйтен Есеннің ызаланғанын қызық көріп.

— Ойбай, ып–рас, — деді Есен оның сөзін өзінше түсініп. Дүние дегенің сонда болды. Соғымның тәуірі, қымыздың дәмдісі соныкі. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Бүкіл қошқар боққа үймелеген шыбындай соның төңірегіне топырлай кеп. Әйтеуір, тезірек орнынан түсіп жақсы болды. Әйтпесе…

— Осы күні қайда?

— Осы күні елде, баяғы таз қалпына түскен.

— Ауылнай кім?

— Қазіргі ауылнай Жақай ғой.

— Көбегеннің Жақайы ма?

— Иә, сол – мырзаболат Жақай. Суықбұлақтағы қауен Жетпісбай деген кісі сайланғалы тұрған жерінен Асқар араласып Жақайды сайлатыпты деген сөз бар. Кедей десең, кедей, жалшы десең, жалшы, аздаған сауаты бар, ол тұрғанда, баяғы қылышынан қан тамған ұры Айбазар тұқымын не деп қоясыңдар десе керек. Сөйтіп, Жақай аяқ астынан ел билеп кетті… Әуелде тәп–тәуір еді. Қазір бұл да бұзылайын деді. Осы әкім болғандардың әдеті ғой деймін…

— Ол не істеді?

— Түк те істеген жоқ. Бар бәле сонда болып тұр ғой.

— Жалғыз Жақай не істей алады? Жұрт қолдамайтын шығар.

— Оның рас. Осы Ақшоқыны ел қылам деп жүрген үкіметте ақыл жоқ, – деді Есен күдерін үзген адамның түрімен қолын сілтеп. – Былтыр артель құрып, егін салып, малды ортаға жиғанбыз. Жұрт қарап жүре ме, бірін–бірі азғырып, іріткі салып, ру–ру болып айтысып, ақыры артельді құлатып тынды. Былтырғы қуаңшылықта не егін шыққан жоқ, не шөп жиналған жоқ. Малдың көбі қыста қырылып қалды. Алдағы қыстың қандай болатынын кім білген? Енді осыны ойлап, ел болудың орнына, жұрттың аңдығаны сөз, айтқаны өсек, немесе біреуді қаралау, арыз жазу…

Есен мойнын созып, алдына қарады:

— Әңгімемен отырып, өзекке кеп қаппыз ғой… Әй, осының сайы – ай! Бір кездегі Жыландының арнасы екен ғой. Өзен бұрылып кеткен дейді. Өзен бұрылды деген не сұмдық! Ал енді түсейік. Арбаның екі жағынан ұстап отырмасақ, ауып қалады – бір, екінші, өгіздің тірсегіне соғады. Мертігіп қап жүрер… Естідің бе… осында қарыз – серік деген ашылған… Мықтап ұста! Іһ… Содан азғантай ақша, сосын осы өгізді алдым. Ақырын… ойбай, ақырын… Ыңыршағы айналып өлетін болды… Сиыр алайын деп едім, сиыр бітіп қапты. Маған келгенде бітіп қалатын әдеті ғой. Он жылда төлейсің дейді. – Есен әлденеге ішегі қата күліп, арбасынан айрылып қала жаздады. – Қожанасырдың айтқанын білуші ме ең? Ханнан он жылда бұзаулатам деп бірнеше өгіз алған ғой. «Мұның не?» – деп жұрт сұраса, «он жылға дейін кім бар, кім жоқ, не хан, не мен, не өгіз өлетін шығар» деген екен. Сол сияқты болып тұр.

Арғы бетке өткен соң, тыныс алып, дәрет сындырып, насыбай атып, арбаға қайта отырған кезде әлдене есіне түскендей Есен:

— Осы сен ауылға кім боп келе жатырсың? – деді.

— Мұғалім боп…

— Бала оқытады екенсің ғой.

— Иә.

Есен көңілі толмағандай:

— Осы біздің Мәмбет тұқымына әкім болуды жазбаған ба? – деді артындағы Бәйтенге денесімен бұрыла, көзінің қиығымен қарап. – Құдай–ай, алдына қойып берген асты дұрыстап іше алмайтын Қойшыбектің жаман ұлы анада әкім болып келіп, төбемізді ойып жібере жаздады емес пе?!. Тіпті өмірі бұтына бүтін шалбар киіп көрмеген Бақайдың сақау баласы мілитса боп келіп, атақты бай Көтеншіні алдына салып жаяу айдағанда: «Бейшара Бақайды да құдай жеткізді – ау», – деді жұрттың бәрі. Соны өзіміз мына көзімізбен көрдік. «Қанына тартпағанның қары сынсын» деп… Бір атадан біреу атқа мінбесе, күн көру қиын бұл күнде.

Бәйтен күліп жіберді.

— Ал сонда бай, кедей деген ұранымыз қайда қалады?

— Ей, шырағым – ай, айтар сөзге бәрі жақсы–ау. Біз қайдан білейік сенің ана жағыңда не болып жатқанын. Жел біресе оңнан, біресе солдан соғады. Жалғыз қараша үйді сақтап қалудан басқаға кімнің шамасы келіп жатыр. Төңірегіңе қарасаң, бәрі жанталасып, тырбаңдап, жанашырын сағалап жүргені. Кім өлгісі келсін?.. Кедей десең, сол кедейіңнің. бірі менмін… Сонда не, бүкіл туған–туыс, ағайыннан безіп кетуім керек пе?.. О, худауанда!

Есен шабандап қалған өгізіне ыза болып, жамбасының астынан шыбыртқысын алды:

— Шу, деймін! Атаңа нәлет! Сонымен мұғалім болам де! Өй, енеңді! Шу!

— Иә, мұғалім боламын, – деді Бәйтен қай сөздің кімге айтылып жатқанын шамамен жобалап. – Бірақ аудан басшыларында болған ем, саяси өмірге аралас деп тапсырма беріп отыр.

— Қайсысында болып ең?

— Исполком председателінде.

— Жолдас Қалтаңбайыпта ма? – деп Есен көзі ашықтығын білдіргісі келгендей оқығандарша сөйледі.

— Иә, Ыбыш Қалтаңбаев жолдаста болдым.

Амандық–саулық, елдегі жаңалық, саяси хабар тегіс таусылып, айтар әңгіме болмай, екі жолаушы тағы да үнсіз қалды.

Бүйірден соққан аңызақ күн еңкейе қатая бастаған секілді. Сусызға өскен тырбақ жусандар, әр жерде бір түп үкі боз, ақселеу құлдық ұрғандай бастары желкілдеп, жапырыла түседі.. Жел қуған жалғыз қаңбақ бір домалап, бір тоқтап, жапан далада жалбақтап безіп барады. Алыстан ақжағалданып сор секілді бірдеңе көрінеді.

Бәйтен әлгі әңгімені есіне қайта алып, Есенге «мұғалімдіктің несі жаман» деп сұрағысы келді де, сөйлеуге зауқы болмай, ойға шомған күйі отыра берді.

* * *

Бәйтеннің қарсы болғанына қарамастан, қалтасына қаражатын салып, қаладағы біреуге хат жазып беріп, бір түннің ішінде зорлағандай қылып оқуға қашырып жіберген.

Ағасының хат жазған адамы, қайдан танып жүргенін бір құдайдың өзі білсін, банктың бастығы болып шықты, екі сөзге келместен Бәйтенді мұғалімдер даярлайтын техникумға өзі жетелеп апарып, документтерін қабылдатқызды. Содан кейін: «Ал енді жатпай–тұрмай пәтер тауып ал,» – деп ақыл берді.

Бәйтен пәтерді қаланың шет жағынан тапты. Ескі диірменнің қасына салынған бұрынғы саудагер татардың үйі екен, кісі бойы қол ұсыным дуалмен қоршалған. Ішінде есігі бөлек жеке үйі бар. Шамасы, жесір кемпір пәтер ақымен бөлек жеке үйі бар. Шамасы, жесір кемпір пәтер ақымен күн көретін секілді. Үйлері де, дуалы да, іште тұрған құрал–саймандар да кемпірдің өзі секілді әбден ескірген, күні өткен, көңілсіз жабырқау.

Келесі күні кемпір үйге тағы бір пәтерші әкеп кіргізді. Үстінде әскери гимнастерка, құрым етігінің сыртынан галош киген, бұйра шашты, сақа жігіт Бәйтенге қолын ұсынып:

— Жаңбырбаев Оймауыт! – деп танысты жақынын жолықтырған адамдай жадырай күліп. – Қарсы болмаңыз, осы үйде бірге тұрамыз. Кісіге зияным жоқ, пәтер шығынын бірдей көтеремін.

Оймауыттың жүрген жүрісінен, сөйлеген сөзінен айрықша бір еркіндік, ересектік сезіледі. Жүзіндегі беймәлім қуаныш уайым – қайғы көрмеген адамның еркелігін танытқандай. Бірақ, шын мәнінде, басқаша болып шықты. Оймауыт жастайынан жетім қалып, орыс арасында өскен. Көрмеген қиындығы жоқ. Қызыл Армияның құрамында азамат соғысына қатынасқан. Ауыр жараланып, әскерден біржола босаған соң, көп уақытын емделумен өткізген. Осында қызметке ауысқанына көп болмапты. Үй алғанша пәтерде тұра тұрмақ. Пәтерде тұрды деген аты болмаса, түнеуі сирек, күндіз–түні жұмыста, ия командировкада.

Анда–санда үйге Оймауыттың жолдастары келеді. Ең көп келетін адам – толықша ақ сары татар қызы Рая. Осы үйге өзінің түбі бір ие болатынына сенімді адамдай келе төсек–орынды жинастырып, ыдыс–аяқты жуып, шай қойып, шаруаға араласып кетеді. Одан кейінгі жиі қонақ – Сейіт. Сейіт жүріс–тұрысы, киім киісі қыр қазағына мүлдем ұқсамайтын, өмірінің көбін Петрборда, Мәскеуде өткізген, түрінен әлдеқандай қасірет ізі сезілетін, дімкәстау, арық, ажарлы жігіт. Бай баласы деген атпен қуғын көріп жүргенге ұқсайды.

Ол келген күні ұшы–қиыры жоқ әңгіме–дүкеннің қызығы басталып, қабырғалары сарғайған шағын бөлменің іші ғажап бір ертегі дүниесіне айналып кеткендей болады. Бәйтен қиссаға еліккен бала құсап, бір–бірімен өлердей дос, әрі бір–бірімен өлердей қас екі жігіттің әңгіме – дауын қалт жібермей тыңдайтын. Екеуінің мінез–құлқы, тәрбиесі, өмірге көзқарасы екі бөлек. Бірақ Бәйтенге екеуінің де сөзі ұнайды. «Осынша біліммен, осынша ақылмен тек осылай әңгімелесіп қана отырудың өзі не деген бақыт», – деп ойлайтын ішінен.

Оймауыт әр сөзін шегелеп, сабырмен анық сөйлейді, мысалды күнделікті өмірден келтіреді, әлдеқалай сөзден сүрініп, айтыстан жеңіліп жатса да, күлімдеген кезінде «бәрібір ақиқат мен жағында» деген айнымас сенім тұрады. Ал Сейіттің дәлелдері қиыннан қиысқан бірдеңелер. Ол ауылдағы бір оқиғаны сипаттау үшін бағзы замандардағы адам естіп көрмеген ел жұрттың тарихына талдау жасап, оны басқа бір замандағы оқиғалармен салыстырып, бүкіл дүниені шарлап кетеді. Бір адамның зердесіне осынша білімнің сыюы шектен тыс жұмбақ құбылыс секілді. Сейіт Бәйтенді осы жұмбақтығымен таң қалдырады.

Сейіт соңғы рет көктемнің ортасында келді. Оймауыт орталықтан екі бөлмелі үй алып, Бәйтен сонымен тұратын. Жолдастары қандай қажаса да, үйлену Оймауыттың ойында жоқ. Екі жігіт киім–кешектерін өздері жуып, тамақтарын өздері істеп, қазақтың салтында жоқ бір кәсіппен күн көреді. Сейіттің келгеніне әсіресе Бәйтен қатты қуанды. Өз бетіңмен жылдар бойы жинай алмайтын біліміңді бір – ақ сағатта басыңа құйып беретін осы бір оқымысты жігітті іштей сағынатын секілді. Бірақ Сейіт бұрынғыдай шешіліп әңгіме айтпады. Көңілсіз. Жүдеген. Сұлу жүзіне жарасып тұратын ұзын бұйра шашы да сирей бастаған секілді. Өзі араққа тез қызып, Оймауытпен жиі–жиі дауласып қалып отырды. Оймауыт жақында командировкадан келген болатын, колхоз шаруашылығындағы көзі көрген сорақылықтарды әңгіме қылды. Жергілікті Совет, колхоз басшылары сауатсыз. Саясаттан хабарлары шамалы. Содан кейін өзінен жоғарылардың көңілін табуды негізгі міндетім деп санайды да, шаш ал десе бас алады. Бір ауданда жоғарыдан келген орысша қаулыны оқитын адам табылмай қайтадан қайтарып жіберуге мәжбүр болған. Құрал–жабдық жеткіліксіз. Енді бір ауылда май өлшейтін кір жоқ екен. Майшы кірдің тасын бір қолымен ұстап екінші қолымен май құйған шелекті ұстап, салмақтап көріп, өзі таразының орнына қызмет атқарған. Сөйтіп жүріп, май жеп, сотталып кетіпті. Оймауыттың сөзін Сейіт өзіне келіп–кетері жоқ әңгімедей ықылассыз тыңдап отырған. Бір тұста:

— Қазақ мұндай сорақы кезеңді басынан өткеріп көрмеген шығар, – деді масаңдау бір үнмен.

— Қай сорақылықты айтып отырсың? – деді Оймауыт оған таңырқай қарап.

— Мыңғырған малдан бір үзім нанға қараған күнге түсу сорақылық емей не? Қазақтың кедейі де мұндай қайыршылықты бастан кешкен жоқ. Әлде сендердің мақсаттарың байлық емес, қайыршылық па?

— Біздің қоғамның мақсаты байлық та, қайыршылық та емес. – Оймауыт бұл таластан өзін ешкімнің де жеңе алмайтынына көз жеткен сенімді пішінмен Сейітке күлімдей қарады. – Негізгі мақсат – биік мораль мен биік парасат. Ал байлық – жаңағы мақсатқа жету жолындағы қажетті материалдық база. – Оймауыт қолын шалқая созып, ілулі тұрған пиджагінің қалтасынан папирос алып тұтатты. – Мәселен, адамның жеке басын алайық, – деді темекі түтінін аузы–мұрнынан бірдей бұрқыратып. – Егер адамгершілігі биік ақылды адам ішер тамақ пен киер киімнен жүдеп жүрсе, үлде мен бүлдеге бөленген ақымақ одан неге артық болуға тиісті. Менің ұғымымда, осы жүрген бастықтарды сауатсыздығына да, кедейлігіне де қарамастан, қазірдің өзінде шетелдегі миллионерлерден биік қоюға болады. Себебі олардың адамгершілік принциптері әлгі дүние қоңыздардан әлдеқайда биік. Қоғамның идеалы – адамның қаны мен көз жасына салынған зәулім мұнаралар мен пирамидалар емес, адамның рухани өміріндегі пирамидалар – адалдық, әділдік, теңдік сияқты мына біздер жасап жатқан әлеуметтік–моральдық ерліктер. Қоғамның дәрежесі моральмен өлшенуге тиісті.

— Осыған екеуміз сенейік, – деді Сейіт «сөзіңе құлдық» дегендей екі қолын көтеріп. – Бірақ сен мынаны білесің бе? Осы идеяны таратушылардың өздері «біздің халық адал, әділ болыпты» дегеннен гөрі, «біздің халық бай, әрі күшті болыпты, басқа елдерді өзіне бағындырыпты» дегенді мақтаныш тұтады. Жаңағы өзің айтқан қанға малынған пирамидалар мен мұнаралар, патшалардың алтындаған жиһаздары мен сарайлары, басқа бір елден тартып алған мүліктер, басқа бір елді жаулап алуға жағдай жасаған Колумб секілді саяхатшы атын жамылған саяси алаяқтар, әскери жендеттер тұтас бір халықтың қала берді бүкіл адамзаттың мақтанышына айналды. Өйткені күшті болу, билік жүргізу бәрінен де қымбат. Мәселен, әділдік, мораль тұрғысынан қарасаң, индеецтер қоғамы өздерін басып алған испандықтардан әлдеқайда биік болатын. Бірақ біз оларды артта қалған, жетілмеген қауым деп қараймыз. Өйткені онда үлкен армия, зәулім үйлер, қисапсыз байлық, машина, тағысын тағылар жоқ. Сол себепті оны басып алуға, қанауға, зорлауға, сөйтіп – оларды «мәдениетті» қылуға болады… Көрдің бе?! Біз өзімізді өзіміз әсем мақсаттармен қанша алдасақ та мәнінде ұмтылатын идеалымыз – күштілік… О, тәңірім, – Сейіт әлденеге есінен тана қалған адамдай көзінің қарашығын төңкере төбеге қарады, – біз тарихтан Македонскийдің дәуірін Грецияның гүлдену шағы деп оқыдық. Гүлдену шағы!.. Неғұрлым мемлекет көп қылмыс жасаса көп жерді тартып алса, көп адамды қырса, соғұрлым гүлдену шағы болмақ. Осыдан кейін қалайша шындық, әділдік, бақыт жайында әңгіме айтуға болады. – Сейіт бар шындықты тауысып, «осыдан кейін де ұялмай бірдеңе айтасың ба» дегендей Оймауыттың жүзіне сұраулы кескінмен таңырқай қарады.

— Нағыз айтатын кез осы ғой! – деді Оймауыт жұлып алғандай. – Біз күштілікке бас иген жаңағы буржуазиялық көзқарастардың тас–талқанын шығардық. Біз енді тарихқа мүлде басқа принциппен қараймыз, түсінемісің?!

Сейіт төмен қарап, басын шайқады.

— Сене алмаймын, – деді желбіреген бұйра шашын бір қолымен жинақтап. – Өйткені сендердің жасағандарыңнан қиратқандарың көп.

— Жасай алмай жатсақ, оған мына мен кінәлі, – Оймауыт өзін саусағымен шұқып көрсетті. – Жасауға бөгет болып жүрген сен кінәлі. Революция әлі біткен жоқ. Он жетінші жылы басталған, содан бері өмірдің әр саласында, қалалар мен ауылдарда, әр көшеде, әр үйде, әр қайсымыздың санамызда күні бүгінге дейін жүріп жатыр. Революция үкіметі басып алып, қалған жерге әкімшілік әмір жүргізетін сарай төңкерісі емес. Ол – бүкіл миллиондардың әрекеті. Ал оның ішінде бәленбай мыңы надан болса, түгенбай мыңы ішке кірген қаскүнем болса, олар жасаған зиянкестікке тұтас қоғамды неге күйдіресің?

— Егер бар қателіктің бәрін надандар мен қаскүнемдерге жаба берсек, онда ешбір қоғам ешбір қылмысқа ешқашанда жауап бермейді.

— Біз қылмыс жасаған жоқпыз. Біз жаңа тарих үшін өз қанымызды төктік. Міне… міне… – Оймауыт гимнастеркасының омырауын ағытып, иығындағы, желкесіндегі тыртық боп біткен оқтың іздерін көрсетті. – Міне!

Содан кейін беліндегі қайыс белбеуді лақтырып тастап, қарнын жалаңаштағанда сол жақ бүйіріндегі алып тасталған екі қабырғаның орны көрінді. Көгеріп жып–жылтыр болып біткен жүрекке жақын тұсы бүлк–бүлк етеді.

Сейіт төмен қарап, ойланып қалды.

— Сен өзіңді сол жаңа тарихтың қожасымын деп ұғасың ба? – деді әлден соң басын көтеріп.

— Дәл солай деп ұғамын. Себебі мен өзімді тарихты жасаушылардың бірімін деп санаймын.

— Қателесесің, – деді Сейіт Оймауытқа ештеңе сезбей тұрған баланы аяғандай көзқараспен қарап. – Сен бар болғаны қолшоқпарсың. Ал қожайындар – басқалар. Тарихты жасайтындар да солар. Және олар өздеріне керек тарихты ғана жасайды. Жер астынан табылып жатқан, кірпішке, қамысқа жазылған тарихтар да шын тарих емес, бір кезде біреулерге керек болған тарих. Мен оған ешқашанда сенбеймін.

Оймауыт досының не айтқысы келіп отырғанын толық түсінбей:

— Сонда саған керегі не өзі? Нені қалайсың? – деді қабағын шытып.

— Түктің де керегі жоқ… Бұл тағдыр! Халықтың тағдыры! Тағдырдан қашып құтыла алмайсың.

— Жоқ, сен олай бұлтақтама. Айтпайды екенсің, айтқаныңда тұр. Талабыңды ашық айт.

— Түк те талап етпеймін Тек маза бер.

— Кімге, саған ба?

— Жоқ, елге, – деп Сейіт шаңқ ете қалды. — Мен үшін ел сенің шындығыңнан да қымбат. Шындық үшін жеке адамдарды құрбан ет, бірақ елді құрбан етуге болмайды. Мен қазір ел үшін өтірік айтуға дайынмын.

— Ал мен үшін өтірік қылмыс кім үшін жасасаң да, қылмыстың аты қылмыс. Елді бақытты қылу үшін оны шындыққа қарсы қоюдың қанша қажеті бар. – Оймауыт өз сұрағына өзі таңырқағандай, қасын керіп, иығын көтерді. – Сен ойлағандай үлкен трагедия жоқ халықтың басында. Ол сенің өз басыңның трагедиясы. Сен адамзат тарихында мүлде – жаңа дәуірдің басталғанын түсінгің келмейді. Өйткені қара басыңның ренішінен аса алмайсың. Әйтпесе менмін деген азаматтың елге жан аямай қызмет қылар тұсы – осы тұс. Өйткені қоғамның қасиетті принциптерін сақтап қалу оны орнатудан бір де бір кем емес.

— Қасиетті принциптерді сақтап қала алмайсың, – деді Сейіт ызалана айқайлап. – Өйткені сен үшін қасиетті принциптер екінші біреу үшін түк те қасиетті емес… Ал…

Осы кезде есік сарт етіп ашылып, ішке Рая кіріп келді. Басындағы қызыл орамалын шешіп жатып, басын әнтек шалқайтып, аппақ тамағын көрсете:

— О – о, – қонақ келген екен ғой, – деді жадырай күліп. — Сәлем, Сейіт!

Сейіт зиялы адамдарға тән дағдымен орнынан тұрып жатық та, әсем қимылдап қыздың қолынан сүйді. Рая «мінеки, нағыз жігіт осындай болады – сендер неге осындай емессіңдер» дегендей қалған екеуіне назданып, кінәлай қарады да, аяғын кербез басып, топ–толық кеудесін дірілдетіп төрге шықты. Қыздың келуі әңгіменің тақырыбын мүлде өзгертіп жіберді. Әзіл–қалжың мен жеңіл күлкіден, қаланың өсек–аяңынан жігіттер қайта көңілденді. Рая дастарқанды менсінбей, «Еркектердің отырған жері осы», – деп шайды қайта жасады. Сейіт қыздың денсаулығына арнайы тост көтерді. Осы кезде күлегеш Рая:

— Енді Сейіт бізге өлең оқысын, – деді балаша мәз болып.

Сейіт келіспей басын шайқады.

— Жо–жоқ, – деп даурықты Рая, – болмайды, Сейіт, оқисың, мені сыйлайтының рас болса, оқисың. Махаббат жайында болсын, жарай ма?

— Оқысаңшы енді бәлденбей, – деді Оймауыт көзі күлімдеп. Сейіт не істерін білмегендей ойланып үнсіз қалды. Содан кейін стаканның түбіндегі азғантай арақты қағып салды да, соқыр адамша жанарын бір нүктеге қадап, жүрек тебіренткен мақпал дауыспен:

— Сенің көзің күміс көлдің жарқыраған айдыны, Ғашық болдым со бір көзге есімде жоқ қай күні, деді әр сөзін салмақтап. Өлеңнің сөзі емес ақынның үніндегі қасіретті әуез әлдебір болғалы тұрған бақытсыздықты алдын ала сездіргендей үрейшіл әсер берді:

— Білетінім – жанымды өртеп, қапияда жалт еттің.

Сенен басқа жар сүймеске алла атымен ант еттім.

Беймаза ғып көңілімді сағым белес – тәтті елес,

Тәтті елестің бәрі бірдей біздер үшін сәтті емес,

Білмедің сен дүниеде мендей жанның барын да,

Тілемедім білгеніңді – сорым ба әлде бағым ба?..

Тірлігіме көрік болған сүйенішім, жарығым,

Қияр едім бір күлкіңе өмірімнің жарымын.

Түндер бойы кірпік ілмей, өзіңді ойлап жатқанда,

Сағыныштың уытынан сарғайып таң атқанда,

Атыңды атап өз–өзімен жынды адамдай күбірлеп,

Өз үнімнен өзім шошып, өне бойым дірілдеп,

Үміт, күдік қос арықтай көңілімді суарып,

Тек, әйтеуір, дүниеде сен барына қуанып,

Жүрген шақта талшық етіп күн сипатты жүзіңді

Талмаусырап бірте–бірте үміт жібі үзілді… –

Сейіттің үні жаңағы үміт жібіндей талмаусырап барып үзілді. Бұл тірлікте енді ешбір қызық қалмағандай, қатты тарығып, қажыған, шаршаған түрмен тұнжырап үнсіз қалды. Жүзіндегі арылмас уайым, науқас табы, тіпті арықтығы да жаңағы сәтсіз махаббаттан болып тұрғандай. Рая жас толған көзіне орамалын апарды. Бәйтен өлең осымен біткен шығар деп ойлаған, бірақ Сейіт басын қайта көтеріп, бұйра шашын әнтек сілкіп қалды да:

— Ұмыттым деп сені мәңгі өзімді–өзім алдадым,

Өйткені жоқ енді маған аялайтын ардағым, –

деп көзін жұмды.

— Кекті көзбен, атты сөзбен мен өмірге жауықтым

Өйткені жоқ енді маған шат–шадыман сауық күн.

Мен сенбеймін дүниеде махаббаттың барына,

Қуаныш та, жұбаныш та әсер етпес жаныма.

— Бәрі пенде адамдардың асылы жоқ ішінде

Перизатты көрдім рас, оның өзін түсімде…

Сейіт осы тұста әлдебір тәтті арманға берілгендей бір түрмен үнсіз қалды да әу бастағы мұңды әуеніне қайта түсті.

— Деп осылай тасқа айналып, беріш болып қалғанда,

Елден көшіп, сырт айналып, теріс қонып алғанда…

Тағы келдің қапияда, күн нұрындай қарғам – ай!

Жылдар бойғы көңілімді, сенімімді алдамай.

Бұл не ғажап! Тағдырымнан мұндай бақыт күтпегем,

Ойлаушы едім өтермін деп жанға батқан жүкпенен,

Тағы келдің, айналайын, лағындай маралдың.

Әлде менің тілегімнен, жүрегімнен жаралдың.

Осыдан кейін таңғажайып жұмсақ үнмен тебірене сыбырлап:

— Кешір жаным, –

деп басталатын тұста, өз өмірінен бірдеңе есіне түсті ме, Рая Көз жасына ие бола алмады.

— Кешір, жаным – кездерімді араздасқан пендемен,

Күндерімді, түндерімді жақсылыққа сенбеген.

Бұған дейін көңіліңе түскен болса қаяу – мұң,

Барлығы үшін кешір мені, кешір мені, аяулым!

Ант ішейік қолыңды бер махаббатқа сенуге,

Адалдық пен арың үшін, қажет болса, өлуге.

«Жан пида» деп жанарыңа тура қарап айта алам,

Ант ішейік сосын тағы ант ішпеске қайтадан. –

Сейіт сүйген жарының бейнесін елестетіп тұрғандай, көзін жұмып, елтіп, бір ауық үнсіз қалды да, өлеңнің біткенін білдіре жымиып, көзін ашып алды.

— Азаматым – ай! – деді Оймауыт риза болып.

Бәйтен бұрын–соңды домбырамен айтылған жыр болмаса, дәл мынадай қарасөз құсатып өлең оқуды естімеген еді. Адам жанын осынша тебірентіп, дүниеден баз кешкендей қылған мынау өлеңнің не құпиясы барына түсінбей, Сейіттің жүзіне сиқыршыға қарағандай күдікпен сескене әрі қызыға қарады.

Ал Раяның қуанышыңда шек жоқ. Көзінің жасын қайта–қайта сүртіп, өзі сонысына ыңғайсызданғандай бетін басып, күле береді.

— Ой, Сейіт, молодец! – деді сосын басын шайқап. – Қандай бақытты адамсың!

Сейіт мырс етіп күлді. Онысы «қайдағы бақыт қаңғып жүрген» дегендей болды.

Рая сезімтал, көзі ашық, сауатты қыз еді, Сейіттің тағдырын жақсы білетін.

— Басқа қонған талант – бақыт емес пе? – деді ол салмақты үнмен. – Сүйгеніңмен табысу, енді қайтып жан сүймеске ант ішісу – бақыт емей не?

— Махаббат маған ешқандай бақыт әкелген жоқ, – деді Сейіт даусы қарлығып.

Отырғандар абыржып, «қате естіген жоқпыз ба» дегендей бір–біріне қарады. Базарда бұйым сатып, алтын ақша түсірген саудагер үйіне келіп, әлгінің алтын емес, жасанды жез екенін білген кезде жанындағы серігіне дәл осылай қарар еді.

— Не дейсің? – деді Рая өз құлағына әлі де сенбей. – Өзің емес пе жаңа ғана айтқан…

— Ол өлең, ал мен өмірді айтып отырмын. Екеуі екі бөлек нәрсе.

— Сонда әлгі айтқандарыңның бәрі бекер болғаны ма?

— Бекер.

Рая сөз таппай «бірдеңе десеңдерші мынаған» дегендей жан–жағына жаутаңдай қарады.

— Сенің бұл сөзіңді мен былай түсінемін, – деді Оймауыт көзін сығырайта ойланып. – Бәлкім, сен әлгі өлеңіңде өзіңде жоқ жалған нәрсені дәріптедің… Бұл – өтірік айту. Немесе әлгі айтқандарыңның бәрі шындық. Бірақ сол шындықты мойындауға жүрегің дауаламайды. Бұл да – өтірік айту. Яғни шындықтан қашу.

— Ғұмыры қысқа болса, онда оның шындық болмағаны. Шындық ешқашанда өлуге тиісті емес.

— Неге өлуге тиісті емес? Бұл дүниеде бәрі өледі. Мақсат та, идея да бәрі–бәрі өледі. Баяғы ұлы мемлекеттердің құлағаны секілді, бәрі де құлайды. Шындық өлмейді, халық Өлмейді деген сөз, жұртты жігерлендіру үшін айтылған насихат. Неге өлмейді? – деді Сейіт жан–жағына таңырқай қарап. – Талай халық, талай ел өлген. Айнымас достық, асыл махаббат та өледі. Өлмейтін бір–ақ зат бар, ол – адам бойындағы сатқындық.

— Жарайды, – деді Оймауыт «осы әңгімені доғарсақ қайтеді» дегендей бір үнмен. – Өзіміз ешкімді сатпасақ болды емес пе? Басқадағы шаруамыз қанша?..

Көп ұзамай Сейіт мас боп қалды. Тәлтіректеп орнынан тұрып, «кетемін» деп сыртқа ұмтылды. Оймауыт оны көтеріп әкеліп, кереуетке жатқызды.

— Жатып дем ал, – деп сыбырлады құлағына, шашынан сипап. – Таңертең жүресің. Ат алдырып қойдым.

Кенет Сейіт жарға қарап аунап түсті де, бетін басып еңіреп қоя барды.

— Ештеңе етпейді, – деді Оймауыт шошып кеткен Раяға қарап. Көп ішіп қойды. Өзі шаршап жүрген адам… Жүр мен сені шығарып салайын.

— Эх, Сейіт, Сейіт! – Рая күрсіне, шығып бара жатып. Таңертен елең–алаңда Бәйтен Сейітпен бізге атқа отырды – Сейіт, саған енді қалада қалуға болмайды, – деді. Оймауыт аттандырып тұрып. – Ешбір ауылға соқпай тіке тартыңдар. Одан әрі не істейтініңді өзін білесің.

Бәйтен мен Сейіт Қопалыға екінді кезінде жетті. Деревняға кіре бере әлденеден секем алған Сейіт:

Жан жағын нарқамыстар көмкерген көл суы көктемнің буына балқып екі көзге бейжай көрінгенмен, бір–бірімен қабаттаса шулаған әр түрлі құстар үнінен құпия тірлікті, хан базарындай қайнап шапағынан алтын жалатқандай қызыл жалқын нұрға бөленген аспандағы мамық бұлттар сәулесі, тымық айдынында ап–анық болып көрінеді.

Сейіт аттан түсігі, сыңсыған нар қамыстың үстінен алыс, көкжиекке ұмсына қарап, көзінде уайым мен қуаныш қабат ойнап беймаза халде ұзақ тұрды. Оның не ойлап тұрғанын Бәйтен біле алмады. Әлде ол күрең кештің сәулетіне үйлеспей көңілі сынып қорланды ма, әлде пенделігін ұмытып, табиғаттың құшағына қиялмен еніп, баяғыдай шабыттанып өлең шығарғысы келді ме екен!?..

Сейіт көзі жасаурап Бәйтенге қарады:

— Қарашы, қандай ғажап Табиғаттың осындай тылсым сәтіне үн қосуға тіл жетер ме?! Тек Абай ғана айта алар еді–ау. – Сейіттің дауысында баяғы сазды әуез қайта пайда болды.

— Көлеңке басын ұзартып,

Алысты көзден жасырса,

Күнді уақыт қызартып,

Көк жиекке асырса.

Сейіт бір сәт үнсіз қалып, көзге көрінбейтін біреумен сөйлесіп тұрғандай:

— Күңгірт көңілім сырласар

Сұрғылт тартқан бейуаққа, –

деді қайталап.

Содан кейін өзінің айдалада көл жағасында жалғыз қалып бара жатқаны есіне жаңа түскендей, бойын жиып, мүлде басқа дауыспен:

— Ал жарайды, күн кешкіріп кетті, сен енді, – деп Бәйтенге жақындай түсті. – Не істейміз, қоштасамыз ба? – деді даусы құбылып. – Дүниенің кеңдігінде шек жоқ, бірақ тарылса, тарының қауызындай… Дәм таусылып, дем бітпесе, жолығармыз… Дәл оған тағдыр жазбаса… бақұл бол… бауырым!..

Бәйтен көзі бұлдырап, Сейіттің жабырқай жымиған жүдеу жүзіне қарады.

— Аман бол, – деді, оның тақтайдай қатты арық денесін құшақтап.

Бәйтен атқа мініп, екінші атты жетекке алып, ұзай бере, артына қайта қарады. Жарқыраған ақ айдын қамыс тасасынан көрінбейді. Жағалауда тұрған Сейіт қып–қызыл боп балқыған батар күннің дәл астында кіп–кішкентай болып тұр екен, сәлден соң күнмен бірге көкжиекке қоса кіріп кететіндей боп елестеп, көңіліне кірген үрейден Бәйтен қайтып артына қарамауға тырысты. Содан кейін ол Сейітті көрген жоқ.

Оқуды бітіріп, елге қайтатын күн де туды. Бұл кезде Оймауыт командировкада жүрген. Қоштаса алмай кеткені өкінішті–ақ болды. Ұлы дүрмектен бөлініп қала алмады. Бәлкім, қалғанда қайтер еді? «Неге күтпедім? – деп ойлады ол. – Көп болса, екі–үш күн, әрі кетсе бір жеті күтер едім. Онда не тұр?» Бірақ Оймауыт жылап–сықтап қоштасуды, сыр ақтарып, тебіреніп сөйлеуді ұнатпайтын. Болған күнде де, көзі күлімдеп: «Ал, кәне, сау бол», – дегеннен басқа ештеңе айтпас еді.

* * *

Енді, міне, айдалада сықырлаған арбаның үстінде келе жатқан Бәйтен екі бірдей сағыныштың ортасында қалғандай бір әсерде отыр. Ауылға деген сағыныш көкірегінде бұрыннан бар болса, қалада өткен уақыт та бірте–бірте жүректі сыздатып сағынышқа айналып келе жатқан секілді.

Өгіз арба сүйретіліп Қоңырөзектің қырына шыққанда, шырқау аспандағы шарбы бұлттар болмашы ғана күреңітіп, көкжиекке тақаған бір–екі бұлттың ғана бауыры жез жалатқандай жалтырап, батқан күннің шапағын әлі де сақтап тұрды. Көп ұзамай төңірек күлгін тартып, асыққан жұлдыздар аспан әлемін әр жерден жылтыратып тесе бастады.

Кенет Есен әлденеден шошып кеткендей, шыбыртқысын тастай салып, көкке қарап қолын жайып:

— Ай көрдім, аман көрдім, жаңа айда жарылқа, ескі айда есірке! – деп күбірлей жөнелді.

Бәйтен де жоғары қарады. Қыздың қасындай жіп–жіңішке болып ай туған екен.

Даланың қоңыржай тымық түні орнады. Тымық түнді майланбаған ескі арбаның шиқылы, әбден, болдырған қызыл өгіздің тұяғының сыртылы, көзіне түскен затты боқтап отырған Есеннің жарықшақ үні бұзып келеді:

— Жердің түбі ғой, атаңа нәлет, – деді Есен бір кезде бүкіл өңірге тиісіп. – Биыл осы ойдағы елге көшіп кетсем бе деп бір ойлап едім. Тағы да қойшы дедім…

Жол соғып, шөл қинап, титықтаған жолаушылар ауылдың өкпе тұсына келгенде түн ортасы ауған кез еді. Жерошақтағы оттар сөнген, түндіктер жабылған – ауыл ұйқыда.

Есен шетте тұрған қараша үйге қарай тартты. Түн қараңғысына көзі үйренген Бәйтен өз үйін танып, Есеннің әдейі келе жатқанына түсінді. Үй сыртына арбасын тоқтатып, Есен жерге секіріп түсті де:

— Уа, кемпір, неғып жатырсың, ойбай, балаң келді, – деп айғай салды.

Іштен абдырап:

— Көтек, не дейді?! – деген ұйқылы–ояу шошына қуанған дауыс естілді.

Іле–шала «ойбай, белім» деп, орнынан шойырыла тұрып, ұзын көйлегі делеңдеп, жаулығын жүре байлап, Қалаған кемпір шықты. Қараңғыда ажыратпай, «жарығым–ау» деп құшақтай берген адамы: «Ойбай, мені жаңа көрдің бе, Есен емеспін бе, – деп баж ете қалды, – Бәйтен анау тұр… Мына кемпір алжиын деген шығар, маған бас салғаны несі!..»

Қалаған «көтек» деп аңырып қалып, Бәйтенді көрді де:

— Құлыным – ау, жалғызым – ау, – деп емірене кемсеңдеп, құшағын жайды. – Осыншама зарықтырып…

— Қарағым – ай, қайтейін…

Бәйтен жол бойы елді, жерді туған анасын сағындым деп ынтығып келсе де, нағыз сағыныштың қуатын жаңа сезді. Бірақ босаң сезімге берілуді ыңғайсыз көріп:

— Қой, апа, мұның не? – деді көзіне жас алған шешесіне өзінше басу айтып.

— Қайтейін, шырағым, күні–түні ойлайтыным сен ғой. Жатсам да, тұрсам да… – Кемпір жаулығының ұшын тағы да көзіне апарды.

Бәйтеннің санасында «ал мен ше, мен оны күні–түні ойлаймын ба» деген бір ой өзіне кінә тағып өткендей болды.

— Ал, кемпір, мен кеттім, – деді жалғыз қалғандай боп состиып тұрған Есен.

— Ойбай–ау, ия, амансың ба, Есен шырағым? Баламды көрген соң, есім шығып… Ат–көлік аман келдің бе? Үйге кірсеңдерші.

— Жоға, – деді Есен арбасына жақындап. – Мен де үйге жетейін. Келеміз ғой. Др–р–р, ой, иттің баласы, др–р–р. Бәйтен шаршап келді, тынығып алсын, солай емес пе, Бәйтен? Ой енеңді!

— Др–р–р.

Қайсысын кімге айтқаны белгісіз, сөзінің бәрін былықтырып, Есен арбасына отырды.

Үйге кіргеннен кейін де баласын айналып–толғанудан Қалағанның аузы босамай қойды.

— Айналайын–ай, ақ Бәтеннен, – дейді самаурынды тұтатып жатып. – Жарығым–ау әшейін! Лезде жердің жүзін жарық қып жіберген жоқ па? Күнім – ау! Бүгін осы оң қабағым тартқандай болып еді… Неменеге көрініп отыр десем. Көрмейсің бе, жарқ ете қалғанын…

Бір шамада:

— Немене оқуың бітті ме? – деуге шамасы әрең келді.

— Бітті.

— Ой, жаным – ау! – деді кемпір оқудың біткен – бітпегенінде түк шаруасы жоқ бір үнмен.

Шайдан соң, шешелі–балалы екеуі қуанғаннан ұйқылары қашып, қаңғыр–күңгір әңгімемен шұрқ тесік қараша үйдің ішін базар қылып жіберді.

— Баяғыда, – дейді апасы, қайдағыны есіне түсіріп, – Көкіректің түбінде, кішкентай кезің ғой, ой, бір қатты ауырдың – ау… Ішің жүрмей, құдай–ай, сақтай гөр, басыңнан асып кетті. Мүлде ес–түссіз жатырсың. Әкең үйде жоқ. Отырып алып, көкке қарап дауыс қылдым. Құдай–ау, осы шаңырақта жалғыз қалуға жазып па деймін… – Қалағанның осы тұста даусы жарықшақтанып, кемсеңдеп көңілі шын бұзылды. – Көршіміз… Бөгде ғой… Ол байғұстың да жаны шығып жүр. Содан үйдегі жалғыз қара тайыншаны құрбандыққа атап, құдайы деп сені үш айналдырып шықтық. Тайыншамен бірге өзім де айналып жүрмін. Сөйткенше болған жоқ, сенің ішің жүрді кетті. Оу, жарығым–ау, – деп Қалаған даусы жадырап, Бәйтеннің іші осы қазір жүріп кеткендей мәз болды. – Қуанғандікі ме, көзімнен жас сорғалап тоқтамайды… Сөйткен Бәйтен ең ғой сен, шырағым–ау. Солардың ғой бірін де білмейсің, ә? – деп бір тоқтады.

— Көкемдердікі аман ба? – деді Бәйтен.

— Аман ғой, құлыным, аман. Сен келеді деп, қалаға барып келген. Басқа кімің бар іздейтін. Соның арқасы емес пе бәрі де… Жеңешең де аман. – Қалаған осының өзіне әрең шыдағандай, қайтадан баласын айналып, толғанып, өлеңше ұйқастырып жөнелді. Айдың да, күннің де нұры Бәйтеннің жанында далада қалды. Бүкіл әлемге, тіршілік атаулыға тыныс болып, қуат берген осы екен. Төрт түлік малдың ішінде мұның болып шықпаған төлі қалмады. Тіпті біраздан кейін Бәйтен де өзін бір кездегі сәби күйінде сезінді. Өмірдің бейберекет ұзақ жолында шаң басқан, кірлеген көңілі жуған кірдей тазарып, әу бастағы кіршіксіз қалпына қайта келіп жатқандай көрінді оған. Қараша үйдің жыртығынан сығалаған жұлдыздарға қарап жатып:

— Өз жағдайың қалай, апа? – деді.

— Жүріп жатырмын ғой, әйтеуір. Ел іші. Бірде бар, бірде жоқ. Құдай тек амандығын берсін.

— Не… көкем көмектеспей ме?

— Неге көмектеспесін, көмектеседі ғой.

— Ендеше, жанына неге көшіп бармайсың?

Бәйтен шешесінің үндемей қалғанын әлдебір өзі білмейтін құпия жаманшылыққа сайып, іштей секем алып қалды.

— Әкеңнің айтқан өсиеті бар, – деді біраздан кейін Қалаған баласының шашына қолын тигізіп, шаңырағымды ешкімге қоспа деген. Шаңырағым қосылып кетеді деп тірісінде де інісінің жанына жоламай қойып еді… Әкең қырсық еді ғой… – Қалаған ұмытып бара жатқан бірдеңесі есіне түскендей, басын көтеріп ап, Бәйтеннің маңдайынан бір иіскеді де, содан кейін әңгімесін жалғады: – Сенен бұрын туған Дәурен деген баламыз Қоянбай тамында күзекте қайтыс болып, сен туғанға дейін көп жыл тарығып жүрдік қой. Әкең сырты дүрдигенмен уайымшыл еді. Көп ойлайтын… Содан баяғы Ырыскүл төркіндеп келетін жылы іштен бір ағайындар жолаушылап жүріп біздікінде де болған. Онда ұлдың үйімен біргеміз ғой. Солар «қайда болдыңдар» деп біреулер сұрағанда, ұлдың атын айтып, «соның аулында болдық» депті. Әлгіні естіп әкең тас талқан болсын: «Мені баласы өлген, шаңырағы құлаған деп ойлаған шығар», – деп баяғы. Бір қисайса бола ма және… Содан бір күнде бөліне көшіп, ақыры Жарбидайықты қыстадық. Жарықтық жеке шаңырақ боламын деп арпалысумен кетті. Сол тілегін құдай қабыл қылып, сені берді ғой… Сені берген құдайдан тоба! Мың да бір шүкір!!!
Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры