Байланыс телефондары:
+7(7172) 20–44–5
+7(701) 533-12-2
» » Әңгіме: Өліара | ТОҒЫЗЫНШЫ БӨЛІМ

Әңгіме: Өліара | ТОҒЫЗЫНШЫ БӨЛІМ

26 июнь 2019, Среда
719
0

ІХ

Бригадир Ораз күндегі әдетімен кекілі көзіне түскен мәстек торы аттың үстінде тұрып:

— Ау, бұ не жатыс? Бұ не жатыс? Күн шыққанша, ұйықтайсыңдар ма? Жұмысты кім істейді сонда, ойбай? Қырылып қалғандай болып жатқан түрлерін қарашы, – деп айқайлағанда, аспанның күн шығыс беті ағарып таңның әбден атқан кезі еді. Ауыл жыбырлап ояна бастады. Ерте тұрып, сиыр сауып жүрген бірлі жарымды әйелдер Оразбен ұрысып жүр.

— Әңгүдік албасты! Балаларды оятар ма екен.

— Бригадир болам деп, бишара азғантай есінен айрылып қапты.

— Ибәй, тұқымымен жынды емес пе шаш ал десең, бас салатын.

Жұрт мына түрімен ешқашанда оянып бітпестей көрініп, жеке–жеке үйлерге кіре бастайды. Ол кірген үйден:

— Е, немене, артельдің жұмысы маған ғана қарап па? Басқаларды неге оятпайсың? Көрпемді жұлқылап, бұл қай басынғаның? – деген дауыс шығады.

Басқа үйдің ішінде де осындай ұрыс–керіс.

Ұйқысы қанбаған ауылнай үйінің сыртында тұрып:

— Құдай төбеңнен қос қолдап ұрсын, Ораз. Ауылды жалғыз өзің жау шапқандай қылдың ғой, – дейді күліп. Онысы «менің ешқандай қарсылығым жоқ, осылай жасай бер» деген секілді естілді.

Оразада шаршау жоқ. Кейбір үйлердің түндігін өзі ашып, киіз есігін көтеріп өзі байлап, қожалақ етіп жүр. Бірақ айқай–шудан аздап беті қайтқан.

— Тұрсаңдаршы, жұмысқа баратын кез болды. Әнеки, басқалар да оянды. Ұят емес пе? – дейді даусын жұмсартып.

Бәйтен төсегінде маужырап біраз жатты да, қазір жұмыс қасында Хадишаның көретіні есіне түскенде, ұйқысы шайдай ашылып, орнынан атып тұрды. Сұр галифе шалбарын, тұмсығы бола бастаған етігін киіп, сыртқа шықты да, есік алдындағы қара шәугімді алып, беті–қолын жуды. Шайтанкөң жақтағы үйлерге көзінің қиығымен қарап қойды. Үйге кіріп шешесінің дайындап қойған дастарқанынан май жағып, екі тілім нан жеп, бір тостаған ашыған көже ішіп, сыртқа қайта шыққанда, арықшалардың алды қозғала бастаған екен. Бәйтен аяғын жылдамдата басып, сол топты қуып жетті.

Сағидолла Қотырды қажап келді. Осы Қотыр менен артық жұмыс істей алады дегенге адам сене ме? Бірақ абырой осыныкі, қабырға казитінен бір түспейді, – деп Бәйтенге қарап көзін қысып қойды. Әй, Бәйтен – ай, казитті шығарып жатқан өзіңсің, осыны сен Мәмбетке жиен деп әдейі көтересің ғой деймін…

— Әрі жиен болса, әрі жұмысты өзгелерден артық істесе, неге көтермеске? – деді Бәйтен күліп.

— Әй, қайдам, – деп Сағидолла әңгірлей тусті. – Қалжасының түрі мынау. – Сағидолла өзінің иығына да жетпейтін Қотырдың бойын шамалап қолымен көрсетті. – Бұты бір тұтам. Құлағын қараңдаршы, құлағын… – Сағидолла Қотырдың ербиген құлақ жүнін ұстағысы келіп, онымен алысып кетті.

— Сен анадағы түйенің жарты етіндей болған денеңе сенесің бе? – деді Қотыр Сағидолланың қолын өзіне жақындатпай. – Тамақ ішуден басқаны білмейтін боқ дененің қажеті не? Күресесің бе өзің?…

Жұрт кеу–кеулеп Сағидолланы итерді.

— Қане, қане, күресіңдер енді.

— И, мынау қорқып тұрғаннан сау ма? – деді әлдекім Сағидоллаға ыза болып.

— Қане, Қотыр, алдымен өзің ұсташы.

Бұрын күреске шығып жүрген Шәйкемел делебесі қозып, жұлқынып:

— Қане, қане, болды, ұстасыңдар енді, – деп Сағидолланың қолын сілкіп қалып, жай бір жіпті байлай салғандай, Қотырдың белбеуіне қыстыра салды.

— Ал, кәне?..

— Қап, бәрекелді!

— Жанбасқа сал.

— Ау, сен белден ұстасаңшы, шаптан неге тірейсің. Қотыр, саған айтам…

Сағидолла мен Қотыр жұрт зорлаған соң, амалсыз ұстасып, енжарлау қимылдап жүрген, бірақ осының арты көп ұзамай шын күреске айналды.

Әпербақан Сағидолла қазір–ақ алып ұратындай, апыр–топыр қимылдап, Қотырды оңды–солды айналдырып, дедек қақтырды. Қотыр бұқамен сүзіскен тайыншадай көткеншектей қағысып, қаша түссе де, шымыр неме жығылар емес; Сағидолла жерден тулақша көтеріп алғандай судан шыққан бақадай екі аяғы тырбиып, жабыса қалады да, қалай соқса да, дік етіп аяғымен жерге түседі.

— Қотырым, жарайсың, – деді топ ішінен біреу риза болып.

Көп ұзамай екі палуанның екеуі де шаршап, жығыса алмайтын дәрежеге жеткенде:

— Ау, болды енді, жұмысқа барайық, – деді Байбақ жұртты ілгері бастап. Содан кейін бір жері ауырғандай бетін тыржитып, өзінің сүйкімсіз жіңішке даусымен:

— Тұла бойымның құрысып келе жатқанын қарашы, – деді қатар келе жатқан қисық қол Сонарбайға.

— Күшің тасып келе жатқан шығар, – деп қылжақтады Сопарбай. – Қазір жұмысқа кіріскен соң, тарқайды.

Байбақ әзілге мән берген жоқ.

— Қайдағы бір жыным ұстап, бір бәлеге ұрынар кезде үстуші еді, – деді тағы да кіржиіп.

Байбақтың мінезін жақсы білетін Сонарбай шошып кетті:

— Кет – ей, мына дүлей не дейді? Ойбай, менен аулақ. – Соны айтып, ойын – шынды ығысып, топтың келесі қабатына шықты.

Алғашқы топ арық басына келгенде күн тұсау бойы көтерілген еді. Бәйтен алдымен Хадишаға бөлінген жерді қазуға кірісті. Екі басы тереңдетіп, топырағын сыртқа шығарғаннан кейін барып, өз жеріне кірісті. Осының бәрін ешкім білмес үшін, тез кетіруге тырысып, кетпенін құлаштай сермеп, жанын сала қимылдады.

Көп ұзамай Хадиша да келді. Үстінде шыт көйлек, аяғында мәсі мен шоңқайма кебіс – тойға баратын адамның түріне көбірек ұқсайды. Құлағына сырға салыпты. Бәйтен қарап:

— Сәлем, – деп маржандай тістерін көрсетіп жымиғанда, түрінен әлдебір жасандылық, әдейі ұнасам деген бикештік қылымсу байқалып тұрды. Бірақ сонысы Бәйтенге қатты ұнайтын. Өйткені әлгі жасандылықтың балалықтың, бикештің тәжірибесінің жоқтығынан екенін және үстіне киген киімдері де, құлағындағы сырғасы да, шалғайлау шығып жатқан бикештік қылықтары – бәрі–бәрі бір өзіне арналып жатқанын іштей сезетін.

Хадиша жұмысына кірісе берді де, өз жерінің әжептәуір қазылып қалғанын аңғарып, Бәйтенге көзінің қиығымен білдірмей қарайды. Білдіріп алса, Бәйтеннің қысылатынын сезіп, өтірік екенін байқамаған болады.

Жұрттың ең соңынан Есімбек пен Шырақжан келіп жетті.

Қаратай жұмысын доғарып, жеңімен маңдай терін сүртіп, белін жазды да:

— Апыр–ау, Есімбек пен Шырақжан кешіксе, оқасы жоқ… Жаңа үйленген адамдар, күндіз де, түнде де жұмыс істейді. Сонда осы Төлеміске не жоқ? Әлдебір ұрлығы бар ма?

— Кетші әрі, көгермегір! – деді Шырақжан қып–қызыл болып.

Жастар жағы ду күлді.

Төлеміс те бір жағынан қабаттасып:

— Мал жоғалтып, атаңа нәлет жалғыз бұзау жер–көкке тұрмайды, – деп ақталып жатты.

Арық басында жұмыс қыза түскен.

Терістіктен соққан самал арықшаларға шаң қаптырды.

— Ит – ау, жын ұрған адам құсамай, топырағыңды байқап лақтырсаңшы. Жер–дүниені шаң қылдың ғой.

— Бұдан артық не істеймін, қолыммен апарып қоям ба?

— Ay, жұртқа ақыл айтқанша, сен өзің байқап істемейсің бе? Көзімізге топырақ кіріп өлетін болдық, – деген сөздер жиі естіледі.

Сәскеден әрі әйелдер жағы божырай бастады.

Шырақжан арықтың жиегіне шығып жайғасып:

— Біз үшін осылар істемегенде кім істейді? Кел, демалып ал, – деп Хадишаны қасына отырғызып алды.

— Неғып отырсыңдар? – деді бригадир жандарынан өтіп бара жатып.

Шырақжан көзімен Есімбекті көрсетеді. Онысы – «мен үшін істеп жатқан адам бар, бөлінген жерді қазып бітірсек, болды емес пе» дегені.

Ораз Хадишаға бұрылып:

— Ал сен неменеге отырсың? – дейді.

Хадиша да көзі күлімдеп, қылық көрсете Бәйтенді нұсқайды. Нұсқайды да, өзінен–өзі қызарып кетеді. Сосын осынысы өзіне қызық болып көрінгендей, мойынын ішіне тығып, Шырақжанға қарап, тұншыға күледі. Шырақжан балалық тентектігі ұстап, кетіп бара жатқан бригадирдің ту сыртынан тілін шығарады.

Сүмектей болып терлеген екі жігіт демалуға арықтың жиегіне шығып отырады. Осы кезде Шырақжан не істесе, Хадиша да соны істеп, Бәйтенге терін сүртуге орамалын беріп, торсықтан сусын құйып ұсынып, бәйек болып жүргені. Қара жұмыстан тұла бойы балбырап, ағыл–тегіл терлеген кезде Бәйтен өзінің әу бастағы табиғи қалпына келгендей, орынсыз ұялшақтығын жоғалтып, Хадишаның оттай шарпыған жанарына тура қарап, әзіл айтып, өзін емін–еркін ұстайды.

«Егер өзімді ыңғай еркін ұстай алсам, Хадишаға баяғыда–ақ сөз айтқан болар ем ғой, – деп ойлады ол. – Оның өзі де кет әрі емес. Бірақ осының бәрін біле тұрып, неге жүрексіне беремін? Жалпы менің қазіргі көңіл дертімнің аты не? Үйлену қажетінен туған әшейін табиғи сезімдер ме, әлде дүнияның ұғымға сыймайтын махаббат деген құдіретті күштің өзі ме? Әлде сол екеуі бір–ақ нәрсе ме?» Осы тұста Бәйтеннің есіне Сейіттің махаббат жайлы өлеңдері түседі.

«Періштедей тәнім таза, арым мөлдір көзімнен,

Перғауынның мазарындай мызғымайтын төзіммен.

Ант ішерде айтылатын сезіммен

Сүйіп едім…

Жылдар жылжып, айлар өтіп, ойсоқты боп күні–түні,

Нәр тамбаған нәзік гүлдей сауласа да үмітім,

Есім ауып, арымнан да, жарымнан да сескенбей,

Данышпанның жаны ашыған ақылыңа еш көнбей…

(«Жарымнан да?».. Сонда қалай? Әйелі болғаны ма? Яғни махаббаттың үйленуден да басқа түрі болғаны ғой…)

Өзгені ұқпас тас меңіреу тілін кескен үнсіздей,

Эшафотқа қарсы жүріп қасарысқан дінсіздей,

Кесірленіп сүйген едім мен сені..?

Сейіттің орысша да жазған өлеңдері болатын. Өлеңдерінде сүйіспеншілік жайлы жан тебіренте сыр ақтарып, ал ауызекі әңгімеде соның бәрін жоққа шығарады. Қорықсаң, махаббаттан қорық деп отырар еді әр сөзінде. Ұлы махаббат ешқашанда адам баласына бақыт әкелген емес дейтін ол. Махаббат деген қырық пышақ болып жатқан қан майданға өз еркіңмен кіру деген сөз. Сол майданның ішінен біреудің атқан оғы не сілтеген найзасы тимей, аман–сау шыға қоям деп ойлау – балалық. Олай деп сүйіспеншілік шалығына ұшырап, көзі қарауытқан, ақылын тұман басқандар ғана айта алады. Қозы мен Баян, Жібек пен Төлеген неге бақытсыз болды? Біз оны Қодар мен Бекжаннан көреміз. Олар да махаббат дертіне шалдыққан жандар. Олардың орнында өзің болсаң, сен де соны істер едің; Қозы да, Төлеген де сенің ең асыл сезімдеріңді, армандарыңды аяққа таптаушы қатыгез жандар болып көрінер еді. Сондықтан жасалған қиянаттың себебін адамдардан емес, махаббаттың өзінен іздеу керек.

Жо–жоқ, Сейіт, қателесесің. Олардың көрген азабы бақытсыздық емес. Мәселен, анаң үшін, балаң үшін от пен суға түспейсің бе? Бірақ сол жолда көрген азап, сен үшін лай көңілдің өткінші рақатынан әлдеқайда артық емес пе? Немесе сол көрген азабыңды анаңа, балаңа деген махаббаттан көруге бола ма? Әрине, жоқ. Қайта парызымды өтедім деп өз ерлігіңе өзің сүйінер едің.

Егер махаббаттың айрықша бір қадірі болмаса, неге атпалдай азаматтар сол үшін ғұмырларын құрбан етіп, ұлы ерліктер жасайды. Неге атпалдай азаматтар арларын жоғалтып, сол үшін жан түршігерлік қылмысқа барады. Яғни оның үлкен бір мәні болғаны… Меніңше, махаббат деген адамды дүние, малдың есебінен шыға алмайтын құмырсқа сезім, күйкі тірліктің қамауынан босатып, аспан әлем, мәңгілік дүниесіне көтеріп шығаратын бір ұлы күш. Мәселен…»

— Қой, жұмысқа кірісейік, – деген Есімбектің даусы оның ойын бөліп кетті.

— Сіз не ойлап отырдыңыз? – деді Хадиша Бәйтеннің жеңінен тартып. Түрінде кішкентай баланы қызықтағандай ересек жымиыс бар. Бәйтен әлденеге қызарып кетті де, соны білдірмеу үшін кетпенін ала салып, жер қазуға кірісті.

Түс кезінде жұмыс басына Жақай бастаған бір топ салт атты сау ете қалды. Іштерінде су инженері Юрий Иванович Семенов бар. Артель бастығы Сұлтан қолтығынан демеп, аттан түсіргеннен кейін, Семенов арық басына келіп, қазылған жерге көз жіберіп, басын шайқап көңілдене ысқырып жіберді.

— Молодцы, аксуатовцы! Значит план перевыполняем. Здорово! В следующем году здесь будет не артель, а рай. Сулай ма? – деді Семенов қасында тұрған Сұлтанға қарап қазақшалап.

— Сулай, – деді сасып қалған Сұлтан да Семеновтың сөзін сол күйінде қайталап.

Жұрт ду күлді.

— Біздің басекең қазақшаны ұмытуға айналған ба, қалай? – деді әлдекім күле сөйлеп.

Жұртқа қосылып Сұлтанның өзі де күлді.

— Сулай, сулай, – деді енді әдейі айтқан болып көріну үшін.

Семенов қазақ тілін бұза сөйлесе де, ештеңеден қысылмай жұрттың бәрін күлдіріп, әңгіме айтып тұр.

Жұмыскерлер тегіс соның қасына жиналды. Семенов әркіммен жеке-жеке сөйлесіп, жан – күйін, шаруашылығын, тіпті қанша малы барына дейін сұрады.

— Шырағым – ай, екі ешкіден басқа түгіміз жоқ, оның өзін не сойдырмайды, не саттырмайды, – деп әлденеден дәме қалғандай, Шәйкемел зарлап қоя берді.

— Все будет, ақсақал, бәрі шулады. Су болады, шу болады, мал булады. Солай ма?

— Солай шығар, – дейді Шәйкемел көзі жыпылықтап.

Семенов әйелдер жағымен тіпті көңілді әңгімелесті, әрқайсысының қолын алды. Әйелдер, әйтеуір, күлуіміз керек шығар деп ойлағандай, ол не айтса, соның бәріне күле берді. Семенов Бәйтеннің қасында тұрған Хадишаның қолын алып тұрып:

— Да, настоящая красавица! – деді басын шайқап таң қалып. – Просто прелесть! – Содан кейін қазақшалап: – Келин, келин, – деп Бәйтенге қарады. – Семенов «мынау сіздің үйдегі келін бе» дегенді айтқысы келіп еді.

Оған жұрттың бәрі түсініп, бір түрлі ыңғайсызданып қалды да, бірақ Семенов енді басқа әңгімеге көшетін шығар деген оймен бәрі байқамаған, аңғармаған түр байқатты, Бәйтен де иығын көтеріп ештеңе ұқпағанын білдірді.

Семенов енді Хадишаға төніп, қолымен Бәйтенді көрсетіп:

— Саған күйеу, – дейді, солай ғой дегендей өзі басын изеп. – Тоже хороший.

Хадиша күп–күрең болып жерге қарады.

— Юрий Иванович, вы смущаете девушку, – деді Бәйтен осы тұста сөзге араласып. – Она ко мне не имеет никакого отношения. Разве, что вместе работаем.

Семенов сасып қалды да, Хадишаның қолын қайта алып:

— Прости, дорогая, прости, қарындас! – деді жалынғандай бір үнмен. Семеновтың ақ жарқын мінезі жұртты баурап алғаны соншалық, ол не айтса да, кешірмеу мүмкін емес еді.

Әйелдер жағы жармасып:

— Оқасы жоқ, оқасы жоқ, білмей қалды ғой, енді қайтсын, – деп Семенов пен Хадишаны бірдей жұбатып жатты.

Хадишаның жүзі жылыған кезде Семенов бір бәледен құтылып шыққан кісідей көңілденіп, алғашқы жайдарылығына қайта оралды.

— Все таки, казашки очень красивые, – деді сосын Бәйтенге қарап. – Сколько женщин здесь? Все они красивые, посмотри… – Семенов осы айтқаным рас па екен дегендей әйелдердің жүзіне қайта қарап шықты. Жаль, что я женат, а то объязательно женился бы на казашке.

Орысшаға түсінетін екі–үш адам күліп жіберді. Қамидолла да күлді, бірақ ол Семеновтың не айтқанына түсінген жоқ, жұрт орысша түсінеді екен деп ойласын деп әдейі күлді. Әйелдер жағы Қамидоллаға жармасты.

— Айтшы, жетпегір, не деді жаңа?

Қамидолла қыбыжықтап ештеңе айта алмады.

— Мәжнүн – ау, ендеше, неге күлдің?

— Е, жұрт күліп жатқан соң…

— Албасты!

Семенов әйелдердің әңгімесін түсініп:

— Переведи, – деді Бәйтенге.

Бәйтен әйелдерге Семеновтың сөзін түсіндірді:

— Юрий Иванович қазақ әйелдері қандай сұлу деп таң қалып отыр. «Әттең, үйленіп қойдым, әйтпесе міндетті түрде қазақтың қызын алар едім», – дейді.

Әйелдер не күлерін, не күлмесін білмей бір–біріне қарады.

Әлдекім: «Қой, құрсын, ойбай» деп еді, себеп табылғанына қуанып, бәрі сол сөзге ду күлді.

— Жаным – ау, мынауың бір ғажап адам ғой, – деді Ботбай Сонарбайды түртіп. – Ауданнан келген басқа өкілдер оқтау жұтып алғандай аяғының астына әрең қараушы еді. Мына кісі тура өзіміздің ауылдың адамы секілді.

— Айтпа, деймін, – деп Сонарбай көзін жұмып басын шайқады. Бірдеңеге қатты таң қалғанда бұл кісі өстуші еді.

Семенов жаппаның астында отырып, жұмыскерлермен бірге тамақ ішті. Далада отырып, осылай тамақ ішкенді жаны жақсы көретінін айтты. Кетерінде Бәйтеннің қолын жібермей:

— Слушай, ты женись на этой девушке. – Семенов абайлап Хадишаны көзінің қиығымен көрсетті. – Она тебя любит. Это я заметил по ее глазам, – деді манадан бергі сөзім бір бөлек, осы сөзім бір бөлек дегендей байсалды пішінмен.

Ауылнайлар атқа қонды. Есепші Қали еңбеккүн жазуға жұмыс басында қалды. Бұл өзі қайыстай қатқан шадыр жігіт еді. Есепші болғалы тіпті шайпауланып алған. Әкімдер кетісімен, осы мәз болғандарың жетер дегендей:

— Ay, не тұрыс, жұмысқа кірісіңдер. Әр әкім келген сайын жарты күн тұрсаңдар, биыл бітірмейсіңдер, – деп күндегі әдетімен зеки жөнелді.

— Апыр–ай, – деді Ботбай жанындағы Сонарбайға қарап. – Жаңағы инженермен салыстыршы мынаны. Осы немелер жұрттың апшысын қуыра келмесе, дәреті жүрмей қалады ғой деймін.

— Айтпа! – деді Сонарбай басын шайқап. Қали Оразды ертіп алып, қазылған жердің көлемін, тереңдігін өлшеп, өлшеген жерін ұнатпай, кейи сөйлеп, әркімге бір тиісіп манадан бергі ойын–күлкіні су сепкендей басты. Өзі қабағын түйіп алып, мен өзіме берілген жұмысты әмәнда осылай істеймін, басқаша істетем деп әуре болмаңдар деген бір түрмен сазарып, кісіге қарамай сөйлейді.

Мұның бәрі күнделікті жайт, сондықтан оған мән беріп жатқан ешкім жоқ.

Бірақ осының аяғы жақсылыққа апармады. Күн екіндіге ауып, жұрт ауылға әне қайтамыз, міне қайтамыз деп отырғанда өзен жақ беттегі арықшылардың арасынан шу шықты. Жарыса айғайласқан бірнеше дауыс, түсініксіз ашулы сөздер бірыңғай боқтасуға ұласты да, кенет Сонарбайдың біреу бауыздап жатқаннан жаман бақырған жарықшақ үні жұрттың бәрін селк еткізді. Әйел, еркек тегіс солай жүгірді. Бірнеше адам апыр–топыр, кімнің кіммен төбелесіп жатқанын айырып болар емес.

— Сонеке, не болды? – деді Бәйтен Сонарбайды көріп. – Мен сізге бірдеңе болды ма десем…

— Ойбай–ау, төбелесіп жатқан жоқ па! – деді Сонарбай үкі көзденіп.

Арашашылардың көбі Байбақты ұстап жүр екен. Қалғандары есепшінің төңірегінде. Байбақ өзінің жіңішке жалынышты даусымен:

— Әкеңнің аузы… – дегеннен басқа ештеңе айтпады.

Ал Қали құлақты жарғандай ащы үнмен шаңқ–шаңқ етіп:

— Әкеңнің аузын мен де… – дейді осы бір сөзді айту парыздай, Байбақтың әр сөзінен кейін мүлтіксіз қайталап. – Аяғының көктен келгенін білмей қаларсың! Мұрныңмен жер тіретемін, білдің бе, мұрныңмен!

Байбақтың жіңішке даусы жұрттың дабырының арасына көміліп кете береді. Бір тұста:

— …өлтіремін, – деген үні, біреу қылғындырып жатқандай булығып шықты.

Бәлкім, төбелес осымен тоқтар ма еді, егер есепшінің артық кеткен бір ауыз сөзі болмаса. (Кейін жұрттың бәрі осы пікірді айтып жүрді). Ол сөзді анықтап естіген адам жоқтың қасы. Екі–үш әйелдің айтуынша, Қали Байбақтың қызына тіл тигізген. Жалғыз қызы Байбақтың жалғыз күйігі еді. Күйеуге бергелі отырған жерінен екі қабат болып қалып, өз үйінде отырып бала тапты. Оған Қалидың не деп тіл тигізгенін бір құдай білсін, әйелдер: «Құрысын, өзімен кетсін», – деп әлгі сөзді естеріне де алғысы келмейді. Осы бір жұрт ести алмай қалған құпия сөз есепшінің аузынан шығысымен төбелестің сипаты аяқ астынан өзгерді.

Байбақтың төңірегіндегі арашашылар шоқ ұстап алғандай серпіліп жан–жаққа қашты. Ортада пышақ ұстаған Байбақ жалғыз қалды. Ұмтыла берген Бәйтенді Сағидолла тоқтатты.

— Ол қазір ешкімді танымайды, – деді ол өзі ілгері шығып.

Байбақ құтырған аңдай есірік көзденіп, әлдекімді іздегендей болды. Қалиды ұстап тұрған кісілер де шошынып кейін шегінді.

— Әкеңнің аузын… – деді Байбақ түсі қара күрең болып, қырылдаған бөтен дауыспен.

Қали арбалған бақай қалшиып тұрған орнынан қозғалмайды.

Осы кезде кісі өлімі болғалы тұрғанын анық сезген Бәйтен Байбақтың қасына өзінің қалай жетіп келгенін байқаған жоқ. Артынан «Бәйтен» деп шыңғырған үрейлі дауыстың Шырақжандікі екенін, иә Хадишанікі екенін айырма алмады. Келе Байбақтың пышақ ұстаған қолына жабысты. Байбақ Бәйтеннен жұлқына босанып, тұра ұмтылғанда, Қали өлсем түріне қарап өлейін дегендей көзін Байбақтан алмай, тәлтіректеп шегіне түсті. Бәйтен артынан қуып жетіп, пышағын сермей берген Байбақтың қолына қайта жармасты. Пышақ Қалидың жеңіне тиді. Осы кезде барып, есі кірген Қали жан ұшыра жүгіріп, жаппаның іргесінде тұрған атына мініп үлгірді.

Байбақ жемінен айрылып қалған аңдай аласұрып, қан түленіп, бір кезде Бәйтеннің өзіне тап берді. Қарсыласпай жай тұрған Бәйтенге пышағын көтере берді де, кім екенін танып қалып, қалт тоқтап, енді өзінен басқа қару жұмсайтын адам таппағандай долданып, пышақты өзінің төбесіне салды. Екінші рет сермегенде Бәйтен оның қолына тағы жабысты. Бірақ әулетті қолды ұстап қала алмады, пышақтың төбе сүйекке қалай қадалғанын дәл жанынан көрді. Осының бәрі қас пен көздің арасында болғаны соншалық біреу біреуге аузын ашып сөз айтуға үлгере алмады.

Қатар жеткен Есімбек пен Сағидолла Бәйтенмен қабаттасып үшінші рет сермеген пышақты тигізбей, Байбақтың қолын ұстап қалды.

Басын қан жауған Байбақ ыңыранып, денесі босап, шөге берді.

Өлді, өлді, – деп бір әйел шыңғырып жіберді.

— Шуламаңдар! – деп жекіді Ботбай. – Құрым киіз күйдіріп басу керек. Біреуің тез ауылға жетіңдер. Кімде көлік бар?

Мына оқиғаны көріп, атымен қайтып оралған Қали әлгі сөзді ести салысымен, ауылға шапты.

Есінен танып қалған Байбақты сұлатып жерге жатқызып, Бәйтен мен Сағидолла қан саулаған басын жерге тигізбей қолдарымен ұстап тұр. Ботбай орамалын алып жараның аузына басты. Көп ұзамай ауылдан киіз келді. Ботбай киізді отқа күйдіріп, есін жия бастаған Байбақтың төбесіне салып:

— Тағы да киіз күйдіріңдер, – деп от жағып жатқан әйелдерге әлсін–әлсін айғайлап тұрды.

Жарадан аққан қан тоқтап, абыр–сабыр саябырлаған кезде Шырақжан Бәйтенді құшақтап жылап жіберді.

— Майып болсаң қайтесің, – деді әрі ренжіген, әрі қуанғандай бір үнмен. – Масқара бола жаздадық қой.

Осы кезде Хадишаның да көзі жасаурап тұр еді.

Келесі күні жұрт көңілін сұрауға Байбақтың үйіне барды.

Байбақтың жүзінде кешегі жан шошытқан дүлейлік жоқ, көзіндегі от сөнген, мүсәпір пішінде құдайға сыйынғаны, амандасқаны белгісіз – анда–санда аузын жыбырлатып қояды.

— Әйтеуір, аман қалдың, ақыры қайырлы болсын! – деп келгендер көңіл білдіріп жатыр.

Байбақ соның өзін дәтке қуат қылғандай, риза болып басын изейді.

Бас жағында кимешек киіп отырған әйелі кім келсе де:

— Құдайдың өзі сақтаған ғой. Әйтпесе не деген сұмдық! Апырым–ау, қалай ғана… – деп басын шайқап тұтығып, күйеуін басқа біреу пышақтап кеткендей әлдекімге реніш білдіре сөйлейді.
Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры