VІІ
Көшпелі тұрмысты қосым баласы жайлаған Ақшоқы өңірінен қайтадан үш артель ашылды. Орталықтары – Ақсуат, Үшқарасу, Шығыралы. Бұл кезде жаппай отырықшыландыру саясаты барлық жерде жүріп жатқан–ды. Отырықшыландыру комитеті мен комиссиялары құрылды. Ойдағы елде мал шаруашылығын ұйымдастыратын пункттер ашылды. Алғашқы тракторлар келе бастады. Жаңа құрылған шаруашылықтарға трактордың келуі – садақ, қылышпен соғысып жатқан екі әскердің біріне көмекке зеңбіректің келгені секілді әсер етті. Аудандық атқару комитеттерінен облыстарға колхоздастыру жұмысын жетпіс – тоқсан процент орындадық деген ақпарлар ағылып жатты.
Әйтсе де бір шаңырақтың астындағы адамдардың да бөлек–бөлек мұқтажы болатыны бар еді. Атам заманғы қоныстарын ен жайлап, көшіп–қонып жүрген қазақтарды бір жерге жинау – тұрғын үй, мал қораларын салу, қысқа жем–шөп дайындау, тағы сол секілді толып жатқан қыруар шаруашылық жиындарда айтуға оңай болғанмен істеуге оңай болмады.
Біріншіден, құба тал, ешкі тал, үшқат, жыңғыл, тобылғы, арагідік сексеуіл өсетін бұл өлкеде үй салуға қажетті бөрене, тақтай табылмайтын, қолы жеткендер ағашты дуаннан, болмаса, Әулиекөлден тасиды.
Екіншіден, Ақсуат бойының су түсер табаны осынша елдің сығылысып кетіп, шөп шауып, егін салуына жетпейтін. Бұрын мырзаболат ішінде бір атаға ғана қараған қыстау емес пе?..
Қазірдің өзінде артельге елу үй кірді. Ауданнан әкім үзілмейді. Артель басқармасының жиыны былайғы жұртқа қызық той секілді. Өкілдер келіп, әлі жасалмаған шаруашылықтың жоспарын айтып және көріпкелі бардай, келесі жылғы өнімнің қаншасы өкіметке, қаншасы колхоз мүшелеріне қалатынын қолмен қойғандай санап берген кезде, жұрт ертек тыңдағандай, ауыздарын ашып, мәз болып, қуанысып қалады.
Шілденің ыстығында ауданнан басына ескі сабан қалпақ киген, мұртсыз жирен сақалды ұзын бойлы сары орыс келді. Сары орыс – су инженері Юрий Иванович Семенов еді. Көмекші болып жүрген бұйра бас қазақ жігітін ертіп алып, өзен бойын бір апта аралады. Әлдебір құрал–саймандарын алып, жер бедерін, су деңгейін өлшеді, топырақ қабатын зерттеді.
Содан кейін ауылдың белсенділері мен ақсақалдарын жинап алып, жиналыс өткізді.
Су инженерінің шешімі мынау еді. Ақсуат бойына елді қоныстандыру үшін, ең алдымен шабындық пен егістік жерді кеңейту керек. Көбейтудің жалғыз жолы – өзен суын арық арқылы табанға шығару. Жуалы түбектің ар жағында арық қазуға лайық бар. Тегінде, ертеректе өзен арнасы осы ойпаңда болған тәрізді. Кейін су азайғанда жағалаудағы саздауыт қыратқа су тіреліп, бірте–бірте құм жаққа қарай ойысқан. Егер сазды жағалауды орып, табанға дейін арық қазса, көктемде тасыған су сонау Ақжанға дейін жайылып, бір шеті Көбектің сайына жалғасады. Сонда төңіректе екі артельге жететін шөп шығады.
Ауылдық советтің жиналысында осы шешім бір ауыздан қабылданды да, көп ұзамай арық қазу жұмысы басталып кетті.
* * *
Алғашқы күндері бүкіл ауыл тайлы – тұяғымен жиналған. Екі–үш күннен кейін ескі сырқаты барлар жұмысқа шыға алмай, арық басында отызға жуық адам қалды. Олардың көбі әйелдер. Инженердің көмекшісі (инженердің өзі ауданға кеткен) әркімге ұзыны мен көлденеңін өлшеп жер бөліп берді де, тереңдігін әлсін–әлсін өзі қадағалап отырады.
Жағалауға жақын тұстағы биіктеу дөңесте өңкей атан жілік кісілер – Байбақ, Олжабай, Сағидолла, Қарағұл, Әбдіғаппарлар – жердің шаңын аспанға шығарып, көбірек істеп, көбірек шулап жатқандар – солар. Әсіресе Сағидолланың айқайы жиі–жиі естіледі. Еңгезердей қарулы неме жайшылықта күші бойына сыймағандай, қойқалақтап бір орында тұра алмайтын; енді сол күшін жұмсайтын жер табылғанына қуанғандай, қиқулап қойып, ұзын сапты жалпақ кетпенін құлаштай сермейді.
— О, әңгі! – дейді ой жақтағы әйелдердің бірі. – Мынаны жын қағып кеткен шығар.
— Қайтсін енді, – дейді екінші біреуі астарлай сөйлеп, – қатын жоқ, қуаты бойында…
— Қатын жоқ болса, құтырып кету керек пе? Жүр ғой мына Қотырлар тып–тыныш.
Қотыр өз атын естіп, жұмысын тоқтатып, келіншектерге қарайды.
— Не деп өсек айтып тұрсыңдар – ау?
— Сені мақтап отырмыз. Сағидолла секілді жынды емес деп.
— Құр мақтағанша, біреуің тимейсіңдер ме?
Өмірде болмайтын бірдеңе естігендей, келіншектер ду күледі.
— Бейшара – ау, қатын–балаңды қайтып асырайсың? Отыздан асқанша, не үйің жоқ, не күйің жоқ.
— Үй деген, қатын алған соң болмай ма? Жалғыз өзіме үйдің керегі не?
— Ал қатынның керегі не?
— Қатынның жөні бөлек, – дейді Қотыр маңдай терін жеңімен сүртіп. – Қатын бала туып береді.
Әйелдер беттерін жыртып, бір–біріне қарап, сылқ–сылқ күледі.
— Әй, албасты!..
— Осыған сөз шығындап…
— Сен бала тудырып жарытпассың, – дейді сайқымазақ әйелдердің бірі.
Қотыр ұзақ айтысқа кеткен адамдай, кетпенін тастап, арықтың жағасына шығып отырды.
— Жабай деген шешеннің елуге келгенше баласы болмаған екен, – деді тізесінің шаңын қағып қойып, мақамды үнмен. – Сол елдің ақсақалы, әрі биі Таусардан қу бас деген сөз естіп, назаланғанда айтқан екен:
«Жаның күйіп кейігенде, Жабайды қу бас дейсің, Басыңа іс түсіп қысылғанда, Жабайдай ұл тумас дейсің, Құдайдың маған берейін десе, баласы жоқ па, Сенің балаңды алайын десе, бәлесі жоқ па», – деп. Сол айтқандай… – Қотыр онымен не айтқысы келгенін ұмытып қалғандай, ойланып отыр.
— Байғұс–ау, баланы құдай береді, ал қатынды өзің алмайсың ба? Құдай саған көктен қатын тастай ма? – деді жаулығын көзіне түсіре ораған егделеу әйел.
— Күш жетсе, мал беріп, баяғыда алар ем. Әйтпесе, осы жүргендердің, – Қотыр жан–жағына бұрылып жұмыс істеп жатқандарды көзімен көрсетті. – Бір жері менен артық па?
— Қап бүлдірді – ау! – деді еркектердің бірі күліп жіберіп.
— Бір жері… дегені несі – ей мынаның? О, мәжнүн! – Күлегеш Қамидолла селкілдей күліп, қалтасынан жаулықтай орамалың алып, жылап отырған адамша бетіне басты.
— Күліңдер, күліңдер, – дейді Қотыр өзіне–өзі сенімді үнмен. – Жанымды жалдасам да, келесі жылға дейін қатын аламын. Сосын байимын. Қараңдар да тұрыңдар… Айтпақшы, әңгіменің аяғын ұмытып барады екем ғой, жаңағы Таусардың ақыры бес ұлы тегіс өліп, дүниеден қу бас болып өтіп, Жабай бала–шағалы іргелі шаңырақ болған екен. Сондықтан «бармын деп мастанба, жоқпын деп жасқанба» деген. Өмір қашан да алдамшы. Солай емес пе? – деді Қотыр жанындағы Тоқанға күле қарап.
Тоқан неге екені белгісіз өзі қазып жатқан арықтың түбіне тізерлеп отыра кетті де, – солқылдап жылап қоя берді.
Мәз болып күліп тұрған жұрт сасып қалды.
— Есіне бірдеңе түсіп кетті ғой. Жарайды мазаламаңдар, – деді әлдекім дабырлай берген жұртты басып.
Біразға дейін өзіне–өзі келе алмай, булыға өксіген Тоқан жұмысқа қайта кіріскенде ғана түйнектей қадалған беріш қайғысы бірте–бірте саябырлап есін жиғандай болды. Бірақ әлгінде Қотыр айтқан әңгіме жүрегінде инедей қадалып тұрып алды.
Тоқанның Арқа бойын шулатқан атақты бай болғаны рас еді. (Бұл күнде бұтына тері шалбар киген, қолы басы күс–күс, ерні жалақ алым–жұлым Тоқанды атақты бай күйінде көзге елестету мүмкін емес секілді.) Өздері үш ағайынды болатын. Бірінші ағасы сегіз жыл болыс болған; он алтыншы жылғы тізім кезінде көтерілісшілер өлтіріп кетті. Екіншісі би болды. Өзі болыс, иә би болып көрмесе де, абырой атағы солардан кем болған жоқ. Бүкіл Егіндібұлақ, Жарқамыс, Астауқопа – ата жайлаулары, шөбі шүйгін, суы мол – нағыз жылқы өсіретін жер. Тегінде, жарық дүниеге шыр етіп түскеннен бастап, Тоқан үшін тіршілік тауқыметі деген ұғым болмаған секілді. Баланың кішісі болып, ерке өсті. Жорға мінді, жастықтың желігімен сауық–сайран құрды. Оқу оқыған жоқ, ешқайда тырысып ұмтылған жоқ. Жан–жағы тірелген дәулет, рақат, қызық болған соң, тіпті не үшін тырысып, неге ұмтыларын білмеді. Одан бергі өмірі – жайлау қызығы, жақсылар бас қосқан жиын той, қысқы соғым, жазғы қымыз… Байлық не істеткізбейді – үш әйел алып, үшеуін үш отауға қойды. Қайда жүрсе де, құрмет, асты–үстіне түсіп, оратылған қошеметшілер. Баяғы ұлы жәрмеңкедегі жиында Арқаның талай ірі байлары ығысып, бұдан бір тізе төмен отырар еді.
Опасыз дүние бір күнгідей болмай өтті де кетті. Әшейін бір көрген түс секілді.
Ағасы ұрланып мал–жайымен Қытай асты. Екі ұлы қарап жүрмей, партия құрамыз деп әуре болып, ақыры үкіметтің құрығына ілігіп, айдалып олар кетті, өлі, тірілері белгісіз. Кенжесі үкімет тәрбиесіне ілігіп, өзіне қарсы шығып масқара қылды. Оның да өмірі ұзақ болған жоқ – бандылармен соғыста қаза тапты.
Ақыры жалғыз қалған Тоқан соқа басын сүйретіп, қаңғып жүріп, осы ауылдан бір–ақ шықты. Елден тым жырақ кеткен себебі – жақсы ит өлімтігін көрсетпес деген ой еді. Бірақ бұйрықсыз өлім келмеді. Өмір шіркін бір үзім нанға тіреліп жіңішкерген сайын, тәттірек көрінетін секілді. Таңертеңнен кешке дейін салпылдаған бейнетке де еті үйренді. Белі талып, көзі қарауытып, қу тірліктен күдер үзген шағында, есіне бір кездегі өзінің отымен кіріп, күлімен шыққан жалшылар түседі. Түседі де, жарық дүниенің жан білмейтін бір құпиясын ашқандай, әлденеге қайран қалып, өзімен–өзі күбірлеп сөйлескендей болады. «Апыр–ау, – дейтін ол ішінен, – солардың қалай күн көріп жүргенін сол кезде назар салып байқамағаным ба? Олар маған солай болып туған, солай болып өлетін секілді, және сол тірліктеріне өздері дән риза секілді көрінетін. Киген киім, ішкен астарына қарап, тым болмаса, бір рет өзімді солардың орнына қойып неге көрмедім екем?» Енді, міне, солардың қатарына өзін құдай әкеп қосқан кезде, жақсы мен жаманның, қайыр мен қиянаттың мән–мағынасы мүлде басқаша болып көрінеді. Көк еті жыртылған сайын, жоқшылық пен жалғыздықтың азабын татқан сайын, сол жарлы–жақыбайларға жақындай түсетін секілді, әлгілерге деген, бір кезде есіне келмеген, жанашыр сезім жүрегіне оралғандай болады. Солар өзіне тап қазір кездесе қалса, тең құрбыдай отыра қалып сырласқысы келеді. Сырласса жан дүниесі тазаратын секілді… Тоқанның өз ғұмырында зердесін қинап, бірінші рет ашқан құпия жаңалығы осы еді. Өзінен басқа ешкім білмейтін осы шындық (әйтеуір, өзіне солай көрінетін) барған сайын, түсінген сайын жан азабын жеңілдетіп, жүрегін жылытқандай болады. Сол себепті еті қызып жұмысқа кіріскен кезде қабағы жазылып, Ақсуаттың халқы ғана білетін бейнетқор, мұңсыз Тоқанның қалпына түседі.
Түс әлетінде ауылдан сусын келіп, жұмыскерлер қамыстан жасалған жаппаның көлеңкесінде дамылдап жатқанда, Тоқанның жүзінде манағы қайғының ізі де жоқ еді.
— Осы Тоқан бір қызық адам, – деді Қамидолла тіл білмейтін мақұлықты әңгіме қылғандай тура Тоқанның өзіне қарап тұрып. – Әлгінде ғана жылап, есімізді шығарып, енді мына қарашы, түк болмағандай жымыңдап қымыз ішіп отыр.
— Қойыңдар, әй нелерің бар Тоқанда, басқа әңгімелерің құрып қалды ма? – деген жанашыр дауыс қайта шықты.
Сусын тасып жүрген майда балалардың арасында жалғыз бой жеткен қыз қозы–лақтың ішіне кіріп кеткен ірі қара малдай айрықша көзге түседі. Өзі тым ажарлы; ақ құба жүзі, үнемі таңырқап тұрған секілді көрінетін кең жанары, әсем жымдасқан қалың балаң еріндері кісі назарын өзіне еріксіз аударғандай. Бірақ жұрттың көңілін баураған нәрсе – қыздың ақ жарқын ашықтығы еді. Әркімге сусын ұсынған сайын емін–еркін сыңғырлай күліп, жолда бір баланың сүрініп құлап қалғанын, одан төтелеп жүреміз деп темір тікенге тап болғандарын, тағы сол сияқты жол бойында көрген қызықтарын мәз болып баяндайды.
Бәйтен тілі құрғақсып қатты шөлдеген еді – алғашқы кесені бір–ақ ұрттағандай, қағып салды.
— Ішіңіз тағы да, – деді бойжеткен қиыла өтініп. – Қымыз әбден өліп пісілсін деп жол бойы секіріп жүгірдік. Тұп – тұщы шығар?
— Тұщы болғанда қандай!.. – деді Бәйтен қатты жұтқаннан ентіге сөйлеп.
— Мыналар менің жүгіргенімді мазақ қылады. – Бойжеткен серіктеріне қарап, жоп–жорта ашуланған болды.
Бәйтен екінші кесені қағып салды да:
— Олар мазақ қылса, бізге қосылыңыз, арық қазамыз, – деді жол–жөнекей үнмен. – Кішкентай балалардың арасынан не аласыз?
— Онда мен қалайыншы сіздерменен бірге, – деді бойжеткен балаша қиылып.
Бәйтен қыздың жүзіне қайта қарағанда, оның көзінде әлгі айтқан өтінішінен әлдеқайда артық, әрі мағыналы тілектер тұрғанын көрді.
Өзі жайнаң қағып, жарық дүниені жаңа ғана көріп тұрғандай мәз. Мынау ашық аспанды, күнді, қазылып жатқан арықты бәрін де білгім келеді, сізбен де танысқым келеді деп тұрған секілді.
Балалар бос ыдыспен ауылға өздері қайтты да, бойжеткен жаппа іргесінде жатқан кетпендердің бірін алып, жұмыс басында – қалды.
Табиғатында қағылез, сезімтал Шырақжан болғалы тұрған, бәлкім, басталып та қалған әлдебір құбылысты елден бұрын сезіп, жақсы бұйымға көзі түскен базаршыдай айналшақтап, әлгі қыздың қасынан шықпай қойды.
— Қалғаның дұрыс болды, қарап жүргенше, еңбек – күн табасың. Атың кім?
— Хадиша.
— Сен біздің қасымызға кел. Шаршасаң, мыналар көмектеседі. – Шырақжан Бәйтенді көзімен көрсетті де, бикештер ғана түсінетін бір көзқараспен Хадишаның жүзіне күлімсірей қарады.
Хадиша Бәйтеннің қатарынан жер алды. Кетпенді қызық көргендей, әрі–бері айналдырып, күліп қояды.
— Түк те етпейді, бір–екі күннен кейін үйреніп кетесің. Мен де алғашында шыдай алмаспын деп ем, қазір, міне, өз үлесімді орындап жүрмін… Әй, Тетелес, – деді сосын Бәйтенге жақындай түсіп (Шырақжан жеңге болғаннан бері Бәйтенге «Тетелес» деп ат қойған), – сен енді екі адамның орнына жұмыс істейсің.
— Хадишаны өзім шақырып едім жұмысқа, енді жұрттан қалмау жағын өз мойныма алайын, – деді Бәйтен естісін дегендей әдейі даусын қатайтып.
Хадиша басын көтеріп, бұған тура қарады да:
— Рақмет! – деді маржандай тістерін көрсетіп, жадырай күліп.
Бәйтен, шошып кеткендей болды. «Тәңірім–ау, мына қызың сұмдық сұлу ғой, – деді ішінен, – бұған тең болуға мен жарамаймын ғой»…
Хадиша бір көрінсе еркектей көрінгенмен, жұмысқа соншалықты орашолақ емес екен, кетпен сілтесі өзгелерден кем түспейді.
Бәйтен қыздан көзінің қиығын алмайды: жұмысқа кіріскеннен бастап, байсалды бола қалған әдемі жүзін, ентіккен кезде танауының сәл делдиіп, бұрынғыдан да әдемі болып кеткенін, бусанып терлей бастағанын, кетпенін құлаштап жерге қадағанда дір ете қалатын толықтау қос анарын – бәрін, бәрін көріп тұр.
«Қой мынау маған тең емес, – дейді сосын күдерін үзіп. – Әшейін ерігіп қылмыңдап тұрғаны да».
Шырақжан күрекпен топырақты лақтырып жатқан Есімбекті тоқтатып алып, құлағына сыбырлайды. Есімбек «мазамды алмашы» дегендей иығын қиқаң еткізіп, жұмысын істей береді. Шырақжан еркелеп күйеуінің арқасынан салып қалды да, онысы жұртқа ерсі көрініп, бәрі де байқамаған түр білдіреді.
Арықтың жиегінде насыбай атып тұрған Сонарбай қисық қолын Ақжан жаққа сілтеп:
— Қолтықтан бастамаңдар деп құдайдың зарын қылдым, ана шығанаққа жақындап қазғанда, осы төңіректе су алмаған жер қалмас еді, – деп білгішсінді.
— Осының – ақ сәуегейлігінен өлдім – ау! – деді Әбдіғаппар күйіп–пісіп, – Ау, жер–дүниені су алып кетсе, өзің соның бетінде қалқып жүрмексің бе?
— «Шығанақ өте биік, қырға су шықпайды» деді ғой инженер, арықты шыңырау қылып қазбасаң? – деді Ботбай күліп.
Сонарбай – белгілі даукес:
— Әкел қолыңды, осыдан су шықпаса, мен жауап берейін. Бәс тігемін, – деп даурықты.
Бригадир Ораз жұмыскерлерді аралап әркімнің қазған жерін өлшеп, қағазға түсіріп жүр. Алғашқы күндері жерді ойып жіберетіндей болған Сағидолла қазір аздап тоқырай бастаған.
Еңбек көрсеткішінен (бұл сөз ауылға осы арық қазу жұмысына байланысты енген еді) бірінші орында – Байбақ, одан кейін – Тоқан.
Байбақ білектері тырсылдап жейдесінің жеңіне сыймай тұратын, денесі тым жалпақ болғандықтан аласа көрінетін, мұрты тікірейген, боз көз, қызыл күрең кісі. Баяғы 1916 жылғы көтерілісте, жұрттың айтуына қарағанда, аса үлкен ерлік көрсеткен адамдардың бірі. Атағының үлкендігіне қарамастан, өте момын, көп сөйлемейді. Анда–санда сөйлесе, даусы – жіңішке, жағымсыз. Бір кездегі ерлігі әлі асырап жүргендей – жұрт өзін әлі де құрметтейтін секілді, өзінен аздап қорқатын да секілді, өйткені бұл кісінің екінші атағы – жердің сілкінгені секілді, анда–санда бір рет болатын және тежеуге өзінің де шамасы келмейтін ашуының қаттылығы.
Тоқсан болса, өмірге келгендегі бар мақсаты осы арық қазу секілді, жан–жағына бұрылып та қарамастан, жұмысын істей береді, әрі соған өзі әбден көндігіп алған.
Екі үш күннен кейін, Байбақ пен Тоқанды қуып жетіп, үздіктер қатарына Бәйтен қосылғанда, бұл жаңалыққа жұрттың бәрі қатты қайран қалды. «Апыр–ау, туғалы жер қазумен келе жатқан апталдай кісілер ере алмай жатқанда, мына мұғалім баланы қай сиқыр көтеріп кеткен. Бәлкім, өтірік шығар?»
Бірақ өтірік болуы мүмкін емес. Бригадир Ораз әкесі тіріліп келіп жалынса да, екі елі жер ешкімге артық қоспайды…