XII
Сауытбай ағасының үйіне екінді шамасында келді. Дәуітбай төсегінің үстінде қара сұр жүзі қабарып, ойсоқтылау болып отыр екен. Інісінің сәлемін көңілсіздеу алып, «үйдемісің» дегеннен басқа ештеңе айтқан жоқ. Ағасының текке шақыртпайтынын онсыз да білетін Сауытбай бұл жолы да бір хабардың болғанын және оның жайлы хабар емес екенін сезгендей.
— Үшқарасудағы Шораның Мақаты ұсталыпты, – деді Қарамерген өз білгенінің ішінен осы бір хабар кәдеге жарап қалар деген үмітпен әкесіне қарап.
— Кімнен естідің? – деді Дәуітбай тіксініп.
— Сол ауылдан Омардың күйеу баласы келген.
— Томайлардан ағайынды Есқара, Досқаралардың ұстағаны рас болды ма?
— Рас.
Дәуітбай «естіп отырсың ба» дегендей Сауытбайға қарады.
Сауытбай үндеген жоқ. Ол Есқараны да, Досқараны да жақсы білетін өмір бойы ұрлықпен кісіге кісіні айдап салумен күн көрген пысықтар еді ұсталғанына ренжіген жоқ, бірақ табалағысы да келмеді.
Дәуітбай жөткірініп, сөйлеуге дайындала беріп, сырттан күбі көтеріп кірген Қаратазды көріп, үндемей қалды. Қаратаз осы үйдің бір адамы болып кеткен асыранды баласы, бірақ істейтіні – малайдың қызметі. Дәуітбай содан көзін алмай отырды да:
— Барар жер, басар тау қалмады, – деп әлгі шығып кеткен соң, әңгімесін бастады. – Аудандағы арқа сүйер үлкен жиен Ахметбек қызметтен босапты… Бұл бір үлкен жағдайсыз іс боп тұр. Қосымның қос тіреуінің бірі атанған Жарасбайдың ұрпағы ек, тәңірім несібесіз қылған жоқ. Бірақ мына балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен заманда атадан қалған абырой түске де кірмейтін болды. Ел бұзылды. Екі ауыз сөздің басын қоса алмайтындар елге билік айтып, қатынға тілін алдыра алмайтындар елдің қожасы болып отыр.
Дәуітбай қайта кірген Қаратазға қарап тағы да үндемей қалды.
— Енді бүйтіп отыра беруге болмайды, – деді Қаратазды көзімен шығарып салып. – Әрекет, қам жасау керек.
— Қам қылғанда не істейміз? – деп Сауытбай ағасына таңырқай қарады.
— Осы отырысымыздың өзі қам қылғанның арқасы емес пе? – деді Дәуітбай кейи сөйлеп. – Әйтпесе баяғыда кетер ек… Мен жақсымын дегеннің бәрі қойдай көгенделіп кетіп жатыр. Ал сен әкең Жарасбайдың тірі көзіндей ойсыз, мұңсыз жүрген жүрісің мынау… Тым болмаса, артымызда қалатын мыналардың қамын ойламаймыз ба? – Дәуітбай жалғыз ұлы Қарамергенді қолымен көрсетті.
Сауытбайдың жүрегі шым ете қалды – ұл баласы жоқ еді. Бірақ сездірмеуге тырысты.
— Үкіметтің құрығы ұзын, қарсы тұрып абырой таппайсың.
— Абырой тілеп жүрген мен жоқ. Туласам, арқама ер батқан соң тулаймын. Ал арқасына ер батқан – жалғыз мен бе екем? Батпақты жақтағы байлар бас қосамыз деп жатқан көрінеді… Әлгі жер ауып жатқан кісілердің бәрі ертең сонда барады. Түбі біздің де барар жеріміз – сол, есіңде болсын.
Ал баралық… Сонда не бітіреміз?
Не бітіретінімізді алланың жазуы біледі. Ондағылар да ақымақ жандар емес.
Сауытбай күрсініп үнсіз басын шайқады.
Дүние, малыңды тартып алып, өзіңді қаңғытып жіберсе, сол ғой керегі саған шамасы? – Дәуітбайдың көзі бағжаң еткен онысы шын ашулана бастағаны.
— Мені қаңғытқанда үкіметке не түседі? Алатын малын, дүние керек болса, оны да алсын. Айдап жіберетіндей мен не істеппін?
— Ана жақтағы үлкен үкімет сенің кім екеніңді де білмейді. Сені құртатын осындағы белсенділер. Анау Назар, Ботбай секілділер. Солардың бәріне Жарасбай әулетінің тізесі батқан. Енді олар саған тізесін батырады… Кешегі Қамбардан әулие кім бар? Түнде кекірігі азып, алдындағы сары қымыздан бір ұрттауға ерініп отыратын. Ақыры айдалада қаңғып жүріп, аштан өлді оның кебін ки демексің бе?.. – Дәуітбай інісіне тағы да бағжаң етіп бір қарады да, оның үнсіз қалғанын райынан қайтқаны деп ұғып: – Құдайдың бос сөзін сөйлейсің, – деді даусын жұмсартып. – Онан да… деп отырғаным – сол. Осыны айтайын деп шақырттым. Екіншісі, Әукеңе хабар беру керек. Ол да өз қамын жсасын. Қарақұмға кеткелі әлі хабар жоқ. Соған өзің бар.
— Таңертең жүрейін, – деді Сауытбай мына хабардан шын шошығандай болып.
— Шай іш, – деді бәйбіше қайнысының тұра бастағанын көріп.
— Жоқ.
Кебеже, сандықтардан шыққан затта есеп жоқ. Құндыз тон, cap жаға шапан, топ–топ мата, бөріктің неше түрі. Дәуітбай әлгілердің бәрін керегі жоқ мүліктей көрпенің үстіне шашып тастады да, өңкей асыл бұйымдарды бір бөлек жинады. Асыл бұйымдар әр сандықтың түбінен бір шығады мүйізді бұрама алтын сырға, аяқты сырға, ай сырға, жапырақ сырға, күмістен жасалған көгілдір өрме білезік, жалпақ білезік, оюлы білезік; алтын–күмістен қосып жасаған алқа, қаусырмалар, тебінгідей шолпы, шашбаулар…
Асыл тастан көз салған сақина, жүзіктерді көргенде жас тоқалдың мүлде есі шықты.
— Алла – ай, осынша дүние қайдан келген? Не деген сұмдық!
Дәуітбай шыдай алмай мырс етті:
— Пері тастап кеткен! – деді зілсіз кейіп. – Көктен түсті деп пе ең? Ата–бабадан қалған дүние–мүлік. Ешқайдан ұрлап алған жоқпыз.
Дәуітбай әлгі заттың бәрін үлкен қобдиға сыйдырып, оның үстіне күміс кісе, екі–үш ескі медаль, ақ сары ноқаларды қоса салды да, аузын жапты. Содан кейін шынжыр баулы қалың былғары тұмарды қолына алып, дұға қылып, мойнына асты.
— Жарылқай гөр аруақтардың киесі, желеп жебей гөр, қасиетті қара тұмар, – деді қайта–қайта жалбарынып.
Тұмар әжептәуір салмақты еді, оның ішінде атадан қалған өсиет бойынша үш бұрышты алтын сауыт, оның ішінде әлдебір асыл тас болуға тиісті, Ал өз әкесі Жарасбай бір сөзінде «асыл тас емес, бір атым насыбайдың көлеміндей күшті у бар» деген еді. Бірақ оның ішін ашып тексеруге ешкімнің батылы жетпейді. Қара тұмар киесі бұл үй үшін құранмен бірдей.
Жуан бәйбіше де, тоқал да, Қарамерген де қара тұмарға мінажат қылғандай телміре қарап қалыпты.
— Мұның үлкен тарихы бар, – деді Дәуітбай тұмарды кеудесіне басып. – Ұлы атамыз Шәкірден қалған жалғыз мұра. Әулетіміздің құты ырысы… – Осыны айтқанда Дәуітбайдың мейірімсіз кесек жүзі аса бір жұмсақ діндар адамның кейпіне түскендей болды. – Шәкір атамыз мойнынан тастамайды екен. Талай шапқыншылықта қатын–бала, үй – орманнан айрылғанда да, осыдан айрылмапты. Кейін бір таршылық заманда алтын тұмарды сарт саудагерге сатып жібереді. Арада бірнеше жыл өткен соң, әлгі тұмарды қайтадан сатып алайын десе, сарт бермейтін көрінеді. Өйткені осы тұмарды алысымен, ол да қатты байыса керек. Тұмар кеткен соң, атамызға да бақ қонбаған. Өлерінде баласы Қасымға: «Пәленше деген сартта киелі бой тұмарың бар, дәулетіңнің иесі – сол, соны қалайда өзің ал», – деп өсиет қалдырған. Қасым сол тұмарды… ақыры алтын беріп сатып алыпты… – Дәуітбай осы тұста ойланып үндемей қалды. Өйткені тұмардың арттан қайтуы жайында тағы бір әңгіме естіген еді. Осыдан көп жыл бұрын атақты әңгімеші Орақбай шал келіп. Қасымның серуенде жүріп қанша тоналса да, байлықтан арылмай қоюы киелі алатын тұмардың арқасы көрінеді, ал ол тұмарды бір сарт саудагерді өлтіріп қолға түсірген екен деп аңыз – өсектің шетін шығарды. Оның рас, өтірігін бір құдай білсін. Бірақ алтын тұмар Қасымның әке – мұрасы. Өз мүлкің – өз балаң секілді. Ол үшін тер төгу қылмыс емес. Осы ой өзіне өте дәлелді болып көрінген. – Содан кейін–ақ атамыз ырысы тасып, байып жүре берген екен, – деді даусын көтеріп. – Бақ–дәулеттің киесі болған қара тұмар, енді сені мен асайын мойныма. Жар бола гөр!..
Тұмарға сыйынған әлгі сөздер бір жағынан көңілге медет қылса, екінші жағынан әлдебір улы қатердің тым жақын келгенін шақырып үй ішіне үрей әкелді.
Түннің бір уағында Дәуітбай мен Қарамерген атқа отырды. Қымбат бұйым салған қобдиды Қарамерген алдына өңгерді. Беттері – Жарасбай түбіндегі ескі қыстау. Жол бойы Дәуітбай әулие – әмбиелерге сыйынумен болды. Алыстан әлде бірдемелер қараңдаған секілденіп, Қарамергенге: «Көзің бар ғой, дұрыстап қарашы, бізді аңдып жүрген біреулер болмасын», – деп үрейленді.
Жолаушылар Жарасбай түбегіне жатар мезгілде жетті. Төбесі опырылып ішіне түскен ескі қыстау дәурені өткен, бағы тайған тіршіліктің белгісіндей болып түн құшағында мүлгіп тұр. Дәуітбайдың жүрегі шымырлап ауырғандай болды. Онысы бір мезгілде осы үйде өткен бақытты күндердің азасы ма, әлде қыстауды соңғы рет көріп тұрған жоқпын ба деген жымысқы ойдың қорқынышы ма – ол арасын өзі де толық айыра алмады. Қыстауының дәл іргесіне келіп, атынан түскен Дәуітбай:
— Кәнеки, шұңқыр қайда? – деді ентігіп. Қарамерген ескі үйдің екінші қабатына тоқтады.
— Мында, мында.
Дәуітбай Қарамергеннен қобдиды алып, шұңқыр жиегіне келді тағы да дұға оқыды. Содан кейін көрге адам салып жатқандай, қолы қалтырап, қобдиды шұңқырға түсірді де, жан–жағына тақтай тіреп, бетіне де тақтай жауып, нығарлап көме бастады.
— Жаратқан құдай, – бір өзіңе сыйындым. Өзімізге бұйырта гөр!
Дәуітбай жерді тегістеп, бетіне ескі қорда да төкті де, төңірекке көз жүгіртіп, өзі тұрған жерді іштей межелеп тұрды.
— Қарамерген, – деді бұрынғыдан да ентіге түсіп, – жадыңа сақта, ұмытып қалма, жаным, үйдің күн шығыс іргесі ғой… Менің көзім жұмылған күні осы қазынаға өзің не боласың.
Діні қатты әкесінің жүрегін төсеп, осынша елжірегеніне Қарамерген іштей таң қалды.
* * *
Сауытбай жұрт көзіне түскісі келмей, ауылдан таң алдында шыққан еді. Сол күні Шолақсайдағы лақ қыпшақ Үкетайдың үйіне келіп қонған. Ол үйден таң алдында аттанып, ақсора, теріскен, е бөлек, селеу, жүзген өскен шексіз–шетсіз шөл даламен суыт жүріп отырып, Жалғызбейітте аз ғана аялдап, аттың белін суытып, түс ауа ақ сары, қызғылт жасыл белдеулері сағым толқынымен теңселген Ақирек тауының етегіне жетті. Сауытбай тауға тіке көтеріліп, жолсызбен тартты. Дәл жанында тұрған ауылды көрсетпейтін ұры сайлардың арасымен айнала адасып, күн бата ойпаңда тұрған жалғыз киіз үйдің үстінен шыққанда Сауытбай есі бүтін адам келмейтін мынау елсіз мекеннен шын қорқа бастаған еді.
Киіз үй иесіз қалған секілді, қыбыр еткен пенде жоқ. Құдық төңірегі толған мал – жылқы, сиыр, әрегідік қой–ешкі. Сиырлардың өкірген даусы бір жайсыз оқиғаның хабарындай естіледі.
Сауытбай желе жортып, үйдің іргесіне бір–ақ тоқтады да, қарғып түсіп атын белдеуге байлады. Әлдеқалай жүрегі тарсылдап, аузына тығылып, не де болса жаманатпен тезірек жүздескісі келгендей, жүгіре басып үйге кірді.
Оң жақта көрпе жамылып іргеге қарап жатқан Әубәкір жүзін әрең бұрып, інісін көрді де:
— Сауытбаймысың? – деді сыбырлап. – Жеттің бе, жан бауырым… жарығым… – Әубәкір кемсеңдеп, одан әрі сөйлей алмады.
Сауытбай төсектің қасына тізерлей еңкейіп, ағасының қолынан ұстап, үнсіз жұбатып, бір ауық отырды. Ағасы орамалымен көзінің жасын сүртіп, өзіне–өзі келген кезде:
— Халдарың қалай? – деді еңкейе түсіп. – Бұл не, ауырып қалғансың ба?
Әубәкір тағы кемсеңдей берді де, өзін–өзі тоқтатып, бірақ онысы оңайға түспегендей, уһілеп терең күрсінді.
— Халдің түрі осы, – деді бір кезде әлсіз үнмен. – Бала кеткен әйелімен… Айдалада аузыма су тамызатын адам таппай… – Осыны айта беріп, Әубәкір әлденеге селк ете түсті де: – Қалқам, тез, тезірек, – деді үні ширап. – Үш күн болды малдардың су ішпегеніне… Суаратын адам жоқ. Өліп те жатқан шығар. Тезірек су құйшы астауға… қарағым… Сосын сөйлесерміз.
Сауытбай сыртқа шыққанда: «Байқа, малдың бәрі тағы болып кеткен ғой, қолыңа бір таяқ ал», – деген ағасының даусын естіді. Қолына ұзын құрық алып, өкіріп жүрген сиырларды айғайлап қуалап, құдық басына келді. Шөлден қаталап, қарындары қабысқан малдар иін тіресіп, бірін–бірі тістеп, теуіп, мүйізімен жайқап, астауға ұмтыла түседі. Сауытбай құдықтан қауғамен су тартып, алғашқы шелекті астауға құйғанда қой–ешкілер жылқылардың аяғының астында қалды. Оларды құтқаруға шамасының келмейтінін сезген ол қауғаны бар күшімен құлаштай тартып, суды құя берді. Лездің арасында үсті–басы сығып алғандай тер төкті. Жүрегі тарсылдап, көзі қарауытса да, бір сәтке оқтаған жоқ. Шөлдері қанса да, астау басынан кеткісі келмей тұрған құрықпен қуалап, қой–ешкілерге жол берді. Мал суарумен ет пісірімге жуық уақыт арпалысты. Шала–жансар қалған екі тоқтыны бауыздап, үйдің қасына апарды. Қазанға ет салып, шай қойып, үйге кіргенде, түн жарымы болып қалған мезгіл еді.
— Сауытбайжан, осы үйде шам жоқ, – деді Әубәкір ыңырсып.
Сауытбай кесенің түбіне тоңмайдан шырақ жасап жақты. Дастарқанды екі бүктеп, ағасының алдына жайып, шай жасады. Бір–екі кесе шай ішкеннен кейін ғана Әубәкір әңгіме айтуға жарады.
— Баланың қайда жүргенін білмеймін, – деді ол уһілеп отырып. – Бір түннің ішінде жоқ болды да шықты. Әйел мен баласын сенімен бірге ала кетті. Оның алдында қайта–қайта: «Мына иесіз қалада тұрғанша, қайыршы боп елде жүргеніміз артық», – деп жүретін. Ақымақ неме. Өмір бойы еңбек қылып жинаған мал–мүлкің көрінгеннің қолында кетсе, қайтып күн көрем деп ойлайды екен? Құр жер басып жүрген ит тірлік кімге керек? Бейнетім іңген шағын дәулетті сақтау үшін, елден безіп, елсіз Қарақұмға келдім… Апыр–ау, – деді сосын әлденеге таңырқап, – үкімет боп, кедей боп, біреудің мал–мүлкін біреуге тартып әперіп жатса, біріне дәулет керек болғандықтан емес пе? Әйтпесе біреудің атын – баласы біреуге қажет боп жатқан жоқ қой… Оны біздің бала түсінгісі келмеді. Қайтейін, құдайдың басқа салғаны шығар… – Даусы құбылып тағы да үнсіз қалды.
— Құдайберген қайда? – деді Сауытбай, ағасының ол туралы ештеңе айтпай отырғанына іштей қайран қалып.
— Мына қу тіршілікте не болып жатқанын білу үшін, Майлытөбе жаққа жіберіп ем. Былтыр бір рет өзім барып қайтқам. Қазір ауру меңдеп… Төсектен тұра алмаймын. Тұла бойым көтертпейді. Жүрек қағады… Апыр–ай, жаныма батқаны жайы болды. Шөлге шыдамай, өліп кетер ме екен деп ем.
Сөзінің арасында қайта–қайта көзі жасаурап, көңілі бұзылып отырған ағасына қарап: «Апыр–ай, бұл кісі де қартайған екен», – деп ойлады Сауытбай.
Әубәкір өз тұқымына тартпаған, шағын денелі, шоқша сақалды, аласа жалпақ мұрыны күлгенде бетімен бірдей болып кететін қызғылт жүзді, жұмсақ шырайлы кісі. Үнемі тұқжиып төмен қарап жүретін, енді жоғары қарауды тіпті қойған адам секілді, сөйлегенде басын жерден көтермейді. Елдің амандығын да көп сұраған жоқ. «Дәуітбайдың не ойлағаны бар?» – деді де, өз сұрағына өзі жауап күтпей, басқа бір әңгіме бастап кетті. Осы жер мал бағуға таптырмайтын қолайлы жайылым екен. Қысы, жазы, – бірдей, жауған қар сол күйінде еріп кете береді. Құр қауыл, ауыл» деп бүкіл жұрт ақымақ болып жүрген секілді. Өйткені мұнда мал тез отығып, тез семіреді. Қора салып, шөп шауып әуре болмайсың. Мал қаңғып кетпейді, келетін жері құдық, басқа жерде су жоқ. Қандай рақат. Мұны білгенде, Әбекең осында баяғыда көшіп келгендей екен.
Сауытбай ағасының сөзінен қатты шошынды. «Өзі сау ма» дегендей бетіне барлай, ұзақ қарады. Малдан басқа әңгімесі жоқ. Айналып келіп, осы төңіректің шөбін мақтайды. Әубәкір мыңды айдаған бай болып көрген емес. Мешінге дейін үш жүз жылқысы болған. Содан жұтай – жұтай азайып, қазір қолында екі айғырдың үйіріне жетпейтін жылқы қалыпты. Сол үшін бүкіл адам баласынан безіп, келіп отырған жері мынау. Өзінің осы тірлігінде енді ешқандай мағына қалмағанын өзге сезбейтін секілді.
Құдайберген келесі күні түсте келді. Азғантай қант–шайы, сөгі бар. Өзі ашық жайдары жігіт болыпты. Денесі балқаш, баяғы қозы соңында жүретін жалаң аяқ Құдайбергенге ұқсамайды. Сауытбаймен терезесі тең адамша сөйлесіп, жаңалығын сұрап, өзінің әр неден хабары бар екенін білдіріп қояды. Осы үйдің иесі секілді. Әубәкірге де батыл сөйлейді. Оның кір киіммен отырғанына намыстанып, сандықтан жаңа киім алып киіндірді. Екі тоқтының өлгенін естігенде: «Әттеген–ай. Майлытөбеде не әкемнің ғана құны бар еді, өзім болғанда, мұның бірі де болмайтын еді, өзім болғанда, әттеген–ай…» – деп, әлдекімді кінәлай, жазғыра өкінді. «Мынауыңның малжандылығы Әбекеңнен асып түспесе, кем емес қой», – деп Сауытбай ішінен таң қалды.
Әубәкір өз бетінше ойлауды қойған секілді. Сауытбайға соятын малды да Құдайбергенмен ақылдасты.
Көп ұзамай жапандағы жалғыз үйдің іші гу–гу әңгімеге кенелді. Қарқылдап күлген дауыстар естілді. Құдайберген екен. Майлытөбеге барған сапарында жұрт мақтаған жомарт үйге барып, аш қалғанын, одан кейін бір атақты сараң үйде етке әбден тойғанын айтып ағайынды екеуін күлдіріп отырды. Әлгі сараң үй мұны ауданнан келген өкіл деп ойласа керек. Өйткені соның алдында ғана қондырмай жіберген бір адамы үлкен өкілдің өзі болып шығыпты. Құдайбергеннің айтуынша, ол жақтағы колхоздардың шаруасы да, тұрмысы да жақсы. Шөпті трактормен жинап жатқан көрінеді. Әубәкір оған сенген жоқ, себебі трактордың не екеніне, қанша айтса да, түсінбеді.
Сауытбай ағасының үйінен күн шыға аттанды. Жол бойы ауыр ойдың құшағында болды. Ағасы айықпас дертке ұшыраған адам секілді. Оның санаулы–ақ күні қалғанын өзінен басқаның бәрі біледі. Ал өзі ақылы жетілмеген жарымес бала секілді ештеңе де сезбейді. Бір кезде ойдағы тасы қырға домалап, іргесі шайқалмас – ақ деген ұлы шаңырақтың ғұмыры осылай боп бітетін болды. Он сегіз мың ғаламның тереңіне қанша сүңгісең де, маңдайың тірелетін бір ғана құпия бар, ол – қу дүниенің баянсыздығынан басқа түк те емес… Басқа түк те емес… Бақ та, дәулет те өткінші… Өлім ғана хақ…
Келесі күні шаңы шыққан борбас құмның бойымен атын сары аяңға түсіріп, қалың ойдың құшағында келе жатқан Сауытбайдың көңілінде күтпеген бір күдік пайда болды. «Апырау, – деді ол ағасының жағдайын көз алдына қайта елестетіп, – осы Құдайберген маған тым пысық көрінді, өзі үкіметпен байланысы бар нағыз жансыздың өзі болып жүрмесін?.. Колхозды айтқан кезде аузының суы құрып мақтайды. Білмейтін жаңалығы жоқ… Осы күні біреуден бір сабақ жіп ала алмайсың, ал сонда қант–шай мен ақтаған сөкті ол қайдан алып жүр?..» Құдайбергеннің әр сөзін, әр қимылын есіне түсірген сайын, ойға алған күдігінің дәлелі көбейе түскендей болды. «Сорлы, Әбекем! – деді ол күйзеле күңіреніп, – тұзаққа біржола түсіпсің ғой. Аңғал байғұс – ай… Баладан да, басқадан да айрылып, елден безіп, сая тапқан жеріңнің түрін қарашы. Апырым–ай, не деген бақытсыз едің?..» Сауытбай қайта баратындай атын бұрып, келген жағына қарады. Бір күндік жол өтіп кетті. Қайта жету мүмкін емес. Сауытбай дағдарып ұзақ тұрды. Көңіліндегі күдікті тағы да іштей таразыға салды. Ал жақсы, қайтып барып, күдігін айтып, ағасының көзін ашты. Жанындағы – жаны ашыр жақының емес, мал–мүлкіңді торып жүрген тонаушың деді. Сонда не болмақ? Әлгі тұзақтан ағасын құтқарып шыға ала ма?.. Бәрібір оның барар жер, басар тауы қалған жоқ. Кемпірі өлді, бала кетті. Ел–жұрт алыста. Енді оған кеудесінен жаны шыққанша, қасында отыратын, жаны шыққан соң, апарып көметін бір адам керек. Бауырдың да, баланың да қолынан келмей отырған осы бір істі жаңағы Құдайберген атқарып отырған жоқ па? Қала берді, көзін ашқалы сол үйдің отымен кіріп, күлімен шыққан, ана малдың бәрін бағып–қаққан сол емес пе? Тап қазір Әубәкірге содан жақын ешкім жоқ. Ендеше мұрагері Құдайберген болмағанда, кім болады? Одан кейін ол оны колхозға тапсыра ма, қалаға тапсыра ма – өзінің шаруасы.
Осы бір ойға тірелуі мұң екен, Сауытбайға ағасының жағдайы тіпті өзінен әлдеқайда жақсы болып көрінді. Анадай жаны жұмсақ адамның тап болуы – байғұстың талабы шығар. Өлерде осындай бір ризашылық сезім өзіңмен бірге кетсе, одан артық не арман бар?
«Ал мен ше? – Ағасының жағдайы бірыңғайланғандай болып көрініп, ол енді өзі туралы ойлауға көшті. – Өлер алдымда жұбаныш етер нем бар?..» (Ол осы ойды бұрын да көп ойлайтын). Осы тұста Сауытбай тісі ауырған адамдай көзін жұмып, қабағын түйді. Ағасының тағдырын сарапқа салып отырып, өзінің жан жарасының үстінен қалай шыққанын білмей қалды. Сауытбайдың жан жарасы – ұл баласының жоқтығы. Жас келген сайын осы уайым үлкейіп, көңіліне үрей әкелетінді шығарды. Бұл дүниеден кетер шағыңда бауыр етің балаңның қолынан ұстап, көзіне қарап, арыздасып, түтін түтеткен шаңырағыңды соған тастап кетуден артық бақыт бар ма? Сонда ғана жаныңмен жаның жалғасып, о дүниеге тек тәнің ғана кеткендей, арман–мақсатың аман қалғандай немесе мәңгі ғұмыр кешетін бір дүниеге тап болғандай болмас па ең? Өлмеу деген осы емес пе?..
Тағы да тісі ауырған адамдай қабағын түйе берген Сауытбай қалт тоқтап, әлденеге таңырқағандай болды. Бұлаң құйрықпен отырған Сауытбай төрт құдықтың тұсына келгенде аттың басын күн шығысқа бұрды. Көп ұзамай сор көл, одан кейін өзен жиегінде отырған шағын ауыл көрінді. Бұлар басқа ауданға қарайды. Рулары – таз. Ежелден кедей ел. Ауыл шетіндегі әне бір ескі қыстауда алты ай жаз бүргеге жем болып, тігінші Естек отырады. Осынша шалғай жерден Сауытбайға ат басын бұрғызған да – сол үй..
Естектің әйелі Дәметкен Жарасбайдың Даңғыл деген жалшысының қызы еді. Жас күнінде көзі күлімдеген дөңгелек жүзді, қара торының әдемісі болып өсті. Өзінің көрікті екенін сезген соң ба, әйтеуір, жалшының қызы екенмін демей, емін–еркін жүретін. Ол кезде Сауытбайдың жігіт шағы. Атастырған қалыңдығы аяқ астынан қайтыс болып, үйлену тойына жасалған қам – әрекет тоқтап қалған. Танымайтын, білмейтін бір қыздың өлгеніне Сауытбай қуанбаса, ренжіген жоқ. Дәл осы кезде Дәметкен екеуінің арасында азғантай уақыт бір құпия тамаша өмір басталып, қыз екі қабат болып, елге өсек тарады. Осы оқиғаны естіген күні Жарасбай қатты ашуланғаннан қаны тасып ауырып қалған еді.
— Ой, шірік неме! – деп қалшылдады баласын алдына шақыртып алып. – Шірік неме! Есігіңде жүрген күннен басқа ештеңе таппай қалдың ба, шірік неме?.. Ойнап күлгенің өз алдына, енді аламын дегенің не, тәңірі қарғаған ит? Жоғал, көзіме көрінбе! Енді сол сайқал туралы бір ауыз сөз айтсаң, екеуіңді де өз қолымнан өлтіремін, білдің бе? Өз қолымнан… – Әкесі ұмтылып алдындағы таяғын алғысы келіп еді, қолы жетпеді. Жарасбай өмірінің соңғы кезінде тым семіріп кетіп еді. (Үлкен дәретке қолынан бір балаға ұстатқызып қойып отыратын). Онсыз да күйіп–пісіп отырған шал таяққа қолы жетпегеннен кейін, енді қалай ашулансам да еркім бар дегендей, боқтық сөздің бірінен соң бірін тоғытты. Ашуланғаннан көпке дейін қалшылдауын қоймады.
Әкесі бұдан кейін уақытты көп созған жоқ, атақты Әлшораз байдың Күләйім деген қызына құда түсіп, апыл–құпыл үйлендіре салған. Ал Дәметкенді ата–анасы екі қабат күйінде қатыны өлген тақыр кедей Естекке қосты. Сөйтіп жастықтың желігі біржола ұмытылды.
Сауытбай атын тебіне түсті. Кешеден бері қалың ойдан жаны жадап, жалғызсырап келе жатқандікі ме – осынау ескі қыстауға бір соғып кетуді өзіне парыз санады.
Үйде Естек жоқ екен. Дәметкен пеш түбінде жүн түтіп отыр. Сауытбай кіріп келгенде ауыл адамының біріне амандасқандай, ісін тоқтатпастан, аузын жыбырлатып отыра берді.
— Мал–жан аман ба, Дәметкен? – деді Сауытбай төрге жайылған ескі қиықша көрпеге отыра беріп.
Дәметкен естілер–естілмес бірдеңе деді – «шүкір» дегені болу керек.
— Есекең бір жаққа кеткен бе?
— Қисық мойын қайнағаның аулына кетіп еді. Былтыр сол үйдегі Домалақ енеме қамзол, баласына ішік тігіп берген. Соған бір тұсақ атап еді. Әлі берген жоқ. Одан бері бір жыл өтті. Қарызданып, қауғаланып біттік. Қызылсырап өлетін болған соң, мана кеткен… Не жарылқар дейсің? – Дәметкен ағарған самай шашын жаулығының астына тығып, қайтадан жүн түтуге кірісті.
Сауытбай бәлен деп сөз қыстырудың ретін таппады да, ақырын көзінің қиығымен барлап, Дәметкеннің жүзіне қарады.
Көзінің айналасына, маңдайына әжім түсіпті. Үстіндегі киімі – әдейі киген шаруа киімі ме, әлде бары сол ма – жүдеу. Жарылып кеткен қолдары бүкіл ғұмырының бейнетпен келе жатқанын білдіріп тұр. Тіпті осы әйел бір кезде бүлдіршіндей жап–жас қыз болып, әлдекімге еркелеп, ойнап күлді деуге сену қиын секілді.
Әлдеқалай жарымжан көңіл болып отырған Сауытбай осынау жабырқау тіршілікті өткен өмірдің бір елесімен серпілткісі келгендей;
— Есіңде ме, Дәметкен, – деді даусы жарықшақтанып, – екеуміздің бір кездегі жастығымыз?.. Ол да бір дәурен екен–ау.
Сауытбай осыны өзі үшін айтқан жоқ, өмірден шаршаған бақытсыз әйелдің көңілін көтеру үшін айтты.
Дәметкен мұның сөзіне түсінбей, басын көтеріп, көзін жыпылықтатты:
— Нені айтып отырсың?
— Екеуміздің арамызда болған сонау бір оқиғаны айтып отырмын.
Дәметкен әлі де толық түсінбей, шаралы қоңырқай көздерін кең ашып, Сауытбайға тура қарады.
— Тағдырдың жазуы ғой… Бірақ, құдай куә, мінеки, соның бірін ұмытқам жоқ… – Біреуді сөзбен ерітпек болып отырған Сауытбайдың осы арада өз көңілі бұзылып, даусы құбылып шықты.
— Не дейді? – деп Дәметкен осы кезде даусын шығара күліп жіберді. – Қой таста, қайдағыны айтып… – Айтылған сөзден бұрын, Сауытбайдың ақылсыздығына, шалалығына күліп отырған секілді. – Бұл не айтып отыр деп ойлаймын… Құрысын таста…
— Имандай шыным, – деді Сауытбай қамығып.
— Қой деймін, – деп Дәметкен жалынған адамдай қолын созды. – Ұят болады. Қашанғы нәрсе ол… – «Мынау әлі бала екен ғой» дегендей тағы күлді. – Құдай осы жаман Естектен жарылқасын. Басқаның маған керегі жоқ.
Сауытбай не дерін білмей қалды. Әлдекім өзін жазықсыз келеке қылғандай, тіпті қорлағандай бір әсермен іштей суынып, сабасына түсті. Бекер айттым – ау әлгі сөздерді деген өкініш тұрды көңілінде.
— Апыр–ау, бала ше? Бала бар ғой арамызда – деді ақырында шарасыз үнмен.
Дәметкен үндеген жоқ. Ештеңе естімегендей, жүнін түтіп отыра берді. Сауытбай қалтасынан шақшасын алып, насыбай атты. Содан кейін манадан бергі сөздің әшейін сандырақ екені өзіне де шүбәсіз көрініп, түсін суытып, жолаушының жол–жөнекей үнімен:
— Баланың аты Шөмішбай ма еді, – деп сұрады.
— Иә.
— Не істеп жүр? Өзі… үлкен жігіт болған жоқ па?
— Бала оқуда ғой.
— Ә–ә?
— Баяғыда осында келген Төре қайнымызға қосып орыс мектебіне жібергенбіз. Соны бітіріп, сол жақтан әлгі немене еді…екі жылдық совет – партия мектебі дегенге түскен. Жаңағы қайнымыздың арқасы шығар… Оқуы біткен көрінеді. Енді қашан келеді деп күтіп отырмыз. Сол келіп, бірдеңе болмаса… күйіміз осы.
— Кімге жазылады?
Дәметкен Сауытбайға ажырайып таңырқай қарады.
— Кімге жазылушы еді? Естекке! – деді сондай сұрақ бола ма дегендей даусын жіп–жіңішке қылып.
Тіпті баланы Сауытбайдан тапқанын шын ұмытып қалған секілді. Әлден уақытта «ойбай» деп шойырылыңқырап орнынан тұрды да, қазандық жақтан беті жабылған меске мен тостаған әкеліп, сусын құя бастады.
— Жұрт секілді байлаған биеміз жоқ. Кедей адамбыз, бізде қымыз болмайды. Ашыған көже іш.
Қанша шақырса да, баласы өзін танымай қойған ананың сезіміндей бір әсерде отырып, Сауытбай сусын ішті. Бала туралы тағы да сұрағысы келіп еді, ол ойынан тез қайтты. Өйткені Дәметкен сөйлеген сайын жаттанып, алыстай берді. Енді кішкенеден кейін Сауытбайдың өзін есіне түсіре алмай қалатын секілді. Дәметкеннің осынша бөтен болып кеткеніне, әрі өзінің бейшара күйге түсіп күлкі болғанына күйінген ол айналасын сипалап, қолына қамшысын алды да, орнынан тұрды.
— Ал, қош.
Дәметкен бір сәт жүн түткенін тоқтатып, көрші үйдің адамымен ертеңге дейін ғана қоштасқандай, аузын жыбырлата салды.
Сауытбай тұнжыраған күйі атқа отырды. «Апырым–ай, түрін бір көрер ме едім, – деді жол бойы тек Дәметкеннің баласын ойлап. – Түрі кімге тартты екен? Ал егер менен айнымай қалған болса ше?..»
Сауытбайдың жүрегі дүрсілдеп қоя берді. Кешеден бері еңсесін басқан шырғалаң ойдан шығар жолдың шеті көрінгендей қуаныш оты көкірегінде маздап қоя берді. Жылдар бойы аңсаған, бірақ не екенін өзі білмеген беймәлім жалғыз мұраты аяқ астынан өзі шыға келді. «Шіркін, көрсем, айтпай–ақ таныр едім, – деді ол тағатсыздана күбірлеп, – Әйтеуір, он екі мүшесінде бір жері маған тартатыны хақ қой… Жаным–ай, жалғызым – ай, үлкен жігіт болдың–ау, ә? – деді көріп тұрғандай таңырқап. – Мені ғой білмейсің?.. Білсең де, бәлкім, кешірмейтін шығарсың?.. Бірақ қанша кешірмесең де, сенің кеудеңде саялап тұрған шыбын жанның менікі екеніне құдай куә. – Сәл қолын созса, ғажап бақытты болып кететіндей әсерде тұрған Сауытбай өз арманына өзі елтіп, тебіреніп, күбірлей берді. – Жаным–ай… бұл дүниеде енді сенімен табысар күн болса… басқа ештеңе тілемес ем… Жүзіңді бір көрсем…» – іштей айналып–толғанған Сауытбайдың баласына деген ғайыптан пайда болған әкелік махабатты жан дүниесін тегіс шарпыды.
Расында да, оның жүрегін жылытқан нәрсе баласының дүниеде барлығы емес, өзінің сол баланы іштей мойындауы болатын. Мойындауы мұң екен, бүкіл дүние аяқ астынан құлпырып шыға келді. Осы бір аңсаған тілегіне тезірек жеткісі келгендей, шылбырын жинап:
— Шу, – деді ол атын тебініп қалып