Әңгіме: Өліара | ОНҮШІНШІ БӨЛІМ
XIII
Тамыз айының басында, шөп науқанының қайнаған кезінде Ақсуатқа Нияздың Нұрбегі келді. Нұрбек қойбағардың аз атасының біріне жататын. Әке–шешесінен ерте айрылып, апасы Райханның қолында жүрген жерінен үкімет жетімханаға алды. Сол жақтан сауатын ашып, одан дуанға барып оқыды. Ауданға қызметке тұрғанына көп болған жоқ.
Баяғыда біреу мүсіркеп басынан сипаса, жылап жіберуге дайын тұратын жасқаншақ әлжуаз баланың орнына мұнтаздай киінген сымбатты жас жігітті көргенде ақсуаттықтар ауыздарын ашып таң қалды. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма» деп мақалдады шалдар.
Нұрбек артель шаруашылықтарын тексеруге келген екен, жақын туысқандарының үйіне кіріп шыққаннан кейін, қасына ауылдық кеңестің төрағасын алып, «Бостандық» пен «Бірлікті» аралауға аттанып кетті.
Ол кетісімен ауыл адамдарының әңгімесі – Нұрбек болды.
— Апыр–ай, қандай әдемі болып өскен…
— Қандай сабырлы…
— Мінезін айтсайшы, қыз мінезді…
— Өте тәрбиелі бала болған екен.
Бірақ Нұрбек жайлы әңгіме екі күннен кейін басқаша сипат алды.
Нұрбек Ақшоқы бойын аралап келгеннен кейін, ауыл активтерін Қызыл отауға жинап, жиналыс өткізді. Сөзі мірдің оғындай. Түсі сұрланып, «ағайыншылық өз алдына, ал мына тұста мен ешкімді де аямаймын» деп тұрғандай, төңірегіне суық қарайды.
Берілген жоспарлар орындалмаған, әсіресе сүйек жоспары. Артель шаруашылығының жайы жақсы емес, қысқа дайындық жасалмай жатыр. Шөп науқаны сылбыр. Мал қоралары салынбаған. Бай–кулактарға қарсы күресте табандылық жоқ. Ымырашылдық басым. Ауыл адамдары, бұрынғы атқамінерлердің ықпалында жүр. Ауылдық кеңес жұмысы нашар.
«Өзіміздің бала ғой» деп іштей жақынсырап қуанып жүрген Жақайдың жан тері шықты. Қылмысы ашылып, қолға мықтап түскен адамдай басы салбырап, үмітсіз күйде отыр.
— Көктемде тұқымдық астық жинау кезінде Ақшоқыда тағы да жоспар орындалмады, – деді Нұрбек түсін жылытпай. – Мінеки, бүгін үшінші күн болды, нансыз отырған бір үй көрген жоқпын. «Бостандықта» тақыр кедейдің бірі деген соң, Әшір деген кісінің үйіне барып ек, бір табақ қылып еттің нанын алып келді. Астық жоқ болса, оның бәрі қайдан келіп жатыр? Ендеше, кезінде дұрыс ақпар берілмеген. Қаулы бойынша жұмыс жасалмаған. Ауыл басшылары ағайынгершілікке, көңіл жықпастыққа салынған, тағысын тағы.
Шашын шалқасынан қайырған, (жымдасқан жұқа еріндері қатал да, қайсар мінез танытқандай) бет – пішіні жұқа, қара торы өңді Нұрбек әр сөзін қадап, салмақтап, зілмен, ызамен айтты. Онсыз да қаршығадай шымыр, жинақы жігіт ашуланғанда мүлде тас түйін болып алады екен. Бірақ осы бір жинақылық пен шымырлықтың ар жағында «жұрттың бәрін таң қалдырсам» деген мақтан сүйгіш сезімнің де жоқ емес екені байқалады, және сонысы өзінін жастығына, албырттығына үйлесіп, жарасып та тұрған секілді.
— Мына жігіттің сілтесі мүлде бөлек қой, – деп сыбырлады әлдекім арт жақтан.
— Айтпа деймін.
— Апырмай, тілдісін – ай.
— Оқу көп қой, – деп аңғарымпаздық көрсетті тағы бірі. – Әлгінің бәрін айтқызып тұрған оқу ғой…
Нұрбек бүкіл республикадағы коллективтендіру жұмысына тоқталып, жартылай көшпелі мал шаруашылық аудандарында 272 840 мал шаруашылықтарын біріктірген 2 745 колхоз бар екенін, тағы сол сияқты толып жатқан цифрларды айтып, жұртты одан арман таң қалдырды. «Сонша колхоз жер бетіне сыюшы ма еді?» – деп біреу күңкілдеп сенбегендей болды.
Кенет Нұрбек ауылнайға бұрылды да:
— Жәке, сіз ауылдың төреағасысыз, бәрін де білуге тиіссіз. Айтыңызшы, бүгін түнде осы ауылда қандай оқиға болуы мүмкін? – деді жүзінен кекесін күлкі білініп.
Жақай түкке түсінбей:
— Қайдан білейін, – деп жерге қарады.
— Ендеше, көңіліңізге келсе де айтайын, ауыл өмірінен бейхабарсыз. Кімнің жау, кімнің жау емес екенін білмейсіз. Білмегеннен кейін, партия мен үкіметтің тапсырмасын орындауға шамаңыз жетпейді. Ал мен білемін… – Нұрбектің ызғарлы үні осы тұста жұмсарып, ешкім білмейтін хабарды өзі ғана білетініне насаттанғандай бір нышан пайда болды. – Ауданнан келгеніне екі–ақ күн болған адамның білгенін сіздің білмеуіңіз… – Нұрбек сөзін аяқтамай доғара салды, өйткені «білмеуіңіз ұят» дегісі келіп еді, ол сөз өзіне тым жеңіл, зілсіз болып көрінді, ал одан өткірірек сөз қапелімде аузына түспей қалды.
Нұрбек түнде болатын оқиғаның не екенін айтпастан, жиналысты жапты да, шығып бара жатқан топтың арасынан Бәйтенді тоқтатты.
— Сіз кідіре тұрыңыз.
Қызыл отаудың ішінде Нұрбек, Жақай, Байдәулет, Бәйтен, Қаратай бесеуі қалды.
Мәселенің анығы мынау болды: Қорған түбектегі ескі қорымға ұра көмілген. Бірақ дәл қай жерде екені белгісіз. Бүгін түнде сол ұра ашылады. Ұраны да, ұра көмген адамды да қолға түсіру керек.
— Мен өзім барамын, – деді Нұрбек осындай бір қатерлі істің табылғанына қуанғандай жүзі жанығып. – Айтқан хабарымның растығын өзім дәлелдеймін. Ал өзіммен бірге… – Ол жұқа еріндерін жымқыра түсіп, қалған төртеуіне барлай қарады да, Бәйтенге тоқтап: – Сізді әкетемін, – деді «осыған дәтің жетер ме екен» деген кекесін үнмен.
— Қалқам, Бәйтенді қайтесің, мен өзім барайын, – деді Жақай қазір баратындай қопаңдап. – Сосын, жаман айтпай жақсы жоқ, үш жігіт ала кеткеніміз жөн.
— Сіз сол екі–үш жігітіңізбен осында қаласыз, – деді Нұрбек үзілді–кесілді. – Ал мен Мырзабеков жолдасты ертіп Қорған түбекке барамын. Мылтық бар, қанша адам болса да, ұстаймыз.
Бәйтен басын көтеріп қатерқұмар Нұрбектің жүзіне қарады. Нұрбектің сәл томпақтау келген өткір көздері өзіне тесіле қарап тұр екен, «мен өлімнен қорықпаймын, басымды бәйгеге тіккен адаммын, ал сенің жаның тәтті, сондықтан сен мен жасаған ерлікті ешқашанда жасай алмайсың» деп тұрған секілді. Бәйтен төбелесқұмар адамға тап болып, енді содан қалай құтыларын білмегендей, дағдарып есікке қарады. Нұрбек оған сүймейтін мезгіл, жақпайтын ас секілді әсер етті. Бірақ ол қойныңдағы жарыңдай, көкірегіңдегі арманыңдай, қашан да өзіңмен мәңгі бірге болатын, қатеңді кешірмейтін, сыртқы өмірді былай қойғанда, жан дүниеңдегі әр қадамыңды қалт жібермейтін, бірыңғай бейнетіңе көрінген, өмірлік жұлдызы қарсы жанмен жүздесіп тұрғанын ол әлі сезген жоқ еді.
Нұрбек пен Бәйтен ішіне тал өскен төрт құлақ тамның ішіне орналасты.
— Мә, мынаны сен ал, – деді Нұрбек мылтығын Бәйтенге қарай жылжытып, – мен оларға мылтықсыз барамын. Сен осында қаласың.
— Неге?
— Қашырып алуымыз мүмкін. Не қақтығыс болып, қан төгілуі мүмкін. Ал мен ең болмағанда, түстерін танып қаламын. Одан кейін көкке ұшса да, құтыла алмайды.
— Жазым қылса қайтесің?
Нұрбек иығын қиқаң еткізді.
— Бұдан қиынды да бастан кешкенбіз. Жаныңды шүберекке түймесең, ешқашанда ерлік жасай алмайсың. Ал қазір бізге алыс–жақынды білмейтін темірдей принцип пен көзсіз ерлік керек.
Ала бұлттың арасынан ай қылтиып, төңіректі лезде жарық қылып жіберді де, Нұрбектің әлденеге тістенгендей жұқа еріндерін жымқырып алған ерегіспе сұп–сұр жүзі жақын жерден ап–анық көріңді.
— Темірдей тәртіп өткір қару секілді. Өткір қаруды жанға көп серік қылуға болмайды…
Нұрбек Бәйтеннің сөзін бөліп жіберді:
— «Сөз сіздікі, жолдас Маузер», – деген пролетариаттың бір ақыны.
— Өте ұрыс, – деді Бәйтен басын изеп, – сөздің маузерге берілуі дұрыс еді, өйткені тарихи мәселелердің маузерсіз шешілмейтін кездері болады. Бірақ маузерге сөз беру, енді өмір бақи тек маузер сөйлесін деген сөз емес қой. Екіншіден, маузер жауға жұмсалғанда ғана жақсы, ал өзіңе бағытталған кезде соншалықты сүйкімді емес.
— А – а, уағыз, насихат дейсің ғой? – Нұрбектің қатты шыққан үнінде «кім екеніңді жаңа білдім ғой» деген астар жатты. – Үкіметті үгітпен орнатпақсың ғой, қан төкпей, ешкімді ренжітпей, ағайыңды араздастырмай… – деді кекесін үнмен. – Жо–жоқ. Ондай үгітпен шын зұлымдықтың маңына да бара алмайсың. Оны тек қару ғана ала алады… Қамалды қалай алуға болады? Зеңбірекпен ғана. Ал ішіне ұрланып еніп, үгіт таратып соғыстың олар тарапынан әділетсіз екенін айтып, он солдатты, тіпті елу солдатты өз жағыңа шығарарсың. Бірақ қамалды онымен ала алмайсың. Сен тек уақыт өткізесің Ал бұл кезде қарсы жақ зеңбіректерін түгел оқтап үлгіреді. Түсінемісің, бауырым.
— Түсінемін, – деді Бәйтен бейіттің қабырғасына арқасын тіреп. – Әрекет етуге қанша қайрат керек болса, ұстамдылыққа да сонша қайрат керек… Күрестің бәрі қамал алудан тұрмайды.
Мен өз бойымдағы кемшілікпен де күресуім керек. Сонда оған да маузер жұмсаймын ба?..
— Мемлекеттік заңды бұзу мен өз бойыңдағы кемшілік – екі бөлек нәрсе. Ал әңгіме заңды бұзушылар жайында. Мен, мәселен, өзімнің мұғалімімді ұстатқан адаммын… Айтуға қандай жаман… Бірақ мен оған өкінбеймін. Өйткені ол біздің идеяның адамы емес еді. Тура биде туған жоқ. Әркім өзінің жақыны үшін өмір сүретін болса, ғасырлар бойы аңсаған қоғамға ешқашанда жетпейміз. Пендешіліктен қол үзіп, қоғамдық мүддеге біржола бағынған кезде ғана кез келген жауға тойтарыс беретін қуатты мемлекет жасай аламыз. Ал мемлекет дегеніміз – заң. Белгілі бір заңмен өмір сүру. Заңды бұзған адам өзінен–өзі жазалануға тиісті. Оған бас қатырудың қажеті жоқ. Ал жер бетіндегі барлық қылмыстың, тәртіпсіздіктің пайда болуы – әлгі заңды мойындамағандықтан. Ал жанашырлық ағайынгершілік, көңіл жықпастық – қазақтың ежелден келе жатқан маңдай қырсығы – мемлекеттік дағдының жоқтығы, заңды білмейтіндігі.
Бұл жігіт заңды мойындап қана қоймайды, заңды жанындай жақсы көреді деп ойлады Бәйтен Нұрбектің жүзіне тесіле қарап. Адамды аяу және сол бойынша әрекет жасау, оны тіршіліктің басты саясатына айналдыру, бұлар үшін, мемлекеттің жоқтығынан сақталып қалған қоғамдық кертартпа дағды. Өйткені заңның статьясында ондай пункт жоқ. Мұндай адамды әдетте төңірегіндегілер жақсы көрмейді. Бірақ одан қара үзіп те кете алмайды. Адамның үй салуына, одан қала тұрғызып, ақыл–ой қабілетінің өсуіне себепші болатын қатал табиғат секілді бұлар да жанға жайсыз, жағымсыз. Бұлар мазасыз жандар, сол себепті жұртқа да маза бермейді. Адамның қарақан басының мүдделерін түгелдей жоққа шығарады. Бұлармен өмір сүру қиын. Бірақ осындай қатал да принципшіл адамдар қоғамға керек. Адамның өмір сүру қабілетін шыңдауға тағдырдың қаттылығы қандай қажет болса, бұлар да сондай қажет. Ұнамсыз, бірақ қажет. Не істейсің?..
— Меніңше… – деді Бәйтен даусын соза ойланып, – адамдар мемлекет үшін жаралмайды, мемлекет адамдар үшін жасалған. Ал сен адамдардың сана–сезімін, әдет–ғұрпын, тарихын бір–ақ сызып, бірінші орынға мемлекеттік принциптерді қоясың. Ақшоқы халқы ғасырлар бойы өз ғұрпымен, өз заңымен өмір сүріп келді. Қоғамдық меншік дегеннің не екенін білген жоқ. Өз маңдайына біткен малды өз балаларына неге сойып беруге болмайтынына өлтірсең де түсінбейді. Қорыққанынан соймауы мүмкін, бірақ түсінбейді, өйткені сауаты жоқ, надан. Ұра қазған қазақтар да сондай. Астықты байлар ғана емес, кедейлер де, орташалар да жасырады. Олар оның қазіргі жағдайда қылмыспен тең екенін түсінбейді. Бала–шағаны қалайда асырау керек – сосын құстың ұя салғанда ойланбайтыны секілді ойланбастан астығын жасырады. Ал олардың көзін жеткізіп, көкірегін ашып алмай, бірден жазалау біздің ісімізді ілгері бастырады деп ойламаймын. Мәселен Африкада, бір оқымысты жігіттен естіп едім, жыныстық қатынасты ашық жасау әдепсіздік емес, ал ашық тамақ ішу әдепсіздік боп есептелетін ел бар екен. Сонда біздің заңмен сол адамдарды соттауға бола ма? Немесе жұрт көзінше тамақ ішетін мәдениетті елдің адамын сол елдің заңымен соттауға бола ма? Меніңше жоқ. Жерден егінді өндіріп алу үшін алдымен егінді себу керек. Заңды талап ету үшін алдымен заңды бойға сіңіру керек. Сол себепті әлеуметтік сананы көтеру қазіргі біздің жағдайда ең үлкен мәселенің бірі болуға тиісті.
— Сен өзің қауіпті адам екенсің, – деді арқасын талға тіреп отырған Нұрбек Бәйтенге еңкейе үңіліп. – Осы кезге шейін бізбен соғысқан тап жауларының бәрін де, бәлкім, ақтап алу керек шығар. Олар да біздің заңымыздан бейхабар болатын…
— Жо–оқ, ол күрес – таза соғыс болатын. Соғыста ешқандай ереже, заң болмайды. Ал қазір жағдай басқа…
— Құйыршық! – Нұрбек ысылдап, төбелесетін адамдай жұлқынып Бәйтенге төне түсті. – Мен сенің көкейіңде не тұрғанын білмейді деп ойлайсың ба? Мен бәрін де білемін. Кімдерге бүйрегіңнің бұратынын, кімнің сойылын соғатыныңды – бәрін де, бәрін де… Мен сені бекер алып шыққам жоқ, тексеруге алып шықтым. Мінеки, енді кім екеніңді өзің де көрсетіп отырсың.
— Нұрбек, – деді Бәйтен іштегі қайнаған ашуын әрең басып, – сен ең алдымен совет үкіметі бір өзіңе әкеңнен қалған мұрадай иемденіп сөйлеуіңді қой. Үкімет халықтікі, оған екеуміздің қатысымыз бірдей. Ал түбі қайсымыздың еңбегіміз көбірек сіңеді, оны уақыт көрсетеді. Екіншіден, шындықты мойындату үшін, қорқытпайды, дәлелдейді. Дәлелі жоқ адам ғана зорлыққа көшуі мүмкін. Сенің қорқыту тәсіліңнен адам санасындағы прогресс қанша жылдарға кейін шегінетінін түсінесің бе? Социализм қалалар мен далаларда ғана емес, адамның санасында да орнауға тиісті. Ал сен санадағы социалистік құрылысқа зиян тигізушісің…
Нұрбек басқа амалы қалмағандай Бәйтеннің жағасынан ала түсті. Төртқұлақ тамның іші апыр–топыр болды. Екі жігіт ырс–ырс етіп, бірін–бірі ала алмай, теке тіресті де қалды.
— Өмірдің сипаты өзгергеннен кейін, сана өзінен–өзі өзгереді, – деді Нұрбек осы күйінде дауды жалғастырып. – Ал мен өмірдің сипатын өзгерту үшін күресемін…
Бәйтен күліп жібере жаздады. Өйткені төбелесіп жүріп, саяси тақырыпқа әңгімелесу тым қолайсыз еді.
— Ал сен… – деп Нұрбек тағы бірдеңені айта берген еді, осы кезде ат тұяғының дүбірі естілді. Бірінші қоя берген Нұрбек болды.
— Келіп қалды, – деді ол ентіге сөйлеп. – Сен осында қаласың. Мен қыстаудың маңына жасырынамын.
Нұрбек там сыртына қарғып түсіп, жүгіре басып, шеткі моланың тасасына тығылды.
Дүбір басылды, бірақ аттылар көрінбейді, шамасы өзен жағасындағы жарқабаққа жасырынған болу керек. Әлден уақытта зираттың екінші қабатынан дыбыс білінді. Ашықта қалған Нұрбек еңбектеп, дыбыс шыққан жаққа қарай жылжыды. Ешкім көрінбейді. Апырау, ұра қай жерде болуы мүмкін, су бармайтын қырат жер жалғыз осы емес пе? Әлден уақытта қорым шетіндегі қазық қағылған тұстан (мана Нұрбек «осы қазық тегін қазық емес» деп қолымен ырғап көріп еді) қараңдаған адам бейнесі көрінді де, іле жоқ болып кетті. Нұрбек қайда жылжырын білмей дағдарып, бір шеті опырылып ішіне түскен моланың тасасынан басын қылтитып, жан–жағына қарай бастады. Қарай бастады да, қайта бұғып, молаға жабыса қалды. Осы кезде қараңдаған адам бейнесі екінші рет көрініп, күрекпен жерді қаза бастаған еді. Нұрбек моладан молаға жасырынып жақындай түсті. Бәйтен «жалғыз адамның жарасы жеңіл ғой» деп жүрегінің дүрсілін басып, көңілі жайлана бастаған, кенет Нұрбектің ту сыртынан шекпеннің етегі жер сыза бүкеңдеп, сойылын кезеп, келіп қалған біреуді көргенде, шошып оянғандай селк ете түсті. Бір сәт есінен танған адамша қалшиып тұрып қалды да, енді бір секунд кешіксе, қапы қалатынын аңғарып, қасында сүйеулі тұрған мылтыққа жармасты. Гүрс ете қалған дыбыстан мылтықты өзі атқанын сезіп, қосауыздың ұңғысын жоғары қаратқан күйі екінші шүріппесін басып қалды. Үсті–үстіне екі рет атылған мылтықтың үні бүкіл Қорған түбекті дүр сілкіндірді. Бәйтен есін жиған кезде атылған мылтықтың кімдікі екенін біле алмай жарты молаға жабысып жатқан Нұрбектен басқа ешкімді көрмеді. Әлгі екі адам көрген түс секілді зымқайым жоқ болып кеткен. Өзен жақтан шапқан аттың дүбірі естілді.
Бәйтен бейіттің қабырғасына атша мініп, жерге қарғып түсті де Нұрбектің қасына келді. Нұрбек басын көтеріп, аң–таң болып, Бәйтенге қарады.
— Мылтық атқан кім? – деді ол әлі де ештеңе ұға алмай.
— Мен.
— Неге аттың? – Нұрбектің үрейден бозарған жүзіне ашу ызғары үйіріле бастады.
— Неге аттың деймін?
Бәйтен Нұрбектің ашуын қызықтағандай бетіне үнсіз қарап тұра берді.
— Сен не істегеніңді түсінемісің? – деді Нұрбек атып тұрып. – Сен әдейі істедің…
— Мен екі секунд кешіккенде, – Бәйтен алты–жеті қадам жерде жатқан ұзын сойылды көрсетті, – басың мылжа–мылжа болып, осы моланың түбінде қалатын едің.
Нұрбек ағарып жатқан сойылға аңтарыла қарап тұрды да, қасына барып, өзіне қандай зақым жасай алатынын тексергісі келгендей, қолымен салмақтап көрді.
— Екеу екен ғой? – деді жағдайға түсінгенін білдіріп.
Бәйтен құптап басын изеді.
Екі жігіт молалардың үстін баспай, айналып өтіп, болмашы қазылған ұраның басына келді. Күрек жас топырақтың үстінде қалыпты. Бәйтен күректі алып жерді қаза бастады. Көп ұзамай ұраның беті ашылды. Бетінде екі қапшық, жан–жағы қоғамен қымталған. Тары көк иістеніп қыза бастапты, ептеп бу шығады. Бар–жоғы екі–ақ қапшық астық екен.
— Сорлы кедейдің тыққаны болды ғой, – деді Бәйтен соңғы қапшықтың аузын байлап жатып.
— Оны қайдан білдің?
— Екі қапшық астықты осынша жерге кедейден басқа кім тығушы еді…
— Кедейдікі болса, оқасы жоқ, бәрібір өзіне бұйырады, – деп күлді Нұрбек.
Нұрбектің күлгенін Бәйтеннің бірінші көруі еді, бетінің ұшы шұқырайып, балаша сүйкімді болып кетеді екен. Бірақ ол әлгі райынан тез қайтып, өзінің кім екені есіне түскендей, әу бастағы сазарған кейпіне қайта түсті. Тал арасына байланған аттарды алып келіп, қапшықтарды ердің артқы қасына тең артып, қанжығадағы қайыспен буып байлап, аттың белін майыстыра ерге отырып, сары аяңмен Ақсуаттың топырағы бұрқыраған қара жолына түскенде де, екі жігіт бір–біріне ләм–мим деп тіл қатпады.
— Сен мені бір қатерден құтқардың, – деді ақыры Нұрбек жұқа еріндерін жымқыра түсіп. – Рас. Мен де осылай істеген болар едім… Бірақ… айтпады деме… түбі сені әшкере қылатын адам мен боламын.
Бәйтен күліп жіберді.
— Менің немді әшкере қыласың?
— Күлме, күлме. Мен саған күлетін сөз айтып отырған жоқпын.
— Ендеше, тап қазір неге әшкере қылмайсың?
— Асықпасаң, кезегің келеді… Біз алдымен революция жауларын, одан кейін Совет өкіметінің жауларын құрттық. Одан кейін бай–шонжарларды құрттық. Енді кулактарды құртып, үкіметтің негізін бекітіп алсақ, содан кейін партияны сен секілді либералдардан тазартамыз. Өйткені ендігі істі таза пролетариат қана жалғастыруға тиісті, сендермен одан кейін бір табаққа сыя алмаймыз, солай бауырым.
— Табақтың ішінде кім, сыртында кім қалатынын уақыт көрсетер, – деді Бәйтен әлі де ойнақылау үнмен әзілге сайып. – Оған күні бұрын бал ашпай–ақ қой.
— Көлгірсіме, қайтесің, – деді Нұрбек даусын қатайтып. Өзіңше мені көп белсендінің бірі көретін шығарсың. Есіңде болсын, қоғамдық мақсат жолында мен қандай іске де бара аламын. Мен солдатпын. Біздің принципшілдігімізді сендер қатыгездік деп ойлайсыңдар… Мейлі, ойлай беріңдер. Біз үшін, ең керегі – ойға алған мақсатқа жету.
Бәйтен Нұрбекпен бұдан әрі таласқысы келмеді, өйткені оны сөзбен жеңе алмасын біліп отыр. «Тек қана мақсатқа жету ме? – деді енді ол әлгі таласты іштей жалғастырып. – Қалай жету дегенді қайда қоясың? Мәселен, осы жүрген кедейлер бірнеше жылдан кейін не ішем, не жеймін дегенді ойламайтын болады. Тұрмысы жағынан қазіргі кулактардан асып түспесе, кем болмайды, бірақ айырмашылығы сол байлыққа қайсының қай жолмен келуінде емес пе…?» Бірақ бұл ойын ол сыртқа шығармады, өйткені Нұрбектің де осындай бір көңілге қонымды мықты дәлел тауып айта алатынына оның күмәні жоқ еді.
XIV
Келесі күні Ақсуат бойында таң атпай әбігершілік басталды. Түнімен ауырып, бет–аузы ісініп кеткен ауылнай бүкіл белсенділерді жинап алып, жоспар мәселесін талқылады.
Ең алдымен – астық дайындау кезінде жіберген кемшіліктерді түзеу, ол үшін комиссия құрып, үйлерді тексеріп, ұра тінту, малды кісілерге жеке салық салу қажет. Екінші міндет – шикізат дайындап, сүйек жоспарын орындау. Мұны бүгіннен қалдыруға болмайды. Ауылнай осы тұста: «Кеше өмірімде естімеген сөз естідім, енді былқылдағанды, қоямыз, ағайын, білдің бе», – дегенді қайта–қайта сөзінің арасына қыстырумен болды.
Шешім қабылданды, үш ауылдағы байлардың бәріне малына қарап, жеке салық салынды. Сүйек мәселесі де шешілді. Жарбидайықта тұратын Тоқмырза деген кісінің арық кәрі түйесі ауылдық кеңестің рұқсатымен сойылып, сүйектері өкіметке тапсырылды.
— Ауылнай, тегі, іске мықты кірісті ғой, – десті ауыл адамдары бастарын шайқап.
— Қайтсін жаны қысылғасын.
— Ауданнан келген басқа әкімдерге қыңқ демеуші еді, осы жолы Нұрбек қатты қысты – ау өзін.
— Нұрбек өзіміздің бала ғой, көз қылып айтатын шығар.
— Көресіні осы өзіміздің баладан көрерміз.
* * *
Он–он екілер шамасындағы жалаң аяқ екі бала ауыл үйді жағалап хабар таратып жүр. Екеуі де ұялшақ. Бірін–бірі итеріп, бірін–бірі түртіп:
— Әусағитттың үйі шілдеханаға шақырып жатыр, – дегенді әрең айтады.
Әусағит бір әулеттен жалғыз, мырзаболаттың ішіндері аз атаның бірі. Әкесі Жалақтың қойын баққан, өзі бертінге дейін кісі есігінде жүріп, совет үкіметі орнаған соң, белсенді болып, одан қосшы одағына сайланып ел қатарына қосылды.
Кешкілік көлеңкеге көрпе төсетіп, салқындап отырып әңгімелескенді ұнататын қолы бос шалдар өтіп бара жатқан балаларды тоқтатып алып, қайта сұрайды:
— Әй, тоқташы, не деп кеттіңдер?
Балалар түсініксіздеу міңгірлеп, алғашқы айтқандарын қайталайды.
— Не дейді? – деп шал түсінбей ажырайып маңайына қарайды.
— Әусағит бар емес пе? – деп әлдекім сөзге араласты.
— Иә.
— Соның әйелі ұл тауыпты, шілдеханаға шақырып келіп тұр.
— Ибіжардың Әусағиты ма? Ол да ел шақырып, шілдехана жасайтын болғаны ма?
— Е, не бопты, – дейді әлдекім шамданып. – Шілдехананы да құдай Қозған әулетінің маңдайына жазып қойып па?
Шал шақшасын шығарып жатып:
— Үкіметтің арқасында, неше түрлінің бәрі адам санатына қосылды ғой, – дейді әлде әзіл, әлде шын.
Күн бата жұрт шілдеханаға жинала бастады. Әусағитқа бәленбай атадан қосылатын Жоламан соңғы кезде үйлерін қатар тігіп, туыс боп, қатты араласып жүрген, бүгін той иесі өзі болып, шалдарды бір бөлек отырғызып, жастар жағын өз үйіне жіберіп, әлдекімдерді қайта–қайта жұмсап, жерошақ басындағы әйелдерге тапсырма беріп, бәрін өзі билеп жүр.
Жоламанның бес қанат боз үйінің қақ төрінде – Нұрбек отыр, әдейі үлкендер жағына бармай, бойдақ болған соң, қыз–қырқынға көз салу үшін осында келген, бұрынғы әкім қалпына ұқсамайды, көзі күлімдеп, елмен жылы ұшырап сөйлеседі. Оған таяу – ауылнайдың хатшысы Қамидолла, жақында комсомолға өткен жастар – Торғай мен Қайырбек, төрдің шет жағында – Бәйтен. Шымылдық тұсына өңкей қыздар жиналған, араларында бірлі–жарым келіншектер бар. Төменгі жақта – Әбдіғаппар бастаған бір топ бозбала. Әбдіғаппар домбырасын безілдетіп, бір екі ән салды. Қыздар барынша әдепті болуға тырысып, сыбырласа сөйлесіп, тәлімсіп, көздерінің астымен анда–санда Нұрбек жаққа қарап қояды.
Ортаға ойын бастаушы Қамидолла шықты. Жұртты күлдіргісі келіп айқұлақтанып, әркімге бір әкіреңдейді.
— Қане, көрші ойнаймыз, – деді сосын ұратын адам іздегендей, қол тоқпақ орамалын білемдей түсіп. – Мына отырыс болмайды. Қыздар араласып отырсын. Кәне, Биғайша… Бол, тез.
— Ибай, ешқайда бармаймын.
— Неге бармайсың? Тұр дедім ғой. – Қамидолла ожарланып, айтқанын орындай қоймағандардың бәрін ұл демей, қыз демей, томпылдатып сабай бастады. (Неғұрлым сабаған сайын, ойын қызық бола түседі деп ойлайтын секілді.)
— Ойбай, мына мәжнүн өлтіре ме?..
— Аямайды ғой адамды…
— Қой кеттік…
— Ойбай… – деген дауыстар шықты.
Ойын басқарушы қыз–қырқынды қой–ешкідей топырлатып қуғанда, Хадиша Бәйтеннің жанына келіп отырған.
— Жоқ, сен төрге отыр, – деді оған Қамидолла Нұрбектің қасынан орын көрсетіп.
Хадиша басын шайқады.
— Болмайды, болмайды. Кәне! – Қамидолла қол тоқпағын кезене бастады.
— Неге мен онда баруым керек? – деп Хадиша оған таңырқай қарап.
— Көп сөйлеме, барасың! – деп күш жұмсай берген Қамидолла әлдекімнің:
— Ау, әлі талай ауысамыз ғой, оның неменесіне шүйліктің, – деген сөзінен кейін ғана райынан қайтты.
Нұрбек қасына келіп отырған, қайқы мұрын, жалпақ бет қызға көзінің қиығымен қарады да, көңілі толмай, жұқа еріндері жымдасып, сазара қалды.
Төменгі жақта әлденеге таласып опыр–топыр болған бозбалаларды ойын басқарушының қол тоқпағы лезде жөнге түсірді.
Жастар тегіс қосарланып, көршілерін тапқан кезде (қыз жетпей, көршісіз қалған екі жігітке ойын басқарушы «біреуің қыз боласың» деп бастарын қосып, бірге отырғызды) Қамидолла алқа–қотан отырған «көршілерге» шетінен бастап сұрақ қоюға кірісті.
— Көршіңмен аразсың ба, татусың ба?
— Татумыз, – деп жымиды бітік көз қара жігіт жанындағы қызға қарап.
Қыз тымырайып үндеген жоқ.
— Татулығыңды немен дәлелдейсің?
— Дәлелдеу деген немене? – деді жігіт жорта түсінбей.
Қамидолла оны қол тоқпақпен жон арқадан салып өтті.
— Бол тез.
Жігіт бұйрыққа көніп, татулықтың белгісін білдіру үшін, көршісінің бетінен сүймек болып еді, қасындағы қызы бас білмейтін жылқыдай шапшып, қол тигізбеді. Қамидолла оны да қол тоқпақпен сабырға келтіріп, екеуінен не айрылысуды, не ойынның шартын орындауды талап етті. Ақыры жігіт асау қызды ту сыртынан құшақтап, сүйген боп ырымын жасады.
— Немене, міндетті түрде беттен сүю керек пе? – деді әлдекім ойынның шартына риза болмай.
— Ол өз еркің, – деді Қамидолла келесі көршіні тергеп жатып.
— Сүйгің келсе, сүй, болмаса дүре қабылда.
Торғай көршісін менсінбей, Әміртайдың көршісін сұрап, ол: «Көршімді оған бергенше, қолымды төбеме қойып қаңғып кетермін», – деп күмпілдеп, бірақ тартатын жазасы – ортаға шығып, өлең айту болған соң, өмірінде әу деп көрмеген байғұс: «Дәм жазбаған шығар, қалқам, бара ғой», – деп көршісімен амалсыз қоштасты.
Ойын барған сайын қызып, қыран–топан күлкі үдей түсті. Біреулер ортаға шығып өлең айтты, домбыра тартты, енді біреулер алақандары білеудей болып, дүре жеді, өзінің шынтағын тістеп, тілін мұрнына жеткізбек болғандар да бар. Ойынды көруге жерошақ басында жүрген келіншектер де келді.
Қамидолла Нұрбекке жақындап:
— Көршіңмен аразсың ба, татусың ба? – деді жұмсақ үнмен.
— Удай аразбын, – деді Нұрбек көзінің қиығымен қасындағы қызға қарап.
— Кімнің көршісін қалайсың?
— Бәйтеннің көршісін.
Қамидолла Бәйтенге бұрылды:
— Көршіңді бересің бе?
— Бермеймін.
— Бермеймін дейді, – деді Қамидолла енді Нұрбекке қарап.
— Бермесе, жиырма дүре.
Бәйтен қолын тоса берді. Қамидолла түрпідей қатты боп ширатылған орамал тоқпақты құлаштай сілтеді.
— Бір… екі… үш…
— Ау, шамаласаңшы, – деді шет жақта отырған Қаратай, – жүн сабап жатқан жоқсың ғой.
— Алты… Сенің шаруаң емес. Жеті…
— Мынауың қайтеді – ей?..
— «Соқырдың қолына, саңыраудың астына түспе деп»…
— Ал мынаның астына түссең де, үстіне шықсаң да, оңбассың, – деді Әбдіғаппар Қамидолланы иегімен көрсетіп.
Жұрт ду күлді.
— Он сегіз… он тоғыз… жиырма.
Бәйтен нарттай қып–қызыл болған алақанын сипап, осының бәрі сен үшін дегендей, жымиып Хадишаға қарады, бірақ өзінің әрең шыдағанын сездірген жоқ.
Келесі айналымда Нұрбек Хадишаны тағы сұрады.
— Бермеймін, – деп безерді Бәйтен.
— Отыз дүре.
Жастар шулап, кеу–кеулеп, екеуінің арасындағы ерегістің немен бітерін күтуде.
Бәйтен тағы да қолын созды.
— Бәлкім, өлең айтып берермін.
— Керегі жоқ, – деп кесіп тастады Нұрбек.
Қамидолла қол тоқпағын өршелене сілтейді. Бәйтен оның әдейі жанды жері – білегіне тигізе ұрып жатқанын білсе де, үндемеді. Дүре біткен кезде қолының домбығып ісіп кеткенін көрді.
Нұрбек Хадишаны үшінші рет сұрағанда, бұл ойынның астарында шын ерегіс жатқанын жұрттың бәрі аңғарды.
— Мен Бәйтеннің көршісін қалаймын, – деді Нұрбек өтінішін қайталап. – Бермесе неге бермейтін себебін айтсын, сосын тиісті жазасын алсын.
Ойын басқарушы қол тоқпағын бұлғақтатып:
— Көршіңді неге бермейсің? – деді Бәйтенге.
— Татумыз, сосын бермеймін.
— Ендеше, қырық дүре.
— Ау, сендердің мыналарың не? – деді Қаратай Нұрбекке қарап.
— Мынау ойын емес қой…
— Сен ақырын ұрсаңшы, – деп қыздардың бірі Қамидолланың етегінен тартты.
— Сенің шаруаң емес. – Қайқая керіліп, қолындағы орамал тоқпақты енді сілтей берген Қамидолла алдынан Хадишаның сүйрік саусақты кішкентай алақанын көріп, қалт тоқтады.
— Ұра бер, ұра бер, – деді Хадиша екінші қолымен Бәйтеннің қолын ұстап тұрып. – Бұл жолғы кезек менікі… Соқ дедім ғой.
Ойын басқарушы абыржып, Нұрбек пен Бәйтенге кезек–кезек қарады да, артынан өз міндеті есіне түскендей, қайта күжірейіп:
— Маған бәрібір, қайсың болсаң да, – деп қыздың нәзік алақанын аяусыз соққының астына алды.
Бәйтен мен Хадиша алақандарын бірінен–бірі асыра, кезек–кезек тосып, қырық дүренің бәрін де өтеп шықты.
Шет жақта отырған келіншектер:
— Онысы несі, жұрттан ұялмай ма? – деп Хадишаның әлгі қылығын ерсі көрді.
Есіктен тақиясын ұстап еңкейе кірген Жоламан үйге қанша табақ тарту керек екенін анықтау үшін, мал түгендегендей қолын шошайтып, күбірлеп отырған адамдарды санай бастады.
Кенет Нұрбектің керегеге басын тіреп отырғанын көрді де:
— Әй, мынау қайсы? – деді есік жақта отырған біреуді танымай. – Бергіні айтам… Отарбаймысың? Тұр. Нұрбектің артыңа тағы бір жастық тасташы. Бол. Осы күнгі жастар кісіге қызмет қылуды білмейді. Әй, нағашың Мұси ғой, қайда барайын деп ең.
Ду күлген жастарға насаттана қараған Жоламанның жүзінен өзін осы тойдың заңды иесімін деп білетіні, және соған әбден риза екендігі сезіліп тұрды.
Жоламан кеткен соң, кідіріп қалған ойын қайта жалғасты. Ойын басқарушы Нұрбектің алдына төртінші рет келіп:
— Көршіңмен… – дей берді түсініксіз міңгірлеп. Оның тілегін орындай бере алмағанына өзін кінәлі санайтын секілді.
— Айтқаным, айтқан – мен Бәйтеннің көршісін қалаймын… Тағы бермеймін десе… – Нұрбектің көзі Хадишаға түсті, Көршісі Бәйтеннің бетінен сүйсін.
Қамидолла Хадишаға бұрылды:
— Кәне, көршіңнің бетінен сүй, болмаса, анда барасың, – деді қол тоқпағымен Нұрбек жақты көрсетіп.
Хадиша бір шама не істерін білмей, іргеге тығылып, үндемей отырды да, кенет әлденеге ерегіскен адамша ілгері жұлқынып, Бәйтеннің бетінен шөп еткізіп сүйіп алып, іргеге қайта тығылды. Күтпеген жайттан жұрттың бәрі, – Бәйтен де, тіпті Нұрбек те сасып қалды.
Қыздар ұялып бетін басты.
— Ой, көкжал! – деді сүйсінген біреу есік жақтан.
— Бұл екеуін құдай айырмаса, адам айырмайтын болды, – деп қалжыңбас Әбдіғаппар онсыз да қып–қызыл болып іргеге тығыла түскен Хадишаны одан сайын ұялтты.
Нұрбек күреңітіп төмен қарады.
Дәмнен кейін «Хан қалай», «Орамал жүгіртпек», «Сақина салмақ» секілді қыз–жігітті жарастыруға арналған ойын–сауық басталды. Ойын қызығына еліккен жастар ырду–дырдумен түннің бір уағында әрең тарады.
Жұлдыздар самсаған айлы түн, бой сергіткен салқын ауа, қыздардың сыңғырлаған әсем күлкісі әркімнің көңіліне бүгінгі думан бітпесе екен деген бір тілек әкелгендей. Жастар екеу–екеуден бөліне бастады.
Оңаша қалған Бәйтен мен Хадиша ауыл ішімен жүруді ыңғайсыз көріп, өзен жаққа қиыстай бергенде жердей шыққандай болып, алдарынан бір адам шыға келді. Нұрбек: Жалғыз емес секілді, алыстау жерде тағы біреулер қараңдайды.
— Қарындас, бір минутқа кідіріңізші, – деді Нұрбек Хадишаға қолын созып.
Бәйтен ештеңе айтудың ретін таппай, қыздың өзі білсін деген оймен ілгері озып кетті.
— Бір ауыз сөзім бар, – деді Нұрбек жұмсақ үнмен. Сәл ғана тоқтай тұрыңызшы.
Бәйтен артына қарай ыңғайсызданып, қыздың даусы естілмеген соң, апыр–ай, қалып қойғаны ма, деген қорқынышпен жарқабаққа түсе берген.. Осы кезде аяқ дыбысы естілді де, іле артынан қуып жеткен Хадиша мұның қолынан ұстап, ойға қарай дедектей жүгіріп, су жиегіне келгенде бір–ақ тоқтады.
— Неге тастап барасың? – деді қыз Бәйтенге жыламсырай қарап.
— Кім? Мен бе? – Бәйтен таңырқаған түрмен қасын керіп, иығын қушитты. Ол саған тоқта деді. Не істеу керегін сен өзің шешсін деп ойладым. – Жігіт қыздың жылап тұрғанын сезіп, елжіреп, құшақтай алды. – Мен қайдан білейін, сенің кімді қалайтыныңды? Ол да жас жігіт, оның үстіне үлкен әкім, атағы бар… Сені әлде қайтеді деп ойладым. Артымнан қуып жеткеніңде қатты қуандым… Рақмет…
— Жексұрын, – деді Хадиша еркелеген сәби үнмен.
Бәйтен Хадишаның бетіне бетін тигізді. Мұрнына баланың иісіндей кісі елтіткен жанға жайлы қоңыр – жұпар қыздың иісі келді. Бойы балқыған жігіт қыздың ерініне сүлікше қадалды. Қыз бұлқынып әрең босанды. Екеуі де бір ауық есеңгіреп, естерін жиған тұста:
— Ұятсыз, – деді қыз жігіттің қолынан ұстап тұрып.
— Неге?
— Ыңғай ауыздан сүйесің…
— Ойбай–ау, жұрттың бәрі сүйетпей ме?
— Немене сен солармен сүйісіп көріп пе ең?
Бәйтен шын састы.
— Кетші, – деді ақыры басқа сөз таба алмай.
Қыз жігіттің омырауына бетін басып тұншыға күлді.
— Жүр, кетейік, – деді бір кезде Бәйтен төңіректе әлдебір қараңдаған бейнелерді көріп. – Біреулер аңдып жүрген секілді.
Хадиша қорқып кетті.
— Енді қайттік? – деді дірілдеп Бәйтеннің қолынан айрылмай.
Қызды жетелеп, шіліктің арасымен Шайтанкөңге қарай тіке тартқан Бәйтен тағы да алдан қараңдаған бейнелерді көріп, тоқтай қалды. Әлдекімдердің өздерін торып жүргеніне оның күмәні қалмады.
— Жүр, кейін кеттік.
Бәйтен мен Хадиша жиектегі борық қоғалардың тасасымен суаттың тұсынан қырға шықты да, жүгірген күйлерінде оқшау тұрған Қызыл отаудың қасына келді. Бәйтен қалтасынан кілт алып, есік ашты.
— Тез, тез кірсеңші, – деп Хадишаны итере – митере, ішке кірді де, қолын есіктің көзінен өткізіп, құлыпты сырттан қайта жапты.
— Енді бізді ешкім де таба алмайды, – деді қараңғы үйдің ішінде қалтырай ентіккен қызды бауырына қысып.
Оңаша қараңғы үйдің әсері ме, әлде қауіптен құтылғанына қуанды ма – Хадиша жігіттің аймалағанына тез еріді. Өне бойы дірілдеп, талықсып, аяғын басуға шамасы келмеді. Іргеге жайылған көрпенің үстіне қисайған кезде қыздан мүлде сабыр кетті. Бойдағы ерікті жоғалтып, тәуекел мен құштарлықтан басқа серігі қалмаған Хадиша кеудесін басқан жігіт салмағынан есі кетіп, екі иінінен алқына дем алды. Істің насырға шабуға жақын қалғанын сезген жігіт есін бірінші жинады.
— Хадиша, – деді ол алқына сыбырлап, – сәл сабыр етші, есіңді жишы.
Сырттан әлдекімдердің күбірлей сөйлескен дауыстары естілді. Хадиша селк ете қалды – құштарлық дірілі, қорқыныш діріліне ауысты.
— Осы тұсқа келгендей болып еді, – дейді күшенген қоңыр дауыс.
— Мен де байқадым.
— Ішке кірген жоқ па?
Қорыққаннан үн шығарып қоймасын деп, Бәйтен қызды бауырына қысып, шашынан сипап, сабырға шақырды.
Бір адам Қызыл отаудың есігіне келіп, құлыпты көріп, бір–екі рет салдырлатып, жұлқып көрді.
— Жоқ, – деді сосын күңк етіп, – мұнда жоқ. – Ендеше, өзен жағында қалды. Жүріңдер, сол жақтан іздейміз.
Беймәлім қуғыншылардың дыбысы өшкен кезде: – Кеттік, – деді Бәйтен Хадишаны қолынан демеп.
XV
Таңертең Бәйтенді апасы оятты.
— Қалқам, тұра ғой, ауылнай шақыртып жатқан көрінеді.
Бәйтен беті қолын жуып, жылдам киініп, кеңсеге келді. Кеңсе ішінде Смайыл, Әусағит, Сағидолла қағаз жазып отырған ауылнайға анда–санда бір қарап қойып үнсіз отыр.
— Осы Нұрбек жүріп кетті ме? – деді бір кезде Әусағит сұраулы жүзбен жан–жағына қарап.
— Қашан! – деді Смайыл көзін жұмып. – Баяғыда аттанып кеткен.
— Дұрыс қой онысы, – деді Әусағит Нұрбектің «баяғыда» аттанып кеткенін орынды көріп. – Күн ысымай, жолды өндіріп алып, Қожайдікіне түстеніп алса, кештетіп қалаға жетіп бармай ма…
— Рас, рас, – деп Сағидолла да басын изеді.
Ауылнай жазып отырған қағазынан басын көтеріп, Бәйтенмен амандасты да:
— Сендерді комиссияның мүшесі етіп алып отырмын, – деді отырғандарға барлай қарап. – Кешегі жиналыстың шешімі бойынша. Ауданнан комиссия келеді деп, қол қусырып отыруымыз ұят. Жоғарыдағылар тапсырманы бізге беріп отыр. Ендеше, өзіміз орындайық. Ал ауданнан келген комиссия не істейтінін өзі білсін, солай емес пе?
— Өте дұрыс, – деп құлшынды Смайыл.
— Дұрыс болса, біз осы қазірден бастап іске кірісеміз. Кешегі тізім сол күйінше, басқа хабар болған жоқ. Кеттік.
Ауылнай бастаған комиссия іске кірісіп те кетті, тізім бойынша қыстаудағы шошаланы тінтті, күдікті жерлерді сүйменмен қазып, ұра іздеді; табылған астық жаңа сойылған малдың еті; сары майларды қоймаға жөнелтті. Жеткізушілердің сөзі рас болып шықты: Дәуітбай, Сауытбай, Тұршабай, Омарлардың ұралары тегіс ашылды. Комиссияның жүрген жері айқай–шу ұрыс–керіс, екі жерде төбелес шығып, оған акт жасалып, ауданнан милиция шақырылатын болды.
Ауылдың бос жүрген адамдары мен бала–шағаның қоршауында үлке топ болып үйден үйге жылжыған тексерушілер Көбендікіне беттегенде жұрт аң–таң болып, өзара күңкілдесе бастады.
— Ay, бұл белгілі тақыр кедей ғой…
— Артельдің мүшесі емес пе?
— Бар бәле сонда болып тұр ғой.
— Ол не бәле?
— Осыдан бір ай бұрын бұзауы жоғалған, сөйтсе онысы бекер екен, өзі жасырып, сойып алыпты ғой.
— Байғұс, бала–шағасының қарны ашқан соң, қайтсін.
— Жұрттың бәрі артельдің малын сойып ала берсе, не болады?
— Рас–ау, өзінікі деген аты болмаса, шынында да, артельдікі ғой.
Бұл кезде Көбеннің үйі де бір қатердің таяп қалғанын сезіп, өздерінше әрекет жасап жатты. Көбеннің аузы салпиған қызыл бет әйелі Сәтіш қолындағы соңғы шұжығын қайда тығарын білмей, ышқырынан дамбалының ішіне түсіріп жібергенде, комиссия адамдары да үйге кіріп үлгерген еді. Смайыл «ой, әкең»… деп, «бірақ ол бұл сөзді біреуді боқтау үшін емес, өзін–өзі жігерлендіру үшін айтушы еді) әйелдің қасына жүгіріп келді де, көйлегін жоғары түріп жіберіп, әйелдің жан даусы шыға, шыңғырғанына қарамастан ышқыр бауын тартып қалды; бауы үзілген іш киім төмен сырғып алдымен әйелдің тыр жалаңаш бұты, одан кейін екі бүктеліп ұшын қосқан дөңгелек жуан шұжық көрінді. Шұжық топ етіп жерге түскенде, қалшиып қатып қалған әйел есін жиып, ойбайлап дауыс қылған күйі жанталаса көйлегін түсіріп, сыртқа жүгірді. Ыңғайсыз жерден шыққан тағамды жерден көтеруге ешкімнің батылы бармағандай, жұрт состиып – состиып тұрып қалды. Өзі тапқан затты өзі көтеру міндетті секілді болып, Смайыл шұжықты қамшының сабымен іліп алып, әлдекімдерге ұсынып еді, ешкім қозғалмаған соң: «Қазір аламыз ғой», – деп, алашаның үстіне тастай салды.
Үйдің іші астан–кестен болды. Бұзаудың еті кілем мен керегенің арасынан табылды.
— Сорлы, тыққан соң, дұрыстап тықпай ма? – деді есік жақта тұрған әлдекім кейи күбірлеп.
Етті қоймаға әкетерде қапшықтың аузын буып жатқан Сағидоллаға:
— Манағы шұжық ішінде кетті ме? – деп сыбырлады Смайыл.
— Иә, ішінде.
— Тш–ш, айғайлама. Неге бөлек салмадың? – Смайыл ананың тағы әңгірлей жөнелетін сыңайын сезіп: – Болды, болды, жарайды, апара бер, деді дауыстап.
— Ой, аллай, шұжықты дамбалының ішіне… – деп біреу селкілдей күлді.
— Шырағым, күлме, – деді шалдау кісі. – Жетіскеннен істеп отыр дейсің бе..?
Тексерушілер дүрлігіп Асқардың қыстауына келді. Бикен сенектің ішінде қысқа жинап жүрген тезектерін қаластырып жатқан. Топырлаған жұртты көріп, қорыққаннан сілейіп, үні шықпай тұрып қалды.
— Есенсіз бе? – деді ауылнай ұрысқан адамдай жеки сөйлеп.
Төбесіне әр тұстан тіреулер қадаған қоржын үйге тек комиссия мүшелері ғана кірді. Ауылнай төр үйдің терезе жақ бұрышында бұл менің ойлап тапқан шаруам емес, – деді Жақай алғашқы қатқыл үнін өзгертпестен. – Үкіметтің тапсырмасы осылай. Ертең ауданнан комиссия келіп тексерсе, жазасы ауырырақ болады, білдіңіз бе? Біз текке келіп отырған жоқпыз, – көрсетумен келіп отырмыз. – Содан кейін аяқ астынан ашуланып Сағидолла айқай салды. – Қаз анау екі бұрышты.
Ауылнайдың неге ашуланғанына түсінбеген Сағидолла апалақтап қолындағы істік темірді жерге сұққылап, топырағын қопара бастады. Бірақ екі бұрыштың екеуінен де ештеңе табылмады.
— Енді ана бұрышты, – деді Жақай. Сағидолланың дегбірін қашырып.
Бәйтен пешке сүйенген күйі екі көзін ауылнайдан айырмайды. Ұраның дәл Жақай отырған кебеженің астында екені айдан анық – қопсыған топырақтың өзі айтып тұр. Бірақ соның бәрін ауылнайдың өп–өтірік сезбеген болып отыруы түсініксіз жұмбақ. Сағидолла да бұл жәйтке түсінбей, жердің топырағын қопарып жатып, кебеженің астындағы бос топыраққа қайта–қайта қарап қояды.
— Ауыз үйді тексеріңдер, – деп бастырмалатты ауылнай. – Онда болмаса, қораның ішін тінтіңдер.
Жұрт топырлап ауыз үйге өтті, одан біршама у–шу болып, далаға шықты. Ауылнай кебеженің үстінде әлі отыр. Бикен де, Бәйтен де қаққан қазықтай орындарынан қозғалмайды. Кенет Жақай ұйқыдан оянған адамша сілкініп, іс бітті дегендей алақанымен тізесін сарт еткізді де, ләм–мим деместен шыға жөнелді.
Түстен кейін тексеру тағы жүрді. Бос тұрған қойма астық пен тамаққа толып кетті.
— Сорлы басым, әуелден осылай істесемші, – деп өкінді ауылнай. – Сонда жоспардың бәрін баяғыда орындайды екем.
Тексеру бойынша өткізілген кешкі жиналыста комиссия өз міндетін толық атқарып шықты деген шешім қабылданды. Күні бойғы тінтісте тек Өлместің ғана ұрасы табылмады. Көрсетілген екі жердің екеуі де жаңылыс болып шықты.
— Өлмес мұндай жерден ұра қазса Өлмес бола ма? – деп Жақай күлді де қойды және осының бәрі адамның көңілін көтеріп, бұл үйде айтылған әңгіме, әзіл–қалжың айрықша мәнді де, мағыналы болып шығатындай әсер етеді.
Жақай домбырасын тыңқылдатқан күйі Бәйтенге қарап, даусын көтере:
— Қатын – ей, шайды тездет, – деді.
Сырттан:
— Қазір, қазір, – деген әйелдің көңілді даусы естілді.
— Шайға тым кеш боп кетті ғой, – деді Бәйтен ыңғайсызданып. – Мен тек алдыңгүнгі почта сіздің үйде қалды деген соң, ала кетейін деп… Күндіз қол тимейді.
— Е, аласың ғой, – деді Жақай оған онша мән бермей. – Үйге күнде кеп жүрген адам емессің, шай ішіп кет. Дайын тұр. Осы үйде азғантай дәм де бар шығар.
Есіктен самаурын көтеріп Злиха кірді, кернейден шыққан түтін көзіне кіріп, басын қисайта, бетін тыжырайтып, сонысы өзіне қызық боп көрінгендей, күліп келеді.
Дастарқан жайылып, қиықша нан мен қорытқан қант тасталды.
Жақай шайды жастыққа шынтақтап жатып ішті.