VІІ
Бәйтен кешкі шайын асығып ішті, апасының әңгімесі қашан бітер екен деп әрең отыр.
— Баяғыда, – дейді Қалаған шай ішіп отырған көк жолақ кесесін ақырын шайқап қойып. – Сенің бірге де толмаған кезің. Онда Шөміште отырамыз. Әкең арғы бетте Жалақтың жылқысын бағады. Бұрын өзімен–өзі аң аулап жүретін адам, сол жылы жылқы бағам деп болмады өзі. Сен туғанда әйдік қуанып еді… Содан жазғытұрым су тасып жатқан кез. Сені емізіп үйде отырғам. Ауылдың адамдары әлденеге шу ете қалды. Жүгіріп сыртқа шықсам, тасып жатқан судың ішінде бір атты адам бір батып, бір шығып жанталасып жүр, сонда да кері қайтар емес. Жұрт «өлді – ау, өлді – ау» деп шулап тұр. Ақыры құдай жар болып, әлгі байғұс бір тұстан жағаға шықты–ау. Жүгіріп барсақ, – Қалаған осы тұста бір масқара болғандай «Ойбуй, ойбай–ай» деп бетін жыртты, – әлгі атты адам – сенің әкең! Әлгі жерде отыра қалып дауыс қылайын. Мұның не, ойбай–ау, бізді жетім қалдыруға асығып жүрсің бе деймін ғой баяғы… Сөйтсем… «Бәйтенжанымды сағынып кеттім, бетінен сүйейін деп едім», – дейді әлгі шіркін… Е – е, балаға деген ықылас не істетпейді. Ықылас шіркін!..
— Мен Қызыл отауға кеттім, – деді Бәйтен босағада бәтеңкесін киіп жатып. – Сауатсыздарға беретін сабағым бар.
— Бара ғой, құлыным, – деді Қалаған кішкентай баланы еркелеткендей еміреніп. – Ит қауып алып жүрмесін.
Бәйтен киіз есікті серпіп ашып, сыртқа шыққанда қас қарайып ауылдың абыр–сабыры басылға шақ еді. Сонау Шайтанкөң тұсындағы оттары жылтыраған киіз үйлерден көңілді қытықтап күлген дауыстар естіледі. Шешесінің «ит қауып алмасын» деген сөзі есіне түсіп, Бәйтен жерден таяқ алды. Сарыбас, Байдәулет, Әусағиттардың үйінің сыртымен жүріп отырып, Қызыл отауға келді. Қалтасынан кілтін алып, есік ашты да, сипалап жүріп, шам жақты. Көшкелі жатқан үйдің сұрқындай жалаңаш керегелер көзге бірден шалынады. Жерде қошқар мүйіз ою салынған қара текемет. Оның үстіне іргелете көрпе төселген. Баяғы конфискеге іліккен Ерманның киіз үйі ғой. Күтімі шамал болса да, сынын бір жоғалтпайды. Ортада бұл елдің салтында жоқ аласа дөңгелек стол. Стол үстінде – газет, журналдар, оқулық кітаптар. Керегеде екі плакат, қаулы басылған газеттің қиындысы, қабырға газеті. Оң жақ керегенің басына шағын қара тақта ілінген. Стол үстіндегі ескі газеттерді аударыстырып отырып Бәйтен Хадишаны ойлады. «Апыр–ай,и – деді ол ішінен, – бүгін де келмес пе екен? Әлде келгісі келмей жүр ме? Тым болмаса сабаққа неге келмейді?.. Менің жағдайымды түсінетін кезі болған жоқ па?..» – Даусы қаттырақ шығып кеткен Бәйтен шошынып есікке қарады.
Бие сауым шамасында сауатсыз келінін ертіп Ділдабай шал келді.
— Түн қараңғы, балам қорқатын болған соң, ертіп келдім… Шырағым, онда отырма, мұнда отыр. Мына бір қағаздарды былай ысыра салшы, – деп өзі оқытқандай билеп–төстеп жүр.
Әлден уақытта қалбалақтап, маңдайшаға төбесін соғып, көзіне түскен жалбайын кейін ысыруға болмайтындай, төңірекке шалқалай қарап, Әбәйілда шал кірді.
Бәйтен аң–таң:
— Әбеке – ау, сіз де оқиын деп келдіңіз бе?
— Жоқ, ойбай, қызымның орнына келдім.
— Оқитын қызыңыз ғой?
— Иә, иә.
— Ендеше, ол бала қайда?
— Шырағым – ай, қолы тимей жатыр. Шешесі ауру, шай қайнататын адам жоқ.
— Ал сонда, сіздің не керегіңіз бар?
— Қайдан білейін, тізімге жазып қойған соң, біреу келу керек шығар деп…
Әліпті таяқ деп білмейтін Ділдабай өзінен де надан біреудің табылғанына қуанғандай:
— Әй, сана жоқ–ау сенде, сана жоқ, – деді оған кеңкілдей күліп. – Байғұс–ау, бұл оқу ғой, кәдімгі оқу. Оған сенің миың жете ме? Ал жарайды, қызыңның қолы тимеген – ақ шығар, енді албасты басып, өзіңнің келгенің не? Мен болсам, серік болып келіп отырмын. Ал сен ше? Әй, мәжнүн…
— Жарайды, Әбеке, сіз қайта беріңіз, – деді Бәйтен Ділдабайдың сөзін бөліп.
Әбәйілда Ділдабайға мысқылдап қарап:
— Ал енді отыр солай көзің көгеріп, – деп далбайы көзіне түскен күйі шалқақтай басып шығып кетті.
Көп ұзамай ауылдың сауатсыз әйелдері жинала бастады. Өңкей жас келіншектер еркек пішіндес ат жақты әйел емшектегі баласын ала келген, біреуінің қолында ұршық, екіншісінің қолында білтегеш – әшейін әңгіме айтып, бос отыруға келген секілді.
Саужой пунктінің ашылғанына жарты айдан асса да, ауыл әйелдері сабаққа түгел жиналып көрген емес. Бір күні келсе, бір күні келмейді. Келе қалса, біреудің шаруасын істегендей, риза болмай, кейіп отырады.
— Бізге дегенде жұрттың бәрі құдай, – деді мұрны қаусырылған көк беттеу келіншек. – Отқа, суға айдауға жарлы – жақыбайдікі жетеді дейтін шығар. Әйтпесе, түк бітіріп отырған жоқ, ана Алакөз қайнағаның келіні неге келмейді.
— Смайылдың қатыны ше?
— Бәсе, ине жұтқан қаншықтай бұратылып, оған не жоқ? Оның да көзінің еті өсейін дегені ме?
— Қайнағаң әкім болса, сенің де көзіңнің еті өсер.
— Сәленге «сабаққа жүрмейсің бе?» деп едім, – деді басына үкілі тақия киген сары қыз Бәйтенге көзінің астымен қарап. – «Сен – ақ оқып әкім бола ғой», деп үйіне кіріп кетті.
— Оның әдеті ғой, бірдеңе айтсаң, ыңғай кері шаптырып сөйлейтін…
— Кімді айтасың? – деді осы кезде баласын емізіп болған еркек пішіндес әйел. – Сәлен бе? Ол көк долы үйіндегі қайын енесін тілдегенде аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын көрінеді.
— Тәйірі, күйеуінің жамандығы да мұрнын тескен өгіз құсап…
— Өзінің паңдығын қайтерсің. Су алуға барса, киік мінезденіп, оқшауланып тұрғаны.
— Әдірем қал! – деді көк бет келіншек ерні түріліп. – Кісіге жалданып күн көргені кеше ғана емес пе?
— Сәлен ол күнді ұмытқалы қашан!
— Өзі… – Көк бет келіншек кенет ұры көздене жымыңдап, арт жағында отырған балалы әйелдің құлағына әлденені сыбырлай бастап еді, анау әйел от басып алғандай:
— Қойшы әрі! – деді шошынып. – Обалына қаларсың, бекерге күйдіріп. Ондайды айтпа. Қолыңмен ұстап алған жоқсың, қайдан білесің?
— Ойбай–ау!.. – деп көк бет келіншек қайта сыбырлай берді де, есікке қарап жым болды.
Жұрттың бәрі есікке қарады. Қызыл отауға тойға баратындай малынып киінген, дөңгелек жүзді бір әйел кіріп келді.
Бәйтен жұрттың жиналуын күтіп, оқу кестесін жазып отырған. Әйелдер тым–тырыс болған соң, басын көтеріп алды да, кірген әйелді ол да көрді.
— Жоғары шығыңыз, – дей беріп, әйелдің тайсалмай қарайтын, әр қилы ұятсыз жанарына шыдай алмай, төмен қарап, қызарып қоя берді.
«Құдай атқыр осы мінез қашан қалар екен, – деді ол өзіне–өзі ыза болып, – қарадан–қарап, қылмысы бар адамдай қызарып шыға келем. Неге? Мынау әйелге менің қатысым қанша?» Бәйтен түк кінәсі жоқ адамның түрімен іштей өзіне–өзі қайран қалып отырды да, әлгі кірген Бибәтиманың жеңіл жүріспен атағы шыққан әйел екенін, ауылдағы бүкіл келіншек күйеулерін содан қызғанатынын, Бибәтиманың еркекті арбап алатын бір сиқыры бар деген өсек әңгімелерді көп естігенін, сол әңгімелер өзінің нәпсі сезімін қытықтағанын есіне алып, өзінің ой күнәсінен қызарып отырғанын мойындағандай болды.
Әйелдердің де аяқ астынан жым болып, ит көрген мысықтай жиырылуы да өз күйеулерінің көрікті жесір әйел Бибәтимадан үмітсіз емес екенін білгендіктен еді.
Бибәтима өзгенің қызғанышына айызы қанатындай, қыр көрсете, аяғын кербез басып, дәл төрге кесірлене отырды.
Бәйтен оған қарамауға тырысты. «Оны ойламас үшін, тезірек сабақ бастауым керек», – деп ойлады ол.
— «С» әрпі сандық дегенде келеді, – деді ол жұртты өзіне қарату үшін, дөңгелек столды тықылдатып. – Оны еске сақтау үшін сандықтың құлағын көз алдарыңа елестетіңдерші? Ұқсай ма?
— Ұқсайды, – деді еркек пішіндес әйел еркек үнмен.
— «Т» әріп тырнауыш деген сөздің басында келіп тұр. Тырнауышты бәрің білесіңдер ғой?
— Өзің білсең, біз білеміз ғой, – деді арт жақтан әлдекім.
— Сол тырнауышты көзге елестетсеңдер «Т» әрпін естеріңе жақсы сақтайсыңдар.
Ол тағы бір мысал келтіргісі келіп, төңіректегі құрал–сайман, дүние–мүліктерді есіне түсірмек болып еді, ойына ештеңе келмеді. Өйткені өзіне тесіле қараған Бибәтиманың өткір көзін денесімен сезіп отыр еді. Оған бір қараса – ақ, бүкіл ар–ұятын жоғалтып алатындай, жанарын алып қашып, іштей бір арпалысқа түсті.
Осы кезде сырттан әлдекімнің аяқ дыбысы естілді де, іле табалдырықтан Хадишаның әсем балғын денесі көрінді.
Бәйтеннің осылай отырып Хадишаны күткеніне, бәлкім, бір апта, бәлкім, он күн. Сондықтан күн сайын арық басында көз қарасып, тіл жетпейтін құпия сезімдер жайында үнсіз әңгімелесіп жүрген екі жастың бір жолығуы кісі таң қалатын да нәрсе емес. Бірақ қуанышты сәттер адамға қашан да күтпеген жайт секілді болып көрінеді де және қуанышты болуының өзі сол күтпегендіктен болып отырғандай сезілер еді. Бәйтен де өзінің қазіргі күйін аяқ астынан алтын тауып алған адамның ойда жоқ қуанышы секілді бірдеңеге теңеді.
Хадиша сүйінші сұрай келгендей, қарақат көздері жайнаң қағып, жымың–жымың етеді. Бәйтен әлдебір қауіп–қатерден біреу өзін аман алып қалғандай сезінді. Содан кейін өзінің құтқарушысына алғысы мен рақметін тек көзімен білдірді.
«Енді мен ештеңеден қорықпаймын, – деді ішінен Бибәтимаға әшейін бір сандыққа қарағандай қарап. – Енді маған ешқайдан қауіп жоқ.
Сабағын одан әрі жалғастырып, әркімнің қағазға жазған әріптерін тексеріп жүрген Бәйтен кенет бір затқа қайран қалды. Хадишаның сауаты бар екен! Жанына келіп, әріптерді басынан бастамақ болып, «А» мен «Б» – ны екі жолдың басына жазып көрсетіп еді, қыз өзінің қарындашымен моншақтай тізілтіп «Бәйтен» деп жалғастыра жазып шықты. Оның астына «Хадиша» деп өзінің атын жазғанда, Бәйтен аяқ астынан тағы да қызарып кетті.
Өзі біреу мазақ қылғандай ыңғайсыз халде тұрған жігіт
— Қайнағаң әкім болса, сенің де көзіңнің еті өсер.
— Сәленге «сабаққа жүрмейсің бе?» деп едім, – деді басына үкілі тақия киген сары қыз Бәйтенге көзінің астымен қарап. – «Сен – ақ оқып әкім бола ғой» деп үйіне кіріп кетті.
— Оның әдеті ғой, бірдеңе айтсаң, ыңғай кері шаптырып сөйлейтін…
— Кімді айтасың? – деді осы кезде баласын емізіп болған еркек пішіндес әйел. – Сәлен бе? Ол көк долы үйіндегі қайын енесін тілдегенде аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын көрінеді.
— Тәйірі, күйеуінің жамандығы да мұрнын тескен өгіз құсап…
— Өзінің паңдығын қайтерсің. Су алуға барса, киік мінезденіп, оқшауланып тұрғаны.
— Әдірем қал! – деді көк бет келіншек ерні түріліп. – Кісіге жалданып күн көргені кеше ғана емес пе?
— Сәлен ол күнді ұмытқалы қашан!
— Өзі… – Көк бет келіншек кенет ұры көздене жымыңдап, арт жағында отырған балалы әйелдің құлағына әлденені сыбырлай бастап еді, анау әйел от басып алғандай:
— Қойшы әрі! – деді шошынып. – Обалына қаларсың, бекерге күйдіріп. Ондайды айтпа. Қолыңмен ұстап алған жоқсың, қайдан білесің?
— Ойбай–ау!.. – деп көк бет келіншек қайта сыбырлай берді де, есікке қарап жым болды.
Жұрттың бәрі есікке қарады. Қызыл отауға тойға баратындай малынып киінген, дөңгелек жүзді бір әйел кіріп келді.
Бәйтен жұрттың жиналуын күтіп, оқу кестесін жазып отырған. Әйелдер тым–тырыс болған соң, басын көтеріп алды да, кірген әйелді ол да көрді.
— Жоғары шығыңыз, – дей беріп, әйелдің тайсалмай қарайтын, әр қилы ұятсыз жанарына шыдай алмай, төмен қарап, қызарып қоя берді.
«Құдай атқыр осы мінез қашан қалар екен, – деді ол өзіне–өзі ыза болып, – қарадан–қарап, қылмысы бар адамдай қызарып шыға келем. Неге? Мынау әйелге менің қатысым қанша?» Бәйтен түк кінәсі жоқ адамның түрімен іштей өзіне–өзі қайран қалып отырды да, әлгі кірген Бибәтиманың жеңіл жүріспен атағы шыққан әйел екенін, ауылдағы бүкіл келіншек күйеулерін содан қызғанатынын, Бибәтиманың еркекті арбап алатын бір сиқыры бар деген өсек әңгімелерді көп естігенін, сол әңгімелер өзінің нәпсі сезімін қытықтағанын есіне алып, өзінің ой күнәсінен қызарып отырғанын мойындағандай болды.
Әйелдердің де аяқ астынан жым болып, ит көрген мысықтай жиырылуы да өз күйеулерінің көрікті жесір әйел Бибәтимадан үмітсіз емес екенін білгендіктен еді.
Хадиша ештеңе жазған жоқ, қарындашын бұлғақтатып отырып: «Ендеше, келуімнің басқа бір себебі болғаны ғой», – дегенді көзімен айтты.
Аяқ астынан үнсіз әңгіменің басталғанына қуанған Бәйтен қайтадан қарындашын алып: «Ендеше сауатсыз әйелдерді екеулеп оқытатын болдық», – деп жазды.
«Жарайды».
«Саған үлкен білім алу керек».
«Басқа жаққа қуғаның ба?»
Бәйтен шошып кетті:
«Жоқ, жоқ. Сен үлкен білім, үлкен бақытқа лайық жансың… Сосын айтқаным ғой». Хадиша Бәйтеннің асығыс жазған сөйлемін әрең оқып шықты.
«Үлкен бақыт деген не?» – деп жазды сосын өзі.
«Бақыт деген арманға жету».
«Арман деген не?»
«Арман деген…» – Бәйтен айбақ – сайбақ жазумен беті толған қағаздың қай жеріне жазарын білмей сәл тұрды да, екінші бетін аударып: «Жүрегіңді билеген биік мақсат», – деп жазды.
«Сенің жүрегіңді билеген мақсат қандай?»
Бәйтен осы жерде тура айтып жазсам ба екен деп бір тұрды да, жазсам, қызарып кетем – ау деп жүрексініп:
«Оны қазір жазуға батылым бармайды», – деп жазды. Бірақ Хадишаның өзіне күлімсірей қараған әдемі қарақат көздерін көргенде бойына әлдеқалай еркіндік бітіп: «Сабақтан соң шығарып, саламын», – деп түйді ішінен.
Бүкіл әйелдердің өздеріне көңіл аударып отырғанын осы кезде байқаған Бәйтен орнынан тұрып, тақтаның қасына келді. Қолына бор алып, әріптерді айқындап, қайта жазып шықты да, әркімнің жазғанын жеке–жеке тексере бастады. Әйелдердің жазуы әртүрлі. Кейбір әріптердің сұрқы кісі күлерлік: біреуі сопайып, біреуі тырбиып, енді біреулерінің не екенін адам айырып болмайды. Бір қағаздағы әріптердің бәрі теріс жазылған.
— Мынау кімнің жазғаны? – деді Бәйтен әлгі қағазды жоғары көтеріп.
Ешкім үндеген жоқ. Бәйтен сұрағын екінші рет қайталады.
— Мен, – деді бала ұстаған әйел.
— Әріптерді неге теріс жазғансыз.
Әйел неге олай болып шыққанына таң қалғандай, қасын керіп бір ауық үнсіз тұрды да:
— Мен теріс қолыммен жазам ғой, – деді сол қолын жоғары көтеріп.
Бәйтен еріксіз күліп жіберді.
— Сен оны теріс деме, сол қол деп айт.
Әйел үндеген жоқ.
— Неге үндемейсің?
— Айта алмаймын, атам аты кетіп қалады.
— Жарайды, айтпай–ақ қой. – Бәйтен әйелдің қасына келіп, қолына қарындашын ұстатып: – Міне, былай қарай жазасың, – деді. – Былай қарай жазуға болмайды, көріп отырсың ба, әне?
Бәйтен әйелдерге үйде орындайтын тапсырма беріп, сабақтың біткендігін жариялады.
— Бүгін тым көп ұстадың ғой өзі? – деді көк бет келіншек Әтира шығып бара жатып. – Қанша шаруа қалды, құдайым–ай, оқу не теңім еді менің?
Жұрттың бәрі сыртқа шыққан соң, Бәйтен Хадишаны шығарып салмақ болып, есікті асығыс кілттеп жатқанда, бір топ адам у–шу боп «Қызыл отаудың» алдына жетіп келді. Біреуі Бәйтеннің құрдасы – Қаратай, тағы біреуі тығыршықтай жалпақ бет келіншектеу қатын, қалғандары ауылдың бойжеткен қыздары. Келіншектің кім екені Бәйтеннің есінде жоқ, түнді көшіріп жіберетіндей самбыр – самбыр етеді.
— Ойбай, қайным – ау, бізді оқытам деп бірдеңеңе тіркеп ап, өзің қайда кетіп барасың?
— Сабақ бітті ғой, ертерек келмейсіздер ме?
— Шырағым–ау, шаруаны кім істейді? Өзің қатын көрмегесін, қайдан білейін деп ең.
Қаратай күліп жіберді:
— Бұл зар жақ қатынды айтысып жеңе алмайсың, салғыласпай–ақ қой…
— Салғыласса, қайным ғой, осы сен көгермегір араға түспеші.
Манадан бері ұстаздық етіп, өзін үлкен адамдай сабырлы, салмақты ұстап жүрген Бәйтен, аяқ астынан біреу өзін қаңбақша жеп–жеңіл домалатып ала жөнелгендей сезінді.
Беймәлім жеңгесі шыдатар емес:
— Қыз–келіншекке үйрететінің қандай нәрсе, өзің ашып айтты? – дейді.
— Сауатсызды ашамын.
— Көтек, не бәлемді ашам дейді?
— Ойбай, сауатыңды ашады, басқа неңді ашушы еді, – деп килікті Қаратай.
— Сен кіріспеші – ей, осы, аша ма, жаба ма, өзі біледі ғой.
Бәйтен бетінің дуылдап қызарып кеткенін сезді. «Түн болғаны қандай жақсы, – деп ойлады ішінен. – Апырмай, мынау маған ертең сабақ жүргізбейтін шығар, не деген сайқымазақ!»
— Үлкен білімге, әрине, көп уақыт керек, – деді даусына үн беруге тырысып. – Менің міндетім сіздерге хат танытып, хат жазуды үйрету.
— Қыз – қатынға хат жаза алмай, қор боп жүр еді, мына байғұсқа дұрыс болған екен, – деп келіншек Қаратайды арқасынан салып қалды.
— Қап, мына қатынды – ай, ә? – деді Қаратай басқа сөз таппай.
— Еркектердің сабағы бөлек қой, Қаратайдың неге келгенін қайдам? – деді Бәйтен де әзілге көшіп.
— Келмеймін деп едім, мына Ұрқия қойды ма, сен бармасаң дүние маған қараң деп тұрып алды ғой…
— О, көктемегір, өтірікті неге айтасың – ей, – деп ұрқия өтірік ашуланып, Қаратайды қуып берді.
Қаратай Бәйтеннің артына тығылды.
— Осы жаныңды шығарайын ба, көктей солғыр! – деді Ұрқия кіжініп. Қаратайды ұрам деп бір рет Бәйтенді салып қалды.
— Ойбуй, қайныма қолым тиіп кетті–ау, мына жер жастанғырдың қырсығынан, – деп жон – жорта ыңғайсызданған болды.
Жұрт үйді–үйіне тарай бастады.
— Қой сендерден түк шықпайды екен, мен де қалдым, – деп, Ұрқия сыңғырлай күліп, Бәйтенге қарады. – Мына қайнымның қызығын енді ертең көрерміз.
Екі жігіт қайда барарларын білмегендей, ауылдың қақ ортасында дағдарып тұрып қалды.
«Қап, тағы да сөйлесе алмай қалдым–ау, мен де бір талантсыз жан екенмін», – деп, Бәйтен өзін Хадишамен жолықтырмай қойған қыз–келіншектерге, әсіресе Қаратайға іштей ыза болып тұрды.
— Жүр, сені шығарып салайын, – деді Қаратай өз кінәсін сезген адамдай кері бұрылып.
— Мейлің…
Ай бұлтқа жасырынып, төңіректі қараңғылық басты. Өзеннің арғы бетінен соққан жел қатая бастаған секілді.
Әлдеқандай үюлі тұрған тезектің тасасынан шыға келген біреу «Өй, өк, қайда барасың» деп ұмтыла берді де, бұларды көріп, аңырып тұрып қалды.
— Көтек, бұ қайсың? – деді әлгі адам жақындай түсіп. – Қаратаймысың? Өй, көксоққыр, қыз–келіншек жағалап жүрсің – ау, а?
— Өлеміз бе? – деді Қаратай қуақы үнмен. – Сіз де жас кезіңізде етегіңізге намаз оқымаған шығарсыз…
Әлгі кісі қарқылдап күліп жіберді. Онысы «Қайдағы намаз, жастықтың қызығын кім көрмеді дейсің» дегенді білдіргендей болды.
— Дұрыс, – деді сосын риза болып. – Жас кезде осылай болу керек. Өзіміз бүкіл жаз бойы ұйқы көрмейтінбіз… Дұрыс, бәрекелді, – деп тезектің тасасына қайта кіріп көрінбей кетті.