Әңгіме: Өліара | АЛТЫНШЫ БӨЛІМ
VI
Кешқұрым мезгіл. Таңертеңнен бері күн жауардай тұтасқан қорғасын бұлттар ауық–ауық күркіреп айбат қылғанмен бір тамбай, ақыры алақаншықтап ашыла бастады. Көкжиектің көбісінен шоқтай қызарып батар күннің жиегі көрінді.
Ауыл іші қарбалас. Сиырлар, қой–ешкілер өрістен қайтып жатса, сауыннан ағытылар құлынды биелер жөңкіліп, қыр асып кетіп барады. Қиқу салған бақташының, үй арасында малға кейіген әйелдердің дауыстары тымық ауада жаңғырып тым алысқа естіледі. Бұл кезде ауылға кештетіп құлаған бейсауат жолаушыны өз үйінде шай ішіп отырып–ақ, түрулі есіктен жұрттың бәрі көрер еді.
Бірақ ауылдың теріс жағымен баяғының барымташыларындай бір атты бос жетектеп, ұры сайға түскен қос жүргіншіні ешкім де байқаған жоқ. Бұлар Есімбек пен Бәтен болатын. Есімбектің үстінде су жаңа жұқа қоңыр бешпент, белін қызыл мата белбеумен әлденеше қабат орап алған, басында құндыз жиекті, шымқай көк барқыт бөрік. Астындағы Күреңтөбел жараған бәйге атындай жып–жинақы өмілдірік, құйысқаны шылдыр қағып, тойға баратындай малынып тұр. Бәйтен қаланың әкімдерінше басына қалпақ, үстіне иығы тікірейген орыс шапан киген. Мінгені есік пен төрдей бурыл ат.
Сай табанына түскен соң, екі жігіт аттан түсіп, көліктерін шоқ талдың түбіне әкеп байлады да, қыраттан бастарын қылтитып, Қарасу бойындағы ауылға көз тастады.
— Апырым–ай, шыға алмай қалса, қайттік? – деді Есімбек өзінен–өзі үрейленіп.
— Неге шыға алмайды? – Ол бір тұтқында отырған адам емес қой. Өткенде су алуға шықты ма, шықты. Содан бері қарай екі–үш аттаса, сайдың табанына түседі. Шықты деген сол емес пе? – Бәйтен осы сөзді жүрек тоқтату үшін әдейі сымбырлап айтса да, іштей өзінің де қобалжулы екенін сезіп тұрды.
Біртіндеп Қарасу бойын қараңғы түн басты. Жерошақтағы от сәулесімен сиыр сауған әйелдердің бейнесі көлбең қағады. У–шу саябырлап әркім өз орнын тапқандай мал да, адам да бірте–бірте тыныштала бастады. Осы кезде ауыл жақтан әлдене қараң етті.
— Мынау не, мал ма, адам ба? – деді Есімбек қашатын адамдай түрегеліп.
— Кәне, кәне? – Бәйтен қанша үңілсе де ештеңе көре алмады.
— Әлгінде біреу сай табанына түскендей болды.
— Жарайды, сабыр ет. Күтейік.
Есімбектің жаны байыз Таппады. Бір отырды, бір тұрды. Алдындағы бидайықтың сабағын жұлып алып, не істеп отырғанын өзі де білмей, аузына салып, тістелеп, жерге түкіре берді.
Кенет аяқ астынан шар ете қалған дауыстан екеуі де шошып кетті.
— Бұл кім? – деді Есімбек үрейленіп – Бәтима?!
— О, жандарың шыққырлар, жүрегімді жарасыңдар ма?!
— Сенің жүрегіңді жарайын деп жатқан кім бар? Өзің ғой бажылдап жұрттың зәресін ұшырдың.
— Бажылдамай қайтейін, дымдарың шықпайды.
Бәтима ентігін баса алмай, біраз тұрды.
— Әй, екі көгермегір, – деді бір кезде. – Қыз қазір шыға алмайды. Ел жатқанша күтесіңдер. Осы жерден қозғалмаңдар. Әкесі бірдеңе сезіп қалған ба, қызды үш күн болды кілемге де жібермей қойды. Үйінен қонақ кетпейді. Қой кеттім. Тағы келем. Байымнан да қорқып жүрмін. Білсе, өлтіреді мені. Жынды емес пе… Ал кеттім, ит қауып алар ма екен, құдайым–ай.
Бәтима кеткен соң, Есімбек аттарды отқа қойып, Бәйтеннің қасына келіп, көк шөптің үстіне қисайды.
— Егер қуғыншы болса, сен Шырақжанға кете бересің, мен кейін қаламын.
— Неге? – деді Бәйтен түсінбей.
— Адастырып кету үшін.
— Мен де адастырып кете аламын, бурыл аттың шабысы Күреңтөбелден кем емес.
— Әңгіме шабыста емес.
— Енді неде?
— Қуғыншы тек қыздың төркіні болмауы мүмкін… Мұндайда бәле іздеген көлденең қуғыншы да болады.
— Е, ондайлар болса, ауыз бастырық беріп, құтылармыз. Есімбек үндеген жоқ.
— Жыртық киімдей жалбыраған ала бұлттар терістікке қарай ығысып, күміс теңгедей жарқырап ай көрінді. Тозаңытқан ай сәулесі төңірекке ақ мұнар жарық шашып, ауыл шетіндегі қопа, қалың зират қайта көрінді.
Жерошақтағы оттар да өшті. Бейсауат дыбыстың бәрі басылып, анда–санда шіңк еткен түн құстарының болымсыз үні мен шегірткелердің біркелкі шырылы ғана естіліп тұр.
Түн құшағында мүлгіген ауыл бір түрлі қорқынышты. Жақындай берсең, өре түрегеліп, бас салатын секілді.
Екі жігіттен сабыр кетті.
Түн ортасы кезінде ауыл іргесінен бүкеңдеп бері жылжыған бірдеңе көрінді. Жылжығаны құрсын, тұсаулы аттай кібіртіктеп, жетіп болмады. Қылт етіп біресе көрініп, біресе жоқ болып кетеді. Ақыры жетті – ау!
— Бәтима! – деді Бәйтен қарсы жүгіріп.
Бетін жаулықпен тұмшалап байлаған әйел Бәйтеннің иығына асыла кетті.
— Жоқ, мен Қоңыршамын.
Үрейі ұшқан әйелдің әлсіреп асылған денесі мен бетін шарпыған ыстық демі жігітті абыржытып тастады.
— Бәтима, Бәтима қайда? – дей берді сонау Ақсуаттан осы жерге Бәтима үшін келгендей.
— Бәтиманы күйеуі сабап, талдырып тастады. Біреуден бірдеңе естіген секілді. Жарықбас қайнаға болмағанда өлтіретін түрі бар көрінеді.
Екі жігіт дағдарып, «апырау, енді қайттік» дегендей, Қоңыршаға төне түсіп, жәрдем тілеп үнсіз тұр.
— Сендер шыдай алмай, ауылға келіп қала ма деп зәрем ұшқасын… – деді келіншек демін зорға басып. – Әрең шықтым. Аңдып отыр. Әлде де әрірек барып тұрыңдар. Аттарың дайын тұрсын, Иә, алла, жақсылығыңды бере гөр…
Есімбек жүгіріп аттарға кетті.
Қоңырша Бәйтеннің қолынан тас қып ұстап:
— Мен енді қайтып келе алмаймын, құда бала, – деді одан жаман ентігіп. – Қош! Аман бол… Қош!..
— Қалайша? Ау, неге? Сонда қалай? – дей берді Бәйтен жүрегі атша тулап.
Қоңырша құшақтайтын адамдай жақындап келіп:
— Шырақжан саған ғашық боп қала ма деп қорықтым, – деді тұншыға сыбырлап. — Сенің де ұнатып қалуың мүмкін ғой… Ал қош!.. Жасаған қайда жүрсең де, өзіңді аман қылсын! Ғайып – ерен қырық шілтен… – Қоңырша даусы дірілдеп, жаулығының шетімен бетін басты – Қош, қарағым!.
Қоңырша кетіп бара жатып, артына бұрылып:
— Шырақжанды ренжітпеңдер, – деді де, жүгіре басып, сайдың екінші қабатына түсіп көрінбей кетті.
Сілейіп тұрған Бәйтенді Есімбек ұйқыдан оятқандай түрткілеп, өзіне әрең қаратып алды.
— Ау, мынаған не болған? Жөніңді айтсаңшы? Бірдеңе деп кетті ме әлгі?..
— Жоқ, ештеңе деген жоқ, – деді Бәйтен әлі де «ұйқысынан» ояна алмай.
Содан кейін бас жоқ, аяғы жоқ:
— Қош! – деді өзіне–өзі.
Есімбек шошып кетті.
— Сен немене деп тұрсың?
— Ештеңе де…
— Жүр кеттік, ендеше. Аттарды дайындап қойдым. Әрірек барып тұрайық.
— Жүр.
Ет пісірім уақыт өтті. Шегірткелердің де шырылы басылды. Тыныштық. Адам өз үнінен өзі шошитын өлі тыныштық.
— Шықты! – деді Есімбек жан даусы шыға сыбырлап. – Шықты ғой деймін…
Қараңдаған қос бейнені Бәйтен байқады. Қашқан қыз секілді емес, асықпай, тоқтап – тоқтап жылжиды. Мына қалыптарымен бір бәлеге ұшырайтындай көрініп, көңілге одан сайын үрей толтырды.
— Апыр–ай, жетіп болмады – ау! – деді шыдамы таусылған Есімбек даусы қалтырап.
— Тш–ш–ш…
Үстеріне шапан жамылған екі әйел жалп етіп бұрылыстан шыға келгенде, аттар үркіп кейін шегінді:
Алдыңғысы Шырақжан екен, бұрын жеткен Есімбекке қолындағы түйіншегін ұстата салды.
— Ойбай, көгермегірлер, тез кетіңдер енді! – деді артқысы.
Бәйтен таңырқап:
— Бәтима! – деді өзіне–өзі сенбей.
— Ойбай, немене?
— Сені күйеуің сабап талдырып тастады дегені қайда?
— Талдырса, талдырған шығар. Өлтіріп тастаған жоқ қой, әйтеуір.
— Өй, сабазым – ай! – деп Бәйтен риза көңілімен еңкейе түсті де, Бәтиманың көнектей болып ісіп кеткен бет–аузын көрді. – Өлуге қапсың ғой, жеңеше – ау? Дәтің жетіп қалай келдің?
Бәтима ісіктен сығырайған көзімен кісі күлерліктей жыртия қарап:
— Не дейді, бәтір – ау, қыз алып қашу оңай деп пе ең енді, о несі? – деді кінәлай сөйлеп.
— Тірі болсақ, жақсылығыңды ақтармыз.
— Жаның шықсын, мен саған жақсылығымды бұлдап отырмын ба? О несі?
Есімбек алдымен Шырақжанды қара жорғаға мінгізіп, өзі лып етіп атына отырды да, қалтасынан орамалға түйілген ақша алып, Бәтиманың қолына ұстатты.
— Жеңеше, ырым, ырым болсын. Жоралғы ғой…
Бәтима:
— Жолдарыңды алла оңғарсын! – деп бетін сипап, түйіншекті қалтасына салды. – Бақытты болыңдар!..
Түн жамылған үш атты сау желдіріп сай табаннан жазыққа шықты да, көкпекті қыратты бөктерлеп, Ақсуат қайдасың деп терістікке ат басын қоя берді.
Шырақжан атқа шаншылып әдемі отырады екен, құйрық жалы сүзіліп, көсіле шапқан қара жорғаның үстінде атпен бірге жаралған мүсіндей қатып қалған. Бес–алты шақырым ұзағаннан кейін, жүргіншілер атты қыстамай, ауыздыққа сүйеп шоқытып қана отырды. Қара жорға дөңгеленіп жорғасына басты.
Қу шоқының тұсында Есімбек қолын көтеріп, «тоқтаңдар» деп белгі берді. Өзі атынан түсіп, Шырақжанның қасына келіп, қара жорғаның шап айылын, төс тартпасын қайта тартты. «Ауылға жеткенше жарай ма» дегендей бусанып, пысқырына бастаған аттарға көз жүгіртіп қарап шықты.
— Ауылға жарық түскенде барамыз, – деді қалыңдығының қолын аттың жалымен қосып ұстап. – Мына түріңмен қашып келе жатқан қыз екеніңді жұрт бірден біледі. Үстіңді жеңілдет. Басыңдағы бір орамалыңды алып таста. – Содан кейін Бәйтенге қарап. – Сен андағы орыс бешпентің мен қалпағыңды маған бер, – деп, сырт киімін шеше бастады. – Сен менікін ки.
— Неге?
— Бол, енді. Бізге кімнің кім екенін жұрттың айыра алмай жатқаны керек қой. Болсаңшы енді.
Екі жігіт киімдерін ауыстырып, атқа отырды. Есімбек алда. Сүт пісірім уақыт шоқырақтап отырды да, Қоймырет жарығының тұсына келгенде, тағы да аттың басын қоя берді.
Бір қабат тері алынып, бусанып алған аттар таңғы салқынмен жел тұрғызып көсіле шапты. Қос қапталдағы қырқалардың төбесінен қылтиған обалар көрінді. Қоймырет жарығы шұқыры көп жыра – жыра терең сай. Бәйтен қауіп қылып, жан–жағына қарап: «Апыр–ау, Есімбектікі не, осынша шапқылап, аттың аяғын сындырады – ау», – деп ойлап үлгергенше болған жоқ, әлдеқайдан мылтық даусы гүрс ете қалды. Бәйтеннің содан кейінгі байқағаны – алда келе жатқан Есімбектің ат–матымен омақаса құлаған. Астындағы бурыл ат қатты шошынып, әл бермей ала қашып, тізгінді сыңар езулеп тартумен қырқаның төбесіне жеткенде әрең тоқтатты. Кері бұрылған Бәйтен әлдеқалай қалың обалар тұсынан сайда тұрған жабулы атты, оған қарай ақсаңдай басып, жүгіріп бара жатқан бір кісіні көзі шалды. Ештеңе пайымдауға мұршасы келмей, «өлді, өлтіріп кетті» деген ойдан есіріктеніп, құлап жатқан Есімбектің қасына қалай жеткенін білген жоқ. Онсыз да ытырылған атын үсті–үстіне қамшылап, Шырақжан да жетті. Шала есті күйде шауып келе жатқан аттан қарғып түсуге дайындала берген Бәйтен қалпағын қолына ұстап, өзіне қарай қарсы жүгірген Есімбекті көріп аңырып қалды. Есімбек қатарласа бере, ердің артқы қасына қол тиер – тиместе аттың артына қарғып мінді.
— Тарт! – деді жанталаса айғайлап.
Артына бір қарағанда Бәйтен басы қан–қан боп, дір–дір етіп жатқан күрең төбелді көрді. Атты аяудың орнына, өзінің неге қуанып тұрғанына түсінбей қалып, Есімбектің «иә, ақсары бас, құдай сақтады» деген даусын естігенде барып, қуанған себебін есіне түсіріп, соған көзін жеткізгісі келгендей, арт жағынан қапсыра құшақтаған қос қолды өз бүйіріне қыса түсті.
Үш жолаушы мінген қос ат ышқына шауып, Қоймырет жарығынан ұзай берді. Сол шабыспен олар Ақсуатқа жеткенде бір–ақ тоқтады.
Қан сорпа болған аттар демдерін баса алмай, бастарын төмен салып пысқыра береді.
Есімбек жерге қарғып түсіп, Бәйтенге бешпенті мен қалпағын шешіп беріп:
— Сен барып хабарлай бер, – деді де, әлі де құп–қу болып, оңала алмай тұрған қалыңдығының бетіне қарап: – Жеттік, – деді жымиып.
Жол жүріс пен үрейден, уайымнан әбден қажыған Шырақжан жан жүйесі аяқ астынан босап салған кезде, өзіне–өзі ие бола алмай, екі иығы селкілдеп, орамалымен бетін басып, тұншыға жылады. Қатты жылағаннан әлі кетіп, былқ–сылқ еткен қалыңдығын Есімбек аттың үстінен жансыз бірдеңені аударғандай, құшақтап жерге түсірді. Қызды зорлықпен алып қашып, бәлесіне қалған адамдай екі жігіт абдырап бір–біріне қарады.
— Шырақжан, қоя қойшы, – деді Бәйтен бала еркелеткендей арқасынан қағып. – Біреу–міреу көрсе, ұят болады…
— Сорлы анам… – деп сөзінің аяғын айта алмаған Шырақжан қайтадан көз жасына тұншықты.
Қыз мінезі балаға ұқсас. Шырақжанның көз жасы қуанышты күлкіге араласты.
— Ал мен кеттім, хабарлауға, – деді Бәйтен осы кезде атына қарғып мініп.
Желе жортып, үйге тақай берген кезде әлдебір жаманат күткендей үрейленіп Бикен шықты.
— Не болды, не болды? – дей берді анадайдан.
— Алдынан шығыңдар, Қамысбай түбегінде тұр. – Бәйтен бұрылып, түбекті қамшысының сабымен көрсетті.
Бикен тап бұлай боларын күтпегендей:
— Көтек не дейді?! – деп абдырап, кейін жүгірді.
Үйден бір топ адам шықты. Түнімен ұйықтамай, күткен секілді.
— Ау, қуаныш па? Не, не? – дейді біреулер түсінбей.
— Алып кепті ғой. Түбекте тұрған көрінеді…
— Ой, бәрекелді! Қуаныш құтты болсын!
— Ұзағынан сүйіндірсін!
Бір топ әйел шымылдық алып, түбекке қарай жүгірді.
Бәйтен жамыраған жұрттың арасынан:
— Көке, бері келіңізші, – деп Асқарды шетке шығарып алды.
— Не болды? Қуғыншы болды ма?
— Жоқ! Бірақ жолда біреу бізді мылтықпен атты.
— Тек!
— Оқ Есімбектің астындағы атқа тиді.
— Не дейді?! – деді Асқар шүберектей боп–боз болып.
— Мінгесіп қашып құтылып кеттік. Ат қалды.
— Қай жерде.
— Қоймырет жарығында.
Асқар Қоймырет жарығын іздегендей жан–жағына алақтап қарап:
— Апыр–ай, апыр–ай! – дей берді. – Ол кім болды сонда? Апыр–ай, құдай сақтаған екен!
— Аттың өлігі далада қалды, жаныма біреуді алып өзім барайын.
Асқар әлденеге ойланып қалды.
— Жоқ, сен барма, – деді үзілді–кесілді. – Басқа біреуді жіберемін.
Көп ұзамай у–шу болып, шымылдық көтерген әйелдер де жетіп, тұс–тұстан қаумалап қалыңдықты отауға кіргізді. Жаулығы қоқырайған домалақ кемпір сары майды отқа жақты да, табалдырықтан аттай берген қалыңдықтың бетіне жағып, «Ата–енеңе жұмсақ бол», – деп айтып үлгерді.
Осыдан кейін қазақтың белгілі үйлену тойы басталды да кетті. Шаруашылық жағындағылар абыр–сабыр: біріне–бірі кедергі болып, бірінің айтқанына бірі түсінбей, іздеген заттарын таппай, күйіп–пісіп, ақыры бәрі де табылып, айтылған сөз, істеген іс орын–орнына келіп, қызықты думан бас білген көліктей кідіріссіз жүріп кетті.
Түске қарай «қайырлы болсын» айтуға ауылдың үлкен адамдары келді. Кемпірлер жағы анадайдан «Үйлеріңнен той кетпесін, ұзағынан сүйіндірсін, білдің бе, шаңырақтарың көбейсін білдің бе» деп, батасының өзін ұрысқандай қылып, құм шашқан тентек балалар секілді, шашуын есік жақта тұрған адамдарға лақтырып, жұртты қыран–топан күлдіріп, мәз қылуда.
Келесі күні алыстағы Сарбұлақ, Өлеңді, Шағырлы, Жаман қопадан да қонақтар келді. Олар жеке тігілген отауға түсті. Іштерінде бейтаныс кісілер де бар. Елдің бәрі Асқарды таныған соң, бір–біріне «сен кімсің» деп жатқан ешкім жоқ, той–думанның қызығымен танысып–білісіп–ақ араласып кетті.
Бәйтен қостың ішінде ет дайындап жатқан әйелдерге келіп, есік жақта отырған ауыл жігіттеріне жеке табақ жасау керектігін түсіндіріп тұрған, «Ау, тағы да қонақтар келді ғой», – деген дауысты естіп естіп, сыртқа жүгіріп шықты. Ендігі қонақтар жаңа үйге түсуге тиісті еді. Бәйтен алғашқы тоқтаған біреуін атынан түсіріп, көлігін кермеге байлап, «былай, былай қарай» деп, жол көрсетіп жүр. Кенет алдындағы кісіге қарап, қорқынышты бір мақұлық көргендей, шошына аңырып, қалшиды да қалды. Жаңа ғана өзі аттан түсірген адам ақсаңдай басып, үйге кіруге беттеп барады. Кеше таңертең Қоймырет жарығында қалың обаның қасынан көрген адамның жүрісі. Жаңылысу мүмкін емес. Денесінің төртбақтығы, шойнаңдаған дене қимылы… бір қарағанда – ақ есінде ұмытылмастай сақталған. Бұл кім сонда?!
Кешегі қорқыныш бойына қайта оралған Бәйтен жүрегі өрекпіп қоя берді. Ақсақ кісі үйге кірген кезде жүгіріп Есімбекті іздеді. Есімбек қостың ішінде екен.
— Сыртқа шықшы, – деді ентігіп.
Есімбек мұның түрінен шошығандай болып, далаға атып шықты.
— Немене?
— Қоймырет жарығында бізді атқан адам осында келді, – деді Бәйтен үрейлене сыбырлап.
— Оны қайдан білдің?
— Сен құлағанда оба жақта сайдың ішінде тұрған атты көргем. Атқа қарай бір кісі дәл әлгіндей ақсаңдай басып, жүгіріп бара жатты. Танып тұрмын, дәл өзі.
Есімбек жүгіре басып, қонақтар түскен үйдің қасына келді де, босағадан сығалады.
— Анау бұрышта отырған ба?
— Дәл өзі, – деді Бәйтен сыбырлап. – Ол кім?
Есімбек ойланып қалды да:
— Тоқтар, – деді сыбырлап. – Жанылмапсың. Соның өзі болды… Тек енді ештеңе сездірме.
Жаңа отаудағыларға қызмет қылуға Бәйтен үйге кірген соң, өзіне әзірейілдей көрінген Тоқтарға қарамауға тырысты.
Еттен кейін жұрт тамақ баспақ болып, қалталарынан бір–бір тіс шұқығыш аршаларын алып, іргеге шалқайған кезде белгілі өтірікші Тайшық әңгіме бастады. Әңгімесі секірген кезде сүрініп құлап, аяғын сындырған киікті қалай ұстағаны жайында екен. Онысы рас та болуы мүмкін, бірақ Тайшық айтқан әңгіменің бәрі қалайда өтірік болуға тиіс деп ойлаған жұрт сенбей, оны мазақ қылып күле бастады.
Көп дабырдың ішінен:
— Ойпырмай, Тайшеке, мына жұрт не боп кеткен?
— Сіздің әңгімеңізге менен басқа ешкім сенбей қойды – ау, – деп әзілдей саңқылдаған ашық зор дауыс айрықша естілді.
Бәйтен әлгі дауыстың кімдікі екенін айыра алмай біраз отырды да, шыдай алмай Тоқтар жаққа көз салды. Шынында да, жаңағы ғажап зор дауыс соныкі болып шықты.
— Ойпырмай, Тайшеке, не істейсіз енді, қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан деген осы емес пе? – дейді ап–ашық үнмен сақ–сақ күліп. Кенет ол өзіне тесілген көзқарасты сезіп, Бәтенге жалт қарады. Жүзін бұрғанда анық көрінді – мұрты тікірейген жалпақ бет сары кісі екен. Бақырайған көкшіл көздері қалтырап, арсыз жымиып, шімірікпен қарайды. Аңшының аңға қызыққаны бір көзқарас…
Бәйтеннің жүрегі дір еткендей болды.
— Қуаныш қайырлы болсын, балалар бақытты болсын, Асеке! – деді Тоқтар онсыз да зор үнін көтере сөйлеп.
— Айтқандарың келсін! – деді Асқар. – Әумин!