XI
— Тетелес – ау, жүр, ақсүйек ойнаймыз. Біздің жаққа адам кетіспей жатыр. Бол! – Екі көзі оттай жанып, балаша еліріп алған Шырақжан екпіндей кіріп, жартылай қарап: – Әже – ау, бәрі сонда. Рахия апам да жүр, – деді асығыс тауықша жұтынып. Содан кейін өзінен–өзі ішегі қата күліп, қалай келсе, солай үйден қауырт шыға жөнелді.
Қалаған ернін зілсіз сылп еткізді.
— Менің осы келінім еркек – шоралау ма, қалай? Тапырақтап басып кете жаздайды. Тіпті бала! – деп езу тартып жымиды да: – басқа–басқа, Рахияға не жоқ? – деді онша жақтырмай.
Қолын жайып, ас қайырған соң, нанды шараға салып, дастарқанды жиып алды.
— Барсаң барып кел, бір уақ бой жазып, – деді онсыз да киініп жатқан баласына қарап.
Бәйтен қара сәтен көйлегін киіп, белін буды да, бәтеңкесінің бауын мұқият байлап, шешесінің «үстіңді бүлдіріп алма» деген сөзіне жауап бермей, далаға шықты.
Ай сүттей жарық. Түбек жақта ауыл жастары у–шу болып, бірін–бірі қуалап ойнап жүр. Мәз болып айқайлаған еркек даусы, қыз даусы. Әлдекім күрпілдетіп өрістен кеш қайтқан сиырын сауып жатыр.
Бәйтен келгенде жастар екі жақ болып, әлденеге келісе алмай, айтысып жатыр еді.
— Бізге Ерболдың керегі жоқ. Оны қайтеміз?
— Бізге де керегі жоқ, – дейді әлдекім шіңкілдеп.
Ешкімге керегі жоқ Ербол ыржиып ортада тұр.
— Жарайды Ерболды біз – ақ алайық, бірақ сендер Сақышты аласыңдар.
— Сақыштың керегі жоқ, онан да Ерболды бізге беріңдер.
— Жоқ, Ерболды өзіміз аламыз.
Бағасы артқан Ербол онан сайын ыржияды.
Біреу Бәйтенді танып:
— Ойбай, мынау Бәйтен бе? Кел, бізге кел, – деді айғайлап.
Әлдекім Бәйтенді қолынан жұлқып қалды. Шырақжан екен.
— Неғып омалып қалдың? Мана айтқан жоқпын ба?..
Тасқынға ілескен жаңқадай Бәйтен ырду – дырдудың ішіне қосылды да кетті. Ай сәулесінен қыздардың осынша сұлу болып кететінін ол бұрын байқамаған еді. Күлкіден ішегі қатқан бір жандар, неге күліп жүргенін бір құдайды? өзі білсін! Бәйтен мойнын созып жан–жағына қарады. Хадишаның даусын естіген секілді еді, бірақ өзін көре алмай тұр.
— Кәнеки, қатарға тұрыңдар! – деп айқайлады ойын басқарып жүрген толық қара жігіт. – Ал, кәнеки! Көлденең қосылған ешкім жоқ па?
Бірін–бірі қуалап, қыр асып кеткендер аһылап–уһілеп қатарға тұрып жатыр.
— Мен ақсүйекті мына жындыда екен деп, соңынан қуа бермеймін бе, – деді ұзын бойлы жас келіншек тазы секілді жылмақай жігітті қолымен көрсетіп. – Өліп–талып ұстасам, көгермегірдің қолында түк жоқ.
— Өзім ғой тоқтаған, әйтпесе қайдан ұстайсың? – Жылмақай жігіт намыстанғандай болды.
Кішкентай сары қыз әлдекіммен ұрсып қалды.
— Оңбаған, арам, ыңғай қаралық жасайсың!
— Не қаралық жасадым?
— Ұстағаннан кейін неге бермейсің ақсүйекті?
— Ой, жоқ болса, немді беремін?
— Иә, жоқ! Көрмеді дейсің бе, шалбарыңның ішіне салып жібергеніңді.
— Көрсең, сол жерден неге алмадың?
— Оңбаған, жынды, албасты!..
— Ау, қойсаңдаршы! – деді ойын басқарушы айқайлап. – Ұлбосын, қойшы, шырағым. Кәне, тұрдыңдар ма? Біреу, екеу, үшеу…
Ойын басқарушы екі жақтың адамын санап болды да, ауылға желкесін беріп, төрт–бес қадам ілгері шықты, қолындағы ақ жүннен істелген жұдырықтай киіз Допты бар пәрменімен құлаштай лақтырды. Сол сол–ақ екен, ойыншылар тобы бәйге аттарындай андыздап, у–шу болып, ақсүйек түскен жаққа жарыса жүгірді. Алға түскен бес–алты ересек жігіт осы – ay деген тұсқа келгенде, тоқтай қалып, жан–жағына алақтап, күдіктілеу жерді қолымен сипап, аяғымен түртіп, ақсүйек деп аталатын киіз допты іздеуге кірісті. Кейде бұл ойынды ақсүйектің өзімен де ойнайды. Бірақ көлденең табылған сүйектер жұртты шатастырып, дауды көбейткен соң, бұл төңіректе көбіне ақ жүннен істелген киіз доппен ойнайтын. Біреулер ақсүйек іздеп жүрсе, біреулер қарсы жақтың адамын аңдып жүр. Кенет әлдекім тапырақтап тұра қашты да, оны төңіректегілер қаумалап ұстап алып еді, әлгінің сүйек тапқаны өтірік болып шықты. Бұл қарсы жақты алдау, шын тапқан адамға жол ашу үшін жасалған айла. Оны әккі жігіттер жақсы біледі. Ал у–шу болып босқа жүретіндер – қыз–қырқын, келіншектер жағы. Оларға ойынның жеңісінен у–шуы қызық секілді. Жұрт шашырап сирей бастады. Ақсүйекті біреу тапқан болуы мүмкін. Бірақ ұшқыр балалар мен ересек жігіттердің тобы сөре жақты бөгеп, тосқауыл жасап жүр.
Бәйтен одағайлау өскен қара шағырдың түбіне жүрелеп, шөптің арасын қолымен сипалай бастап еді, мұның қасына біреу ентелеп жүгіріп келді. Оның Хадиша екенін Бәйтен қарамай–ақ біліп тұр. Манадан бері бір–біріне қалай жақындаудың ретін таба алмай жүрген. Хадиша қарсы топтың адамы болғандықтан:
— Шыныңызды айтыңыз, таптыңыз ба? – деді бұл арада танктың жүрмейді дегендей даусын көтере.
— Жоқ, Хадиша, – деді Бәйтен сыбырлап, – тапқан жоқпын, тапқан жоқпын…
Бәйтен осы сөзді мағынасыз қайталап, Хадишаның көзіне тура қарады. Оның бөтен сөзді әдейі ынтық көңілдің мақамымен айтып тұрғанын, ал, шын мәнінде, бар мағына сөздің өзінде емес, мақамында ғана екенін қыз сезбей қалмады. Хадиша жақын келіп, қара шағырды тасалап, құмға тізерлей отырды. Ай сәулесімен мәрмәрдай бозарған жүзінен алып – ұшқан қуаныш – күлкі лезде жоғалып, «әлгінің бәрі жалған қуаныш, ал, шын мәнінде, көңілім осындай ғаріп, мұңды» деп тұрғандай тұнжырай қалды. Осы бір үнсіз қарас сөз құдіретінен әлдеқайда биік еді. Екеуі де бір–бірінің тіл қатпағанын тіледі. Бірақ мынау жын – ойнақтың ішінде бүйтіп ұзақ тұру мүмкін емес еді.
— Мұнда біреулер отыр ғой, – деп әлдекім дәл қастарынан айқай салды. – Дәуде болса, тегін емес…
Іле бұларды төрт–бес жігіт қоршап алды. Олардың өз адамдары екенін таныған Хадиша:
— Ақсүйек осында, маған бермей қойды. Тезірек ұстаңдар, – деп жар сала, орнынан атып тұрды.
Бірнеше адам Бәйтенге бас салды.
— Дұрыстап тінтіңдер, – дейді гүжілдеген біреуі.
— Қолында тұрмасын…
— Шалбар жағын жақсылап…
Жігіттер қанша тінтсе де ештеңе таппады.
— Мүмкін емес, осында, – дейді Хадиша өп–өтірік өршелене.
Бәйтен еріксіз күліп жіберді, іштей Хадишаның әлгі ісіне сүйсініп тұрды. Жұрт шашырап тағы да бет–бетімен кетті. Осы кезде қарсы бетте жер сипап жүрген ақ жейделі жалаң аяқ бала Бәйтенге жақындап келіп, басын көтерместен:
— Аға, ақсүйек менде, – деді сыбырлап. – Мен сізге беремін де, өзім мына жаққа қашамын. Сіз мына жақпен жүгіріңіз…
Бала өте беріп, киіз допты Бәйтеннің қолына ұстата салды. Өзі еңбектеп жылыстаған күйі жиырма қадамдай ұзап барды да, сөреге қарай бар пәрменімен зымырай жөнелді. Жан–жақтан қаумалап бір топ жігіт баланы қоршай қуды.
— Ұста, ойбай, ұста!
— Жіберме!
— Мына жүгірмек қайтеді – ей!
Бәйтен енді кешіккенім болмас деп, орнынан тұра берген еді, қайдан келіп қалғаны белгісіз, біреу ту сыртынан бас салды. Қапелімде қауқар қыла алмай, етпетінен түсті де, ұшып тұрып, жаңағы жабысқан бәлені үстінен үйіріп лақтырып жіберді. Бірақ сол сәтте–ақ әлгінің Хадиша екенін танып, қайта оралып, жаны ышқына, құшақтай алды.
— Қарағым – ай, бір жерің аурып қалды ма? Не болды?
Оны елеп жатқан Хадиша жоқ, Бәйтенге тағы жармасып:
— Мында, мында, – деп түнді басына көтеріп шыңғырды.
Өзі мұнша тарамыс болар ма, бір қолы ажыраса, екінші қолымен жармасып, айрылар емес. Сол екі ортада тобымен жүгірген аңдар секілді он шақты жігіт жалаңдап жетіп келді. Келе ұмар–жұмар екеуінің үстіне құлады. Бәйтен қолын қайыртқызбай ұзақ арпалысты. Киіз допты өз адамдарының біріне бере салмақ боп, тырысып еді, бірақ мына нөпірдің ішінен кімнің кім екенін ажырату мүмкін болмады. Бір кезде әлдекімнің әлуетті қолы Бәйтеннің қолын артқа қарай қайырып әкетті. Одан әрі қарсыласуға шамасы келмеген Бәйтен киіз допты қоя берді де, опыр – топырда біреу жазым қылмасын деп, Хадишаны денесімен қорғап, екі қолымен жер тіреді.
Киіз доптың кімде екені белгісіз, екі жақтың ойыншылары бірін–бірі әрең танып, ырсылдаған, қырылдаған, күлген, күшенген – әр түрлі дыбыстар шығарып, бірін–бірі жібермей жұлқысып жатыр. Бәйтен:
— Ау, бізді жіберіңдер, – деп айқайлап еді, оны ешкім естіген жоқ.
— Ананы ұста!
— Жіберме дедім ғой, жіберме!
— Онда жоқ, өтірік.
— Мынада, мінеки…
У–шудың арасынан Хадишаның: «Басым, басым…» – деген даусы шықты. Бәйтен оны бауырына қысып:
— Не болды? – деді шошына.
— Біреудің аяғы тиді…
Бәйтен Хадишаны құшақтаған күйі, үстіндегі адамдарды итере – митере, топтың арасынан сытылып шықты.
— Қане, қай жеріңе тиді?
Хадиша қарақұсын көрсетті. Бәйтен қыздың шашының арасына саусақтарын батырып, қарақұсын сипай бастады. Сипап отырып өзінің шын қорыққанын сезді. Оны Хадиша да байқады.
— Ауырғаны басылды, – деді ол біраздан кейін бұрынғыша қайта күлімдеп.
Бәйтен де жымиды. Әлгі бір қорқыныш екеуін бұрынғыдан да жақындастырып жіберді. Беймәлім оспадардың Хадишаны басынан теуіп жібергеніне енді екеуі де риза секілді мәз болып отыр еді.
Алыстағы мәреден екі–үш баланың айқайы қатар шықты.
— Мында, мында. Ақсүйек мында.
Ойын басқарушы оң қолын көтеріп, ұпайдың оң жақтағы топқа берілетінін көрсетті.
— Бері келіңдер! Қайта бастаймыз.
Бірін–бірі илектеп алысып жатқан топ түкке түсінбей, аңтарылып қалды.
— Ау, қалайша?
— Біз сонда ақымақ болып, неменеге таласып жатырмыз?
— Қап, атаңа нәлет, әне бір жүгірмектің алдап кеткенін көрмейсің бе? Мана айттым, біреуің содан көз жазбаңдар деп… Тыңдадыңдар ма?
Жұрттың бәрін жер соқтырған «жүгірмек» – ең алғаш ақсүйекті тауып алған ақ жейделі жалаң аяқ бала екен. Ақсүйекті жанындағы біреуге берген болып жұрттың бәрі соған жабылғанда өзі мәреден бір–ақ шыққан. Талапайға түскен жігіт:
Маған бергені мынау ғой, – деп кішкентай ақ орамалды көрсетті.
Біреулер оны қаралық деп тапты. Бірақ ойын басқарушы айтқанынан қайтқан жоқ, «қолыңнан келсе, сен де жаса» деді.
Ойын алма–кезек жеңіспен өтіп жатты. Екі жақтың да жүйріктері, жер соқтырғыш әдісқойлары, жабылған қыз–қырқын, балаларды сол күйі сүйреп жүре беретін қарулылары бір–бірімен тең түсуде.
Бәйтен ойынның дырдуына енді араласқан жоқ. Хадиша екеуі қосақтасқан малдай бір–бірінен ұзамай қойды. Бәйтен жұртқа сездірмей қыздың қолынан ұстаса, ол да мұның қолын қысып, жауап бергендей болады. Әйтсе де Хадиша ойынның қызығынан да құр қалғысы келмейтін секілді, анда–санда әлдекімдерге жармасып, жақтастарын көмекке шақырып, шыңғырып, өзін домалатып кеткен ересек баланың соңынан «көгермегір, жынды ғой мынау» деп бір қарғап, үстінің шаның қағып, орнынан тұрып жатады.
Бәйтен көп ұзамай кеудесі тырсиған аласа қара қыздың қыр соңынан қалмай жүргенін сезді.
— Бізді аңдып жүр, – деді ол Хадишаға сыбырлап.
— Білем, – деді Хадиша басқа жаққа қарап тұрып.
— Мен сені арықтың жиегінен күтем. – Бәйтен де басқа жаққа қарап тұрып сөйледі. – Естіп тұрсың ба?
Хадиша жауап берген жоқ. Бәйтен тарыдай шашылып, қымғуыт болып жүрген елірме топтан жылыстап, арыққа қарай беттеді. Айқай–шу бірте–бірте алыстап, өзен жиегінен бақалардың түнгі шұрылы айқын естілді. Қамыс арасындағы құстардың барқылдаған, қанатымен су сабаған, тез–тез таңдай қаққандай тақылдаған әр түрлі дыбыстары бұлардың өз қызығы өздеріне жетіп жатқанын байқатқандай. Қарасудың өзенге тақаған етегінен жайылған жылқылар көрінеді. Шілденің мамыражай айлы түні.
Бәйтен жиектегі майда құмға жүрелеп сәл отырды да, арықтың ішіне қарғып түсті. Мұрнына шаң иісі келді. Ол ойын жаққа қарамауға тырысты. Кейде айқайлаған дауыстар дәл жанынан естілгендей болып, селк ете қалады.
«Бәлкім, келмес», – деп ойлады ол. – Бәлкім, бәрі де әзіл болар. Жаңағы бір көзқарас, жібектей толқыған қолаң шаш, жұмсақ алақан, бәрі де әшейін елес шығар…» Уақыт өткен сайын, аштыққан көңілі бірте–бірте суынып, егер ол келмей қалса, (келмей қалуы енді анық ақиқаттай көрінді,) соған іштей дайын болуым керек деп ойлап, Хадишаның келмейтініне өзін сендіре бастады. Кенет құрғақ жусандар сытырлап, жақын маңнан адам аяғының дыбысы естілді. «Келді! Келді ғой!» Әлгі күдік лезде көлге ұшқандай жоқ болып, манадан бері келетініне кәміл сеніп отырғандай, «айттым ғой келеді деп, айтқаным келді ме?!» деген бір қуанышты сезім жүрегін атша тулатты. Бәйтен сабырдан айрылып, жалт қарағанда, шилердің арасымен бұға түсіп, келе жатқан Хадишаны көрді.
— Хадиша! – деді әлдебір түйіншек тамағына кептеліп.
Хадиша шошынған адамдай тоқтай қалды, ойын жүріп жатқан жаққа бір қарап, шапшаң басып арықтың жиегіне келді.
— Бері, бері… Қолыңды бер, түсіріп алайын.
Бәйтен қолын беріп, арыққа қарғып түскен қызды, қуаныш қызуымен құшақтай алды. Қыз қарсылық жасамады, бірақ өзі ыңғай білдірген жоқ. Көңілімен тау құлатардай болған Бәйтен тап осы арада не айтарын білмеді. Асау малдың бойын үйреткендей, еппен сипап, шашынан иіскеп, болмашы аймалаған болды. Бетіне бетін тигізді. Қыз «кім екеніңді өзің де көрсетерсің, байқайық» дегендей, қозғалмай үнсіз тұр. Жігіт «не құрыдым, не бақытты болам» деген екі ұшты тәуекелмен қыздың ерініне қарай жақындады. Қарсылық білінбеді. Қыздың дымқыл ерінін сезді. «Айтқаным келді ме, келді ме!» деген қуанышты сезім тағы да атой қалды. Таңғажайып бір толқын бойға тарап өмірінде білмеген бір жан рақатын сездіргендей болды. Қарсы емес! Қозғалмай тұр. Рас болды… Рас…
Қыз тұншығып басын шалқайтты. Аузын ашып, терең дем алды. Содан кейін «ойының ба, шының ба» дегендей, жігіттің көзіне тура қарады.
Ақсүйек ойнағандардың айғай–шуы толастар емес Ауыл жақтан әлдекімді атын атап шақырған, кейіген дауыстар естіледі. Қарасу жақта жайылып жүрген жылқылар оқыранды.
Арық ішінде құшақтасқан екі жаста әлі үн жоқ. Ғасырлар бойы ешкім байқамаған бір қисапсыз қазынаның үстінен шығып, қыруар олжаға батқан жандардай екеуі де әрі таңырқап, әрі қуанып, әрі абдырап тұр еді. Аспандағы жұлдыздар «сендерге дейін де талай адам талай қазынаның үстінен шыққан, шыға да береді, сендер бірінші де, соңғы да емессіңдер» дегендей бұларға қарап жымың қақты.