Байланыс телефондары:
+7(7172) 20–44–5
+7(701) 533-12-2
» » Әңгіме: Өліара /БІРІНШІ БӨЛІМ

Әңгіме: Өліара /БІРІНШІ БӨЛІМ

26 июнь 2019, Среда
493
0

БІРІНШІ БӨЛІМ 

I

Басын Арқаның аласа тау сілемдерінен алып, шығыстан батысқа қарай садақша иіліп, баяу аққан Жыланды өзені бетеге, жусан, бұйырған өскен боз топырақты жазық дала мен сиыр таңдай құм төбелерді, ақ сорға айналған көлдің табандары мен қазан шұңқырлары алқаптарды басып өтіп, көктемгі тасқында Ащыкөлге құяр еді. Жаз айында суы кеміп, кей тұстары жиегіне қамыс, құрақ, арагідік шоқ–шоқ шілік өскен бірде тұщы, бірде ащы үзік–үзік қара суға айналады. Жағасы биік әрі құлама болғандықтан, суаттан басқа жері тіршілікке қолайсыз. Елдің көбі жайылым қуып, шашырай қонып, ауыз суды құдықтан ішіп, малды да құдықтан суарып әдет қылған. Қыста қар — суымен күн көреді. Әсіресе егіні жоқ, бірыңғай мал бағып, құм жайлаған шаруалардың өзен суына күні түсіп көрген емес. Әйтсе де солардың өзі «биыл Жыландының суы аз екен» десе, айдалада отырып уайым қылып, «көп екен» десе, «е, бәрекелді» деп қуанып, шүкіршілік етіп отырады.

Сол Жыландының «арғы бет» деп аталатын түстік аймағында елді мекеннен тым жырақ қоныстанған жалпақ ауыл сырттан келген адамдарға өздерін: «Қосымнан тараған бір атаның балаларымыз ғой», — деп таныстыратын. Бірақ қосым қайда, біреу қайда, бұл күнде біраз ата бір–бірімен қыз алысып, қыз берісіп, нағашылы — жиенді күйге ауысқан; жиын кеңесте бірін–бірі қажамаса отыра алмайды. Еріккен шалдар таяғымен жерді шұқып қойып, әлдебіреулерге: «Шірік неме, сені бүлдірген анау шөккен түйеге міне алмайтын жаман әкең ғой, сірә», – деп; егер пысықтау біреу болса: «Өзің бізге тартып адам болып жүрген шығарсың, егер аталарыңа қараған күн болса, біржола жынды болып кетер ме ең», – деп кеңк–кеңк күліп, қажаған адамының шақшасын сұрап, насыбай атысып отырар еді.

CDP & DMP by CleverDATAAI & Data платформа управления и монетизации данных. Customer Journey сегментацияУзнать большеdmpkit.ioЯндекс.Директ

Бұрын Қоғалы болысына қараған, кейін серіктікке бірігіп, одан артель болып, ақыры оны да құлатып тынған, баяғы «ақ құлақшынды әбігер» атанған Бураевтың: «Бұл ел совет үкіметіне әлі дайын емес», – деп ақпар беретін белгілі Ақшоқы деген жеріңіз осы ғой.

Бірақ бұл елдің Ақшоқылық болып, бас қосып, Қосымнан тараған үш ру табай, томай, қауынгердің өзара жөн сұраса бастағаны кеше ғана. Бұрын бірін–бірі діні бөлек, салты бөлек бөтен елдей көретін. Совет өкіметі орнағаннан кейін, Жыландының құмға құятын бір сағасына бөгет салғанда, Ақшоқының халқы тегіс жиналған. Сонда ақсуаттық табайлар: «томай, қауен дегенге бұлар кім десек, құдай–ай, өзіміз секілді қазақ екен ғой», — деп таң қалыпты десетін.

Одан бері заман өзгерді, заманмен бірге қосым баласының тіршілігі де өзгерді. Жаңа ұғым, жаңа атаулар пайда болды. «Батырақ», «құлақ», «кәмпеске», «Тоз» деген сөздер шықты. Жаңа сөзге жұрттың бәрі құмар, бие сауып жүрген әйелдерге дейін, оны айтпаса, сөйлей алмайды. Кіші молданың әкесі Тырқай шал: «Осы күнгі жастардың тіліне түсінбеймін», – деген көрінеді жарықтық.

Шалдардың айтуынша баяғы ауыл жоқ. Шіркін, кешке қарай Жарасбай әулетінің қалың жылқысы топырлап келіп құлар еді суатқа… Жуалы түбектен қойларын Нұрқожа қаптатса, оған Жалақтың түйелері қосылып, сонда осы төңірек қан базардай азан–қазан болып, сөйлеген сөзіңді естіртпес еді–ау!

Қазір мал аз, адам көп; елді отырықшыландыру деген саясат шығып, жұрттың көбі қысы–жазы сағадан ұзамайтын болды. Көк шыға Қарасудың айналасына топырлайтын қалың ауыл, жаз ортасында – ақ төңірегін шаңдақ қылып, өзеннің қасына қоныс аударатын.

Биылғы жаз ерте түскен еді. Шілде жаңа туса да, Қарасудың басы қу тақыр – он шақты – ақ киіз үй қалыпты. Қалғандары Ақсуатқа көшіп алған. Елдің игі жақсыларының біразы тым сұғыныспай, алыстан сыйласайық дегендей, араға жер тастай қоныпты. Үй шеті суаттың төңірегіне сыймай, қыр асып кеткен.

Ауылдың өзенге жақын орта тұсында босағасына Қызыл ту ілген оқшау үй – Қызыл отау. Жиналыстың көбі сонда өтеді. Бүгін де үйдің алды толған адам. Бірақ жиналыстан гөрі дау–жанжалға көбірек ұқсас. Түсте ауданнан өкіл келіп, бүкіл ел шұбап барып, Өлеңдіден шабындық бөліскен. Енді оған жұрттың біразы риза болмай, даудың аяғын кешке қарай осы жерге әкеліп өрбітуде.

— Шырағым, өкіл бала, сөзіме құлағың сал, дейді Ботбай шал ашынған адамдай шапанының түймесін ағытып, тізерлей отырып. — Үркімбай деген бір кісі Кенесарыға келіп, арыз айтыпты дейді: «Абылайдың тұсында атқа мінген бала едім, Қасымханның тұсында қатардағы жан едім, енді қазір малын алдыртып, алдыңа келген шал едім» — деп… Сол айтқандай мен де елеусіз қалған шал боп отырмын…

— Ал енді Ботбайды тоқтатып көр, — деп біреулер қазір қызыққа кенелетіндей мәз болып күліп жатыр.

— Бүгін тоқтамас, тым алыстан бастады ғой.

— Шырағым өкіл бала, — деп Ботбай сөзін қайта бастады. — Осы отырғандардың бәрі куә — мен өзім адал итсіз тақыр кедеймін. Тіпті арғы ата–бабамда аузы асқа жарыған ешкім жоқ, несін жасырайын оның… Үкімет кедейдікі дегесін, енді жарылқанатын шығармыз деп жүрген көп дәмелінің бірі мен едім. Бірақ соның жақсылығын шынымды айтсам, әлі көргем жоқ… Көрмегенде, былай, шырағым… Маңдайыма біткен жалғыз сиыр, үш–төрт уағым бар. Ал нәлөкті мынау отырған Тұршабаймен бірдей төлеймін. Осы әділдік пе?

— И, пәтшағар, біреуді қосақтамасаң, отыра алмайсың ба? Өз шаруаңды айта бермейсің бе, — деп шыр ете қалды біреуі.

— Ал енді, қалған ет, май, жүн–жұрқа, тері–терсек сияқты нәлөктеріңнен де қалып көргем жоқ… Міне, күн батып бара жатыр, намбұт құдайға шыным… Одан ана жолы шөпті бай, кедей демей, тең бөліп береміз деп, ауызбен байытып кеттіңдер. Енді келіп, неге бүгін Өлеңдінің ең бітік мол жері мына отырған байларға беріледі?… Ал маған бергендерің Омардың шашы секілді әр жерде селтиген қырдың шөбі.

— Ой, аузыңды ұрайын, жалғыз Жалмауыз сиырың бар, ауыл–үйдің жайған кірін қоймайды, – деп киіп кетті Омар да. — Әнеугүні жуулы тұрған дамбалымның бір балағын жеп кетті. Ол жалмауызға шөп бермесең де, қыстан шығады.

— Жоға деймін–ау, — деп Ботбай қолдау іздегендей жұртқа қарады. — Ең бітік жері соларға кетті.

— Кетсе не қыл дейсің? — деді тақия киіп отырған Күндербек кейіп. — Шөпті малдың санына қарай бөлген шығар. Соны енді мыжи бергенде бірдеңе бола ма?

Сол сол–ақ екен, Ботбай сақалы шошаңдап, мүлде көтеріліп кетті.

— Әй, Күндербек, сен өйтіп менің аузымды қыздырма, білдің бе? Өткен қыста ақ тақыр боп шөбім таусылып, жалғыз сиыр түнімен мөңіреп, ұйқы бермеген соң, жеті насырым жерге кіріп, алдыңа бардым. Сонда сен албарыңнан бір құшақ шөп беруге қарадың ба? Сен анау Дәуітбайларға аты мырзаболат деп итаршыланып отырсың ба? Малдың саны, малдың саны дейсің, сол малың списікке толық жазылды ма екен? Осы отырған — Дәуітбай, Омар, Тұршабайлар санақ кезінде жылқысының да, қойының да жартысын жасырып қалды. Оны қудалаған ешкім жоқ… Мен мынаны білмеймін бе екем? Енді кеп шөп бөлген кезде малдың барына қарау керек деп шыға кепті. — Ботбай «малдың санына» даусын құбылтып, басын ырғап, кекетіп айтты.

Әңгіменің ушығып бара жатқанын көріп, біреулер ара ағайын болды.

— Ау, Ботбай, болды ғой енді, қойсаңшы. Жалғыз сиырыңа мен – ақ тауып берейін шөпті. Қойшы, әкетай, елдің шырқын бұздың…

Ботбай тағы да бірдеңе айтқысы келіп еді, осы кезде ауданнан келген өкіл түрегеліп, құлағына қарындаш қыстырған ұзын мойын кісіге қарап:

— Мына ақсақалға ертең шөптің жақсы жерінен молдау қылып қайта бөліп беріңіз, – деді.

Ұзын мойын кісіңіз партия ұясының секретарь! Байдәулет болатын — ол келіскенін білдіріп басын изеді де, тағы біреу бірдеңе деп қоя ма деп қорыққандай бастырмалатып:

— Ал, кәне, енді біздің үйге барайық, сөзді қойыңдар, — деді жұртқа. — Кім, Қамидолла, тасташы әңгімені. Қанеки, ақсақалдар! — Содан кейін өкілге бұрылып: – Кеше баламызды піштіріп ек, бүгін соның құдайысын беріп жатырмыз, – деп түсіндірді.

Иірілген жұрттың бәрі Байдәулеттікіне беттеді. Туырлығын жаңадан жапқаны білініп тұрған еңселі боз үйдің алдында бірін–бірі күтіп, бір–біріне — жол беріп ошарылып, алдыға өкілді салып, үйдің ішінде адам болмаса да, «ассалаумағалайкум» деп дабырлай сәлем бере кірді. Іргелете жайылған төр көрпеге буындары сықырлап сыйлы шалдар жайғасып, одан төменірек бәлендей заң сақтамай, ала–құла боп, ал етігін шешкісі келмеген біреуі аяғын босаға жаққа жіберіп, көлбей жатты. Алдыға ет келген кезде ел ағасы ауылнай Жақай Ботбайды зорлап үлкен табаққа қостырды.

— Ау, жезде, сенікі не? Ендігі азғантай ақсақалдың бірі сен емессің бе?.. Қой, сөзді қой, үлкен табаққа кел!

Кеу – кеумен төр жақтағы әлгінде ғана өзінің тілі тиген Дәуітбай мен молданың арасына келіп отырған Ботбай әлі де құмардан шыға алмай, айтылмаған сөзі қалып, ашудың сылтауымен талай былықтың бетін ашсам ба деп отырған ойынан мүлде жаңылып қалды.

Біреулер ауылнайға көпшік қойып жатыр:

— Жақаңнан да бәле артылмайды ғой, екеуін қатар отырғызып қойғанын көрмейсің бе? – деп бір–біріне тізерлес отырған Дәуітбай мен Ботбайды көрсетеді.

— Мен нағашым болған соң, ойнай беремін ғой, – деп жұмсартқан болды Ботбай.

Дәуітбай үндеген жоқ, дәл осындай жиенге өзінің онша зәру емес екенін білдіргісі келгендей, сұрланған күйі еттен анда–санда бір алып, тәкаппарсып самарқау отыр.

Ет жеп болғаннан кейін, үлкендер жағы іргедегі жастыққа қисайып аяқтарын жазды. Мұндайда шариғаттан әңгіме соғып жұртты аузына қарататын молда да өкілден бата алмай, «ия, алла» деп қойып, үнсіз отыр.

— Кеше Сордан келе жатсам, — деп қисық аяқ Мұқаш әңгіме бастады, — Қондыбайда мал ма, ит пе бірдеңе жүр. Жақындап келгенде көрдім. Төлемістің бұзауы екен.

Әңгімеге «е, бәрекелді» деген ешкім болған жоқ, тек Төлемістің өзі:

— Сөйтіп жүргенде сол немені қасқыр тартып кететін шығар, – деп қауіп білдірген болды.

— Қасқыр емес, мына Сүйінқараның көк иті де тартып береді. Өзі бір иттің ішіндегі оңбағаны, – деп Мұқаш қатар отырған Сүйінқараға шатақ іздегендей, шақырая қарады.

— Біздің иттің малда шаруасы жоқ, – деді сояудай аршаны тісінің арасына емін–еркін сұққылап отырған Сүйінқара. — Басқа пір итпен шатастырып отырған шығарсың.

Итті шатастырдың деген сөзге Мұқаш шамданып қалды.

— Мені бір надан көресің бе, итті танымайтын. Дәл сенің көк итіңнің қозы–лақты тас–талқан қылып қуып, өлтіре жаздағанын өз көзіммен екі рет көрдім. Мінеки, — деді сосын жерді шұқып, — қашан айттың деме, енді көрсем, құдай біледі, атып тастаймын.

Сүйінқара тісін шұқығанын доғарып, қалтасынан шақшасын алып, насыбай атты да:

— Ата алмайсың, — деді жайбарақат.

— Жоқ, атамын! — деп шаңқылдады Мұқаш.

— Ата алмайсың.

— Атамын!

— Ау, қойсаңдаршы!

— Бұ немене, бала боп кеттіңдер ме?

— Заман азғанда, адамдардың әңгімесінің түрі осындай болады, – деді молда ақырын ғана аят оқығандай бір үнмен. Соны айтты да естіп қалды ма дегендей, жалтақтап өкіл жаққа қарап қойды.

Осы кезде түсірулі киіз есік жартылай ашылып, даладағы жерошақ оты жарқ етіп көрінді де, үйге бір қолымен бөркін баса, орта бойлы шоқша сақалды кісі еңкейіп кірді. Желбегей жамылған бешпентінің өңірін қусыра:

— Ассалаумағалейкум! — деп сәлем беріп, отырған жұртқа, парлай қарады да, Байдәулетті көріп: Қайырлы болсын, баланы сүндетке отырғызғандарың… Бәрекелді, дұрыс болған екен, — деп босағаға кебісін шеше бастады.

— Ойбай, бидің тұқымы келді ғой, – деп біреу кекеткені, ия қалжыңдағаны белгісіз.

Ақ сары кісі «бұл қайсы» дегендей еңкейе қарады да:

— Ә, Назармысың, – деді жұмсақ жымиып. — Шырағым – ай, тура отырып, қыңыр сөйлеу әдет болды–ау саған. Арғы атаң батыр Жәнібекпен бірге жауға аттанып еді, ал сен бар болғаны май тасып жүрсің… Атаның абыройынан не пайда, құдай әулиелікті қара басыңа бермегесін…

Шалдар күліп жіберді.

— Тиыш отырса қайтеді екен, естиін дегені осы ғой, — деді әлдекім сыбырлап.

— Әй, Асқар! — деді Назар қызарақтап. — Сен өйтіп шешендікке салма, білдің бе. Атаң түгіл өзіңнің де билік құрған кезіңді білеміз…

— Ау, қойыңдар, шырақтарым, — деп бір шал басалқы айтты.

— Аталы сөзді арсыз қайырады деген, — деді алғашқы сыбыр.

Шарпысқан сөзді жуып–шайып амандық қайта басталды.

— Иә, ат–көлік аман келдің бе, Асқар?

— Шүкір! Өздеріңіз амансыздар ма?

— Алла деп…

Уатқанға көнбей жүрген тентек баладай бажылдап, бұрқылдап самаурын келді. Дастарқан жайылып, бауырсақ төгілді. Нәлге салған желбіршек көйлекті толық әйел қорытқан сарғыш қантты тістеуікпен шағып, тауыққа жем шашқандай дастарқан жағалатып лақтырып жатыр.

Шай үстінде қаңқу сөз қайта басталды.

Манадан есесі кетіп, әрең отырған Назар, әскерін тыңайтып, ұрысқа қайта кірген қолбасындай, тағы да шабуылға шықты.

— Әй, Асқар, — деді әдейі өкіл естісін деп даусын көтере, — осы сен атақты молданың бірісің. Айтшы осы, өлмей тұрып өзіңе там салдырғанды шариғат заңы көтере ме?

Асқар Назардың бетіне қарады да:

— Сенің заңың болмаса, шариғаттың заңы кең ғой, — деді жымиып.

Төрде отырған Ботбай:

— Кеше Қалампыр ауырып жатыр деп естідім бе? Не сөз осы? — деп ушығып бара жатқан әңгімені әдейі бөліп жібермегенде, мұның аяғы немен бітері белгісіз еді.

— Оған не бопты? — деді әлдекім.

— Білмеймін, кеше молдекеңді шақырыпты деп естідім.

— Ойбай, ия, қызық болды ғой! — деп кенет есік жақта көлбей жатқан мұрны қолағаштай жас жігіт жұрттың бәрін шошытып. — Алдыкүнгі оқиға ше, алдыкүнгі?!..

«Алдыкүнгі» дегеннен–ақ, оның не екеніне жұрттың бәрі түсініп, жымыңдап күле бастады. Шай құйып отырған әйел де үн шығармай жаулығының ұшымен бетін басып күлді…

Шынында да, алдыңғы күні осы ауылда бір таңғажайып оқиға болған–ды.

Ауылнай бастаған еркек кіндік кооперативке зат түсіпті деген соң, бөгет түбіндегі дүкенге кеткен.

Жарықбастың қатыны Қалампыр сәске түстің шамасында өзеннен иінағашпен жайбарақат су алып келе жатып, алдымен күн күркірегендей дыбысты естіді де, дәл төбеден сорғалап кеп қалған бір сұмдық… адам — баласы көрмеген қорқынышты үлкен мақұлықты көреді. Түрі инелік секілді қанаты мен құйрығы бар. Арылдаған даусы жер дүниені алып барады.

Кешкілік түзге отыруға әрең шығатын Қалампыр зәре–құты қалмай, екі шелекті тастай қашты. Бұл кезде дүрілді естіп, ауылдың қатын–қалашы сыртқа шыққан. Ит үріп, желдегі құлындар тыпырлап, жылқылар үркіп, ауыл іші азан–қазан болды…

«Инелік» арылдаған күйі Ақсуаттың үстінен ұшып өтіп, алыстаған сайын кішірейе берді де, ақыры көздің ұшынан ғайып болды. Жұрттың көбінде зәре жоқ, у–шу. Үйіне келіп талып қалған Қалампырды қара кемпір Несібелді әлденеше рет ұшық жасап, әрең тірілтіп алды.

Әлмембет молда бұл сұмдықтың не екенін дәлдеп айтып бере алмаған. Тек астапыраллалап ішінен күбірлеп бірдеңелерді оқып, «мұның арты жақсылыққа соқпайды» деген қиын болжам айтыпты. Молдекеңнен қайыр болмаған соң, мына бәленің аты–жөнін білуге біреулер Асқарды іздейді. Асекең болса оқу бітіріп келе жатқан інісі Бәйтенді қарсы алу үшін, дуанға кеткен.

Сөйтіп отырғанда әлгінің не екенін бір адам білетін болып шықты. Ол — ауылдың ешкісін бағатын, бертінге дейін «Сәдірмек» атанып, азан шақыртып қойған өз атына жақында ғана қолы әрең жеткен белгілі жынды «жетек соққан» Бөкен ғой. Осыдан екі жыл бұрын әйелін сабап, уездің түрмесінде екі ай отырып келген. Әйелін кім сабамай жатыр, бірақ өлетін бала молаға қарай. жүгіреді деп, Бөкен ет қызумен әйелін соның алдында ғана прокурор келіп түскен ауылнайдың үйіне қарай қуалап, ешбір жанға араша бермей, қолындағы бақанымен алдынан шыққан прокурорды салып жібере жаздап, есін әрең жиған. Сол арада акт жасалып, Бөкен уездің түрмесінен бір–ақ шықты. Түрмедегі екі ай Ақсуаттан аттап шығып көрмеген Бөкен үшін кейін таусылмайтын жырға айналды. Дүниені шарлап келген жиһанкезден жаман: «Баяғыда мен уезде қонақ боп жатқанда», – деп жұртты тоқтатып қойып, әңгіме бастайтын болды. «Қонақ боп жатқанда» не болғанын бұл күнде ауылдың бала–шағасына дейін біледі… Сол Бөкен қатын–қалаштың ортасында тұрып, өзіне медреседен кем болмаған түрмедегі екі айын есіне қайта түсіріп, ұзақ ойланды да, төбеден ұшып өткен әлгі пәленің аэроплан екенін айтып, елді айран – асар қылғаны. Сөйтіп, Ақсуаттың адамдары тұңғыш рет аэропланды көрді.

Алдыңғы күнгі қызық осы еді.

Асқар әңгімені үнсіз тыңдап болды да:

— Оған бола мені неге іздедіңдер? Мен Бөкен секілді уезде екі ай жатып келген жоқпын ғой, — деді күліп.

Аэроплан жайлы әңгіме бірте–бірте поезд төңірегіне ауысып, осы тұста ауданнан келген өкіл бала Егеубай әлсін–әлсін шашын сипап қойып, Қалтаңбаев жолдастың «өткен жылы Алматыға келген поезды көрген бір адамды көріп, сөйлестім» дегенін өз аузынан естідім дегенде, бұл әңгіме отырған жұртқа поезды жасап шығарған адамның өзін көргеннен кем әсер еткен жоқ.

Енді жұрт өкіл жігіттің аузына қарады. Егеубай әңгімеге шорқақ екен, екі сөзінің бірінде «значит» деп, жақында аудандық түрмеден Сейдалы деген қарақшының қашып кеткенін және тек кетпей, райком есігінің алдында тұрған ақ боз атқа мініп кеткенін, қазір ауданға қатынаған адамдардың мылтықсыз жүрмейтін болғанын шашын қайта–қайта сипап отырып айтып берді.

Сейдалы патша өкіметі тұсында екі рет ит жеккенге айдалып, совет өкіметі тұсында да сотталып келіп, одан келісімен милицияны сабап, тағы да түрмеде жатқан атақты, бау кеспе қарақшы болатын.

— Үкіметтің құрығына тоқтамайтын не қылған бәле? — деді әлдекім үрейленгендей болып.

— Ол ол ма, — деді Егеубай өз әңгімесіне өзі таңырқай, анада, жаңа құрылған артельдің май тасып жүрген бір әйелі астындағы түйе, арбасымен бірге ұшты–күйлі жоғалып кеткен. Артынан оны да Сейдалы алып кетіпті деген хабар жетіп, ауданнан милиция шыққалы, мінеки, бір апта болды.

Егеубай Сейдалыны қанша бұзақы етіп көрсеткенмен, көкірегінде оған деген құрмет сезімі де жоқ емес екен, оның ер жүректігіне, қайратына қызықпай тұра алмайтыны байқалып тұрды.

— Қап, өзі жаңа құрылып жатса, артельдің түйе, арбасын алып кеткені қиын болған екен, — деді Ботбай басын шайқап.

— Арба деген бәле таптыра ма қазір, — деп Мұқаш қостай сөйледі.

Бірақ әйел жайында ешкім сұраған жоқ, оны бәрі де ыңғайсыз көрді.

Осы кезде көлбеп жатқан Сағидолла басын көтеріп:

— Әйелді қайтіпті? — деп жұртты тағы шошытты.

— Әй, бетімен кеткен! — деді шалдардың бірі зекіп. — Бос сөз сөйлемесең, отыра алмайсың ба? Оны қайтушы едің?

— Ойбай–ау, арба құрлы құны жоқ па ол әйелдің.

— Кет әрі, мәжнүн! — деді шай құйып отырған жуан әйел селкілдей күліп. Онысы «белгілі емес пе не істейтіні» дегенді білдіргендей болды.

— Асқар, осы сен кеше келдің бе, жоқ, бүгін келдің бе? — деді Ботбай әңгіменің бағытын басқа жаққа бұрып.

— Бүгін келдім?

— Иә, Бәйтен келіп пе екен? Өзі өте көп оқыды ғой.

— Ой, олардың білмейтін пәлесі жоқ қой! — деп қыстырылды әлдекім әлі келмей жатқан Бәйтеннің біліміне таң қалып. — Пойыз айырпланыңды күнде көретін шығар.

— Келіп қалар ма екен деп, қаладағы күйеу баламыздың үйінде екі–үш күн жатып едім, келмеді, – деді Асқар шай ішіп отырған кесесін падносқа салып жатып. – Қалада екі күннен артық тұрудың өзі қиын. Бәрі сатулы… Шайға қатып отырған сүттері де бірде болып, бірде болмайды. Содан кейін–ақ, түскен үйге өзіңнің ауыртпалығыңды сезіп, отыра алмайсың?…

— Тірліктері тірлік емес қой, бір түнегесін – ақ берекең кетеді…

— Біздің мына Ағатайымдардың күйеу баласы жылап отыр тегі, қонақтар да шыдатпайтын болса керек.

— Қайтсін енді, онысы да рас шығар, — десіп жұрт Асқардың өз беттерінше қым–қиғаш көтеріп әкетті.

— Сейілжанға тапсырып кеттім, қайдан білейін, — деп сөзін бастады Асқар. — Қатынаған біреулермен ілесіп келетін шығар.

— Оқуын бітіріп пе өзі?

— Оқуын бітірді ғой. Аудандағыларға біреу хабарлап та қойыпты. Биылғы қызымызды алып қашып кеткен мұғалімнің орнына өзімізге жіберсін деп, құлақ қағыс қып кеттім.

— Е, ол албастыны қойшы, — деді Ботбай бұрынғы мұғалімге үңіліп. — Басы қауғадай болған неме… Марқұм Қоңырсопы айтушы еді: «Басы үлкен мал – соғым, басы үлкен адам – болады» деп… Сықпыты келіспеген адамның оңғанын көргем жоқ…қызымызды алып кетті өзі.

— Қыздың әкесі қуынбады ма екен?

— Қайтсін енді, босаға аттаған қызын қара бет қып, қайтып әкелсін бе?

— Ол шіркіннің оқуы да жоқ екен ғой, – деп ауылнай бұрынғы мұғалім жайында тағы бір әңгіме бастады. — Былтыр оқу бітіргені жайында қағазын тексереміз деп ауданнан комиссия келген. Солар документін көре алмадық деп отырды ғой. Тек бірінде Оқас деген біреу мен көрдім дейтін көрінеді. Соған қалдырса керек.

— Сонда ешқандай документі болмаған ба?

— Кім білсін.

— Документі болмаса қалай қалдырған?

— Оны қалдырып жүрген аудандағы Шымболат екен, — деп жұртқа саясаттың шетін шығара сөйледі. — Шымболат қатынының ағасы біздегі мұғалімнің қарындасын ба, апасын ба алып отырған көрінеді.

Жұрт «е, онда түсінікті болды» дегендей бастарын изесті. Тіпті: «Қыздың өзі келіспесе, байлап–матап әкетпеген шығар», — деп «документсіз» мұғалімді біреу қорғай сөйледі.

— Қой, деймін, – деді Ботбай әлдекімді маңына жолатқысы келмегендей қолын сілтеп. — Сол шіркінді дәсердей қылып, сөз шығындап… Айдаладағы тезек сатқан томай Ақсуатқа келіп бала оқытады деген не сұмдық!.. Бізді осы Мырзекең баласы жетіп жатыр, айналайын… Есіңде ме, Асқар, баяғыда Бабыр окоптан келетін жылы біз Мырзекеңдермен көрші болдық қой. Онда Бәйтен кішкентай: Ой, Мырзекеңнің балажандығы – ай! Бәйтенге біреу бірдеңе десе, ағайындықтан кетісетін… Бір рет Бәйтеннің жеп отырған етін мысық тартып алып, құдай–ау, шамасы аш болу керек. Мырзекең мысықты құйрығынан алып, табалдырыққа лақтырған. Қата тиген болар, мысық әлгі жерде өліп қалыпты… Қалаған жеңгеміз Мырзекеңнің өлімін әлі сол мысықтың қарғысынан көреді ғой.

— Мысықтың қарғысы қате кетпейді, — деп әндетті Әлмембет молда.

Төменгі жақта отырған комсомол жігіттер сылқ–сылқ күліп, молданы мазақ қылды.

Шай әлдеқашан жиналған. Жұрт тек тағы бір жаңалық хабар жоқ па дегендей, бір–бірінің аузын бағып, әңгіме күтіп отыр.

Осы кезде Күндербек бір миығынан жымия, көмейіне тірелген күлкісін тежеп:

— Мына Сарқопадағы Кетейлердің аулында, Қайрақтың қатыны ауылнай болыпты, – деді жоп–жорта байсалды болған үнмен.

— Тек! — деп біреулер шошып кетті. — Не дейді?!

— Қайрақ па, әлде қатыны ма?

Күндербек қалтасынан шақшасын алып, асықпай насыбайын атты да, астыңғы ернін бұлтитып:

— Қатыны, ойбай, қатыны, — деп ыржия күлді.

— Әне бір мұрны қайқиып, жалаң аяқ жүрген, қара кер қатын емес пе?

— Иә, иә.

— Шіркін, басшыларын жаңа тапқан екен.

— Басқа жібі түзу ешкім болмаған шығар, — деп күлді Күндербек.

— Сонда Қайрақбай қайда жүр?

Күндербек мұрты жыбырлап, баяғы жорта байсалды түрін өзгертпей:

— Қайрақбай түрмеде отырған көрінеді, — деді.

— Көтек! — деді еркектердің бірі.

— Ол байғұсқа не бопты?

— Әйелінің қолындағы мөрді ұрлап пайдаланған дей ме, бір шатағы бар, әйтеуір.

— Астапыралла!

— О, қу сор!

— Қатынның би болғаны ақырзаманның белгісі шығар, — деді Байдәулеттің қатыны аяқ қаптан кеселерін шығарып жатып. Өзі қатындардың санатына жатпайтындай зілденіп айтты да, іргеден қымыз құйған шараны алып, қысқа сап сырлы ожаумен шашыратып сапыра бастады.

— Сенің бір кейде текке сөйлейтінің бар, — деді Байдәулет әйеліне кейіп. — Үкімет әйелдерді көтеріп жатса, сенің ақырзаманың не?.. Аузыңды бағып тиыш отыруды білмейсің бе?

— Ой, қойыңыз, Бәке, — деп әңгімеге өкіл Егеубай араласты. — Онда тұрған не бар? Әшейін сөздің мәтелі емес пе?..

Алдыға қымыздың келуі жұртқа осыдан кейін ешқандай қонағасының болмайтынын, өздерінің де барып түнейтін бір–бір шаңырақтарының бар екенін әркімнің есіне түсіргендей болды. Қымыз ішіліп болғаннан кейін, молда ауыл үйдің арасындағы әлдебір ұятсыз өсек әңгіме бастай берген сайқымазақ Сағидолланы ұрысып тоқтатып, жиын – кеңесті бастап беру мен аяқтауды өзінің міндеті деп санайтын маңызды қалпын бұзбастан, қолын жайып:

— А, құдайым оңдасын, әулиелер қолдасын, Пайғамбардан шапағат… — дей берді де, кілт тоқтап, бұл батадан өзінің абырой алмасын сезіп (осы кезде көзі өкілге түсіп кетіп еді), іле жаңа заманға лайықтаған жаңа батасына көшті:

— Қыс берсең қыспай бер,

Жаз берсең жазбай бер,

Сиырың баспақты болсын,

Қазаның қаспақты болсын,

Ұлың он шақты болсын,

Қызың моншақты болсын,

От басың берекелі болсын,

Елің мерекелі болсын! Аллаакбар!

— Айтқаның келсін, — деді Байдәулет көңілденіп. — Мынау бір саяси мәні бар бата болды ғой.

Қонақтар үй иесіне рақмет айтып, жапыр–жұпыр орындарынан тұрып, бөріктерін іздеп, босағадағы кебістерін әрең танып, дабырласқан күйлерінде шықты.

Шілденің сәл желкемдеу салқын түні еді. Өліара әлі бітпеген. Айсыз түнге көздері үйренгенше қонақтар есік алдында іркіліп тұрып қалды, «Мынау кім», «Бұл қайсың» деп бірін–бірі сипалап, әлдекім жаңғырыққа, шелекке сүрініп, бірін–бірі жетелеп, дабырласып тарай бастады. Көп ұзамай у–шу басылып, үй сыртындағы күйіс қайырған малдардың пысқырған, жөтелген дыбыстары ғана біркелкі естіліп тұрды.

Ойдағы елден тым қашып болса да, жаңалық атаулы ұзынқұлақ, арқылы жүз құбылып жетіп жататын, жұрттың сыбырлап айтқан құпиясын да біліп қоятын, түнде әйеліңе айтқан сырыңды, келесі күні өзіңе айтып беретін – осынау қияндағы ауыл күндегі 
Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры