V
Арқа бойын жайлаған Қосым баласында жылқылы бай көп болған деседі. Беріректе тас мешінде жұт болып, мал азайып, кешегі ұлы конфискеге атақты Көтенші мен Сары Ербол ғана ілікті. Бірақ қанша малды болса да, солардың ешқайсысы Жарасбай тұқымынан әлді болған жоқ. Жұрттың айтуына қарағанда, бұлардың арғы атасы осы елге бодауда келіп, мырзаболатқа сіңіп кеткен кірме саудагер екен. Ата кәсіп тұқымға дарып, Жарасбайдың өз әкесі Таңат та саудамен байыпты. Жарасбайдың өзі болса, ел билігіне араласып Қосымның қос тіреуінің бірі атанды.
Жарасбайдың үш ұлы — Әубәкір, Дәуітбай, Сауытбай үш әкеден туғандай – бөлек–бөлек. Үлкені – Әубәкір басын жерден көтермейтін момын жан, бірыңғай малдың соңында кетті. Кішісі Сауытбай жастайынан ойсыз, қамсыз серілеу болып өсті. Ал Дәуітбай әкесіне тартқан тілді, тентек, түрі де әкесіндей – сопақ бет, дөңес мұрын, қалың қабақты, өңкиген, денелі адам. Өте менмен. Онысы тек байлықтан, биліктен туған өрлік емес, жастайынан қара күшке еркелеп өскен, тұлғалы адамдардың тоңмойын, дүлей ірілігі еді. Дәуітбай мал жағын көп жиған жоқ, дүниеге жақындау болды. Соның арқасында көзге де түспей, ұлы конфискеге ілікпей қалды. Ағайын арасындағы бұрынғы беделінің әсерімен әр кез әр істен аман қалып жүр. Қалың мырзаболат әлі күнге дейін басына іс түссе, осыны паналайды. Сондықтан Дәуітбай заманның ағымын жіті бақылап, күнделікті тірліктен көзін жазбайды. Алғашқы серіктікке жұлқынып қарсы шыққанда, мырзаболаттың шалдары: «Қарың көтермес шоқпарды беліңе қыстырма, үкіметке ештеңе істей алмайсың», – деген еді. Ақыры серіктік құлады. Мырзаболатқа қараған кедей шаруаның біразы арыз беріп артельден шықты. Астық қоймасы өртелді. Осының бәрі Дәуітбайдың көңіліне үміт шырағын жаққандай болады. «Ұра берсе, құдай да өледі» дейді қазақ. Үкіметті жек көретін жалғыз, Дәуітбай емес шығар. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарса, қу кедейден құралған өкіметсымағың құламағанда қайтушы еді.
Дәуітбай көк атласпен тысталған құс жастықты құшақтап аппақ жейде, дамбал. Жұмулы көзін анда–санда сығырайтып ашып, ашқан сайын алдындағы қаңылтыр түкіргішке шырт түкіреді.
Қаусырма есікті сықырлата ашып, дөңгелек жүзді, кішкентай жастау әйел кіріп келді.
— Сусын ішпейсің бе? – деді арам өлген мал құсап теңкиіп жатқан күйеуіне таңырқай қарап.
Дәуітбай жауап берген жоқ. Онысы сусынды ішер, ішпесін білмегендіктен емес, тоқалына жауап беруді міндетім деп есептемегендіктен еді. Кенет көзін сығырайта ашып, ерніндегі насыбайды алып тастау үшін, басын көтере берген:
— Ойбай–ау! – деп бір жері үзіліп кеткендей, баж ете қалды.
Сылқ етіп жастыққа қайта құлады.
— Ойбай! – деді тұншыға дыбыс шығарып. — Қап!
Дәуітбай бір қолымен белін ұстады.
— Не болды? Тағы да белің бе? – деді қасына жүгіріп жеткен тоқалы.
— Иә, – деп Дәуітбай бетін тыржитты. – Осы бәле соңғы кезде жиі ұстайтын болып жүр. Ойбай, әне…
Тоқалы ұзын жейденің етегін түріп жіберіп, күйеуінің белін алақанымен қатты–қатты ыса бастады.
— Уһ! – деді әлден соң Дәуітбай саябырлағандай болып. – Апыр–ай, тіпті қимылдауға шамаңды келтірмей тастайды… Иә… иә… кішкене қаттырақ… батырсаңшы…
— Шамам келмесе, қайтейін.
— Немене жаның жоқ па? Қаттырақ, былай… үзбейсің бе?
— Қолымның әлі келмей жатыр ғой.
— Ендеше, аяғыңмен басшы.
Кішкене тоқал отыра қалып, құрым мәсісін шешті де, баланың аяғындай аппақ аяғын жарқыратып, күйеуінің жалаң арқасына шықты.
Дәуітбай үстінде адам тұр екен деп елейтін емес, рақаттана ыңыранып:
— Е–е–е, кішкене төменірек, өкшеңмен бас… белге, белге қарай… Іі–с–с… ойбай–ау, салмағың қайда кеткен? – деп арқасындағы әйелінің кішкентайлығына кейіп қояды.
Осы кезде есік сарт етіп ашылды да, үйге ұзын бойлы қара жігіт ентелей басып кіріп келді. Шошып кеткен тоқал күйеуінің үстінен құлап түсе жаздап, керегенің басынан ұстап қалды. Бірақ жерге түсу есіне келмеді. Күжірейген мойыны қыртыстана, басын бұрған Дәуітбай өзінің ұлы Қарамергенді көрді де, мына жатысына ыңғайсызданып, денесін ырғап, тоқалына түс дегендей белгі беріп еді, анау оған түсінбеді.
— Әй, түс деп тұрмын ғой, иттің қатыны! Қыстаушы ма едің менің арқамда.
Кішкене тоқал күйеуінің дөңкиген биік жотасынан сандықтан секіргендей, секіріп түсті де, мәсісін жолай іле – міле, далаға шыға жөнелді.
Дәуітбай аударылып шалқасынан жатты.
— Иә, не болды?
— Ауданнан өкіл келіпті.
— Иә?
— Қазір жиналыс өткізетін көрінеді.
— Иә?
— Адамдар Қызыл отаудың алдына жиналып жатыр.
— Келген адам кім екен?
— Белгісіз бір жас жігіт.
— Жарайды, қазір мен де барамын.
Дәуітбай қоңыр ши барқыт шапанын иығына желбегей жамылып, шайқақтай басып, Қызыл отаудың алдына келгенде, жұрттың біразы жиналып, шалдар шөптесіндеу жеріне қисайып, ауылдың ешкі – лағы төңірегінде кәкір–шүкір. әңгіме айтып отыр екен. Шет жақта бала көтерген әйелдер, кемпірлер. Күннің ыстығында тұмақ киген біреу аттың үстінде отыр.
— Ау, Қозыбай, аттан түссеңші, жиналысты ат үсті тыңдауға болмайды ғой, – дейді біреу қалжыңдап.
Қозыбайда жауап жоқ, танауы жалпиып күле береді.
— Әй, ағайын, ығысып жол беріңдер, бір бейшара ғаріп келе жатыр, – деген Әбдіғаппардың сампылдаған даусы естілді, – өкіметтің осы байғұсқа неге көңіл бөлмейтініне түсінбеймін.
Әбдіғаппардың қалжың сөзіне күліп үйреніп қалған жұрт, әйтеуір, кісі күлетін бірдеңе айтқан шығар деген жобамен алдын–ала дуылдап күліп алды да, содан кейін бәрі бұрылып, шынында да, кісі аяғандай болып, басына жыртық тұмақ, үстіне ескі шоқпыт шапан киіп келе жатқан Жалақ байды көріп, тағы да ду күлді.
Жалақ кезінде ірі бай болғанмен, мешін, тауықта жұтап қалып, орташаға ілікті де, ұлы конфискеден аман қалған. Өз дүниесін өзінен аяйтын атаққа шыққан сараң адам. Малдан басқа о кісіде әңгіме көп болмайды. Жатса да, тұрса да, айтатыны – мал, мал. Жалғыз ұлы да өзінен безіп, енші алмай, бөлек үй болып кеткен.
Жалақ жұрттың өзін сөз қылып жатқанын сезді де, таяғымен жерді ойын жіберетіндей нұқып қойып, көзі шапыраштанып, шетте тұрған жігіттің біріне дүрсе қоя берді.
— Немене жын қағып кетті ме, жырқылдап? Көргенсіз неме?
— Ойбай, жалғыз мен бе екем?…
— Немене көтім ашылып қап па менің? Ашылмаса да, соған жақын, – деп қалды біреуі көптің ішінен.
Жұрт тағы да ду күлді.
— Ау жолдастар, – деді осы кезде партия ұясының хатшысы Байдәулет. – Ауданнан адам келіп отыр. Сөз тыңдайық. – Соны айтып өзі қол соғып, жұртқа да қол соқтырып, ал енді сөйлей бер дегендей бұрылып өкілге қарады.
Өкіл аң–таң. Біреуден көмек сұраған адамдай қолын жайып:
— Жолдастар – ау, жиналыстың шарты бар емес пе? Президиум сайламаймыз ба? – деді.
Байдәулеттің партия ұясына секретарь болып сайланғанына көп болмаған – жиналыс тәртібін біле бермейтін.
— Кәне, кімді сайлаймыз? – деді қызарақтап.
Өкіл тағы да сөзге араласты:
— Алдымен неше адам екенін анықтап алайық. Мәселен, үш адам болсын деп ұсыныс қоюға болады.
Байдәулет одан арман шатасып:
— Үш адамнан болсын, – деп ұсынысты өзі айтты.
— Жоқ, жұрт айтсын.
— Онда Қамидолла сен айт.
Өкіл Байдәулеттің шалалығына реніш білдіріп, «болмас, болмас» дегендей, шарасыз түрмен көзін жұмып, басын шайқады.
Қамидолла көзі бақырайып, тақпағын ұмытып қалған баладай:
— Тұяқбай… – деп тұтығып тұрып қалды.
Өкіл мойнын созып:
— Айтыңыз, айтыңыз, кім ол? – деді.
— Саркөтіп…
— А – а! – деп өкіл жаңа түсінгендей күліп, шегініп отырды.
Арт жақтан серейген біреу түрегеліп:
— Маған сөз беріңдерші, – деді ұрысатын адамдай аузы қомпылдап.
— Иә, иә.
— Иә болса, мен Шәйкемелді сайлаймын.
— Дұрыс – ақ.
— Болсын.
— Немене, Шәйкемелдің пәмилесі жоқ па? Пәмилесін айтпайсың ба?
Әлгі серейген орнынан апыр–топыр қайта түрегеліп, ұзақ сөйлейтін адамдай теңселіп біраз тұрды да:
— Бестайлақұп, – деді.
Өкіл Байдәулеттің құлағына аузын тақап:
— Мыналардың ішінде жиналыс басқара алатын көзі ашық біреу бар ма? – деп сыбырлады.
— Жоқ.
Өкіл тағы сыбырлады:
— Оқыған біреу болғанда дұрыс болатын еді.
— Айтпақшы, мұғалім бар. Мырзабектің баласы – Бәйтен.
— Ендеше, өзіңіз ұсыныңыз.
Байдәулет орнынан ұшып тұрып:
— Осында мұғалім бала бар ма? – деді ұрсатын адамдай көзі шақырайып. – Кәне, бері кел!
Өкіл күрсініп, басын шайқады.
Сайланған жолдастар президиумға – көрпенің үстіне жайғасты. Өкіл енді Бәйтеннің құлағына аузын тақап:
— Сіз жиналысты ашып, маған сөз беріңіз, – деді үлкен құпия айтқандай естілер–естілмес сыбырлап.
Аяқ астынан сасып қалған Бәйтен орнынан тұрғанда – ақ өзінің қызарып кеткенін сезіп, одан арман қысылды.
— Жолдастар, тынышталыңыздар, – деді шет жақта даурығып сөйлесіп тұрған топқа қарап. – Рұқсат болса, жиналысты ашық деп жариялаймын.
Байдәулет «менің міндетім осы» дегендей екі алақанын сартылдата соғып, бүкіл жұртты өзіне ілестіріп әкетті. Қол шапалақтау басылған кезде Бәйтен де сабырға келіп, жүрегін басқандай болды.
— Жолдастар, – деді нық дауыспен. – Ортамызда ауданнан келген өкіл отыр. Енді сол кісіге сөз береміз.
— Пәмилесі кім, пәмилесін айт, – деп талап етті әлдекім.
Ұмтыла түскен өкілдің аузына Бәйтен құлағын тосты да:
— Бошаев Әлжан, – деп хабарлады жұртқа.
Өкіл сауатты да тілді жігіт екен, біреу оған «жоқ, олай емес» деп тұрғандай, екіленіп, қолын сермеп Совет үкіметінің түбегейлі орнағанын, кедейлердің бостандық алғанын ешкім естімеген жаңалықтай айырықша бір қуанышты сезіммен баяндап еді, Байдәулет Совет үкіметі жаңа орнағандай сартылдатып қол соғып, оған жұрт қосылып, біразға дейін өкілді сөйлеттірмей тұрып алды.
— Қазір елімізде жаппай коллективтендіру кезеңі жүріп жатыр, – деді өкіл у–шу саябырлаған кезде. – Бұл үкімет пен партиямыздың алға қойып отырған негізгі міндеті. КазЦИК пен Совнарком колхоз қозғалысын өрістету және байлар мен кулактарға қарсы күрес туралы арнайы қаулы қабылдады. Ал біз ол қаулыны, шынымызды айтсақ, орындай алмай отырмыз. Казкрайкомның Наркомзем мен Колхозсоюзге берген декретінен бері қанша уақыт өтті. Кей жерде коммунаға дейін құрылып жатыр. Ал Ақшоқы бойы құлаған артельдің орнында әлі отыр. Неге артель басқа жерде емес, именно осы жерде құлайды. Неге? Себебі мұнда үгіт–насихат жұмысы дұрыс жолға қойылмаған. Кедейлердің көбі әлі күнге дейін байлардың ықпалында. Ымырашылдық, ағайынгершілік басым.
Өкілдің сөзіндегі орысша атауларға, мекеме аттарына шалдар жағы түсінген жоқ, бірақ түсінбеген сайын орындамауға болмайтын бұйрықты істей, ызғарлы да міндетті көрінеді.
— Қысқасы осы ауылдан тағы да артель ашамыз, – деді өкіл біреу қарсы келер ме екен дегендей жан–жағына күдіктене қарап.
Жалақ сақалы шошайып, «иә, жетісерсіңдер» дегендей кекесін түрмен көзін жыпылықтатты.
— Жолдастар, колхоз ісіне қарсы болу – совет үкіметіне қарсы болу деген сөз. Яғни қаулыны орындамау деген сөз. Мен арнайы нұсқаумен келіп отырмын. Әрине, зорлық жоқ. Бірақ Ақшоқы бойынан колхоз ашу – міндет. Түсініп отырсыздар ма? Колхоздастыру жұмысы көрші ауданда жетпіс бес процентке дейін жетіп отыр. Ал бізде алпыс процентке жеткен жоқ. Сондықтан жергілікті кедей батырақтардың өтініші бойынша, бұрынғы «Қарабидайық» артелін қайта құру қажеттігін жариялаймын.
Ауыл белсенділері бастаған бір топ адам өкілдің сөзіне ду қол шапалақтады.
— Ендеше, қазір осы жиналыс үстінде артельге кіретіндердің тізімін жасаймыз, – деді өкіл Бәйтен мен партия ұясының хатшысына кезек–кезек қарап.
Байдәулет киіз қорапшасының ішінен қағаз, қарындашын шығарып, әскерге адам жинағандай ызбарлы жүзбен:
— Кәнеки, кімнен бастаймыз? – деді қарындашын изеңдетіп.
Әлгінде ғана сартылдатып қол соққан жұрт іркіліп тұрып қалды.
Назар бастаған үш–төрт белсенді тізімге бірінші болып жазылды.
Бірақ жұрттың көбі әрі–сәрі.
Осы кезде Дәуітбай топ ішінен ілгері шығып, тамағын кенеп алды да:
— Шырағым, қазақтың баласы екенсің, – деді өкілге тура қарап. – Айыпқа бұйырмасаң, бір сұрақ қояйын. Ақшоқының адамы артелдің машақатын бір рет көрді ғой. Онда да өзің секілді бір жігіт ауданнан келіп, дәл осылай көрші ауданнан қалып барамыз деп, апай–топай артель ашқан. Кірмегендер өкіметтің жауы болады деген соң, амалсыз бәрі кірді. Ақыры не болды дейсің ғой? Ферма ашып; сегіз жүз ешкіні бір жерден бақтырам деп тең жартысын қолдан қырып алды. Апыр–ау, бір үйлі жан бес–алты ешкісін әрең бағып отырғанда, бір адам сонша ешкіні қайтып бағады?.. Қазір соны тағы қайтала деп отырсың. Ал енді үкімет елге еркіндік, бостандық әкелді дейсіңдер, егер әркім өз еркімен күнін көріп жүре алмаса, әлгі еркіндігің, қай еркіндік? Осыны бір түсіндіріп берші маған, шырағым.
Өкіл жігіт шикілеу болды:
— Бұл жөнінде КазЦИК пен Совнаркомның қаулысы бар. Сіздің айтып отырғаныңыз оңшылдардың сөзі, ал біз екеуіне де, яғни солшылдарға да қарсы күрес ашамыз, – дегеннен басқа дәйекті жауап айта алмады.
Дәуітбай өкіл жігітті тықсырып барады.
— Өзің бір иман жүзді бала екенсің, сосын айтып отырмын, басқа біреу болса, артымды қысып тыныш отырам ғой, – дейді төңірегіне өзін мақұлдатып қарап. – Осы Ақшоқы бойынан «артель – ай» деп ынтығып отырған бір адам көргем жоқ. Өйткені артельдің шын мәнінде не екенін әлі ешкім білмейді. Білмеген нәрсеге қайтіп ынтығады? Сонда осы артель дегенің кімге керек? Мен осыған түсінбеймін. Әлде жоғарғы жақта. біреуге керек пе? Керек болса, өзі құрып алып, қызығын көріп отырмай ма? Мына жұрттың жазығы не? – Дәуітбай басын қисайтып, жұртты көзімен көрсетті.
Ауыл адамдары үріккен қойдай ұйлығып тұр. Оларды Дәуітбайдың сөзі емес, өкіл жігіттің үндемей қалғаны шошытты. «Дегенмен бір шикілігі болды ғой, әліптің артын бағалық» деген ой тұрған секілді әр қайсысының көзінде.
Өкіл мұндай сұрақты күтпеген болуы керек, тілімен саусағын сулап, әкелген қағазын қайта–қайта атқара береді. Ұя хатшысында да үн жоқ. Осы тұста қалай да бірдеме айту керегін сезген Бәйтен көрпенің шетін ысырып, орнынан тұрды.
— Жолдастар, – деді ол «қызарып кетер ме екем» деген оймен жүрексіне сөйлеп. – Мен мынаны айтқым келеді… Төңірекке көз салып қарайықшы. Бізден де басқа ел бар, жұрт бар. Бүкіл дүниені бір Ақшоқы халқымен өлшеуге болмайды ғой. Ойдағы елді алыңыз, қазір артель болып, облысты шулатып отыр. Егер жөнінен бүкіл аудан бойынша алдыңғы қатарда. Газет бетінен бір түспейді. Үкіметке өнім беріп, табыс тауып жатқан көрінеді. Сол үшін облыстан трактор сыйлайтын болыпты. Мектеп, клуб салыныпты. Бұдан артық не керек, жолдастар – ау! Ендеше, Ақшоқы бойына орнай алмағанына артель кінәлі емес, дұрыстап орната алмаған өзіміз кінәліміз. Егер басқа біреулер осы жолмен жетіліп, тойынып жатса, бізге неге сол жолды қумасқа? Ал енді Дәукең түсінбепті деп артельге кірмейтін болсақ, онда бұл кісінің көзі жұмылмай біз төңіректен артель аша алмаймыз.
Жұрт ду күлді.
— Мына балаң тым қатты кетті ғой.
— Айтпа деймін…
— Дәуітбай қайтер екен?
Дәуітбай үнсіз сұрланып, «біздің елде осындай кісі бар ма еді» деген адамша Бәйтенге көзінің қиығымен сығырая қарады.
— Екіншіден, – деді Бәйтен сөзін жалғап. (Ол өзінің ешқандай жүрексінбей, емін–еркін сөйлеп тұрғанын сезініп өзіне–өзі таңырқағандай болды.) – Екіншіден, колхозға енгендер толып жатқан салықтан босатылады. Өнім малына салынатын ауыл шаруашылық салығы да жеңілдейді. Мен мұны газеттен өз көзіммен оқыдым. Керегі күн көріс болса, ал бұл жаман ба, сіздерге? Үкімет колхоздарға қыруар қаражат бөлуде. Олар кім үшін? Колхозшылар үшін. Ендеше, біз неменеден тайсақтаймыз? Еркіндік керек болса, ғасырлар бойы келдік қой еркімізбен өмір сүріпті. Содан шыққан мүйізіңіз, кәне, Дәуке? – Бәйтен түк саспай жымиып Дәуітбайға қарады.
Дәуітбай, жүзі күреңтіп, аяғының астына шырт түкірді.
Атақты палуанды ешкім білмейтін біреудің алып ұрғанын көріп, таң қалған секілді түрмен жұрт бір–біріне қарап, бастарын шайқасты. Бәйтен көрпенің шетін жазып, орнына отырды.
Өкіл жақындай түсіп:
— Молодец! – деп сыбырлады Бәйтенге.
Жұрт тағы да тым–тырыс.
— Кәне, кім жазылады? – деді Байдәулет сенімсіздеу бір үнмен.
Кенет:
— Мен? – деген қыз баланың даусы естілгенде, жұрттың біразы селк ете түсті.
— Мен, – деді тағы да әлгі дауыс әйелдердің арасынан.
— Кәне, бері шық, ал кім өзі?
Көйлегінің жамауы көрініп, кең қамзолы тізесіне түскен он үш – он төрт шамасындағы қыз суырылып ілгері шыққанда ғана жұрт оның кішкентай Қатира екенін таныды.
— Әйдік қасқыр, – деді орта тұста отырған Оразмағамбет жанындағы адамның тізесінен түртіп. – Қаршадай боп дауыс қылғанда тіс қаққан әйелдерден асып түседі.
— Неге дауыс қылады? – деді жанындағы адам түсінбей.
— Ойбай, не деп отыр, қайтыс болған ұста Құсайынның қызы емес пе!
— А–а–а! Опырым–ай, бәлесін – ай!
Өкілдің екі езуі екі құлағында. Мәз болып, «міне, көрдіңдер ме, осыдан кейін де ұялмайсыңдар ма» дегендей қолын жайып отырғандарға қарайды.
Көрпеде отырған Шәйкемел орнынан атып тұрып, үлкен бір қауіпті іске бел буғандай:
— Осыдан айдалып кетсем де, жаз мені, – деді қатуланып.
Отырғандар қарқылдап күліп жіберді.
— Ойбай–ау, неге айдаласың? Мына шал бүлдірді – ау.
— Артельге жазылғандар айдалып кетіп жатыр ма екен?
— Жоқ, енді сөзімнің мәтелі ғой, – деп ақталды Шәйкемел қайтадан отырып жатып.
— Бүйткен мәтелің құрсын, – деді әлдекім.
— Жарайды, жарайды, айтысты қояйық. Тағы кім жазылады? – Бәйдәулет тізерлеп маңайына мойнын соза қарады. – Ау, ана жақта… Бөкен, сен не? Басқа басқа, саған не жоқ, а?
Бөкен күліп:
— Жазсаңдар, жазыңдар, – деді басын бұлғақтатып.
— Е, бұлардікі зорлау екен ғой, – деген дауыс естілді топ ішінен.
— Бәке, – деді Бәйтен парторг жаққа қолын созып. – Асқаров Есімбекті де жазыңыз.
— Өзі қайда?
— Өзі шөпке кетті. Жаза беріңіз, жауабын мен беремін.
Осы кезде Назар қолын көтеріп:
— Жоқ, мен қарсымын, – деді өкілге қарап. – Қашаннан бері колхозға би тұқымы кіретін болған? Үкімет оларға қарсы күрес жүргіз деп отырса, біз оларды артельге мүше қылғымыз келеді. Мұның бәрі Асқардың істеп отырған қулығы. Осы мұғалім баланың өзінің мәселесін қарау керек, байлардың құйыршығы болып жүрмесін.
Емен–жарқын бейғам отырған Бәйтен жөппелдеме не дерін білмей, қаны бетіңе теуіп шыға келді.
— Жолдастар, сендер мынаны байқаңдар. – Өкіл қарындашын бұлғақтатып Назарға қарап сөйледі. – Бұл жігіт үкіметтің адамы, яғни үкіметтің кадры. Өзі оқытып тәрбиеледі, бала оқытсын деді. Оны байдың құйыршығы деуге ешкімнің правосы жоқ. Үкіметтің кадры ғой, жолдастар – ау!
Үкіметті айтқанда Назардың да үні өшті. Отырғандардың біразы бұрын қалай байқамағанбыз дегендей Бәйтенге қызыға, әрі күдіктене қарады.
— Өте дұрыс! Бәйтен үкіметтің қадірлі адамы! – деп айғай салды Олжабай «кадр» деген сөзді өзінше түсініп. – Ойбай–ау, – деді сосын одан сайын айғайлап, – жыртық үйлі жесір кемпірдің баласы емес пе менімен бірге өскен?! Ойбай–ау…
— И, шырағым, осынша әңгірлеп, немене, адам құсап отыра алмайсың ба? – деді оған Жалақ кіржиіп.
— Е, аузыма қақпақ боласың ба? Менің әңгірлегенімде қанша шаруаң бар? Оңбаған тап жауы.
— Қой, әй, Олжабай, ұят болады, – деді әлдекім ара ағайын болып. – Үлкен кісіге сүйдей ме екен?
— Өй, мәжнүн неме! О несі? – деп ұрысты біреуі.
— Қой, ақымақ болма…
Олжабай алғашында шынымен қара басып ақымақ болып отыр екем деп, үндей алмай, басылып қалған. Артынан өкіл:
— Жоқ, жолдастар, бұл болмайды. Бұл жерде ағайыншылық жүрмейді. Жиналыста бай, кедей деген тап мәселесі сөз боп отырғанда, үлкен адам, кіші адам деген ауыл сыйластықты қоямыз. Мына жігіт… кім атың?.. Иә, Олжабай кедейлер атынан сөйлеп отыр, – деуі – ақ мұң екен. Олжабай қайта даурығып, төбелесетін адамдай түрегеліп, Жалақтың үстіне төне түсті.
— Менің әңгірлегенімде қанша жұмысың бар? Жоқ, қанша шаруаң бар?
— Ойбай, көксоққан, әңгімелесең, одан арман жынданып кет. О несі, маған шүйліккені? Мендегі ақың не, ә?.. – Жалақ желіккен неме, шынында да, ұрып жіберер ме екен деп қорыққандай көзі жыпылықтап күмілжіп қалды.
— Ау, мені жазбайсыңдар ма? – деп ортаға алба–жұлба боп Қотыр шыққанда, шет жақта тұрған қатындарға дейін күліп мәз болды.
— Білеміз Қотырдың неге кіріп отырғанын, – деп айғай салды сайқымазақ Әбдіғаппар. – Оған керегі ортақ қатын ғой.
Жайшылықта әзіл–қалжыңды құлағына қыстырмайтын Қотыр берекесі кетіп, абыржыды да қалды. Ыржиып күлген болып еді, онысы тіпті сөлекет болып, адам аяғандай бір түрмен жылыстап, топтан шығып кетті.
Жиналыстың аяқ жағында артельге жазушылар көбейе бастады.
— Енембаласынан осынша жазылғанда, азғантай ата – төлеуден неге екі–ақ адам жазасыңдар? – деп дауласты Молдаш деген кісі.
Әлдекімнің:
— Төлеуге со да жетпей ме? – деп қалуы мұң екен, жиналыстың соң нағашылы – жиенді қызыл кеңірдек айтысқа айналды да кетті.
— Өй, жаман енембаласы, сендердің әкелерің еме пе, Сырға барып, қауын сатып, тентіреп кеткен, қайдан келген әулиелік сендерге?! – деп Молдаш арғы тарихты қопаруға кірісті.
— Сен бар ғой, үй деп шатаспа!! Талқан жеген төлеуде оңған адам көрсем, кө… – деп қызып кеткен парторгты өкіл әрең тоқтатты.
— Ау, Бәке, сізге не жоқ? Сіз осы ауылдың партия ұясының секретары емессіз бе? Мұныңыз қалай?
— Жоға, – деп Байдәулет іркіліп қалды. – Қарап отырмай адамның аузын қыздырып…
Ауданнан келген әкіміңнен әкетіп бара жатқан үлкен білім көрмедім – ау, осы, – деп жиналыстағы әңгімені қайта жандандырады. – Ақыры енді өзіміздің Бәйтеннің айтқанын айтып бере алмады ғой.
— Оттамай отыр! – Дәуітбайдың талағы тарс айрылды. – Атаңның басына мәз боласың ба? Сол Бәйтен ертең үкімет болса, бірінші сен құрисың. Ол балаға жиналысты текке басқартып отырған жоқ. Көзге түссін, жоғарғы жаққа айта барсын деп, әдейі істеп отырған Асқардың саясаты. Көресінің көкесін содан көресіңдер.
— Ол баланы текке оқытты дейсің бе? Келгенде тай сойып, той жасап қандай болды? Саясат бар ғой, – деп Тұршабай Асқардың қулығын одан арман тереңдетті.
— Ендеше, сол баладан сақ болу керек. Әйтпесе мына жүрген жаман Жақаймен ертең жылап көрісесің. Мұның, әйтеуір, өзі жаман болса да, сүйегі мырзаболат қой.
— Е, Жақай деген жүрген бейшара ғой. Дуаннан біреу келіп, үйінен ас ішіп кетсе, соған мәз.
Жүкке арқасын сүйеп отырған Күндербек тақиясын кейін ысырып қойып:
— Асқардың ұлы Есімбек қатын алайын деп жатқан көрінеді, – деді үнемі сырқырап жүретін тізесін уқалап отырып. – Анада Бәйтен екеуі Қарасуға барып, бір қызды алып қашатын боп, келісіп кепті. Оның қайтіп алып қашатынын кім білген – зорлау ма, алдау ма? Назарға айтып, арыз жаздырту керек. Болды.
— Иә, соны шаптаңдар, – деді Тұршабайдың қатыны да сөзге араласып.
Дәуітбай күбірлеп Тұршабайдың құлағына сыбырлағандай болды. Тұршабай көзі мелшиіп ойланып қалды.
Бұларға жақынырақ отырған Естайлақ шал:
— Әй, Дәуітбай–ай, – деді ыңырана басын шайқап. – Мен сенің сыбырыңнан шошып отырмын. Құдайдан қорық.
— Ақсақал, сізге сөздің керегі не? – деді Дәуітбай орнынан тұрып жатып. – Құдайға тәуба қылып отырмайсыз ба үнсіз ғана…