X
Үйге келген кісілер әлгінде ғана тарап, Бикеш шайдың дастарқанын жинастырып жатқан. Асқар жастыққа қисайып, іргеден домбырасын алды. Әлдебір жан рақатын тілегендей, өзі шерткен мұңды әуенге өзі елтіп, көзін жұмды.
— Үйіңе келген қонақтарыңа шай берумен – ақ шаршадым, – деді Бикен кеселерді аяққапқа салып жатып. – Қанша шаруам қалды. Құдай–ай!
— Ренжіме, бәйбіше, – деді Асқар көзін жұмып отырып. – Үйге келген қонақ та бір ырысың. Үйіне ешкім бармайтындардың күні не екен десеңші!..
— Құдайдың құтты күні топырлай бергенде, бірдеңе шыға ма?
— Әй, бәйбіше, ақылың бар еді ғой.
— Е, қойшы, – деді Бикен шын кейіп. – Қашанғы ақылды боламын…
Асқар көзін ашып, күліп жіберді.
— Не дейді мына, шіркін?
— Әрқайсысына шай қайнатып таңертеңнен кешке дейін отыруға уақытым бар ма, шырағым–ау? Басқа да жұмыс жетеді үйде. Оның үстіне өзім ауырып, өлейін деп жүрмін. – Бикен ауруынан шын қорқатынын білдіріп, көзіне жас алды. – Екі қадам бассам, демігіп шыға келем… Тіпті біреуге сөйлесем де, ренжісем де, жүрегім аузыма тығылады, – деді шалына таңырқай қарап. – Үйде көмек беретін адам жоқ. Жалғыз ұлды қуанғандай қылып, бөлек үй етіп оны жібердің. Қартайғанда келін жұмсап қызығын көрмейтіндей құдайға не жаздым?..
Асқар домбырасын қайта дыңылдатты. Бұл кісінің домбыраны ақырын қағып отырып сөйлейтін әдеті бар еді.
— Жалғыз ұлдың жаны қымбат па, қара басыңның рақаты қымбат па? – деді күрсініп.
Мына жұмбаққа түсінбей Бикен оған тағы да таңырқай қарады.
— Жаман айтпай, жақсы жоқ, – деді Асқар басып отырған пернесіне көзінің қиығымен қарап. – Бір күні басыма бәле келсе, оған баламды ортақ қылып қайтейін. – Содан кейін домбырасын доғарып: – Бізден де жамандар бар, бәйбіше, – деп көңілдене дауыстады. – Босқа уайым қылма, басың аман, бауырың бүтін, болды емес пе?..
Бұдан кейін сөйлегенім асылық болар деп қорыққандай Бикен үндемей қалды.
— Бүгін бір жиналыс бар деді ме? – деді Асқар әлгі әңгіме сонымен бітсін дегендей бір үнмен.
— Қайдан білейін, ауданнан адамдар келіпті ғой… Жөндеп те ести алмадым.
Асқар домбырасын дыңылдатып отырып қалғып кеткен еді, әлдекімнің сәлем берген даусынан оянды – күлегеш Қамидолла екен. Дамылсыз күлгеннен бет–аузы қыртыстанып, көзі жасаурап, қызарып жүреді. Күлуге себеп іздегендей жан–жағына жалтақтай қарап:
— Жиналысқа шақырып жатыр ғой, аға – ау, – деді босағада тұрып.
— Не жиналыс екен, білдің бе?
— Білмеймін, аға.
Асқар киініп сыртқа шықты. Басына барқыт тақия, үстіне қара көк матадан тігілген жұқа бешпент, аяғына жаздық құрым етік киіп, бойындағы ауруы мен кәрілігін білдірмей, денесін тік ұстап, кетіп бара жатқан шоқша сақалды ажарлы кісінің жүрісіндегі кербездік пен тәкаппарлық кісінің назарын өзіне бірден аударады.
Осы жүрісі мен киім киісі бой басына жарасатынын өзі де білетін секілді, және өзі соған әбден үйренген болуы керек, бұл кісінің шаруа киімімен жүргенін ешкім көрген емес. Шынына келгенде, баяғы жастық шақтың серілігінен қалған жалғыз белгі осы сыпалық қана еді.
— Шіркін–ай, жігіт кезінде қандай болды екен! – деп таңырқайтын жастар жағы.
Ал келіндер оны Кербез қайнаға деп атайтын.
Асқар келгенде жиналыс басталып кеткен. Соның алдында ғана тазартып, ақтап қойған клубтың іші сірескен адам: көбі жастар, қатын–қалаш, бірлі–жарым шалдар да отыр.
Төрдегі столда отырған бейтаныс екі кісінің мұрттысы сөзін бітіріп:
— Енді осы діннің зияны деген тақырыпта лектор Тынышбаев Сақтаған баяндама жасайды, – деп қасындағы шашы тікірейген сары жігітке сөз беріп жатыр екен.
Асқар әлгі сөзді естігенде, мынау мен тыңдайтын әңгіме емес екен–ау деп, кетуді ойлап тұрды да, стол басында отырған Байдәулет: «Асеке, бері, бері, төрге шығыңыз», – деп өзіне жұрттың бәрін қаратқан соң, қыр көрсеткендей болмайын деген оймен шет жақтағы Оразмағамбеттің қасына отыра кетті. Ол да қипақтап:
— Қап, мұны білгенде… – деп жан–жағына қарап қояды.
Жиналыс басқарушы мұртты жігіт қарындашымен столды тықылдатты.
— Жолдастар, тыныш отыруларыңызды сұраймын. – Содан кейін біреу шығып кетпесін дегендей: – Жауып қойыңыздаршы, – деді есікті қарындашымен көрсетіп.
Баяндамашының айтқаны мынау болды. Дін адам санасын улайтын апиын. Үстем тап халықты қанау үшін дінді өзіне қару етті. Құдай қаһарымен қорқытып, елді өзіне бағынышты, кіріптар қылды рухани кемтарлыққа итерді. Октябрь революциясы халыққа әлеуметтік азаттық қана әперіп қойған жоқ, оның ақыл–ойына да бостандық әперді. Бірақ ескіліктің қалдығы әлі де аяққа оралғы болуда. Елден құдайдың сыбағасын жинап, әлі күнге дейін қожа, молдалар семіруде. Надан бақсы–балгерлердің емінен талай аурулар құрбан болуда. Мәселен, Жарбөгеттегі Оспан қожа ішірткі жазып, үшкіріп, дем салып адам емдеген, соған ақша алған. Жазылған бір адам жоқ, өлсе құдайдың бұйрығы деп қазекең кешіре салады. Келін–кепшік, жастар жағы Оспан қожаның сарқытына таласады екен… әулие деп. Ал ол кісінің өзі туберкулез болып шықты. Сонда қанша адамға ауру таратқан десеңізші?! Большевик» колхозындағы Зарлық бақсы ыстығы көтеріліп сандырақтап жатқан әйелдің «иектеп тұрған жынын қуамын» деп, зікір салып, көк ала қойдай қып сабап, өлтіріп алған. Мінеки, дінге сенушілердің хал–жағдайы осындай. Ендеше, дін біздің социалистік құрылысқа күні бүгінге дейін зиянын тигізуде. Біз оған қарсы жұмыс жүргізуіміз керек.
Сақтаған баяндамасын аяқтап, орнына отырды.
— Баяндамашыға қоятын қандай сұрақтарың бар? – деді жиналыс басқарушы өзіне керегі жоқ сөзді амалсыз айтқандай, немқұрайды үнмен.
Өзі Сақтағанмен сыбырласып кетті.
— Жаңағы Оспан қожа мен Зарлық бақсыны не істедіңдер? – деген дауыс шықты.
— Екеуі де тиісті жазасын алды, – деді Сақтаған.
Жұрт оның қандай жаза екенін білгісі келіп, тағы бір сөз күтіп аңтарылып тұр.
— Сотталды, – деді жиналыс басқарушы тұрпайылау бір үнмен, сосын «бұларға осылай демесең, түсінбейді», – дегендей жымиып лекторға қарады.
— Дәрігер жоқ болса, не істейміз?..
— Иә, десейші…
— Өлеміз бе енді…
— Әлмәмбет молда жазып берген ішірткі, мінеки, қалтада жүр, – деді әлдекім «дәрігеріңді тезірек жібермесең, ішем де салам» дегендей бұлданып.
— Дәрігер болады, – деді жиналыс басқарушы (даусы тағы да зекігендей болып шықты). – Бұл мәселе ауданда шешілген. Ал әзірге ауданға келіп емделесіздер.
Қаратай қол көтерді. Байдәулет мұртты жігіттің құлағына сыбырлап:
— Белсенді комсомолдарымыздың бірі, – деді Қаратайды көрсетіп.
Өкіл мойнын созып Қаратайға қарады.
— Немене, жігітім, сұрағың бар ма? Әлде сөйлейсің бе?
— Сөйлеймін.
— Ал сөйлей ғой.
Қаратай жүрексініп, алабұртыңқырап ортаға шықты.
— Баяндамашыға қарады. (Сақтаған күлімсіреп басын изеді.) – Шынын айтсақ, діннің зардабын айтып сынағанда мықтымыз, бірақ осымен іс жүзінде күресіп жүрген жоқпыз. Өйткені өзіміз әлі сол діннің ықпалынан шыға алмай жүрміз. Әлі күнге дейін отау көтергендердің некесін молда қияды. Ауылда құран оқыту, құдайы жасау, шек беру, құрбан шалу жалпыға бірдей міндет секілді. Және содан коммунистердің өздері де қашпайды. Мәселен, өткен жолы парторг Бәкеңнің өзі баласын піштіртіп, құдайы жасады…
Қызарып кеткен Байдәулет құлағынан шерткен мысықтай басын шалқайтып:
— Ау, енді… сен тіпті… – дей берді сасқалақтап.
Өкіл оған қарап күліп жіберді. Осы кезде тым–тырыс отырған жұрт та «е, күлуге болады екен ғой» дегендей ду күлді.
Қаратай ыңғайсызданып, Байдәулетке қарады.
— Айта бер енді, – деді Байдәулет зілсіз кейіп. – Болары болды. – Сосын жұртқа қарап: – Айтып отырғаны – шындық, амалым қайсы, – деп өзі де күлді.
— Мәселен, – деді Қаратай сөзін жалғап, – өткенде Қамидолла екеуміз суға түсіп…
Байдәулет «осы неме тағы бірдеңені бүлдірер ме екен» дегендей оған қадала қарады.
— …Сонда көрдім, мойында тұмар жүр. Тұмардың құдіреті шын болса, баяғы Тәжібай молда неге сотталды. Кім көрінгенге жазып беріп жатқан тұмары өзіне жетпей қалды ма екен?.. Мінеки, күресіміздің түрі. Жаңағы Қамидолла өзі комсомол, өзі тұмар тағады. Біз дінге қарсы күресу үшін ескі наным–сенімнен алдымен өзіміз арылуымыз керек.
— Жаным – ау, мынауың суырылып тұр ғой, – деді Оразмағамбет оң жағындағы жағы сопиған егде қара кісінің тізесіне қолын тигізіп.
— Ағасы ағаш белсенді Назар емес пе, – деді анау күңк етіп, – соған тартқан шығар.
— Бірақ сөзі әндемді… Қиыстырып–ақ айтады. «Ойымыз бір жерден шықпайды екен» дегендей анау адам үндемей қалды.
Қаратайдың сөзінен кейін жұрт бір–бірімен сөйлесіп, гуілдеп кетті.
— Молдаңа да ынсап жоғы рас қой.
— Айтса, айтқандай…
— Бізде өзі ұстасатын молда қалды ма?
— Әлмәмбет молда – қорқақ, ұстасқанға дейін өліп кетуі мүмкін.
— Саспаңдар, молда табылады, – деді Назар жұрттың күлкісін баса, даусын көтеріп. – Көзінің тірісінде өзіне мазар салдырып, шалқақтаған діндарлар да бар.
Жұрттың бәрі Асқарға қарады. Асқар түк естімеген адамдай сабырлы жүзін өзгертпестен, отыра берді.
Мұртты жігіт қуана жымиып Сақтағанға бұрылып:
— Байқайсың ба, осы жолғы жиналысымыз жақсы өтіп жатыр, – деп сыбырлады, тап бір ең маңыздысы – айтылып жатқан мәселенің өзі емес, жиналыстың жақсы өтуі, өтпеуі ғана секілді. Содан кейін басын көтеріп:
— Бәлкім, тағы да сөйлейтіндер бар шығар, – деді отырғандарға қайта–қайта көз жүгіртіп. – Кәнеки…
— Шырағым, мен бір ауыз сөз айтайыншы, – деді алдыңғы қатарда отырған Өлмес орнынан түсіп.
Бойы ортадан биік, қыр мұрынды, үлкен қой көзді, ақыл мен парасатты білдіргендей сәл қайқылау кең маңдайы өзіне әдемі жарасқан Өлмеске өкіл қызыға қарады. Өлместің ажарында айрықша құбылмалы қасиет болатын. Бұл кісі қажет жерінде сабырлы ой иесі, немесе тура айтатын өткір, кейде сақ, кейде елгезек кішіпейіл де болып көріне алатын. Соның ішінде тума қасиеті қайсы екенін өзі ұмытып қалған секілді. Бұл жолы ойшылдығына басып, қой көздерімен төңірегіне тұнжырай қарап біраз тұрды.
— Бәлкім, менің сөйлейтін жөнім де жоқ шығар. Бірақ «сөйлемесе сөздің әкесі өледі» дейді екен. Сондықтан бір ауыз өз пікірімді айтайын. Айтпағым… – Өлмес «қазір сені мақтайын деп отырмын» дегендей, баяндамашыға қарады. – Жаңа мынау… – Жорта есіне түсіре алмай ойланып: – Иә, Сақтаған інімнің сөйлеген сөзін естіп, өзім қатты риза болып отырмын. Қандай терең, құлаққа қонымды! Ақпа құлақ біреу болмаса, түсінетіндей қылып–ақ айтты. Қазақтың осындай білімді жастарын көргенде ішіңнен шүкіршілік қыласың. Айналайын… – Сақтағанға тағы қарады. – Мерейің өсе берсін, біз секілді надан қазақтың сана–сезімін өстіп оята бер. Рақмет! Ал енді мына жігітім… – Жиналыс басқарушы жігітке қарап: – Әпен деді ғой деймін… Кешір қалқам, жас келген сайын адам ұмытшақ болады. Иә… ел қамын жеген азаматтың бірі екенсің, сенің де бақытың өрлей берсін! Жаңағы дәрігер туралы айтқаның бізді шын қуантты.
«Біз осындай екенбіз ғой» дегендей екі өкіл бір–біріне қарады.
— Ал енді жаңағы айтылған әңгімеге келсек… – Өлмес тағы да ойланып қалды. – Мен өзім бала кезімде Әкетайдың Сармолдасынан оқыдым. Маған он жеті мың ғаламды жаратушы – хақ тағала деп үйреткен сол кісі. Ол кісі ешқайда бармаған, өзіміз секілді ғана молдадан оқып молда болған көп дүмшенің бірі еді. Ал біздің айтып жүргеніміз солардың сөзі. Әйтпесе, құдайды көріп келген біреу бар дейсің бе? Ал енді қазір үкіметтің арқасында дамып, заман озып жатыр. Бұлардың білетіні бізден көп, оқығандары көп. Енді осылар дін деген жалған, ойдан шығарылған нәрсе деп тұрса, мен қайсысына сенуім керек. Дүмше молдаға ма, әлде қилымының сөзіне ме? Әрине қилымға, оқымыстыға сенемін. Өз бетімізбен ақыл жеткізе алмаған жерде білгеннің тілін алғаннан адаспаймыз, жолдастар. Сондықтан әлгі сөзден шошымайық. – Өлмес сөзін аяқтайтынын білдіріп, стол басындағыларға тура қарады. – Сендер халықтың санасын ояту үшін еңбек етіп жүрсіңдер. Сендер айтқан келелі әңгімеден кейін, санасы оянған ағаларыңның бірі мен деп білерсіңдер, қарақтарым. Сол еді айтайын дегенім.
Өкіл жігіттер қатты риза болып, қол шапалақтап жіберді.
— Мұндай жиналыс еш жерде болған жоқ, – деп Әпен Сақтағанның құлағына қуана сыбырлады.
Жұрт тым–тырыс. Шалдар жағы қара бет болған адамдай бастарын жерден көтермейді. Жастар Өлмеске таңырқай қарайды.
Осы кезде Асқар баяу қимылдап орнынан тұрды да, өзіне тән сырбаз кейіппен:
— Құлдан да бір сұрау, – деді ыңырана сөйлеп.
Әпен жиналыстың ажарын енгізетін тағы бір сөз күтіп:
— Сөйлеңіз, сөйлеңіз, – деді елпілдеп.
— Мен сіздердің әрқайсыларыңызға Өлмес құсап көпшік қойғалы отырғам жоқ. – Асқар даусын кенеп қаттырақ сөйледі. – Сіздер айтқан сөзге қарсы дау да айтқым келіп отырғам жоқ. Өйткені әр заманның заңы бөлек, діні бөлек… Іске, саясатқа зиян келтіретін нәрсеге қарсы шығу, былайша айтқанда, парыздарың. Оған ешкім де өкпелей алмайды. Жаңағы Оспан қожа, Зарлық бақсы секілді дүмше, алаяқтармен күрескендерің – халық үшін қажет. Бірақ мына бір затты ескерген жөн. Егер Зарлық бақсы ауру әйелді өлтіріп алса, құдайдың жоқтығынан, діннің жалғандығынан емес, өзінің надандығынан өлтіріп алып отыр.
Өңдері кірмей отырған шалдар, «е, сөз жаңа түзелді ғой» дегендей бастарын көтеріп, Асқардың аузына қарады.
— Оспан қожа елді алдаса, оған да дін кінәлі емес, діннің шариғатын сақтай алмай отырған Оспан қожа кінәлі. Екеуін шатастыруға болмайды. Шариғаттың үкіметке қарсы жерін көргем жоқ. Өтірік айтпау, ұрлық қылмау, байлыққа құнықпай, кедейге қайыр, ғаріпке көмек – осының бәрі шариғатта бір нәрсе. Ал мұның қай жері бұрыс? – Асқар сөзіне жауап тілегендей жұртты көзімен шолып шықты. – Ал енді құдайдың бар, жоғын жиналысқа салып шешулерің тіпті артық. Бұл – адамның сенімі. Сенім жүректе болады. Жүрегі сенген адамға құдай – бар, жүрегі сенбеген адамға – жоқ.
— Ақсақал, сіз тіпті теріс үгітке кеттіңіз ғой, – деді Әпен түсін суытып.
— Бұл теріс үгіт емес, жарқыным. Жанымды қорлаған соң, жауабымды айтып отырмын. Мен сендерге «құдай жоқ» деп жақсы атты көрінгенмен, жүрегім құдайға сеніп тұрса, мен өтірік айтқан болып шықпаймын ба? Мен шынымды айтып отырмын. Шындық үшін жазғыру бекер. Енді қалған азғантай ғұмырымда дінімнен жаңылдырма деп тілеп отырған кемпір, шал да бір қауым ел. Олар қаңғып келген қаймана қазақ емес, осы елдің ата–анасы. Ал енді басқасын айтсақ, осы үкіметті орнатуға қатысқандардың бірі біз боламыз. (Бұл кісі «мен» дегенді кейде «біз» деп сөйлейтін).
— Енді қалай би болғаныңды айт, – деп күлді Назар.
Асқар Назарға қарамай:
— Саудагерден сөз сұрасаң, бергені мен алғанын айтады, – деді тақпақтап: – Жиһанкезден сөз сұрасаң, қайдағы мен жайдағыны айтады.
Ақымақтан сөз сұрасаң, сайқымазақ қылжағын айтады, Ақылдыдан сөз сұрасаң, ойыңдағының ар жағын айтады, – деген екен бұрынғылар. Сенің білгенің сайқымазақ – қылжақтан бір аспай қойды – ау, Есенбайдың Назары. Тағдырдың тәлкегіне ұшырап, өмірі күдер үзген шағымда, жаным күйіп, өзіме күмбез тұрғызғаным рас еді. Сол шіркін сенің мазаңды ала берді. Қызығын берейін деп салған жоқпын, өлгенде жатайын деп салдырып ем соған өзің – ақ барып жата ғой…
Оразмағамбет мырс етіп күліп жіберді де, өзі сонысынан шошып кетіп, көзі жыпылықтап, сақалын сипай берді.
Бірдеңе дей берген Әпенді Сақтаған түртіп тоқтатты.
— Мына кісі тегін адам емес, – деді сыбырлап. – Басқаларға сөзіңді бұған айтуға болмайды.
— Бірақ Назарға да өкпелемеймін, – деді Асқар бір қалыпты ыңыранған үнмен. – Менің жүрегімді ұшырған – Өлместің сөзі болып отыр. Апыр–ай, іші–сыртыңда біз білмейтін ештеңе жоқ – елде өстің. Өмір сүруге ыңғайлы ең, дүние – түлкіні тазы болып қалай шалғаныңды талай көрдік. Бірақ пайғамбар жасына келгенде ұжданыңды саудаға салар деп ойламап едім. Сенің атыңды Өлмес деп дұрыс қойған, сірә да, өлмессің. Бірақ құдайыңды сатып күн көрген тірлігіңе қызықпай–ақ қояйын… – Асқар сөзін доғарып, өзіне–өзі, сабырлы қимылмен орнына отырды.
Жұрт тағы да тым–тырыс. Жиналысты бұлай аяқтауға болмайтынын сезген Сақтаған қорытынды сөз сөйледі.
— Ақсақал, біз сізге діннен без деп отырған жоқпыз, – деді де сөзінің аяғында Асқарға қарап тұрып. – Діннің қазақ халқына тигізген пайда, зиянын таразыға салып отырмыз. Айтқанымыздың бірі өмірде болған оқиғалар. Сіз көзіңіз ашық адамсыз, ал қарапайым халық үшін дін дегеніміз – Оспан қожа, дін дегеніміз – Зарлық бақсы. Сондықтан оларды біз діннен бөліп қарай алмаймыз…
— Осы сөздің де жаны бар–ау, – деді біреулер жиналыс тарқаған кезде клубтан шығып бара жатып.
* * *
— Ел басына талай бәле төнгенде осының бір қылшығының қисайғанын көргем жоқ, – деді Ботбай жастықтан басын көтеріп алып. – Баяғы тас мешінде малы қырылмаған осы ғана болатын.
— Ойбай–ау, тауық ше, тауық? Нағыз ақ сирақ жылдың өзі емес пе еді? Содан да аман шықты ғой.
Асқар домбырасын доғарып:
— Оны қойшы, аман қалса шаруақорлығы шығар, – деп әңгімеге араласты. – Мені таң қалдыратын бір нәрсе – баяғы бүкіл елді ойран қылған атты қазақтардың жылқы іздеп осының аулына түсіп, қалың жылқысына тимей тып–тыныш аттанып кеткені. Бұл бір жұмбақ…
— Мен білсем, осының көз байлайтыны бар, – деді Сонарбай бұлтартпайтын дәлел келтіріп отырғандай, саусағын шошайтып: – Айтпады демеңдер.
— Шынында да, өзінің бір бәлесі бар, – деп Малдыбай әлгі сөзді құптағандай болды. – Бірдеңе сұрағанда басыңды қалай айналдырып алғанын білмей қаласың.
* * *
Өлмес осы кезде екі өкілмен бірге Байдәулеттің үйінде шай ішіп отырған. Оның өзін де, сөзін де ұнатып қалған Әпен мен Сақтаған әңгіме үстінде Өлмеске «жағдайыңызды айтып, хабарласып тұрыңыз» деп ықылас көрсетті. Өлмес сұрастыра келе, Сақтағанға жиен болып шықты. Ал Өлместің:
— Жақсыда жаттық жоқ, шырағым. Қарға тамырлы қазақпыз деп қазбалай береміз. Әйтпесе, осы отырған қай – қайсысың да бір – біріңе бөтен емессіңдер, – дегенін жұрттың бәрі өте орынды, тауып айтылған сөз деп ұйғарысты.
* * *
Өлместің әкесі Жаманқұл әлім–берім күн көрген кедей адам болса да, елге сыйлы, абыройлы кісі болыпты. Өлместің азан шақыртып қойған аты – Ержігіт. Бала кезіндегі пысықтығына қарап, жеңгелері Өлмес деп атап, кейін бірте–бірте бұрынғы есімі ұмытылып, біржола Өлмес болып қалды. Ата мекені Шағырлы болатын. Суының тұщылығы болмаса, қара шағыры мен көкпегі көп, жайылымы аз, малға жайсыз жер еді. Өлмес әкесінің құда түсіп, үйлендірмек болған ниетіне көнбестен, жалғыз балалы жесір әйелге үйленіп, соның азғантай малымен тұрмыс құрды. Шаруақорлығының арқасында кейін әжептәуір мал бітті. Жақсылармен жанасып, бедел жинады.
Рас, Өлмес жақсы мен жаманды өзінше түсінуші еді. Кімнің тасы өрге домалап тұрса, сол – жақсы адам деп есептейтін.
Біреуден біреудің басы артық дегенді бұл кісі мойындаған емес. Оған өмірден келтіретін мысалы да көп еді және осы ойды бойына сіңірген сайын, байлаулы қолы босағандай, бір еркіндікті сезіп, істеген ісіне өкінбейтін мінез тапты. Қажет адамға кішілік көрсетіп, қызмет қылуға намыстанбайтын болды. Адам бойындағы ең айбатты қару – жағымпаздық, және айтпағаны болмаса, осы жұрттың бәрі біледі деп ойлайтын. Бірақ Өлмес жағымпаздықты шынайы көңілдің риясыз пейілі құсатып шебер жасағандықтан, анау адамның өзі де бұл жайында әмәнда жақсы пікірде жүруші еді. Ол естіп адам мен заманның ыңғайын елден бұрын танығыш болып өсті. Қиын–қыстау кездерде құтқармастай болып кезіккен тауқыметтен Өлмес елдің бәрін айран–асыр қылып, оп–оңай құтылып кете беретін. Жұрттың бәрі ақ таяғын ұстап қалған ұлы жұтта Өлместің дәулеті шайқалмай қалды.– Ал атты қазақ тұсында аман қалуының азғантай сыры бар еді. Ол кезде Өлмес Шағырлының қырында отырған. Бұларды сағалап жүрген бес–алты қоңсы үй болмаса, қалғандары өзінің туған–туыстары. Үлкен баласының үйленгеніне бір жылдай болып қалған, ол да жеке шаңырақ. Шілденің аяғы болатын. Ұлы сәскеде ауылға отыз шақты атты әскер сау ете қалды. Бастық ажарлы жас жігіт екен, жерошақ басында жүрген қатындарға қайта–қайта қарап қойып, қасындағы тілмашқа орысшалап бірдеңелерді айтты.
— Бұл кісі ақсүйек қауымынан шыққан, мәдениетті адам – деді тілмаш қазақша мен татаршаны араластыра сөйлеп. – Айтқанын орындаған адамды зәбірлемейді.
— Апырым–ай, алла разы болсын, шырағым, – деп Өлмес батасын берді. – Өзің де мұсылман баласы екенсің…
— Әрі қарай тыңда, – деді тілмаш «сенің бос сөзіңе уақыт жоқ» дегендей үнін қатайтып. – Бізге ат керек. Тап қазір бар жылқыңды айдап әкел. Таңдағанымызды алып кетеміз. Ақысына – жаның садаға.
Өлместің маңдайынан мұздай тер бұрқ ете қалды.
— Апырым–ай, тақсыр – ай, бізде жылқы қайдан болсын, – деді жыламсырап.
— Сөзді қой! – деп тілмаш ақырып қалды.
— Тақсыр – ай! – деді Өлмес енді бастық жігіттің өзіне қарап. – Бізде қайдан мал болсын, кедей адамбыз. Мына жерде, қашық емес, Шошқакөл деген жерде… – Өлмес көзі алақтап Шошқакөл жақты қолымен қайта–қайта көрсетті. – Әжібай деген байдың аулы бар. Жылқысы көп. Соған неге бармайсыздар?
Тілмаш Өлместің сөзін бастық жігітке жеткізді. Сосын екеуі орысша сөйлесіп біраз тұрды.
— Әй, қазақ, – деді бір кезде тілмаш бұрылып, – тез жылқыңды жина! Айтқанды орындамасаң, өз обалың өзіңе.
Егер орындамаса, не істейтінін айтқан жоқ, бірақ даусының ызғарынан сұмдық бірдеңе екені сезіліп тұрды.
— Тақсыр – ай, жарайды, – деп Өлмес басы жерге жеткенше иілді. – Қазір адам жіберейін, қазір… Тек өздерің үйге түсіп, дәм ауыз тиіңдерші…
— Рақмет, – деді тілмаш кекеткендей бір үнмен. – Орыс әскерін үйге түсіріп алып, қазақ аулының қалай қырып жатқанын естіп келе жатырмыз.
— Алла сақтасын! – деп шошынды Өлмес. – Ондай бәлеге араласқан емеспін. Алла сақтасын…
Өлмес сасқалақтап әр үйге бір жүгірді.
— Әй, Садыр! Садыр қайда деймін, Садыр, – деп айқайлады жаны шыға. – Садыр!
Үйінен шыққан Садырды Өлмес жүгіріп келіп, құлақ шекеден салып жіберді. Садыр Өлместің үлкен ұлы еді:
— Ойбай–ау, сізге не болған? – деді түкке түсінбей.
— Не болған дейді ғой, ақымақ. Тез жылқыны әкел осында! Тез! – деп қалшылдады Өлмес.
Садыр неге таяқ жегеніне ақыры түсінбеген күйі жылқыға аттанып кетті. Аласұрған Өлмес әскер бастығының жанына қайтып келді.
— Тақсыр – ай, үйге түсіңізші, құдай үшін, – деді жалынып. – Тым болмаса қымыз ішіңіз.
Жылқыға кеткен адамды көзімен көрген әскер басы солдаттарына әлдене деп айқай салды да, өзі аттан жеп–жеңіл қарғып түсті. Қалған әскерді екі үйге бөліп, өзі бес–алты жігітімен Өлместің үйіне кірді. Өлмес жан ұшырып жүгіріп жүр. Шарамен қымыз әкеліп, өзі бір кесесін ішіп, содан кейін қонақтарға құйды. Көп ұзамай қуырдақ та дайын болды. Әскер басы да Өлместің құрақ – ұшып қызмет қылғанына бірте-бірте жіби бастады.
Осы кезде Өлмес босаған шараны алып сыртқа шықты. Әлдеқалай жүрегі тарсылдап, екінші отауға кірді. Үлкен ұлының келіншегі Рахима кілемнің артында тығылып жатқан – сығалап атасына үрейлене қарады.
— Балам, қонақтар отырған үйге барып, ыдыстарды жинап ала ғой, – деді демікпесі бар адамдай ентігіп.
Рахима айтқан сөзге түсінбей, көзі бақырайып отыра берді.
— Бара ғой, қалқам, олар саған тимейді. Ыдыстарды жинап ал. Олар да кетейін деп жатыр. Сүйте ғой…
Рахима басындағы жаулығын көзіне түсіре байлады да, құлап кететіндей екі қолын жазып, қайта–қайта сүрініп, ақыры үлкен үйдің есігін ашып, ішке кірді.
Өлмес қонақтардың үстіне кіруге асықпады, киіз үйге арқасын тіреп, жүрелей отырды да, қалтыраған қолымен насыбай атты. Ұрлап атып отырғандай, алақтап жан–жағына қарады.
Осы кезде үлкен үйден шар ете қалған әйел даусы шықты. Өлмес өзінің қалай атып тұрғанын сезген жоқ. Ұмтыла беріп, есіне әлдене түскендей, қалт тоқтады. Әйел даусы тағы бір тұншыға шар етті де, басылып қалды. Өлмес үйге кіруге бата алмай, сенделіп біраз тұрып, не де болса байқайын деген оймен, жабықтан сығылады. Ештеңеге түсінбей, жабықты кеңірек ашты. Әлдекімнің жауырыны қалқалап тұр екен, әлгі былай кеткен кезде, болып жатқан уақиғаны көзі шалды. Өз төсегінің үстінде шашы жайылып келіні шалқасынан сұлық жатыр. Үстінде теңкиген біреу бет–аузы тыржиып, сөлекет қимылмен тырбаң–тырбаң етеді. Қолына наган ұстаған біреу есікті арқасымен басып тұр. Манағы әскер басы, жұмысын бітірген болу керек, қып–қызыл боп жымиып терін сүртіп, әлдекімнің құлағына сыбырлап қояды. Кенет жаңағы теңкиген неме өліп қалғандай қимылсыз қалды да, іле шалдарша тоңқаңдап орнынан тұрған кезде, адамның жүзі шыдамайтын бір көріністі көзі шалған Өлмес жабықты түсіріп жіберді.
Жан қинаған тыныштық жылға созылғаннан кем болған жоқ. Өлмес ұлының отауына кіріп, істің ақырын күтті. Бір заманда дабыр–дұбыр сөйлескен дауыстар естіліп, Өлмес сыртқа шықты қонақтар көңілді. Әсіресе әскер басы жас жігіт жайраң қағады.
Бүкіл ауылды басына көтере бірдеңе деп айқайлап еді, басқа үйге орналасқан солдаттар далаға шығып, асығыс атқа қонды.
Тілмаш Өлместің қасына келіп:
— Айттым ғой мен саған, – деді өзінің біліп сөйлейтініне риза болған үнмен, – бұл жігіт зиялы қауымның адамы деп, көрсеткен сый–сияпатыңа түсінді. Басқалары болса, түкірмес те еді. Біз енді сенен ештеңе де алмаймыз, жылқың өзіңе олжа болды. Айттым ғой.
Әскер басы ат үстінде тұрып, Өлместің арқасынан қақты. Әлдене деп орысшалап, бұған көзін қысты, содан кейін тілмаш екеуі ауыл шетінен үдере аттанған солдаттарының соңынан бұрқылдатып шаба жөнелді.
Өлмес өлі мен тірінің ортасында меңірейіп ұзақ тұрған.
Үрейі ұшқан Рахима содан айықпас ауруға ұшырады. Қызылобадан бір тәуіп кемпір алдырып, қыс бойы емдетті. Бірақ ем қате болды ма, ауру үстіне ауру жамалды. Оның не ауру екеніне ешкім түсінген жоқ. Жаз шыға келіні қайтыс болды.
Ал Шағырлыдан аттанған әскердің Шошқакөлдегі Әжібай аулын ойрандап кеткенін Өлмес екі күннен кейін естіді. Соның алдында Әжібай Өлместі атты қазақтардан сақтандырып, өз аулын Шошқакөлге апарып жасырғанын айтып кетіп еді.
Жаңа өкімет орнағаннан кейін де, Өлмес өз есебінен жаңылған жоқ. Малды азайтты. Қалғанын мылқау ағасы Иманғалиға жаздырды. Ауыл белсенділерінің аузын алды, уездегі ұлықтармен болдым. Ал жұрт болса, «қырық жыл қырғыннан қылшығы қисаймайтын Өлмес» деп мұны аңыз қылды.
Өлместің арқасына бататын екінші жүк – кіші ұлы Қамзаның тағдыры. Қамза ән айтып, домбыра тартып, бәйгеге ат қосып серілікпен ел көзіне түсті. Өлмес сол кездегі ауылнай Кенжеғұлдың үлкен қызына құда түссем деп ойлап жүрген. Кенжеғұлдың дүрілдеп тұрған кезі. Түу деген түкірігі жерге түспейді. Онымен құда болуды кім арман қылмасын?! Бірақ Қамзасы құрғыр, қас қылғандай, мырзаболат Сүйментайдың шөп желке қызымен шатасып масқара болды ғой. Жастайынан ерке өскен тентек жігіт айтқан сөзді тыңдамай, «оны алмасам өлемін» деп, қасарысып тұрып алды. Сүйментайдың бай тұқымы екені рас. Бірақ көлеңкесінен қорқып аллалап отырған адамның баяғыдағы байлығы кімге керек?.. Өлмес енді басқа амалға көшті. Жамағайын туысы Әйештің баласына «қысылсаң қалың малын өзім төлеймін» деп, Сүйментайдың қызын бір түнде алып қашып әперді. Әйеш тақыр кедейдің өзі еді. Араға белсенділер араласқан соң, Сүйментай аузын аша алмады.
Бірақ іс мұнымен таман болмады. Олай болар деп кім ойлаған? «Ол қыз басқа біреуге қашып кетіпті, енді Кенжеғұлдың қызына құда түскелі отырмын» деп баланы шын айналдыруға кіріскенде, әлгі неме жын ұрған адамдай еліріп, басын жерге ұрып, киімін жыртып, масқара болмасы бар ма!.. Аласұрып, ұстағанға көнбей, пышаққа ұмтылғанда отырған елден зәре қалмады. Шкаф үстінде тұрған өткір лөкетті алып далаға қашты. Мерт болар ма екен деп қорқып, Өлмес соңынан қуды. Сыртта баласының жан серігі – күрең ат байлаулы тұрған. Құлынынан осы ұлына атап еді. Күрең ат десе Қамза ішкен асын жерге қоятын. Баласы құлайтын адамдай, қалбалақтап күрең атқа жүгіргенде, Өлмес ештеңеге түсінбей тұрып қалған. Қамза қолындағы пышақпен күрең атты сағағынан орып жіберген кезде, Өлмес айқайлауға үні шықпай, тізерлей құлады. Қанға малынған ат қорқырап, секіріп барып, тоңқалаң асты. Әлдекімдер келіп, Өлместі ұстады. У–шу… Жылаған әйелдің даусы. Бауыздаған ат жаны шықпай, ұзақ арпалысты, ақыры қансырап барып біржола құлады.
Баласы талып жатыр екен. Есін жиған кезде, бөтен адамдай түсі өзгеріп, өзінен–өзі күле берді. Бірақ Өлмес баласының ауырғанына сенген жоқ. Қыстауға көшерде тағы аласұрып, далаға қашқан соң, қатты ашуланып, баласын қамшымен жосадай қылып сабап, киізге орап байлады да, жұртқа тастап кетті. Өлместің айбарынан қорыққан жұрт Қамзаның қасына жолай алмады. Күрең аттың күйігінен әрең жүрген Өлмес астындағы атын борбайға бір салып, «тарт, кәне» деп көштің басын қыстауға бұрғызған. Әрине, ішінде «әке ашуын сезіп, сабасына түссін, артынан қайтып келіп, алып кетерміз» деген ой тұрды. Бірақ қыстауға жеткеннен кейін, жіберген адамы: «Арқан мен текемет қана жатыр, Қамза жоқ», – деп түн ішінде қайтып келді. Енді міне… бір кезде ойын–сауықтың көркі болған сол Қамза қазір бір ауылдың белгілі жындысы болып, жаяу қаңғып, далаға түнеп, тентіреп жүр. Анда–санда үйге соғады. Қолында қағазы мен қарындашы бар, әр үйге кіріп, адамдардың санын алып, «салық салып», сандырақтап сөйлеп, бала–шағаның ермегіне айналған.
Осының бәрі Өлместің жанына батпайды десек, шындыққа сыйымсыз болар еді. Бірақ Өлмес «адамның ары сырт киім секілді» деп ойлайтын. Мәселен, жападан жалғыз тыр жалаңаш тұрған адам өзінен–өзі ұялмайды, ал осы күйінде жұрт көзіне түсуден ұялар еді. Яғни ұят сырт көзге ғана байланысты. Немесе, басқа біреудің әйелімен ашына болу масқара емес, масқара – соның жұртқа жария болуы ғана. Ендеше, жұрт білмейтін іштегі дүние ар емес, ол – адамның сыры. Іштегі сырға сот жоқ. Тек соны көтеруге өз белің жараса жетіп жатыр.
Өлмес бала кезінде құм арасында кесіртке қуып көп ойнап еді. Қуып жетіп, құйрығынан басқанда, кесіртке құйрығын тастай қашатын. Сонда денеден айрылған құйрық жаны шықпай біразға дейін жеке мақұлық құсап шоршып жатар еді. Қу тірліктің құпиясы осындай садақа заңына құрылған секілді. Қауіп–қатерден садақа бермей құтыла алмайсың. Өлмес кейде өзін кесірткеге, ал өзінен қиянат көрген адамдарды өзінің құйрығына теңейтін, сонда жаңағы кішкене жәндікше бұл да жаратушының ықтиярымен іс қылғандай болып, сотталған адамның біржола ақталып шыққанындай бір сезімге келетін.
Бірақ барша мақұлық пен барша заттың бір көрім көрінісі ғана бағаланатын ат үсті тіршілік тұсында Өлмес те бір киер кісілік шапанын жарқыратып киіп шығудан ешкімге ақысын жіберген емес. Өлмеспен жұғысқан адам оның кішіпейіл, ақ көңіл мінезіне, қонақжайлығына риза болып, осы елдің ат басын тіреуге болатын азаматы деп жүрген жерінде әңгіме қылып, айтып жүрер еді.