Байланыс телефондары:
+7(7172) 20–44–5
+7(701) 533-12-2
» » Әңгіме: Өліара ҮШІНШІ БӨЛІМ

Әңгіме: Өліара ҮШІНШІ БӨЛІМ

26 июнь 2019, Среда
709
0

III

Түн бойы кірпік ілмей, таңға жақын көз шырымын алған Асқар тағы да күн шықпай оянып алды. Басы қаңғырып, көзі құрғыр аштырмай, біреу ұрып–соғып тастағаннан бетер тұла бойы дел–сал болып, қалжырап тұрды. Бірақ күндегі әдеті осы болған соң, уайым қылып жатқан жоқ. «Е, кәрілік, – деді өзіне–өзі күбірлеп, – жымысқылап жүріп жеттің – ау, сен де». Сықырлаған тізелерін жазып, орнынан тұрды да, бешпентін желбегей жамылып, аяғына кебісін іліп, сыртқа шықты.

Таң саз бере елең–алаң шақ. Қалың ауыл ұйқыда. Шет жақтағы шағын қараша үйлер қара көлеңкеде шекпен жамылып, мүлгіп отырған адам секілді. Асқар бүкіл ауылды оятып алатындай аяғын еппен басып, үй сыртына қарай беттеді. Үюлі тезектің қасында жатқан қызыл сиыр бір көзімен үйден шыққан адамды бағып тұруға ыңғай білдірді де, Асқар әрі кеткен кезде күрсінгендей бір дыбыс шығарып, орнына қайта жайғасты.

Қарауытқан өзен суы, жиектегі мүлгіген құрақ, қоға, одан әрі көкпекті қырқа, құм төбелер – бәрі де тіршілік белгісінен айрылып өлі тыныштық құшағына енген. Асқар бешпентінің қалтасынан шақшасын алып, насыбай атты да, қышқыл иісі мүңкіген қара жусанға шырт түкіріп, қолын артына ұстап, өзен жағасындағы таспадай ағарған жалғыз аяқ жолға түсті. Артына бұрылып, қайта қарағанда ауыл оған қара мұнар басқан қалың зират құсап көрінді.

Оның қазіргі мақсаты анау көрінген ескі көңге дейін жетіп, содан қайтып оралу, сөйтіп ел ұйқыдан оянып, ауыл тірлігі басталғанға дейін, әр нені ойлап алданып жүре тұру. Соның арқасында басы жазылып, бойы сергіп, келесі таңға дейін қуат жиса – жетіп жатыр… Бір кездегі үлкен ой, ұлы мақсаттан қалғаны осы ғана.

«Е, кәрілік!» – дейді сосын ол күрсініп.

* * *

Сөзуар жұрт би тұқымы деп әзіл қылғанмен, бұл кісінің арғы атасында күлтөбеде билік айтқан ешкім жоқ. Ауыл ішінде ара ағайын төрелгі болмаса, өзі де алаштан атақ алып, би қамшысын білегіне қыстырған жан емес. Бірақ ел аузында «би тұқымы» деген лақап аттың бары рас. Оны Асқардың өзі де жоққа шығармайды. Қала берді, сол лақап аттың сырын да жақсы біледі. Тек нағашылығы жиенді айтыста салық қылмас үшін, жұрт білмейтін тарихты тісінен көп шығармайды.

Сондағы тарих мынау. Асқар мен Мырзабек Бірмағамбеттен туады. Бірмағамбеттің әкесі – Тоймағамбет, оның әкесі – Қамысбай, оның әкесі – Ұста, оның әкесі – Жауқашты. Бар шатақтың тірелетін жері де – осы Жауқашты. Би болып жүрген де осы.

Жауқаштыңыз, Мәмбет әулетінің шежіресі бойынша, тақыр кедей екен. Бірақ еті тірі, сөз ұстаған, пысық болыпты. Жастайынан жұртпен жаудай жағаласып, екі иығын жұлып жеп өсіпті. Мырзаболаттар жағы бұл кісіні аздап ұрлық қылған екен деп те отырады, бірақ ол арасы көмескі. Асқардың өзі бекер сөз деп жолатпайды. «Тегін адам таз бола ма» – Жауқашты қазақтың арғы–бергі заңы мен жарлығын бес саусағындай білетін дауынан жау қашқан атақты даугер болыпты. Жауқашты атануы да осыған байланысты. Буыны бекіп, бұғанасы қатқан кезден бастап, бұл кісі бірыңғай даумен күн көрген. Төңіректі шарлап дау–жанжал іздеп, біреу малын ұрлатып, құнын даулап жүрсе, бұл әлгі адамға мал беріп, дауын сатып алады екен. Кейін сол даудан бәлен есе артық пайда табады. Ол үшін, әрине, бұлтартпайтын дәлел керек, жұрт білмейтінді білу керек, жұрт байқамағанды байқау керек. Бірде Жауқашты ел аралап келе жатса, алдынан сәйгүлік мінген бір мырза кездесіпті дейді. Амандық–саулық сұрасып, жөн білісіп тұрғанда мырзаның сәйгүлігі аузын ашып қатты есінесе керек. Қарсы қарап тұрған Жауқашты аттың таңдайынан бармақтай меңді байқап қалады. Көптен дау табылмай жүдеп жүрген Жауқашты «иә, сәт» деп жаны кіріп, бірақ сыртқа сырын білдірмей, елеусіз ел жағалап отырып, сол елдің биіне келеді.

«Уа, би! Арызым бар. Жоқ іздеген жолаушы едім. Жоғалтқаным сәйгүлік еді, соның ізі осы елге бастап әкелді. Жолда бір мырзаның астынан көрдім. Түсінен таныдым, құдай куә, дәл өзі. Әділ би деген атағаныңыз жер жарады. Малымды қайтарып беріңіз», – десе керек.

Содан дау дауға ұласып, сәйгүлік мінген мырзаны алдырып, дәлелге дәлел, куәге куә тартылып, екі жақ болып, бірін–бірі ала алмайды. Сонда Жауқашты тұрып: «Жарайды, үлкен ел үлкендігін істеп, шоқтығына қол жуытпай отыр. Бірақ соңғы тілегім бар. Жылқымның құлын кезінде таңдайында бармақтай қалы бар еді. Сол болса, сәйгүлік менікі, әйтпесе ат–тон айыбын өзім тартайын», – дейді. Бұған сәйгүлік мінген мырза ештеңе дей алмаған. Малын түстеп танығанмен, қай жылқының аузына басын сұғып қарап жатыр? Жұрт келіп аттың аузын ашып, таңдайындағы қалын көреді. Сөйтіп, Жауқашты, құдай аманаты, бір сәйгүлікті басы бүтін пайда қылып кеткен екен дейді.

Кейін жасы ұлғайғанда да қыс бойы өзінің тұмағымен айтысып дайындалып, жер қарая атқа мініп дау іздейді екен. Содан үлкен билер мұнымен амалсыз есептесетін болып, өздерімен бірге алып жүреді екен. Солардың қатарында жүріп Жауқашты да бірте–бірте би атанып кетеді. Халық арасында: «Құдайдың бәлесінен сақта, Жауқаштының жаласынан сақта» деген сөз бар. «Әлдебіреулердің қарғысы тиді ме екен, әйтеуір, біздің тұқым өспей қалды», – деп Асқар ет жақын туыстың аздығына шағынар еді. Бірақ аз болып Мәмбет тұқымының кісіден қорлық көрген жері жоқ.

Асқар ел қатарына ерте қосылып, жастайынан атағы алысқа кетті. Оның әрідегі атағы әшейін серілік байлатын. Ән айтып, күй шертетін қабілеті бар, сөзге жүйрік әрі атбегі – қазаққа бұдан артық не керек – құдай берген өнерпаз жігіт кезінде осы төңіректі тәуір – ақ дүрілдеткен. Қайқы бел Шегірторы аты алыс–жақында ешкімге бәйге бермейді.

Шегірторыға байланысты ел аузында мынандай әңгіме бар. Алтыбас қыпшақтың атақты серісі ақын Нұрман әріректе найман жақтағы біреумен айтыспаққа өтіп бара жатып, жолай Асқардың үйіне түссе керек. Ел қонағы ерге сын Асқар сыртынан ғана білетін Нұрманды хан көтеріп, қарсы алады. Ат шаптырып, той жасайды. Содан үш күн жатып, төртінші күні Нұрман жүрмек болған. Аттанар алдында қазақтың салтымен Асқар: «Не қалағаның бар?» – демей ме қонағына. Анада да иман жоқ екен: «Сыртыңнан кісілігіңді көп естуші едім. Шегірторы деген сәйгүлігің бар екен, қызығын біраз көріпсің. Қанша қымбат болса да, хайуан ғой, қаладым сол жүйрігіңді», – десе керек… Бұл сынның Асқарға қалай батқанын айтып жатудың да қажеті болмас. Адамнан бетер деп жүрген жүйрігін беруге – қия алмай, бермеуге – жолдан жығыла алмай, ақыры есірік буғандай далаға атып шығып: «Шегірторыны әкеліңдер!» – деп айқай салыпты. Ақын Нұрман наймандармен айтысу үшін емес, әдейі осы жылқы үшін келгендей, «біссіміллә» деп аттың мойнына тұмарын іліп, жетектеген күйінде жүріп кетеді. Содан кейін Асқар үйінен елік шыққандай, жер бауырлап, төсек тартып жатып қалған.

Хош, арада екі күн өткен соң, Нұрман Шегірторыны жанындағы бір жігіттен қайтарып жіберіпті. «Әдейі сынау үшін істеп едім, нар мінезді азамат екен, ризамын», – деп сәлем айтыпты.

«Қуаныштың уыты қайғыдан бетер» деген ғой. Асқар Шегірторысын құшақтап, бүкіл елдің көңілін босатып, балаша жылапты деседі…

Аты аңыз боп тараған сол жүйріктің тағдыры ақыры сәтті болмады.

Қашан да елден асқан артықшылық жан иесіне жақсылық әкелмеген ғой. Сұлудың айыбы – ажары, данышпанның кінәсі – ақылы, жүйріктің басына біткен бәлесі – шабысы. Артықшылық өзгенің жанын жаралап, көңіліне шоқ түсіреді. Қанша жұрттан озсаң, сонша жұрт саған жау болмақ. Сонда бәрінен озу – бәрімен жауласу деген сөз емес пе? Бәрімен жауласқанның жеңген күні бар ма?…

Ұлу жылғы керейлердің асында жергілікті жуандар зорлық қылып, бірінші келген Шегірторыға бәйгесін бергізбей, ұрланған ат деген жаламен Асқардың өзін сотқа берді. Әлдеқайдан аттың «иесі» табылып, жүйрігін танып, хош, соттың үкімі Шегірторыны Күдері деген біреуге тартып әперді. Асқар арызданып, күз бойы қуынып, одан кейін қыстың көзі қырауда ешқайда шыға алмай, жер аяғы қарайысымен тағы да Орынборға барып, адам салып, әрең дегенде істі бұздырып, атын қайтып алатын болған. Бірақ ат қайтпады, аттың құны ғана төленді. Көктемде ұйыққа батып өліпті.

Асқар Шегірторының терісін алып еліне келді.

Сол күндер, міне, елес секілді.

Содан кейін заманның ағымы аяқ астынан күрт өзгеріп, жылқы емес, адам бағы сыналатын басқа бір бәйге басталып кетіп еді. 1916 жылы ел басында күн туғанда: «Ақ патша 18 бен 43–тің арасын оққа байламақ, аруақ, құдай жар, өзі боп, құм бойындағы қалың елді көтерсін», – деп Ұлы Сардар Асқарға дұғай сәлем айтыпты. Бүкіл қосым баласы дүниені өртеп жіберетіндей өре түрегелді. Бұл дүрлігу тек тәуекелге бас тігу, не зорлыққа қарсы тұрған бір ғана зауалшылдық емес күнделікті бақай есептен басқаны ұмыта бастаған күйкі тірлікте адамдарды іштей жаңартып, рухани түлеткен, өмірге өзгеше мән берген ұлы сілкініс болды. Халық қалың ұйқыдан шошып оянып, әлдеқашан ұмыт болған заты есіне түскендей, бұрынғы бейбіт мінезінен жаңылып, дүлей тентек күшке айналды. Және осының бәрі бір ғана июнь жарлығынан туған наразылық емес, ғасырлар бойы жиналып, онсыз да бойға сыймай, сылтау таппай тұрған ашу–ызаның мәнәй себептен армансыз сыртқа ақтарылған көрінісі іспетті. Тегінде, данышпан ақылдың да шамасы жетпейтін, ақ көз ашумен ғана алуға мүмкін қиындықтар болады. Мұндай кездің бір күнін кейін тарихшылар басқа уақыттың ондаған, жүздеген жылдарымен салыстырар еді.

Шілденің ортасында Асқар Ұлы Сардармен дуанда жолықты. Елдің игі жақсылары – болыстар, билер, қажы, молдалар, ірі байлар жиынға әдейі шақырылған екен. Мылтықтың түсіндей түсі суық генерал–губернатор сөз сөйлеп, патшаның жарлығын оқыды. Жарлықтан бас тартқандар әскери сотпен өлім жазасына кесіледі екен. Сол жолы Асқар қаптаған солдаттың алдында басын оққа байлап, Ұлы Сардардан кейін жарлыққа қарсы сөз сөйлеген. Жиын бітісімен солдаттар тұрған елді қоршап алып, Асқарды іздепті, Ұлы Сардарды тұтқынға алуға халықтан қаймықса керек. Бірақ үлкендердің ақылымен сөйлей салып, аттанып кеткен Асқар құдай жар болып бұл кезде қаланың терістігіндегі қалың қопаның арасымен аттың басын қоя беріп, құйындай ағызып бара жатқан.

Наразылықтың аяғы қарулы қақтығысқа айналды. Екі болыс, бір писарь өлтірілді. Списоктар өртеліп, почта бекеттері талқандалды. Уездегі сегіз болыстан шыққан көтерілісшілер үш топқа бөлініп үлкен әскер құрады. Күздің ортасында Ұлы Сардар он бес мың қолмен дуанды қоршады. Одан кейін Тақыр көл, Доңызқопа, Доңғалақ бойында аса қатты қырғын соғыс болды. Бұл бір азаматқа желік біткен аты шулы күндер еді–ау… Сол күндер кейін тірі қалған сарбаздарға үлкен атақ–даңқ әкелді. Ел аузына аңыз, әңгіме тарады. Ақындар мадақтап жырға қосты. Солардың бірі – кәріліктен ұйқысы қашып, таңғы елең–алаңда айшалық болған адамша өзен бойлап, қолын артына ұстап, анау кетіп бара жатқан Бірмағамбеттің Асқары.

Совет жылдары Асқар үкімет шаруасына да біраз араласты. Өйткені көз көргендер арасында бұлардың беделі әлі зор еді. Бірақ бейбіт өмір баяғы қанды торсыққа құйып жүретін соғыс кезінен қиын болмаса, оңай соқпады. Тіпті сол бейбіт күніңнің қалтарыс – қуысы, айла–шарғысы көптеу де шығар. Турашылдық, өрлік, бетке айтар батыр мінез қолданудан шығып қалған ескі қару секілді ешкімге қажет болмай қалды. Әлде Асқардың өзіне солай көрінді ме екен? Кейінгі тірліктің икеміне иіле алмай, баяғы кеудемен босқа арандаған адам Құланбай батыр болды. Өзіне қамшы үйірген милицияны өлімші қылып сабап, жауапқа«тартылып, одан кейін түрмеден қашып, бандыларға қосылып, ақыры өлігі далада қалды. Жарықтық аса жау жүрек адам еді. Атыс–шабыстың ішінде жүріп, құмалақ ашатын, намаз оқитын. Баладай аңқау, аңғал жан өзін әдейі арандатқан жаулардың қармағына ілікті.

Заман шіркін желдей есіп бір орында тұрар емес. Күнде жаңалық, күнде өзгеріс. Жаңа қаулы, жаңа үкім, жаңа заң. Баяғы қадірін білетін үлкен әкімдер кеткен. Қызметке тұрған кейінгі жастардың бірі таныса, бірі танымайды. Сонымен Асекеңдерде бір кездегі үлкен бедел жоқ. Ол аз болғандай, кешегі өзі тәрбиелеген балалар ер жетіп, атқа мінген соң, мұның өзіне де ауыз салып жүр.

Әріректе Есімбектен бұрын туған екі ұл баласы қатарынан шешектен өліп, күйіктен ауруға ұшырап, дінге беріліп, тақуа болып, көзі тірісінде өзіне күмбез салдырған. Қыш кесектен өрілген шағын мазар Жауқараның қырынан қара жол бойындағы өткіншіге алыстан–ақ көзге шалынады. Жер шамасын сөз қылған жолаушы осы күні «Асқардың күмбезінен әрі асқасын» немесе «Асқардың күмбезіне жете бере» деп жол жүрістің өлшемі қылып әңгіме айтар еді. Кейінгі жастар ол Асқардың қай Асқар екенін де айырып жатқан жоқ. Әшейін жер аты секілді. Бірақ сол күмбез бұған кейін бәле боп жабысты. Ауылдың Назар секілді белсенділері мұңы қожа–молдалардың қатарына қосатын көрінеді. Әлгі моладан, әйтеуір, үкіметке қарсы бірдеңе көретін секілді.

Асекең өте сабырлы адам ғой. Соның бірін сыртқа білдірмейді. Білдірмеген соң, іштей үгітіліп, ой меңдеп, ұйқы қашады.

* * *

— Тентекжан–ау, амансың ба? – деп самбырлап, кезек–кезек екі бетінен, маңдайынан сүйді де, енді қай жерінен сүйсем екен дегендей жүзіне үңіле қарап тұрып қалды. – Кеше апама кіріп шыққанда, түс көріп жүрмін, келіп қалар деп отыр еді. Апамның түсі қате кетпейді ғой, өмірі…

Асекең, алдымен үлкен шаһардың жаңалығын, содан кейін аудандағы жекжаттардың қал–жағдайын сұрады. Бәйтеннің аудан басшысына кіргенін, осындағы мұғалімдік қызметке қағаз ала келгенін естігенде: «Бәрекелді, қайырлы болсын!» – деп ризашылық білдірді.

— Неге жүдеусің? – деді Бәйтенге көз тоқтатып. – Ауырған жоқсың ба?

— Жоқ, – деді Бәйтен күліп. – Қаланың күйі осы ғой.

— Оқу деген бәле ғой өзі, – деп қара домалақ шал оқудың азарын көріп қалған адамдай тыжырынып қойды. – Қағазға қарап сарылу деген денсаулықты шыдата ма?.. Баянтаңат Ережептің баласы оқу оқимын деп, ақырында құрт ауру болған жоқ па…

Ұзаққа созылған амандық саябырлаған бір тұста Асқар:

— Ау, Бикен, сен енді шаруашылыққа кіріс, – деді әйеліне.

Бикен аңтарылып:

— Көтек, маған не жоқ! Тіпті жайласып отырып аппын ғой, шығар менен неше түрлі, – деп өзіне–өзі таң қалып, басындағы жаулығын жөндеген күйі үйден асығыс шыға жөнелді.’

— Сен былай қыл, Бәйтен, – деді Асқар төрде отырған қара домалақ шалды көзімен көрсетіп. – Мынау отырған – баяғы молданың тұқымы Оразмағамбет қой…

— Тек, ойбай!.. – деп қара домалақ шал орнынан ыршып түсті. – Қайдағы тұқым?!..

— Жарайды енді, қорықпай–ақ қой, – деді Асқар күліп, – үкіметтің дінге деген қыспағы жоқ көрінеді ғой. Неменеге ат–тоныңды ала қашасың?

— Ойбай–ау, ала қашпағанда… Оспан қожадан аруақты кім бар еді? Соның өзін түрмеге салған жоқ па?!

— Түрмеге салса, елді алдаған, жеген шығар, өтірік емдеген шығар… Құдайға неге сенесің деп салмаған болар. Жарайды, әңгіме онда емес. Сен былай қыл, қалқасы, – деді Бәйтенге қарап. – Елде болмағаныңа қанша уақыт? Одан бері әр түрлі өзгерістер болды. Шетінеген кісілер бар. Бәрінен де қиыны өліктер жолы. Соларға кіріп, көңіл айтып шығу керек. Содан кейін қайда жүрсең де, жүзің жарқын жүреді. Мына Оразмағамбет дұға қылды, ұят қой әйтпесе… Шай қайнағанша сөйтіп барып келіңдер.

Бәйтен мен Оразмағамбет бір–бір кеседен қымыз ішіп, сыртқа шықты.

— Жұрт көзіне түспей, ауыл шетінен бастайық, – деп Оразмағамбет өзен жағасына қарай жүрді.

Шайтанкөңнің тұсында суатқа жақын тігілген қараша үйге тақай бергенде, дауыс қылған әйелдің зарлы үні шықты.

— Мынау әлгі аңшы Құсайынның үйі ғой, – деп Оразмағамбет беліне таянып келе жатқан таяғымен жол көрсетті. – Сиырға бақташы болатын. Былтыр жазда малға тиген ұрылар түн ішінде әйелі екеуін соққыға жыққан. Өзі көп ұзамай өліп кетті, әйелі содан жатқан, көктемнің аяғында қайтыс болды.

— Кімдер екен?

— Қайсысы?

— Өлтіргендер кімдер деймін?

— Кім білген, жұрт осы байлар жағынан көреді. – Оразмағамбет жан–жағына алақтай қарап, мойнын соза, жақындап: – Осы Дәуітбайлардың қатысы бар дейді, құдай сақтай гөр! – деп өзінен–өзі шошына сыбырлады. – Баласы Қарамергенді байқап қапты әлгі қатыны.

Бәйтен «әйелі де қайтыс болса, сонда жылап жатқан кім» деп ойланып келе жатқан. Үйге кіргенде көрді: он екі–он үш жасар кішкентай қыз қара орамалмен бетін бүркеп, белін таянып, керегеге қарап, дауыс қылып отыр екен.

— Әйдік пысық! Қалай зарлайды! – деп сыбырлады Оразмағамбет қыздың дауыс қылғанына риза болып.

Бәйтен Құсайынды жақсы білетін. Зор тұлғалы, қоңқақ мұрын, үлкенмен де, кішімен де ойнай беретін әзілқой, ақ жарқын жігіт еді. Мынау отырған қай қызы екені есінде жоқ. «Мені танып жылап отырғаны – ау», – деді ішінен көзіне келіп қалған жасты сездірмей, төмен қарап.

Оразмағамбет құран оқыды.

— Шырағым, жылама, – деді құран оқылып біткен соң, қайта сыңси бастаған қызға басу айтып. – Балалардың үлкені өзіңсің. Сен жылай бергенде, қалғандары қайтпек. Сабыр қыл, шырағым.

Бәйтен көзінің астымен қызға қарап еді, бойының кішкентайлығы болмаса, түрінде балалықтың нышаны да жоқ, өспей қалған үлкен адам секілді.

Келесі кірген үйлері Өлместікі екен. Шешесі қыста тоқсанға келіп қайтыс болыпты. Іші жиһазға толы алты қанат киіз үйдің ішінде шар айнаға қарап, ұстарамен мұртын басып отырған Өлмес бұларды байқамай, аузын жалғастыра берген. Оразмағамбет әндетіп аят оқи жөнелгенде ғана шошып кетіп, ұстарасын тастай салып, молдасоқынып отырды. Ақшыл сұлу жүзінен әлі нұр таймаған. Адамға жұмсақ қарайтын үлкен қой көздері ойлы, кең маңдайы ірі кесек мінезді адамның кескінін танытқандай. Бірақ жіті қараған адам осынау келісті келбет пен оның ішкі жан дүниесінің арасында жер мен көктей айырма барын, ол үшін бәрі де бас пайданың қамына, тіпті сыртқы көркі де сол үшін саудаға түсетін бұйым секілді сезбей қалмас еді.

— Мына бала Мырзабек марқұмның оқудағы ұлы ғой. Бітіріп келіпті. Өліктерге кіріп шығайын деген соң, еріп шығып едім, – деді Оразмағамбет сәлем–сауқат, көңіл айту біткен кезде. — Осы жаңа келді. Асқардікінде отыр ем…

— Е, бәрекелді, – деді Өлмес Бәйтенге қолын ұсынып. — Ия, ден – қарың сау ма?.. Рақмет, елеп келгеніңе! Өсіп өркендей беріңдер. Қандай оқу бітіргенің?

— Мұғалімдік.

— Бәрекелді, қайырлы болсын, шырағым! – деді пайданың иісін сезген саудагердей елпілдеп. — Айналайын үкімет жеткізді ғой! Азаматтар оқып келіп, ел басқарып жатыр. Жеткізген деген осы емес пе? Баяғы кез болса, не оқу жоқ, не тоқу жоқ, жүрмес пе едік малдың соңында? Анада казитті оқып отырсам, жаппай сауаттандыру жайлы қалай жақсы жазған. Жұрт анау дейді, мынау дейді – үкімет данышпан ғой!.. Солай емес пе, Ореке!

— Әрине, әрине, сөз бар ма? – деп қыбыжықтады Оразмағамбет Өлместің көлгірсіген сөзінен қысылғандай болып.

— Мырзабектің ұлы болсаң бөтендігің жоқ, шырағым, – деді Өлмес сазды қоңыр үнмен. – Сендер – Мәмбет, біз – Дәуренбек. Баяғыда бір аталарың баласы болмай, «қу бас» деген сөз естіп, елден қашқанда, соңынан қуып барып, жаңа туып жатқан қызын құдай алдында сұраусыз деп шаранасымен бауырына салып берген біздің атамыз екен.

Жалпақ бет сары әйел шара көтеріп кіріп, сырлы тостағандарға қымыз құйды. Қымыз үстінде Өлмес баяғыда аштық жылы Жарбиықта отырғанда үйлеріне Бәйтеннің әкесі Мырзабек келіп, бір жеті болып кеткенін әңгімеледі.

Өлместікінен шыққан соң, Бәйтен мен Оразмағамбет Көпеннің көктемде қайтыс болған жалғыз баласы Қуандықтың орнына кіріп шықты. Қуандық Бәйтен шамалас болатын. Өздерінің жақын ағайыны Әмір деген кісі ұрып өлтіріпті. Көпеннің туған інісі Айбек уезде дәрігер болатын. Оның алдында Әмір адам өлтіріп сотталатын болғанда, Айбек. ағайындық қылып, дені сау емес деген қағаз әперіп, аман алып қалған екен. Осы жолы өзі берген сол қағаз алдынан шығып, Әмірге түк істей алмаса керек. Айбек бармағын тістеп: «Өз інімді өлтірдім – ау!» – деп өкініпті дейді.

Үй маңы абыр–сабыр. Екі қазан қатар асылып, ол да жетпей, сереңдеген біреу әйелдермен қылжақтасып, жер – ошақ қазып жатыр. Ауылдың бірсыпыра адамы жиналып қалыпты. Бәрі де үйдің көлеңкесіндегі төсенішке жайғасқан. Әлдекім жұрт естісін дегендей даусын көтеріп:

— Інісі оқу бітіріп келгенде біздің Асқар секілді тай сойып, осындай құдайы қылған қайсың барсың? Әй, жаман Мырзаболаттар, сараңсыңдар ғой… Құдай дәулетті берді, бірақ көңіл тар ғой, көңілді тарғып қойғасын қайтесің, – деп нағашы – жиендік қылып, бет аузы бір уыс кішкентай қара шалды қажап отыр.

Қара шал сөзге шорқақ болу керек:

— Әй, тиыш отыр, тиыш отыр, таяқ жерсің, тиыш отыр… – дегеннен басқа ештеңе айтпайды.

Әлдебір жас келіншек үйге тақап келіп, отырған кісілерге бір тізерлей сәлем берді. Жұрттың бәрі жүндеп отырған әлгі момын шал:

— Көп жаса, шырағым, ұл тап, – деп бата беріп еді, екінші біреуі:

— Оу; алжыған шал – ау, кімге бата беріп жатырсың? – деп тағы да бас салды. – Ол келінің емес, қызың ғой, Бейсенбайдың қызы, ұл табы несі – ей, мынаның?..

Шал көзі бақырайып:

— Ә! Не дейді? – дей берді сасқалақтап. – Қап! Ә! Қазір көзім көрмейді. Осы отырғанда анау отырғандарды шырамыта алмаймын.

Жұрттың бәрі қыран–топан күлкіге батты.

— «Күлсең, кәріге күл» деген, – деді әлдекім жуып–шайып.

Екінді кезінде шөптен Есімбек те оралды. Бәйтенді көріп, анадайдан арсалаңдап ұмтылғанда: «Ал көрейік, екеуі қалай амандасар екен», – десті ерігіп отырған жұрт кеу–кеулеп. Есімбек Бәйтеннің бетінен сүйгенде: «Ой, бәрекелді, екі жас болса да үлкен ғой, ағасы емес пе», – деп риза боп дабырласып қалды.

Бір топ кемпір Бәйтеннің кішкентай кезін еске алды.

— Баяғыда Сарбұлақта отырғанда, онда тіпті кішкентай ғой, – деп бастады көзі сығырайған бүйрек бет кемпір. – Бәйтенжан еңбектеп жүріп, қазандағы сүтке түсіп кетіп, қолы, қарны, шүметегі күйіп қалып…

— Қап, мынау бүлдірді – ау, алжыған кемпір, – деді шалдардың бірі кейіп. – Таста, қайдағыны шығармай! Ұят емес пе, дап–дардай жігітті…

— Е, немене? – деді кемпір қарсыласып. – Маған әлі бала…

Асқардың жайшылықта да кісіден босамайтын киіз үйі кешке қарай адамға лық толды. Асекең пәленше қайда, түгенше қайдамен шақырушы балалардың мазасын алуда.

Ақыры:

— Оу, Шақар қайда, Шақар? – дегенде отырған жұрт қыран–топан күлді.

— Апырай, Асеке, сіз де Мырзағазы секілді елпілдей береді екенсіз. Шақар кімге керек? Келсе келер, келмесе қояр…

— Шақарды да адам іздейтін болғаны – ау.

— Ойбай, Шақарың сұмдық ұры екен, – деді жастардың бірі таңырқаған үнмен.

— Соны жаңа біліп жүрсің бе?

— Анада құдаларымыз келгенде үлкен кісі ғой деп үйге шақырмайын ба? Қонағасымызды ішіп, киітке келген киімімізден алып, кетерінде бас құдамыздың құндыз бөркін ұрлап әкетіпті. Содан сәңкіні салдым – ау бір… Ақыры не болды дейсің ғой? Үйінен құндыз бөріктің сыртындағы, одан бұрын ұрланған бір топ затымды таптым.

— Ойбай, сұрама, одан бәрі де шығады. Құдай сүйер қылығы жоқ. Адамның жексұрыны ғой. Ондайларды елден қуу керек.

— Ау, қойыңдар, – деп басу айтты Асқар. — Қайтесіңдер оны, жүре берсін, бейшара адам.

— Апыр–ай, Асеке, сіздің – ақ жақсыға, жаманға да басалқыңыз бітпейді екен, – деді төрде отырған ауылнай шын кейігендей болып.

— Шырақтарым – ау, Шақар қанша жаман болғанмен, атадан қалған жалғыз еді, – деді Асқар бейбіт үнмен. — Ана шаңырақты құлатпай ұстап отырған сол ғой. Артында балалары бар. Олар өсіп ер жетпей ме?! «Жақсыдан жаман туар бір аяқ асқа алғысыз, жаманнан жақсы туар адам айтса, нанғысыз» деген., Балаларының үлкен азамат болмасына кім кепіл? Шақардың ұрлығы өзімен кетсін, бірақ шаңырақты ұстап отыр, сонысына рахмет.

— Шынында да, солай–ау, – деді әлдекім топ ішінен күбірлеп.

Шай үстінде үйге сеңсең бөркі көзіне түскен, үстінде жыртық шапан, бет–аузын әжім басқан, сирек сақалды, жалаң аяқ, қайыршы пішіндес бір адам кірді. Өзінің алба–жұлба түрінен қысылды ма, әлдекімдердің «жоғары шық» дегеніне қарамастан, босағадағы жынды Қамзаның қасына тізерлеп отыра кетті. Аяғының астынан басқаны көрмейтін секілді – басын көтермейді. Үй иесінің: «Ау, Тоқан, амансың ба, ауылда ма едің», – деген сөзіне де жауап берген жоқ. Оған неге жауап бермедің деп ренжіген де ешкім болмады.

— Өзі дүниеде қырсық, – деп әңгірледі Сағидолла малды әңгіме қылғанда Тоқанды қолымен көрсетіп. – Айтқан сөзіне жауап ала алмайсың. Нанбасаң, қараңдар… Тоқан, әй Тоқан, Тоқан деймін…

Тоқан жауап бермеді.

— Әне, көрдің бе?

— Қой енді, – деді төрде отырған Ботбай Сағидоллаға ұрсып. — Басқа сөзің таусылып қалды ма, нең бар онда? – Содан кейін шайынан бір ұрттап, жанындағы Сүйіндікке қарап. — Ол бір ғаріп, бейшара адам, әйел жоқ, бала жоқ, құдай басқа салғасын қайтсын, – деді даусын ақырындатып.

— Шынында да, жұмбақ жан, – деді Сүйіндік те баяу үнмен бұға сөйлеп. — Ешкіммен араласпайды, сөйлеспейді. Өзінің қайдан келгенін де ешкім білмейді.

— Әйтеуір, бейнетқор кісі. Көктемде бөгетті бекіткенде осыдан үлкең еңбек еткен ешкім болған жоқ. Тастай суда, шіркін–ай, жалаң аяқ жүрді – ау! Өлермен екен.

Тоқан өзі жайлы айтылып жатқан әңгімеге түсінбейтіндей, төмен қарап отырып, екі–үш кесе шай ішті де, алдындағы майлы бауырсақтан қалтасына қос уыстай салып алып, жұрттың «отыр» дегеніне қарамастан:

— Алла риза болсын! – деп шығып кетті.

— Әлгі ренжіп кетті–ау! – деді Асқар қынжылып.

— Ойбай, Асеке, текке әуре болмаңыз, – деді Сағидолла. — Мен білем ғой оны. Өзінің әдеті осы. Екі кесе шай ішкен соң, байласаң, отырмайды.

Осы кезде қайдағы – жайдағыны қозғамаса, отыра алмайтын Күндербек:

— Тоқан кезінде бай болыпты дейді ғой, – деді тақиясын қозғап қойып.

Күндербектің жымысқы қалжыңына үйреніп қалғандар әлгі сөзді мазақ екен деп ду күлді.

— Әзілден тыс, – деді ол жан–жағына ренжігендей түрмен қарап. — Мен естігенімді айтып отырмын. Кәдімгі құл ұстаған бай болыпты дейді.

— Кетші, – деді селкілдей күлген Сағидолла қолын сілтеп. — Өтірік айтпасаң, ішің жарыла ма? Қайдағы бай, қайдағы құл? Тоқан бай деген сөздің мағынасына да түсінбейді.

Күндербектің «депті – мыс» сөзі далада қалды.

Тоқанның Арқа бойындағы ақшамен самаурын қайнатқан аса ірі байлардың бірі болғаның, 1916 жылы үкімет мүшелігіне сайланғанын, ұлы конфескеге бірінші ілігіп, осы аймаққа жер ауып келгенін ешкім білгісі келмеді.

Ботбай қою шайды рақаттана ұрттап қойып, астық налогынан қалай құтылғанын ала тайыншасын қанша пұт астыққа айырбастағанын әңгіме қылды. Налог бұл күнде Ақшоқы бойында әркімнің көкейінен кетпейтін бір–бір шаруасына айналған. Ол жайлы әңгімеге араласпайтын адам жоқ.

Жақында ғана Жарбөгеттегі қайындарына барып келген Қалыбай:

— Налөкті тағы да көбейтетін көрінеді, – деді жанында отырғандарға құпиялап.

— Мынау тағы нені шығарды?

— Түк те шығарып отырғам жоқ, – деді Қалыбай. — Сенбесең, ойдағы елге барып кел. Ит терісі мен мысық терісін тапсыру керек көрінеді.

— Тек!

— Оны қайдан табамыз?

Қалыбай аяқ астынан кергіп, әлгінің бәрі өзіне төленетіндей:

— Онда менің шаруам жоқ, – деді басын шайқап. — Оны өзің білесің.

Алғашқы әңгімеде қолдау таба алмаған Күндербек тақиясын жылжытып қойып:

— Жылан терісі мен ақ сағызға да жоспар бар көрінеді, – деді көзі күлімдеп.

— Кет әрі!

— Жылан асырап отырған біреу бардай…

— Ендігі жетпей тұрғаны сағыз теріп қаңғып кету еді.

— О, қойшы, тәйірі, – деп Шәйкемел күліп жіберді. — Осы–ақ қылжақтамаса, жүре алмайды.

— Күндербекті сөйлетіп қойсаң одан да сорақысын шығарады.

— Комуна құрылатын бопты деген не сөз?

— Ол рас.

Мал мүлік, түп–түгел ортаға түседі дейді. Тамақты бір жерден ішетін көрінеді.

— Ау, артель болып көріп ек қой. Жиған–тергеніміз түп–түгел ортаға түспейтін шығар.

— Түскенде қандай, ештеңе де қалмайды.

— Неге қалмайды?

— Қалмайды.

— Неге, бәтір – ау?

— Қалмайды.

— Неге, бәтір – ау?

— Қалмайды! – Қалыбайдікі текке ерегіс болып шықты, кім не десе де, «қалмайдыдан» басқа сөз айтпады.

— «Аға, шай алыңыз», – деген кесе тасушы балаға да:

— Қалмайды! – деп жекіп тастады.

Күндербек тағы да миығынан жымиып, тақиясын бір қозғап қойып:

— Қалыбайдың обалы не, естігенін айтып отыр, – деді байсалды үнмен. — Естігеніңді айта берсең, одан да сорақысы бар. – Күндербек жанында отырған Ербатырдың құлағына бірдеңе деп сыбырлап еді, анау үріккен жылқыдай шошынып, «сұмдық – ай» деп, жағасын ұстап, өзімен–өзі әлек болып кетті.

— Ay, мынаған не істеп қойдың, айтсаңшы бәрімізге, – деген жұртқа Күндербек қашыртып:.

— Қой, жай әңгіме болу керек, жастар отыр, ыңғайсыз болар, – деп жолатпады. Жұрт қыстап болмаған соң, тағы біреуінің құлағына сыбырлап еді, ол алдыңғыдан да жаман шоршып, жалғыз өзі у–шу болып, елді аң–таң қылды.

Ақыры әбден ынтыққан жұрт Күндербекке құпиясын айтқызбасқа қоймады.

Күндербек миығынан жымиғанын қойып:

— Әйелдерді де ортаға салады екен деген сыбыс бар көрінеді, – деді түсін суытып. – Әйтеуір, өтірік болғай.

— Бос сөз! – деді қатар отырған Қаратай қолын сілтеп. — Әшейін өсек таратып жүргендердің сөзі.

Әңгімені төрде отырғандардың да құлағы шалды.

— Әй, Күндербек! – деп ауылнай шаңқ етті. – Доғар анадағы сөзіңді! Елге теріс үгіт таратқаның үшін, не болатыныңды білесің бе, а? Аяғың көктен келеді.

Үй іші бір сәт тым–тырыс болды. Кенет босағада отырған шұбар бет Қотыр:

— Әкеңнің көрі, не боса, о босын, қатын ортақ болса екен, – деді басындағы тері тұмағын алдына атып ұрып.

— Ой, найсап! – деген Ботбайдың сөзін жұрттың күлкісі көміп кетті.

— Қотырдың несі кетіп бара жатыр.

— Қайтсын енді…

— Қатын керек болса, енді тезірек колхозға кір.

— Ал, немене, мен адам емеспін бе? – деп Қотыр өзеуреп шыға келді. — Мен де адаммын. Маған да қатын керек.

Қотыр өмір бойы кісі есігінде жүрген жалғыз басты жалшы. Әкесі де, әкесінің әкесі де жалшы болған деседі. Атының кім екенін қазір өзі де білмейді. Бетіндегі қорасан дағына қарап, жұрттың бәрі Қотыр деп кеткен. Отыздың толық ішіне енген, сығырайған шегіркөзді, мұрны батыңқы, аласа кісі. Бет аузында емге түк жоқ, тек екі құлағынан ербиіп шығып тұрған ерсі жүндер адамның еріксіз күлкісін келтіргендей. Қотырдың келеке, мазаққа еті үйренген – ыржиып күледі де қояды.

Жұрт бір–біріне басу айтып жатыр.

— Әй, қойыңдар енді.

— Ay, кім, сен қойшы, сен қойсаң қояды ол да…

Бірақ ешкім қоймады. Әркім Қотырды өз әйелінің жанынан көргендей, жан–жақтан жабылып, арадай талады.

— О, албасты, мәжнүн…

— Жынды.

— Жарымес.

— Мынау құртты – ау бәрімізді…

Жұрт әрең дегенде Қотырдан құтылғандай болып, сабасына түскен кезде, Күндербек Батбақдала жақта біреудің өз қызын ұзатқаны үшін, сотқа тартылып, түрмеде жатқанын айтып, тағы бір өсектің шетін шығарды.

— Осының – ақ ойлап таппайтын бәлесі жоқ. Сонда немене, қызымызды үйде отырғызып қоюымыз керек пе? Сандалып, әншейін… – деп қызын ұзатуға дайындалып жүрген Мұқаш Күндербекке дүрсе қоя берді.

— Оны маған айтпа, қызыңа айт, – деді Күндербек. — «Әкем зорлап ұзатты» деп, арыз берген қыздың өзі көрінеді.

— Сосын қайтіпті?

— Қайтсын, әкесін түрмеге алып, қызды сүйгеніне қосыпты.

Қорқып кеткен Мұқаш көмек сұрағандай, алақтап жан–жағына қарады.

— Ұзатып жіберген жерінен бе?

— Иә, иә.

— О, худауанда.

— «Зорлап ұзатқаны рас шығар», «Сүйгеніне қосса, жаман ба», – деп қызды жақтамақ болған жастар жағына Тауман ақсақал зекіп тастады.

— «Сүю» деген қайдан шыққан бәле? – деді ол маңайына ажырая қарап. – Ата–ананың ризашылығымен құтты жеріне қону деген бар. Бала сүю деген бар. Атаң қазақ әлімсақтан бері осы салтпен келе жатыр. – Тауман ақсақал салып жіберетіндей болып, таяғымен алдында отырған бір–екі жігітті иықтарынан түртіп қалды. – Сенің де, сенің де әке–шешең осы салтпен үй болған. Немене содан бір жерің қисық боп туды ма? О, несі ей?..

— Ойбай–ау, енді махаббат деген бар емес пе? – деп қынжылды таяқпен түртілгеннің бірі.

— Ой, махаббатыңның ішін… – деді Тауман ереуілдеп. – Ертең өзің қыз ұзатқанда көрермін, айтқан тіліңді алмай жерге қаратып кетіп жатса. Жаңағы ақылы бір тұтам, шөп желке бетпақ… немене еді әлгі… ия, жаңағы махаббатыңның не екенін «біле ме екен? Ой, әдірем қал! Әдірем қал Махаббатыңның ішін…

Шайдың дастарқаны жиылып, төрдегілер іргедегі жастыққа қисайып, аяқтарын жаза бастаған кезде, белгілі әнші Әбдіғаппар қолына домбыра алды.

— Ой, бәрекелді!

— Иә, манадан бері босқа мылжыңдағанша…

Төрде шалқайып жатқандар бастарын қайтадан көтеріп алды.

— Әнеукүнгі айтқан өлеңіңді айтшы, – деп шулады жастар жағы.

— Тек, құдай сақтай гөр, әнеугүнгі деген не сұмдық! – деп шошынған болды Әбдіғаппар көзін алақ–жұлақ еткізіп.

Әбдіғаппар атаққа шыққан сайқымазақ, әрі әнші жігіт. Біреудің сөзін, біреудің қимылын салып, күлдірмесе жүре алмайды. Комсомолдар қойған өткен жолғы ойын–сауықта Дәуітбайдың тоқалымен айтысы дегенді ойлап тауып, бүкіл жұрттың ішек–сілесін қатырыпты. Соңында Дәуітбай болып бақырып жылағанда, туған інісі Сауытбай да шыдай алмай күліп жіберген екен, содан бері Дәуітбай: «Жұрттың алдында жер қылдың», – деп інісімен араз көрінеді.

Әбдіғаппар домбыраны безілдетіп бір шама отырды да, шанағын бір–екі шертіп – шертіп жіберіп, термеге басты.

«Қу дүние, келеріңде бұлақтайсың.

Сырғыған кетеріңде сынаптайсың,

Жанына жақсылардың аялдамай,

Па, шіркін, қайда барып тұрақтайсың?..»

Ән естуге жиналған кемпірлер, қатындар сығылысып босаға жаққа отырды да, сыймағандары табалдырықтың ар жағына жайғасты. Жастау келіншек қыңқылдай берген баласына кейіп: «Жетпегір, тыңдатамысың жоқ па?» – деп ерсілеу дауыспен жекіп тастады да, қыңқыл үдей берген соң, тағы бір қарғап алып, омырауын ағытып, сиырдың желініндей емшегімен баланың аузын бастыра салды.

Әбдіғаппар термесін аяқтап, домбырасын қайта бұрап алып, қиссаға көшті.

— Ет піскенше әлі көп бар, мынауың тіпті дұрыс болды–ау, – деп жұрт көңілденіп қалды.

«Әкесі жасырғанмен Мамырды ер ғып

Қалқаманжас күнінен біледі екен.

Құдайдан Мамыр қызды кездестір деп,

Сорлы жас арманда боп жүреді екен».

Кемпірлер Тамсанып бір–біріне қарасты.

— Әріректе өстіп ғашық болатындар болыпты дейді ғой.

— А – а – а! Рас шығар. Болмаса өстіп өлеңге айналдыра ма?

Әбдіғаппар қисса айтудың шебері. Өлеңнің сөзін, жүз құбылтып, әр түрлі мақамға салып, кей жерінде көзін қысып, бетін тыржаңдатып, сөз арасына кейбір келіншектердің атын қыстырып, домбырасын қақпақылдап, әйтеуір, тыңдаушысын жалықтырмайды. Бірақ қисса өте ұзақ – ет пісірім уақытқа созылды. Оның үстіне талай естіп, құлағы үйренгендер біраз тыңдағаннан кейін, жастыққа қайта қисайып, ұйқыға кіріседі.

— Ой, бүйтіп өлең тыңдағандарың құрсын!!! – деді Ботпай қорылға кіріскен Сүйінқараны ырғап. – Ау, үйді басыңа көтеріп, тыңдатпадың ғой, тегі.

Сүйінқара шошып оянып, енді аяғына дейін тыңдайтындай түйіліп, зер салғандай болып отырды да, қайтадан қалғып кетті.

— Қайтсын, жұмыстан шаршап келеді ғой, – деді Асқар шақшасының тығынын ағытып жатып»

«Көкеней тағы бітпей жатып алды,

Үш жылдай бітім болмай, жұрт сандалды.

«Қалқаман мен Мамырдың дауындай» деп,

Бұл елде мақал болып сонан қалды».

Есік жақта күні бойы ешкіммен тілдеспей, анда–санда ішінен күбірлеп, өзімен–өзі болып отырған жынды Қамза, кенет айтып жатқан өлеңнің не туралы екеніне жаңа түсінгендей, жақ еттері жыбырлап, шүңірек өткір көздері шатынап, Әбдіғаппар тесіле қарады.

— Мына бейшараның ауруы қозып отыр ма, түрін қарашы, қандай жаман! – деді келіншектердің бірі үрейленіп.

Қамза құйрығымен жылжып, сығылыса, Әбдіғаппарға жақындай түсті.

— Сорлы – ау, қайда барасың, естімей отырсың ба? – деп Қамидолла Қамзаны кеудесінен итерді.

— Кет! – деді әлдекім итке жекігендей.

Құлағы мүкіс Тарғын шал жанында отырған адамға маза бермей: «Не дейді, Қалқаман Мамырды алып қашты ма?», «Мамыр үйіне келем дей ме?.. Дұрыс қой енді, ата–ананың батасын алмаған соң, бола ма?» – деп күбірлеп сөйлеумен отыр.

Ақыры Әбдіғаппар өлеңнің мақамын өзгертіп, өте бір азарлы үнге ауысқан кезде, жұрт бірін–бірі жұлқылап оята бастады. Оянғандар жөппелдемеде ештеңеге түсінбей, көздері қып–қызыл болып, ұйқысырап:

— Немене, Мамырды өлтірді ме? – деп сұрап, зарлы әннің соңынан «Мамыр – ай» деген қайырмасын естігенде, енді бұдан әрі бейжай тыңдауға болмайтындай, түстерін суытып, бешпенттерінің өңірлерін қаусырынып, жинақталып отырды.

«Арманда оққа ұшып өліп кетті,

Жалғаннан жаным сүйген менің жарым,

Жүрмеймін бұл арада енді кетем,

Қош боп тұр енді бақи, құрбыларым».

Мұны айтып, қамшы басып күрең атқа.

Қалқаман жеткізбепті жамағатқа…»

Қисса бітті.

Есік жақтағы әйелдердің бірі қорс етіп жаулығының ұшын бетіне басты. Көздеріндегі жасты көрсеткісі келмегендер төмен қарап тұқжия түседі. Жаулығы қарқарадай қара кемпір жылаған келіншекті тізесінен нұқып қалды.

— Сен қатынға не жоқ, барқылдап? Байың қасыңда емес пе!?

Қиссаның әсерімен тұнжырап, мұңайған жұрт кемпірдің қалжыңынан кейін серпіліп сала берді.

— Жаңағыны айтқан қайсы? – деп сұрады Тарғын шал. – Биғатша емес пе?

— Сол ғой.

— Бәсе, – деді Тарғын Биғатшаның сөзінен бұрын өзінің дәл тартқанына риза болып.

Осы кезде жұртты үркіткен бір оқиға болды. Әлденеге мазасы кетіп отырған жынды Қамза:

— Өтірік! – деп кенет айқай салды, сексеуіл секілді күс–күс саусағымен Әбдіғаппарды көрсетіп. — Өтірік!

Қамзаның ауру екенін білетін жұрт тіксініп, үндемей қалды.

— Өтірік! – деді Қамза тағы да ышқына айқайлап. – Қалқаман өлген. Оқ оның тура жүрегінен тиген. Мен өз көзіммен көрдім…

— Бейшара! – деді әлдекім аяп.

— Шығарып жіберіңдерші.

Әңгі Сағидолла Қамзаны лақша көтеріп алып, далаға шығып кетті. Сыртта Қамзаның қыдығы келген бала құсап, шықылықтап күлген дыбысы естілді.

— Өтірік, өтірік, – дейді өзінен–өзі мәз болып.

— Апыр–ай, бекер шығардыңдар – ау, – деп Асқар әлдеқалай ыңғайсызданған түрмен. – Кісіге зияны жоқ жан ғой. Кірсінші үйге. Сағидолла – ай, кіргізші үйге, дәм ішсін.

Қамза қайтып үйге кірмеді. Аулақта ат байлау үшін ортан белінен жерге көмілген арбаның доңғалағына құйрығын қойып, домбыра тартып отырған адамша қимыл жасап, биік қоңыр үнмен:

— Қызы едің Ақтентектің Ажар атың,

Ешкімнен кейін емес салтанатың.

Алыстан ат терлетіп келіп едім,

Жүр ме екен аман есен перизатым? –

деп әндетті.

Үйде отырғандар сырттағы әнге қайран қалды.

— Мынау кім, жаным – ау?

— Қамза ғой, – деді Сағидолла.

— Апыр–ай, мынаның үні қандай ғажап еді!

— Не дейді?! Кезінде сері болған Қамза емес пе?

— Шіркін, ауырмай тұрғанда жігіттің төресі еді ғой, – деді әлдекім күрсініп.

Қамза өткір сазды үнмен жеті түнді сілкіндіріп, әннің бірінен соң бірін тоғытты.

— Кісіге зияны жоғы рас, – деді Сағидолла сонысына өзінің риза екенін білдіре, төңірегіне басын изей қарап. – Бірақ құрғырдың молаға түнейтіні жаман.

— Қойшы!

— Құдай біледі, өз көзіммен көрдім.

Үйдегі қонақтар дәм ішіп болып, інісінің келуіне осындай үлкен той жасаған Асқарға баталарын беріп, «ал көбейейікпен» у–шу боп сыртқа шыққанда Қамза да әнін доғарып, жұртқа қосылды. Сол дүрмекпен біраз жерге дейін барып, жұрттың бәрі үйді–үйіне кіріп тарап кеткенде, жападан–жалғыз ауылды кезіп, ұзақ жүрді де, бақташы Ерсейіттің үйіне келіп, қостың іргесіндегі тулаққа қисая кетті.

Таң алдында Ерсейіттің әйелі Қатира сыртқа шығып, далада жатқан Қамзаны көріп:

— Байғұс – ай! – деп үстіне есік алдындағы бір шоқпытты жаба салды.

Өмір деген асты ойран боп жатса да, беті күлген ағын судай алдамшы бір нәрсе ғой. Қатира мен Қамзаның бір кезде Қалқаман мен Мамырдай ғашық жандар болғанын бұл күнде тірі пенде мойындамас еді. Тіпті Қатираның өзіне де әшейін бұлдыр елес секілді боп көрінеді. Әсері жоқ. Одан бері не заман!

* * *

— Олар – Кенжетай ғой. Шешеміз өлген соң, Мырзекең нағашыларына кеткен – жастай бөлек өстік. Сол жақтан Қалаған жеңешемді алып келді. Күн көрістің қиын кезі, ағайынның бір–біріне қарасуға шамасы жоқ. Соның алдында үлкен жұт болған. Мырзекең келіншек алып келіп, Қабылбектің қыстауына кіріпті дегенді Сатыбалдының үйінде ауырып жатып естідім. Байғұстар несіне келді екен, күн көре алмай өледі ғой деп ойлаймын. – Жолдың суға жақындаған тұсында жалбыз иісі аңқып қоя берді. Әлдеқайдан су сабалаған құс қанатының дыбысы естілді де, қайтадан тыныштық орнады. Бақалар үні ұйқыдағы табиғаттың бірқалыпты қорылы секілді. Асқар артына бұрылып Қарасу жақтағы қарауытқан қыстауларға қарады. – Сатыбалдының үйі анау бір маңда болатын, – деп бұрылып ілгері аяңдады. – Екіндінің кезі. Мен ауыз үйде тулақтың үстінде жатырмын мешел болып, аяғымды баса алмаймын. Үстіме жамылғаным – жыртық–жыртық ескі шапан. Кенет, – деп Асқар өзі күтпеген бір оқиғаның болғанын білдіре, аңтарылып тұрып қалды. Бәйтен мен Есімбек те тоқтады – Кенет бір жас келіншек үйге кіріп келді. Танымаймын. Кіріп келді де: «Осы үйде Асқар деген бала бар ма?» – деді. «Мен ғой» деймін баяғы. «Ойбұй, ұл – ау, атыңды атап қойдым – ау. Мен жеңгең боламын, атым Қалаған», – деп келіншек қасыма жүгіріп келді. Жеңешемді тұңғыш көруім. Бір кезде астымдағы тулақты көріп: «Ойбай–ау, өлмеген нең қалды мынадан?! Осы үйден бір жапырақ көрпе де табылмағаны ма, құдай–ау?!» – деп айғайды салмасын ба әлгі жерде. Жеңешем жасында өткір еді ғой, – деп Асқар «осылар соны біле ме екен» дегендей Бәйтен мен Есімбекке кезек–кезек қарады. – Содан… үйде ешкім жоқ, бәрі сыртта жүрген. «Әйдә, үйге жүр, кеттік», – деді жеңешем. «Ойбай, қалай барам, мешелмін!» «Жоқ, жүресің». Ақыры… Ойпырмай! – Асқар тағы да тоқтай қалды. – Сонау Қарасудан осы жерге дейін мені жаяу арқалап әкелді ғой, – деді даусы құбылып. – Содан үйге кірген соң, отырып алып жыладым. Өйткені өзім де әбден бітуге қалғанмын. – Осы тұста Асқар даусын бекітіп, ілгері жүрді. – Одан оңалып, адам болам деп ойлаған емеспін. «Жылама, – деді жеңешем, – құдай жар болса, бір қасық суды бөліп ішіп, біз де ел қатарына қосылармыз. Неге жылайсың, жылама», – дейді. Жылағанда өлімнен қорқып жылап жатқан жоқ, тарыққанда, жаны ашитын жақынның табылуы көңілді босатады ғой өзі. Содан үйдегі бар іске татырдың бәрін менің асты–үстіме салып беріп, осы Қалаған жеңешем бір жыл қозғалтпай баладай баққан. Е – е – е, татар дәм таусылмаса, басына не келіп, не кетпейді.

Жол жағадан бұрылып қырдағы қыстауларға тіке тартты. Қара шағыр, жусан, ащы кекіренің кермек иісі мұрынға келеді.

Асқар кідіріп, артқа бұрылды да, кейін жүрейік дегендей қолымен келген жақты нұсқады.

— Мінеки, заман басқа, заң басқа, тіпті адам да басқа болып бара жатыр. Таңертеңгі ақыл түске жарамайтын кез ғой, шырақтарым… Менің жасым алпыстың алтауына келді. Алланың бұйрығымен жақсының да, жаманның да дәмін таттым. Қазір көзден нұр, көңілден жігер қайтты. Тілек, мақсат шығындалды. Бірақ бұған ренжуге болмайды. Тіршіліктің заңы солай. Дүниенің тұтқасы болып жүргендердің басынан бақтың қалай тайғанын кезінде талай көрдік… Сондықтан шүкір құдайға. Иә…

Түн тыныштығын бұзып, ауыл шетінен ит үрді. Онысы үлкен сақтықтан гөрі «мен бармын, жатырмын» дегенді ғана білдіргендей, көңіл жықпас, самарқау шықты.

— Бірмағамбеттен туған екеу едік. Сол екеуден – екеуің ғана, – деді Асқар әңгімесін жалғап. – Азсынып отырғам жоқ, бар аман болсын. Менің ендігі қызығым екеуіңнің шаңырақ болғаныңды көру.

Бәйтен мен Есімбек сөз төркініне енді түсінгендей, жымиып бір–біріне қарады.

— Үміт еткен шырағым ең, – деді Асқар Бәйтенге бұрылып. – Оқыдың, адам болдың. Мырзекең марқұм қызығыңды көре алмады. Бірақ анаң тірі. Ол кісінің сенен басқа тілегі жоқ. Айтайын дегенім,.. шешең қартайды. Енді қанша жасарын бір құдай білсін. Шай қайнатып беретін адам керек. Ендігің балалық болады, үйлен. Көздегенің болса оны айтарсың, болмаса, жеңешем екеуміздің де ойлап отырған жерлеріміз бар.

Үйленетіні өзіне қызық болып көрінді ме, Бәйтен әлдеқалай күліп жіберді.

— Есімбек бар емес пе? Соның кезегі ғой. – Ә, мұны үйлендіреміз, – деді Асқар даусын қатайтып. – Мұның ендігі қиқаңын көтере алмаймыз. Айта–айта шаршадық. Жетеді. Енді құда түсіп, өзіміз әпереміз. Сосын енші бөліп, жеке шығарамын. Содан кейін артеліңе кір, егін сал, мал бақ, өз күніңді өзің көр.

Есімбек кінәлі адамдай үндеген жоқ.

Киіз үйдің есігі ашылып іштен жарықпен бірге шыққан әйел бейнесі жаулығы ағараңдап ілгері бір–екі аттап:

— Ау, барсыңдар ма? – деді ақырын айқын үнмен.

— Бармыз, бармыз, – деп асқар жүрісін тездете түсті.

— Төсек салулы тұр. Сусын ішіп жатыңдар енді. — Бикен қараңғыда әлденеге сүрініп:

— Осы үйдің дүниесі – ай, аяқтың астында жататын, – деп, кейи сөйледі.
Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры