IV
Бәйтен бала кезінде көп жұмсалмай, шаруаға қырсыздау, нәуетектеу болып өсті. Марқұм әкесі бала жұмсауды кедейліктің белгісі деп намыс көретін, жалғыз ұлын бетінен қақпай, хан ұлындай ақсаусақ етіп өсіруді арман қылушы еді. Қалағанның өзі де бертінге дейін: «Несін айтасың, ана жерден бір сабақ жіп әперші демей–ақ өсірдік – ау қарағымды», – деп, сонысын өзі мақтаныш қылғандай болып отыратын. Бірақ хан ұлына қанша ұқсамақ болғанмен, тұрмыс тапшылығы Бәйтенге өзінің ешқандай көп шаруаның бірі екенін оп–оңай түсіндірді. Әр шаңырақтың өзінің ғана мұң–мұқтажы, өзі ғана көретін рақаты ия бейнеті болатынын білді. Үйдегі азғантай астықтың таусылғанын, шай, қанттан да қарап қалғанын шешесі шай үстінде әңгіме қылғанда:
— Көкемдерден неге алмайсың, – деген Бәйтен.
— Шырағым–ау, қасқырдың бөлтірігі де бір ауызданғаннан кейін, өз күнін өзі көреді, – деді Қалаған әлдеқалай мұңайған түрмен. – Екі туып бір қалса да, кісінің қолына қараған өз несібеңдей қайдан болсын? Енді сен келдің, қашанғы қолымды жая берейін.
Шешесінің мұңайғаны Бәйтенге қамшы болды. Келесі күні–ақ Шөміштегі Смайылдан қарызға бір пұт тары алды. Ауылнайдың рұқсат қағазымен Қарағаштағы дүкеннен бір тақта шай, үш метр сиса әкелгенде, Қалағанның төбесі көкке екі–ақ елі жетпей қалған шығар.
— Азамат болған қарағым – ай! Осы емес пе, құдайдың жеткізгені? Жеткерді деген осы ғой, міне, – деп мәз болып, әсіресе үш метр сисаны қайда сыйдырарын білмеді.
Аузына дамыл жоқ. Баласы оқып келіп, осылай атқа мінбесе, ауылнай жесір кемпірді қайтсін! Шүкір ғой, шүкір!
Бәйтен шаруашылыққа мықтап кірісті. Шаңырақтың күлдіреуішін жөндеп, сөгілген керегені көктеп, сынған уықтарды жалғап, үйді қайта тіккенде, бір жағына қисайып тұрған қараша үй бетіне шыр біткен адамдай дөңгеленіп шыға келді.
Жерошақ басында күйбеңдеп жүрген Қалаған ағаш шауып, шеге қағып, әлденені қайыспен тұғжыңдап отырған ұлының қасынан өткен сайын:
— Шырағым – ай, қолыңды байқашы, бір жеріңді шауып алып жүрерсің, қоя қойшы, – деп бәйек болады.
— Тағы не бар істейтін? – дейді Бәйтен қолынан келмейтін іс жоқ екен. Асқа салатын тұз – бүкіл ауылдың мұқтажы. Тұз әкелетін көл көрші аудан жақта болғандықтан, сонша жердің түбінен тұз тасуға көбінің мойны жар бермейді. Дүйсенбінің сәтіне Бәйтен мен Есімбек тұзға жүрмек болып келісті.
* * *
Таңертеңгі шайдан кейін Есімбек тарантасқа ұқсатып қолдан жасаған шағын жеңіл арбаға бурыл атты жекті. Асқардың кезінде тұтынған әбзелі ұсталмай шаң басып, шіруге қалған екен, бірақ соның өзінде өрнекті күміс шектеулері ажарын жоғалтпай, ат арбаға айрықша әр беріп тұр.
— Ау, мыналарың не? Қызға барасыңдар ма? – деп айғайлады үй сыртынан өтіп бара жатқан Қалампыр.
— Қайдағы қыз? Тұзға, – деп күлді Есімбек ыңыршықтан өткізген көтермені тартып байлап жатып.
Қалампыр өтіп кеткен жерінен қайтып оралды.
— Қарағым – ай, тұзға барам дейсің бе? – деді ауыз – басы сүйреңдеп. – Нансаң өлгелі отырмыз. Бір қапшық беріп жіберейін, біздің үйге де ала келші.
— Ақысына не бересің? – деді Есімбек қылжақтап.
— Кетші әрі! – деді Қалампыр өтірік ашуланып. – Өліп барасың ба? Қатын ал, керек болса.
Есімбек қарқылдап күліп жіберді.
— Ау, мен сенен не сұрадым? – деді ол әлі де күлкісін баса алмай. – Содан басқа ақыға беретін ештеңең жоқ па?
— О, көгермегір! – деп Қалампыр түтіп тастайтын адамдай тұра ұмтылды.
— Жарайды, болды, енді, жеңеше, – деді Есімбек арбаны айналып қашып, – Қапшығының керегі жоқ, бірақ тұз әкеп берейін. Ал ақысына – жолыңнан қалмай үйіңе бара ғой.
— Сүйтші, шырағым, – деді Қалампыр қайта жұмсарып.
Қалампыр кеткен соң, тұзға қапшық берушілер көбейе бастады.
— Мұнша тұз арбаға сыймайды, оны ат та тарта алмайды, келген тұзды жеткенінше бөліп аларсыңдар, – деп Есімбек бар қапшықты иелеріне қайтарып берді.
Сәске шамасында Есімбек ат арбамен Қарасу бойындағы Бәйтеннің үйінің алдына келіп тоқтады.
— Апыр–ау, – деп дауыстады жерошақ басында от көсеп жатқан Қалағанға, – суат басына қашан көшесіңдер? Мына жер әбден қу тақыр болыпты ғой.
— Айналайын, – деді Қалаған Есімбекке емірене қарап, – көшеміз ғой енді, Бәйтенің келді, көшіреді ғой өзі. – Содан кейін кімді айтқаны белгісіз: – Жарығым, әшейін, – деді қазанның астына қайта үңіліп.
Үйден Бәйтен шықты. Үстінде қайырма жаға қоңыр көйлек, бұтында кең балақ қара шалбар.
— Шалбарыңды бүлдіресің ғой, – деді – Есімбек оның бас–аяғына сынай қарап.
— Барған соң шешіп тастамаймын ба?
— Сонда да… – Есімбек қалайда бір мін табу керек болғандай: – Басына бірдеңе ки, күн ыстық, – деді Бәйтеннің қобыраған шашын иегімен көрсетіп.
Бәйтен басына қатырғы қағаздай сытырлаған сұр қалпағын киді.
— Ойбай–ау кетіп барасыңдар ма? – деді Қалаған. – Сусын ішіңдер үйге кіріп.
Есімбек пен Бәйтен бір–бір кесе ашыған көже ішіп, жолға бір торсық сусын, бір тапа нан алып, арбаға отырды.
Есік пен төрдей көшелі бурыл ат ит бүлкекпен суат тұсынан өтетін қара жолға түскенде, шаруа қамына кірісе бастаған ауыл адамдары ат арбаны танып, жол жүрістің бағытына бал ашып, қауқылдасып қалды.
— Мынауың Асқардың бурылы емес пе?
— Сол ғой, арба да соныкі.
— Тоқтай тұр, бұлар қайда бара жатыр, жаным – ау, таң атпай?
— Арбадағылар кім болды?
— Біреуі Есімбек…
— Қалпақ кигені Бәйтен…
— А – а!.. Ендеше, бұл жүріс тегін болмады, – деп әлдекім күдік білдірді.
— Беттері Суықбұлақ…
— Кім білсін?
— Мұнда бір құпия бар, – деді күдік білдірген кісі.
— Түк те құпия жоқ, – деді жастау біреуі, – Таңертең ат жегіп жатқанда көргем Есімбекті. Тұзға жүргелі отырмын деген.
Ат арба соңғы сөзді растап, Шайтанкөңді айналып, сыртқы жолға түсті. Сыртқы жол Суықбұлаққа да, Қарасуға да соқпай, Төртқұдықтан Бетпақтыға тура тартады. Бетпақты жеке аудан болып бөлінбей тұрғанда, қатынас жиі болатын. Қазір жүргінші аз болған соң, үш ауылдың арасын қосатын жаңа жол салынған. Сондықтан ескі жолға түскен адамның қайда барары белгілі – көрші ауданның өзіне, иә, тұзға.
Ұлы сәскеде жолаушылар Төртқұдықтың табанына ілікті. Дәуітбайлардың бұрынғы жайлауы ғой. Малға сыймай тұрушы еді. Қазір ел жоқ. Киік жыртылып айрылады.
— Біз битейік, – деді Есімбек. – Осы жерден Аманқостың қыстауына апаратын жол шығады. Сәл бұрыстау, бірақ атты суарып, сусын ішіп, бел жазып аламыз. Асығатын не бар?
Қыстауға бұлар түске жақын жетті. Аманқос жалғыз үйдің азарын қанша көрсе де, ескі әдетпен ата – қонысынан шыға алмай отырған момын қазақтың бірі еді. Серіктікке де, артельге де кірген емес. Қимайтындай дәулеті жоқ. Үріккен жылқыдай неге одағайлап жүргені бір өзіне аян.
Жолаушылар жолсызбен төте тартып, қыстау іргесіндегі киіз үйдің өкпе тұсынан шыға келгенде, Аманқос сыртта қатып қалған көнді талқыға салып, жұмсартып отыр екен, ұрлығы ашылған адамдай абдырап, қалбалақтады да қалды.
— Ассалаумағалайкум!
— Әликісалам. Қай баласыңдар? – Аманқос күс–күс алақанымен маңдайын көлегейледі.
— Мынау – Бәйтен, ал мен – Есімбекпін.
Аманқостың жүзі сәл жылығандай болды.
— Е, айналайын, Мырзабектің жалғызы. Ат көлік аман жүрсің бе?.. Осы сен оқып келдің бе?
— Иә, – деді Бәйтен шалдың қолын алып жатып.
— Бәрекелді, қайырлы болсын! Ал үйге кіріңдер. – Айтуын айтса да, осыны неге айттым дегендей, Аманқос сасқалақтап, біресе үйге, біресе жолаушыларға жалтақтап қарай берді.
Бәйтен мен Есімбек аласа есіктен бұға еңкейіп, ішке кіргенде бірінші көргендері – төрде молдасоқынып, есікке шаншыла қарап отырған еңгезердей мұртты кісі. Қос жолаушыдан көзін айырмай, аузын жыбырлатып, сәлемдескен болды. Босағадағы шидің ішінен бірдеңелерді сапырып құйып жатқан кетік тіс әйел де сыбырлай амандасып үйден шығып кетті.
Бәйтен сол қанатқа жайылған көрпенің үстіне жайғасқаннан кейін, төрдегі кісіге тағы бір көз салды. Ол да келгендердің өзіне қарап отырғанын сезіп, ал жарайды, армансыз қарап алыңдар дегендей, жүзін есікке беріп, қыбыр етпей үнсіз отыр. Сазарған аққұба жүзінен ешбір көңіл күйі байқалмайды. Алып күш иесі екенін тұлғасы айтпай танытып тұр. Бірақ жұқалау келген ашаң бет жүзі жаңағы зор денеге үйлеспейді. Тікірейген қияқ мұрты мен шыныдай жылтыраған үлкен шегір көзінде жолбарысқа ұқсайтын бірдеңе бар. Әсіресе шамадан тыс жалпақ салалы қолдары адамның назарын еріксіз өзіне аударады. Алақан еттері тырсиған, саусақтары күректің сабындай әлгі қолдар өз бетінше жаратылған бір жыртқыш хайуан секілді сабырлы да, айбатты көрінеді. Алайда баданадай қалың тырнақтары ақсүйектердің тырнағындай біркелкі, терісі тап–таза – жұмыскер қол емес екені байқалып тұр.
— Қатын – ай, шайыңды қой, – деп Аманқос сырттан дабырлай кірген..
— Шайға қарамаймыз, – деді Есімбек. – Тұзға бара жатыр ек. Бүгін оралуымыз керек.
— Әй, онда сусын әкел, шай ішпейміз дейді, – деп айқайлады Аманқос даладағы әйеліне. Содан кейін келген жолаушыларды төрдегі қонаққа таныстыра бастады. Бірақ қонақтарың кім екенін айтпады.
«Осылардан тезірек құтылайыншы» дегендей іле–шала кетік әйел шараға сусын құйып әкелді.
Екі кесе қымыздан кейін төрдегі кісі:
— Мен бір шеттен келген кісімін, – деді денесіне сай қарлығыңқы зор үнмен.
— Көптен көрмеген жиенім еді, іште тұратын өзімнің жиенім ғой, – деді Аманқос әлдекім сенбей тұрғандай өзін куәлікке тарта сөйледі.
Ауылдағы әр түрлі жаңалықтар, колхоз хабары, астық, алым–салық жайлары сөз болды. Әңгімеге анда–санда бір қыстырылып отырған төрдегі жиеннің сөз саптасынан, қарапайым көп қазақтың бірі емес, әжептәуір сауаты бар адам екені сезіледі. Бұл кім сонда?
Кенет ол жолаушылардың өзіне тым назар аударып отырғанын байқап, «болды енді, доғарыңдар қарауды» деген адамша алара қарағанда, көзінде құтырған аңның жанарындай ессіз өшпенділік ойнады.
— Ал жақсы, – деп жолаушылар қол жайып орындарынан тұрды.
Төрдегі кісі үнсіз қалды.
Бұлар апыл–құпыл аттарын суарып, арбаға отырып, желе жортып, жалғыз үй қыстаудан қозы көш жер ұзап шыққанда барып, әлгінде қабаған иттің жанында отырған секілді бір сезімнен бірте–бірте айыққандай болды.
— Бұл кім? – деді Бәйтен Есімбекке қарап.
— Тіпті білмеймін.
— Аты–жөнін де айтпай қойды ғой.
— Үкіметтің құрығынан қашқан біреу шығар… Түсі қалай суық кәпірдің!
— Тұлғасы да келіскен екен! Апыр–ай…
— Бір саусағының өзі менің екі саусағымнан жуан шығар, – Есімбек өзінің екі саусағын қосып, көзімен өлшегендей болды.
Күн бесінге еңкейгенде шыжғырған күннің аптабы саябырлап, алда қоңыр самал есті. Төңіректің бәрін дірілдетіп көк теңізге айналдырған сағым буы да басылып, көкжиек айқын көрінді. Бірте–бірте жер де өзгеріп, көкпекті жазық беткей таусылып, қыз емшек құм төбелер басталады.
— Көрші ауданның жеріне келдік, – деді Есімбек. – Енді аз қалды.
Көп ұзамай жерге жайған жаулықтай ағарып тұзды көл көрінді. Ортасындағы шағын көк айдын үлкен мұз ойық секілді дөңгеленіп тұр. Мұнда талай келіп жүрген Есімбек:
— Тұзды не де болса, аяқ асты болмаған жерден алайық, – деп жолсызбен тіке тартты.
Бурыл ат аппақ тұзды қаршылдата басып, айдынға қарай жүргенде, Бәйтен қауіптеніп:
— Мынауыңның бір жері түсіп кетіп жүрмей ме? – деген.
Есімбек қарқылдап күліп жіберді.
— Не дейді? Бұл кәдімгі көлдің түбі емес пе, суы сарқылып тұзы ғана қалған.
Арба ізінен қарайып су білініп, ат шашасынан бата бастағанда, Есімбек «др–р–р» деп ақ қардай күнге шағылысқан тұздың үстіне күрп етіп қарғып түсті.
— Кәне, қапшықтарды әпер, – Есімбек аяғындағы етігін сыпырып алды. – Аяғыңды шеш. Жақсы болады. Шуашың бар ма еді?
— Жо–ға…
Бәйтен көктемгі босаған қарды басқандай жалаң аяқ ізінен су шығарып, Есімбектің қасына келді де, жиегін қызыл жіппен тіккен ала қаптың аузын ашты.
Есімбек тұзды күрекпен алып, суын сорғытып қапқа сала бастады. Бес қапты орталап, аузын буғаннан кейін, екеулеп арбаға салды. Арбаның доңғалағы сықырлап тұзға бата түскендей болды.
Есімбек делебені қозғап қалды:
— Шу, шу!
Бурыл ат алғашқы дағдымен ұмтыла берді де, арбаны қозғай алмай, тоқтап қалып, неге олай болғанына түсінбей, құлағын таңырқай қайшылап, қайта шегінді де, қаз мойынданып, шірене тартып, ілгері жылжып кетті. Жағаға шыққан соң, екеуі демдерін алып сусын ішті, аттың басын қара жолға бұрып, делебені қағып қойып, арбаның үстінде отырып нан жеді.
Күн екіндіге ауды. Төңірек мұнартып, аспанды қазбауыр бұлт басты. Арттан соққан жел қатайып, жолаушының өзінің шаңын өз көзіне тықты.
Аршалының тұсында бұлар үстінде түйе жүн шекпені бар, қолына таяқ ұстаған жаяу адамды қуып жетті.
— Уа, қай баласыңдар? – деп елулерден жаңа асқан шоқша сақалды, бадырақ көз кісі бұларға жақындай түсті. – Көтек, Есімбекпісің?.. Дені сау ма? – деді де: – Піштірілмеген орыс құсап отырған мынауың кім? – деп Бәйтенге төнді.
— Мен Мырзабектің баласы Бәйтенмін.
— М – м! – деді мұртты кісі тісі ауырған адамдай оқыс бір үн шығарып. – Мені құдай атты. Өзіміздің Мырзабектің бе? Ойбай, мына қара, қартайды деген осы.
Бәйтен Жамантайдың Сақаның бала кезінде көрген. Бірақ түрін ұмытыпты. Ол кезде сақалы да жоқ болатын. Атақты сайқымазақ, қу тілді адам ғой. Аузы аузына жұқпайды. Бұлар бірдеңе сұрағанша, жауап беріп үлгереді.
— Қазір мына Қоғалыда тұрам ғой, – деді ол тұратын жағына алара қарап. – Жеке аудан болып бөлінгелі қатынауымыз сирек. Қарасуда тұратын қарындасым қызын ұзатам деп, шақыртқан екен, соған келе жатырмын. Иә… Екі аяқтан басқа көлік жоқ. Артельдің көлігі мен түгілі, өзіне жетпейді… Күн кешкіріп кеткен соң, ана төбенің ар жағында бір төлеу отырушы еді, соған бұрылсам ба деп келе жатқанмын. Сендердің кездескендерің қандай жақсы болды, құдай тілеулеріңді бергірлер – ай!
— Біз Қарасуға соқпаймыз ғой, – деді Есімбек делебені қағып қалып. — Мына ескі жолмен кетеміз.
— Ай, қарағым – ай! – деп Сақан сұмдық бірдеңе естігендей жағасын ұстады. — Сен Асқардан туған ұл болсаң, бұлай деуге тиіс емессің. Ескі жол деген не бәле, жаңа жол тұрғанда? Екеуінің алыс–жақыны бірдей… Қарауға соғып мені тастап кетсең, батамды беремін. Одан сенің нең кетеді.
— Жарайды, жарайды, – деді Есімбек Сақанның осынша таусылып сөйлегенін қызық көргендей. — Әуелдегі ойымыз сол болатын. Сіз апарып таста десеңіз, қайда болса да, апарайық, тек ренжи көрмеңіз.
— Алла сақтасын! – деп Сақан тағы да шошына сөйледі. — Түк те ренжіп отырғам жоқ, қалқам. Рақмет сыйлағаныңа, бақытты бол!
Сақан ауылға апаратын көлік табылған соң, көңілденіп сала берді. Қалтасынан шақшасын алып, насыбай атты да, сөйлемесе отыра алмайтындай, жұлқынып, әңгімеге кірісіп кетті. Өзі өте тез сөйлейді екен, арғы–бергі тарихты қазір де асты–үстіне шығарды. Шежірені өлеңмен таратты. Қайдағы бір замандастары жайлы, олардың жаңғалақ мінездері мен бозбалалық әрекеттері, олардан өзінің көрген азары, өзінен олардың көрген қорлықтары тәрізді адам сеніп болмайтын бір хикаяларды қарша боратты. Және солардың бәрі осы қазір болып жатқандай, жанындағыларға аң–таң болып, ажырая қарап, көктен түскендей аяқ астынан өзінен–өзі көшеленіп, жүзін де, даусын да мың құбылтып, Бәйтен мен Есімбектің ішегін қатырды.
Сақаның өзі күлмейді екен. Екі жігіттің есін жиып болғанын күтіп отырады да, аң–таң болған адамдай үкі көзденіп алып, әлгі бір еңкей Қожанасырдан тұратын әңгімесін қайта бастайды.
Есімбек тізгінге ие бола алмай, күлкіден екі бүктеліп жатып қалғанда, бурыл ат «мыналардың дені сау ма» дегендей мазасызданып құлағын қайшылайды.
Бірте–бірте ымырт байланды. Аспандағы мұнар бұлттың арасынан ай сәулесі шымылдықтың ар жағындағы соқыр шырақтай өлімсірей жылтырайды. Қарауытқан қырқа – қырқалармен бірге жол бойындағы ат арба да түн құшағына бірте–бірте сүңги берді.
Әңгімені қиса айтқандай бірінен соң бірін тоғытып отырған Сақан кенет:
— М–м–м! – деді бір бәленің болғанын білдіре санын сарт еткізіп. — Құдай қара бастырды. Жолдан шығып кетіппіз.
Бұлар әңгімеге мәз болып отырғанда, ат көлденең жолдың біріне түсіп кетіпті.
— Енді кейін жүрсек, тіпті адасамыз. Бұл жердің көлденең жолы көп. Не де болса ілгері тарттық. Ал бурыл ат бас аяғыңды! – деп Сақан Есімбектің қолындағы делбені қабаттасып қағып–қағып қалды.
Бұл кезде бурыл ат біршама болдыра бастаған–ды. Әзіл көтермейтін адамдай кейісті турмен басын кегжең еткізді.
Түн қараңғысы әбден қоюланып, жер бедері бұрынғыдан да жаттана бөгделене түсті. Енді жол қуалап жүре бергеннен басқа амал да жоқ. Бағыт–бағдар белгісіз.
Сақан әлдеқалай бір құрбысын боқтап:
— Бақа көзденген албасты неменің әңгімесін қайдан айта қойып ем. Соны аузыма алсам, бір бәлеге ұшыраймын, – деді түнекке тесіле қарап.
Түн ортасы – ау деген шамада алдан иттердің үрген даусы естілді де, көп ұзамай ақ көбік болып терлеген бурыл ат айналасын шыммен қоршап тастаған ескі қыстаудың қақпасына келіп басын тіреді.
Терезеден жарық білінеді.
Шаршаған жолаушылар кирелеңдеп арбадан түсті.
— Құдая тоба, қайдан шыққанбыз? Мынау қайдағы қыстау? – дейді Сақан мұқауды білмейтін сайқымазақ үнмен.
Есік жабық екен. Сақан қолындағы таяғымен екі–үш рет қаққан болды. Ешкім жоқ. Сақан есікті жұдырығымен қатты–қатты соғып қалды. Әлден соң ар жақтан аяқ дыбысы, содан кейін:
— Уа, бұл кім? – деген қарт кісінің үні естілді.
— Құдайы қонақпыз.
— Қонақ болсаң қайтейін. Жолаушы күтер жайымыз жоқ. Қондыра алмаймыз.
— Ойбай, үлкен әкім келіп тұр. Ашсаңшы есігіңді, тілге келейік.
— Әкім түгіл, құдай келсе де ашпаймын, жолдарың, әне.
Үй иесінің әкіммен қаны қас екені сезіліп тұр.
Жолаушылар сасайын деді. Мынау кім өзі, біздің елде осындай адамдар бар ма еді дегендей, бір–біріне қарайды.
— Отағасы, – деді Сақан даусын жұмсартып, – біз адасқан жолаушылар едік. Айыпқа бұйырма. Қазақша үйіңе кіріп, тіземізді бүгейік, сосын отырмай жүріп кетерміз.
Отағасы сәл ойланды да, бұларды кез келген уақытта үйінен қуып шыға алатынына сенімді үнмен:
— Кіріңдер, – деді есікті сықырлата ашып.
Отағасы алпыстың қалың ортасына кірген ұзын бойлы ширақ шал екен, қонақтарға отыр да деместен, пеш түбіндегі күпі жайылған төсегіне қисая кетті. Үй іші әлі жатпапты. Жүдеулеу бала көтерген толық келіншек пен он төрт – он бес шамасындағы балғын денелі ер бала келгендердің бетіне бұрылып та қарамастан, сәлем–сауқатсыз түпкі бөлмеге кіріп кетті.
Бөлмедегі ескі жиһаздар мен төсеніштер бұл үйдің қазір әлім–берім күнкөрісте болғанымен, кезінде үлкен дәулеттің дәмін татқан шаңырақ екенін білдіріп тұр.
Үй иесінде үн жоқ. «Маған сендердің кім екендерің соқыр тиынға керегі жоқ, қажет боп тұрса, өздерің айтыңдар» дегендей жастыққа белін тіреп, күпісіне қымтана түседі.
Сақан сайқымазақтанар кезінде арқаланып алатын әдетімен көзін алақ–жұлақ еткізіп:
— Апыр–ай, жаңағы бала сырқаттанып жүрген жоқ па? – деді шалдың аяқ жағында отырған кемпірге қарап.
— Сырқаттанып жүр, – деді кемпір мұрнынан сөйлеп. — Іші ауыра ма, шалқалап жылай береді.
— Ай, бәйбіше, әкел баланы бері қарай! – деді Сақан әмір ете. — Сәті алладан, мен қарап көрейін.
— Қарағым – ай! – деп бәйбіше абдырап қалды. — Қырықтың бірі қыдыр деп, себесіні тиер ме екен. Жұмабике – ай, әкелші баланы.
Толық келіншек жылап – жылап тынышталған кішкене баланы көрпеге орап алып келді. Сақан түріне бір түрлі құпия рең беріп, баланың ішін, кеудесін басып көрді де:
— Шырағым, бес тиын бақыр әкеле қойшы, – деді одан сайын құпия жүзденіп. Түпкі бөлмеге қайта кірген келіншек, жиырма тиын күміс алып шығып:
— Бақыр таба алмадым, – деді айыпты жүзбен.
— Оқасы жоқ, шырағым. Кәнеки…
Сақан баланың қарынын жалаңаштап, жиырма тиын күмісті етіне батыра, екі–үш рет бұрағандай болып еді, бала қыңқ деп жылаған жоқ.
— Жарайды, апара ғой енді, – деді Сақан күміс тиынды келіншекке қайтарып жатып. – Қолым тисе, тағы бірде соғып, бұрап берермін. Алла сәтін салса, жазылып кетер. Иншалла!
Кемпір үш кесеге құйып шалап әкелді. Сусынға қол іліккеннен кейін, Сақан шешіле бастады.
— Ay, отағасы нешедесің? – деді даусын көтере.
— Алпыстың жетеуіндемін, – деді шал бұған қарамай.
Сақан тағы да көзін бағжаң еткізіп, қуанып кеткендей:
— Өй, аузыңның ішін… – деді шалға бұрылып. – Құрдас екенсің ғой, ит – ау.
Шал бұған сенбеген пішінде көзінің қиығымен ашулана қарады.
— Ойбай–ау, жылыңды айтшы, жылың не? – деді Сақан бастырмалатып.
— Жылым сиыр, ал?
— Ой, құлағыңды ұрайын, менің де жылым сиыр, сиыр да сиыр 61 мүшелім, одан барыс – 62, қоян – 63, ұлу – 64, жылан 65, жылқы – 66, қой – 67. – Сақан өршелене. – Жоқ, 67 болды ма, – деп шалды мақұлдатып алды да: – Әй, ит – ау, сонда саған мен құрдас болмағанда, атаңның басы құрдас бола ма? – деп өзінен көп үлкен шалға төне түсті.
Әлгі сөздерді Сақаңның сенбеске қоймай, өжеленіп айтқаны соншалық, шал жымиып, басын көтерді. Бірақ әлі де біржола жібігені байқалмайды.
— Құрдасымды тауып алып, тіпті рақат болды ғой, – деп Сақан өп–өтірік қуанып жан–жағына қарағанда, екі жігіт күліп жібермес үшін, тістеніп беттерін іргеге бұрды.
Бұдан кейін Сақан шалдан елін, жерін, руын сұрап, өзін де таныстырып, әйтеуір, әңгімені көбейтіп, үй иесін біршама еліктіргендей болды. Бұл ауыл Батпақтының түстік бетіндегі Күйік деген жер екен. Күйіктің халқы кешке қарай тірі жанға есік ашпайды екен дегенді Ақшоқылықтар да еміс–еміс еститін.
Бәйтен қатты қалжырап, ұйқысы келіп әрең отыр. Бірақ қазір жүру керек екені есіне түскенде, бойын жиып алып: «Шал қуатын болса, үйінен тезірек қуса екен», – деп тіледі ішінен.
Сақан әңгімені мүлде атым бар, ат болғанда қандай – деп Сақан тура атты шалдың алдына көлденең тартып тұрғандай масаттана тамсанып қойды. – Күздің кезі ғой…
Үй иесі де әуейілеу ме, манағы ит қырындағанын қойып, әңгімешіге жақындай түсті. Қалың қабағының астынан күлімсіреп, сығырая қарайды.
Ұйқы қысып шыдатпаған екі жігіт сыртқа шығып, атты қарап, күннің райын байқап, үйге қайта кірді де, әңгіме біткенше тыныға тұрайық деп, төр үйге өтпей, ауыз үйдегі қазандық түбіне жайған текеметтің үстіне қисая кетті.
Төр үйдегі әңгіме қызайын деді. Әрегідік Сақан мен үй иесінің даусы жарысып қатар шығады… Екеуі дауласып жатқан секілді… Төбелесіп жатпаса болды… Бірдеңе сартылдайды…
«Ау, болар, тұрыңдар», деген дауыстан екі жігіт үстеріне мұздай су құйып жібергендей шошынып, атып–атып тұрды. Мәссаған! Ұйқтап қалғандары ма? Үй іші жап–жарық. Оятқан Сақан екен.
— Тұрыңдар, шай ішіп алып, жүріп кетейік, – дейді өз үйінде жүргендей шалқақтап.
Кешегідей емес үй иесі шалдың да қабағы ашық. Шай жасалып қойылған. Дастарқан жоқ–жұқана болғанмен үй ішінің ашық қабағымен көңілді байытып тұр.
— Қарағым – ай, өзің әулиенің тұқымы емессің бе? Кешегі еміңнен кейін баламыз жап–жақсы болып қалды ғой! Тфа – тфа! – деп кемпір де ризашылығын білдіріп жатыр.
Шайдан кейін жолаушылар сыртқа шықты. Сақан атты отқа қойып, таңертең суарып, арбаға жегіп, бар шаруаны бітіріп қойған еді. «Жаным – ау, бұл қай кезде үлгеріп жүр» дегендей, екі жігіт бір–біріне таңырқай қарайды.
Жаулықтай орамалымен терін сүртініп, үйден шал шықты.
— Сендер осымен тіке тартасыңдар, – деді ол Қарасуға баратын жолды көрсетіп. – Өзеннің аңғарынан өткеннен кейін, бірден солға бұрылатын ескі жолға түсіңдер. Сонда қара жолды қиып әуре болмай–ақ Бесқопадан бір–ақ шығасыңдар. Ар жағы тиіп тұр ғой…
— Аузыңды ұрайын – ау, – деді Сақан жүрерде оған қолын беріп жатып. – Жолың түсіп, біздің елге келе қалсаң, Жамантайдың Сақаны деген жаман құрдасым бар еді деп, бірден үйге келесің. Ой, аузыңның ішін!.. Ал кеттік.
Бурыл ат әжептәуір тыңайып қалыпты, жүрісі ширақ. Әр жерде бір қисайған он шақты тоқал тамды артқа қалдырып, жолаушылар көптен бері із түспеген ескі жолмен күннің терістік батысына қарай ұзай берді.
— Апырым–ай, Сәке, әлгі шалға түнде дәрі бердіңіз бе, қалай жібіттіңіз? – деді Есімбек кеңк–кеңк күліп.
— Ойбай–ау, бұлар қасық су бермейтін атақты Текелер ғой, – деді Сақан оған ажырая қарап. – Бұлар өздері қазақ емес дейді. Арғы аталары басқа жақтан ауып келсе керек. Қысы – жаз қыстауда отырады. Жұртпен көп араласпайды. Әне, көрдің бе, зираттары да бөлек біздікінен…
— Жоқ, енді соған түнде не айтып мәз қылдыңыз? – деді Бәйтен де әңгімеге шын қызығып.
Сөйтсе, Сақан сараң шалдың әуейілеу екенін байқап, аңшылық жайлы хикаялардың не бір дүриясын тоғытса керек.
— Астымдағы қарагер ат белгілі жүйріктің бірі еді, кейін аяғы кетіп, сойып алғанда көрдік жалғыз–ақ қартасы бар екен. Шіркін, тұлпардың тұқымы ғой, жарықтық! – деп ес жиғызбай бастырмалатпай ма Сәкен. – Сол қарагердің бәйгеге түсіп жүрген кезі. Ойдағы елден қайтып келе жатқанмын. Күздің кезі – ау деймін… Алдымнан бір тайыншадай арлан қасқыр көрінсін. Құдай–ау, саған өтірік, маған шын, тура тайыншадай!
Әңгімеге еліккен шал:
— Апыр–ай, ә! Енді қайттың? – деп жақындай түседі.
— Қайтушы ем, айғайды салып, зәресін ұшыра, қуып кеп бердім.
— Е, бәрекелді!
— Қасқырды Төлектің сайынан оралтып жазыққа түсірейін…
— Міне, тамаша! – деп қасқыр қуғанды тура көзімен көріп отырғандай шал екі білегін түрініп алады.
— Ондағы ойым – өзенге кетсе, жағасы тоғай, құтылып кетуі мүмкін.
— Апыр–ай, зәлім – ай, ә?! – дейді шал да қабаттасып.
Бұрын–соңды бүйтіп кес–кестеп, алдын ораған әуейі тыңдаушыны көрмеген Сақан айтып отырғаным, шынында да, рас нәрсе емес пе дегендей ой кеп, өзінің өтірігі өзіне болған оқиғадай елестейді.
— Содан қарагер де шабысты түзеді, анауың да бір бәле екен, тіпті қажитын түрі жоқ.
— Апырым–ай, айрылып қалмасаң болар еді, – дейді шал қыпылықтап.
— Ақыры қоймадым, есік пен төрдей жерге келдім – ау жақындап.
— Е–е–е, – дейді шал өзі ұратындай оңтайланып.
— Жаны қысылған қасқыр жалт бұрылып, өзенге қарай салды.
— Ойбуй, айрылдың – ау, айттым ғой жаңа айрыласың деп.
Сәкен бұрынғы әңгімелерінде қасқырды өзенге маңайлатпайды екен, әлгі әңгүдік шалмен жаудай жағаласып отырып, өзенге қалай жіберіп алғанын байқамай қалыпты. Енді соңына түсіп қуа бергеннен басқа не амал бар:
— Содан қасқыр өзенге жақындап қалды, – дейді Сәкен әңгіменің немен аяқталарын өзі де білмей.
Шал екі алақанын сарт еткізіп:
— Не деген мәжнүн едің өзің, – дейді ыза болып. – Ау неңді қарап отырсың? Кетті ғой…
Сәкеңе сөз тыңдайтын уақыт жоқ.
— Қасқыр өзенге қойсын да кетсін, – дейді қалай болғанын өзі де түсінбей.
Алдында шалдың көңілін табу үшін суға түсірмей бір амалын тапсам деп ойлаған екен, бірақ әңгіменің қызығымен соны естен шығарып алып, оның үстіне жағаға келіп қалған қасқыр мұны тыңдамай, өзенге қойып кеткенге ұқсайды.
Осы кездегі шалдың түрін көрген Сәкен әлгі байғұсты аяғаннан алды–артына қарамай, өзі де суға қойып кеткен.
— Қасқыр қылт – қылт етіп жүзіп барады. Мен де Қарагерді бүйірлей салдым. Шіркін, жүйрік жылқы жүзгенде де алдына жан – салмайды екен ғой, қасқырды жағаға жолатпай өзеннің ортасына әкелдім…
— Ойбай, не дейді? – деп шал сасып қалады. – Мынауың сенің жылқы емес, бір бәле ғой.
— Айдынға шыққасын қоям ба, бастырмалатып келіп–ақ қалдым. Қасқыр осы сені мен мендей жерде бара жатыр:
— Ойбай–ау, ұрмайсың ба қарақұстан, – дейді шал мұның шынтағынан демеп.
— Ойым – әлде де жақындата түсу.
— Туу, мынау тіпті бала екен ғой!
— Жаны қысылған қасқыр жалт бұрылғанда, су деген мұз секілді болады екен, сырғанап біраз жерге дейін өтіп кеткенім, – дегенде Сәкен әлгі немені буынып өліп қалар ма екен деп қорқыпты.
Сәкеңе енді қасқырдан жаман шал бәле болып, не істеу керегін ойланып үлгерместен, ұзап кеткен арланның соңынан қайта қуады. Бір тұста Сәкен әңгімені кім айтып отырғанын айыра алмай қалады. Бұл емес, керісінше шал бұған: «Әне! Әне! Кеп қалды, ал енді соқ, соқ енді!» – деп отыр екен.
Екеуі осылай жынды адамша таң бозарғанша әңгіме соғады. Ақыры басына бәле тілеп алған Сәкен қасқырды өлтірмей құтылмасын біліп, қаны шын қараяды. (Бұрынғы әңгімесінде қасқыр бұған қарсы шауып, соңында өзі әрең құтылады екен.)
Таң ағара бастаған кезде құдай сәтін беріп, қалың жыңғылға кіре берген қасқырды қақ тұмсықтан қамшымен ұрып құлатады.
Осы тұста шал.
— Не дейді, құрығың қайда? – дейді бұған тура өзі ұстатқандай қолына.
Сәкен:
— Ойбай, менің қамшымның жанында құрығың садаға кетсін. Ұшына қорғасын салып өрген кәдімгі бұзау тіс қамшы ғой, – деп әрең құтылыпты.
Тыңдап отырған екі жігіттің күлкіден ішектері қатты.
— Ойпыр–ай, Сәке, осының бәрін қиыстырып қалай айттыңыз? – дейді Бәйтен көзінің жасын сүртіп.
— Алдында сендер біраз тынығып алсын деп бастағам. Анадай әуейі екенін қайдан білейін, қуғаным қасқыр емес бәле болып шыққан жоқ па, – деді Сақан енді шынға көшіп.
— Оның бәрі дұрыс–ау, – деді Бәйтен бір кезде әзіл–шынды. – Бірақ сіздің баланы өтірік емдегеніңіз жақсы болмады.
Сақан шошып кетті.
— Тек, өтірік емдегені несі? Қазақта баланы ішін бұрау деген бар. Қыдыр дарыған балгер емеспін, бірақ кейде қолымның шипасы тиетін кездері болады. Оның себебін бір құдай білсін. Мен жұрттан көргенімді істеймін.
Әңгімемен у–шу болып отырған жолаушылар Қарасуға қалай келгендерін білмей қалды.
Қарасудың жағасына киіз үйлер екі қатар боп тігілген екен. Жері көкпеңбек. Суға шомылған балалардың ойыны мен желі басында бие саудыраған қыз–келіншектердің кербез жүрістері көңілге әуейі сезім әкеліп «біздің ауылдың сауық–сайраны көп, келіңдер, қызыққа кенеліңдер» деп тұрған секілді.
Алдан у–шу болып, бір топ ит шықты. Желкесі күжірейген тарғыл төбет жұлып алатындай арсылдап, арбаға шапшыды. Есімбек итті беймәлім иесімен қоса боқтап, шыбыртқымен жасқап жүр.
— Сәл солға, солға, – деп Сақан бағыт сілтеп келеді. – Ауылдың үстімен жүріп қайтеміз. Әлі де солға, міне, мынау тұрған үй.
Сақанның қарындасы домаланған толық әйел:
— Қарақтарым үйге түсіңдер, құдайы қонақ болыңдар, – деп жік–жапар болды.
— Ойбай, рақмет, – деді Есімбек күліп. – Осында Жағыпар деген жиеніміз бар., Соған барып түсейік. Әйтпесе жиеннің ашуы қатты болады.
— Жақсы, онда бара қойыңдар, – деп рұқсатты Сақанның өзі берді. – Өркендерің өссін, қарақтарым. Рақмет!
Жағыпардікі Қарасуға жақын тігілген, алдында құрт жайылған сөресі бар қоңыр үй екен. Бұлар арбадан түсе бастағанда үйден Жағыпар өзі шықты. Қызғылт жүзі күлімдеп:
— Ай, мынау жаман мәмбеттер қайдан қаңғып жүр – ай, ә? – деп айғайлай сөйлеп, күресетін адамдай Есімбекті белбеуінен ұстап ырғап – ырғап қойды. Тумысында қылжақбас, жындылау неме, оның үстіне жиен болған соң үлкен кіші демей ойнай береді.
— Ой, тегіңді ұрайындар–ай, ә! – дейді өзінен–өзі мәз болып.
Жағыпардың шешесі көптен көрмеген Бәйтенді құшақтап жылап алды. Бәйтеннің әкесін, тіпті әкесінің әкесін еске алып: «Шіркін, бұрынғы адамдардың несін айтасың, ондайлар қазір қайда», – деп осы жүргендерге көңілі толмайтынын білдіре сөйледі.
Балалары да кісі жатырқамайтын ашық жайдары екен. Жетілер шамасындағы кіші ұлы Есімбектің алдына шалжиып жатып алды. Кекіліне күміс ою салған қамшысын қызықтап:
— Маған берші, – деп жабысты.
— Жиен құрық, жиен құрық, – деп кеңк–кеңк күледі Жағыпар.
Ұршық иіріп отырған әйелі Бәтима:
— Жиен құрығы несі? – деді таң қалып. – Бұларға жиен өзің емессің бе? Балаларың жиен құрықты менің төркінімнен алсын.
— Ойбай, Бәтима – ау, бұдан не сұрап отырсың? Осы мәжнүн соған түсінер деп отырсың ба? – деп Есімбек Жағыпарды әзілдей бастады. – Шатысып, сеңің төркініңнен жиен құрықты өзі сұрауы мүмкін. Бұдан шығады неше түрлі.
— Тұра тұр бәлем, – деді әзілге әзіл таба алмай, – қалған Жағыпар шынға көшкен адам құсап. – Бір күні даладан бір жылқыңды айдап алып кетсем, сонда білерсің кімнің кімге жиен екенін.
— Қазір жылқының бәрі үкіметтікі, айдап кетсең, өзің жауап бересің.
— Жауап берсем беремін, жиенім деймін.
— Ау, сонда сен үкіметке жиенсің бе? – дейді Есімбек селкілдеп күліп. – Осымен сөйлесіп отырған мен мәжнүн.
Шайдан кейін жолаушылар жүрмек болып еді, Жағыпар «дәм ішпей кетпейсіңдер» деп зорлағандай қылып, атты доғартты.
— Кеше Жағыпаржанның қақпанына бір киік түскен екен соның етінен дәм татыңдар, бұйырған шығар. Сендерге соя қоятын мал бізде қайдан болсын, – деп шешесі ақтала сөйледі.
Екі жігіт атты отқа қою үшін Қарасудың жиегіндегі ойпаңға жетектеп әкелді.
— Қап, тағы да кешігетін болдық – ау! – деді еңкейіп аттың аяғына шідер салып жатқан Есімбек күшене сөйлеп.
— Дәм ішкен соң, шығып кетейік. Қайта түн жақсы емес пе жүріске? Салқын.
— Әрине… – Есімбек аттың бауырынан өтіп кететіндей болып емініп, суат жаққа қарай қалыпты.
Бұлар тұрған ойпаң суаттың тура іргесі екен. Су алуға келген қыз–келіншектер ешкімді байқайтын түрлер жоқ, сыңғырлай күліп, әзілдесіп, бірін–бірі қытықтап, алысып, мәз болып тұр.
Есімбек торғай көрген мысықтай бұға түсіп, қатып қалған.
Әлгілер суын алып, қырға шығып көрінбей кеткенде барып, Бәйтенге қарады.
— Мына ауылдың қыздары қандай көп! – деді көзі жайнап.
— Өздері бірінен–бірі өтеді. Тым болмаса, біреуімен тілдеспей кетеміз бе?..
— Қалай тілдесесің?
— Тұра тұр мен қызық айтайын. Күн кештете бастағанда, қыздар су алуға келеді. Тонымызды сыпырып алмас, не де болса осы жерде бір – екеуіне тиісіп көрейік, а?
— Ұят шығар, – деді Бәйтен жүрексініп.
Сүт пісірім шамасында иінағаш асынған көк камзолды қыз шелектерін сылдырлатып жиекке түсті. Суатқа келіп еңкейіп су алды да, екі шелектің ішін шайды. Салбыраған тоқпақтай бұрымы анда–санда мойнын ырғап қалғанда, серпіліп арқасына түседі де, қайтадан сырғып алдына құлайды.
Есімбек жиектегі солқылдақ сазды аңдай басып үн–түнсіз қыздың қасына барды. Қыз ештеңені аңғарар емес, еңкейе түсіп, шелегін толық батырып су алып, енді екінші шелегін ыңғайлай берген. Кенет жердің тесігінен шыққандай дәл жанынан:
— Аман ба, бикеш? – деген дауысты естігенде, жылан басып кеткендей шыңғырып, екі шелегін тастай қашты.
— Ay, ау, мен жай… ау, – дей берді Есімбек өзі де сасып қалып.
— Неғылған бетімен кеткен бейбастық оңбаған немесіңдер! Адамның жүрегін ұшырайын деп пе едіңдер екі кештің арасында? Су жағалап тентіреп, қайдағы – жайдағылар келетін болған екен осы жерге, түге…
— Ау, енді қайдан білейін, – деп міңгірлеген Есімбек «салып жібере ме» деп қорыққандай шегіншектеп жылжи берді.
Қыз қайтадан жиекке түсіп, қалған шелегімен су алды да, иінағашпен иығына салып, «жұрттың зәресін ұшыратын қаңғығандарды» тілдеген күйі бұрқылдай сөйлеп, суат басынан ұзай берді.
Осы кезде Бәйтен тұншыға күліп, селкілдеп жерге отыра кетті.
— Апыр–ай, не деген долы?! – деді Есімбек үрейлене таңырқап біраз тұрды да, Бәйтеннің түрін көріп, шыдай алмай қосыла күлді.
— Мынаны алсаң жетісерсің, – деді Бәйтен күлкіден түйіліп қалған бүйірін сипап.
— Бұл қатын болса, кімге де болса күн көрсетпес. Бірақ осындай қатындар адал болады дейді.
— Қандай қатындар? – деді Бәйтен түсінбей.
— Әлгіндей қатындар, – деді Есімбек қыз кеткен жақты иегімен көрсетіп.
— Ол қатын емес қой…
Жаулықтары қоқырайған екі жастау әйел келіп, суат басында жырқылдай күліп, қалтарыста тұрған екі жігітті көргенде, жым болып, тәлімсіп, сызылған күйі суларын алып, олар да кетті. Одан кейін келген үш әйелдің біреуі түзге отыра жаздап, қуыстан бұларды көргенде, «Көтек!» деп бұрылып кетіп, ұялғаннан бетін жаулығымен бүркеп алды.
— Қой, құрсын! – деді Бәйтен ыңғайсызданып. – Мына тұрысымыз келісіп тұрған жоқ, – Масқара болмай тұрғанда кетейік.
— Тоқтай тұрсайшы. Сенің – ақ бет моншағың үзіледі де тұрады екен.
Бірін–бірі жазғырып, тәжікелесіп тұрған екі жігіт шелегін қаңғырлатып, ырғала басып келе жатқан ересектеу етженді әйелге көңіл аудармай тұрған.
— Әй, неғып тұрсыңдар? – деген дауысқа жалт қарады екеуі. Суат басында тұрған Жағыпардың әйелі Бәтима екен. Бұлар қасына барғанда:
— Өздерін, тұрыстарың жаман, қыз ұрлайын деп жүрген жоқсыңдар ма? – деп самбырлады тісінің қызыл иегін көрсете күліп.
— Қыз қарап жүргеніміз рас, – деді Есімбек «шуламасаңшы енді» дегендей сыбырлай сөйлеп. – Қолғабыс қылмайсың ба, жеңеше…
Бәтиманың көзі жайнап шыға келді.
— Өй, көгермегірлер – ай, шықпайтын бәле шығады сендерден, – деп басын шайқады. – Сонда қатын алатын қайсың екеуіңнің?
— Жалпы қатын екеумізге де керек. Бірақ дәл қазір маған керегірек, – деп Есімбек «рас па» дегендей Бәйтенге қарап қойды. – Мен көп таңдап жатпаймын, он екі мүшесі сау болса, болды.
— Ойбай–ау, сендей жігіт тап болса, кез келген қыз құдайына қой айтар, – Бәтима екі шелек су алып, қатар қойды да жаулығын жөндеп байлады. – Ау қисық бас қайнағаның қызы ше?.. Көтек, – деді іле, – оның құда түсіп қойған адамы бар екен ғой.
— Жақсы қыз ба? – деді Есімбек жымыңдап.
— Жақсы болғанда қандай! Қызыл шырайлының әдемісі. Бірақ амалы жоқ, қайтсін. Әкесі малға қызығып, дуан жақтағы біреуге берейін деп отыр. Өзі менсінбейтін көрінеді. – Бәтима екі шелек суды иығына салып орнынан тұрды да: – Әйда, қазір үйге жүріңдер. Кешке сендерді кілем тоқып жатқан қара кемпірдің үйіне алып барайын. Бүкіл қыз сонда. Өй, көгермегірлер – ай! – деп көзі жұмыла күліп, ауылға беттеді.
Күн бата дәм ішіп болған соң, жолаушылар жүруге асықпай, әлдебір хабар күткендей төрде тістерін шұқып жатып алды.
Бәтима іңір түсе сиырын шала–пұла сауды да, кешкі шайды да апыл–құпыл беріп, «әйда, кеттік» деп екі жігітті ертіп үйден шықты.
Қара кемпірдің үйі ауылдың арғы шетінде екен. Шағын ғана қоңыр үй. Қақ ортасына кілем құрыпты. Толған қыз–келіншек. Бұлар келгенде үйге мал кіріп кеткендей үрпиісті.
— Отырсыңдар ма, ей, жандары шыққырлар? – деп амандасты Бәтима қыздармен.– Иттен қорқып мына Ақсуаттан келген екі құда баламызды ертіп келіп ем. – Бүгін келді өздері… Әйда отырыңдар мына жерге. Сендерді де бір пайдаланып қалайық.
— Әй, қатын – ай, – деді самбырлап, – сен айналдырма анадағы баланы! Өй, тажал! Қарашы қозы қасқырдай жұтынып отырғаның!
Қыз–келіншек қыран–топан күлкіге батты.
Бәтима әңгімесін қайта жалғады.
— Содан Жырақ қайнағаның өзі келді. Құда анадай жерде отыр. Құдағи мынадай жерде…
— Жайша жүрсіңдер ма? – деп сыбырлады Қоңырша.
— Жайша.
Бәтима аузын сылп еткізді.
— Анадай киіт көрсем көзім шықсын. Өліп бара ма екен, жарымаған немелер.
— Қыз қарап жүргеннен саусыңдар ма? – деп сыбырлады Қоңырша.
Бәйтен «ия» дегендей жымиып Қоңыршаның жүзіне қарады.
— Қайсың?
Бәйтен Есімбекті көзімен көрсетті.
— Құдағи құрбақа құсаған бір албасты екен… Жырық қайнаға біл дейді…
— Әп–әдемі жігіт қой. Ата–анасы бар ма?
— Бар.
— Әлгі жерде Жырық қайнаға тас–талқан болсын. Не керек, құданы да, құдағиды да сойып салды…
— Өзің қашан аласың қатынды?
— Тап қазір емес…
— Ойбуй, бетім–ай, әлгі албасты құда не дейді дейсің ғой? Бій дейді…
— Құда бала – ау, мен саған бір әңгіме айтайын…
Киіз үйде отырғандар әлденеге ду күліп, Қоңыршаның сыбырын естіртпей жіберді.
— Мен саған бір әңгіме айтайын. Менің қайын сіңлім бар. Бүгін мұнда келе алмады. Көрік те, ақыл да бар. Мінезі аздап тіктеу. Ол енді жүре түзеледі ғой. Бәріміз де қыз кезімізде оңып тұрғанымыз шамалы болатын. Иә… Соны әкесі малға беріп отыр. Өзі атастырған адамын ұнатпайды. Жіңішке ауру көрінеді. Қашып кетейін десе, сөз байласқан ешкімі жоқ. Сөйлесем десеңдер, бүгін кездестірейін.
— Есімбекке айтайық та…
Үйдің іші тағы да у–шу болып кетті. Бәтима самбырлап отырып бейбастақтау бір сөз айтып қойса керек, қыздар қып–қызыл болып, беттерін баса күліп, бір ауық кілем тоқуға шамалары келмей қалды.
Бәтима:
— Кет әрі, жырқылдамай, естімей жүрген сөздерің шығар? – деп жұрттың өзін кінәлады.
Бәйтен әлгінің арасында кілем тоқуды біршама үйреніп қалды. Қиын ештеңесі жоқ. Жаңылып бара жатса, Қоңырша қолынан ұстай алады. Дымқылдау алақаны қытықтаған секілді әсер береді.
Бір тұста Қоңырша орнынан тұрып, Бәтиманың құлағына әлдене деп сыбырлады да, үйден шығып кетті. Бәтима екі жігітке «қызық басталғалы тұр» дегендей, жымыңдап қарап қояды.
Түннің бір уағы болып, әзіл–оспақ, ойын–күлкі саябырлай бастағанда Бәтима орнынан тұрды.
— Ойбуй, мына құда балаларды шаршатыппыз ғой. Амандық болса, тағы да келе жатар. Әйда, кеттік.
Сыртқа шыққан соң, Бәтима екі жігітке жөн сілтеді.
— Анау жерошақтағы отты көрдіңдер ме? Соның оң жағындағы жаңағы Қоңыршаның үйі. Күйеуі жоқ көрінеді. Қызды шақырып алам деп кеткен. Байқаңдар! Әкесі бір жынды неме.
Бұлар үйдің сыртына келіп, жөткірініп дыбыс берді. Үйден лып етіп Қоңырша шықты.
— Тез, ойбай, үйге кіріңдер. Біреу–міреу байқап қалар.
«Тез, тезбен» үйге ит қуғандай боп кірген олар оң жақта отырған қызды көргенде сасқалақтап не істерін білмей босағада тұрып қалды. Манағы… су әкетіп бара жатып, екеуін де тілдеп кеткен қыздың өзі. Бұлар қысылды екен деп, айылын жиып отырған ол жоқ: «Төрге шығыңыздар», – дейді жымиып. Ажарлы екені рас болды. Ақ сары. Сүйірлеу келген жұқа мұрнының етегінде тарыдай меңі бар. Еріні сәл–пәл бұртиып, өкпелеген бала секілді рең береді. Көзі тік. Мінезі шадырлау болса, болар.
— Ал, кәнеки, жоғары шығыңдар, – деді Қоңырша киіз есікті түсіріп жатып.
Есімбек пен Бәйтен аяқ киімдерін шешіп,. төрдегі қызыл жолақ ұзынша көрпеге келіп отырды.
Қоңырша дастарқанның шетін кеңейтіп, бауырсақ төкті. Қант тастады. Содан кейін шай құйған кесені қызға ұсынып:
— Шырақжан, қонақ балаларға қол жалғап жібер, – деді көзі күлімдеп. – Осы елге құда көрінеді, несіне ұяласың?
— Түк те ұялып отырғам жоқ, – деді қыз әуелі жеңгесіне, сосын қонақтарға бажырая қарап.
Екі жігіт қыздың мұнысын ерсі көргендей қыбыжықтап, бауырсақ шұқып үндемей қалды.
Қоңырша шай ішіп отырып, қайын сіңлісі сезсін дегендей «иә, үлкен құда бала – ау» деп, Есімбекке қарап әр нені бір сұрап қояды.
— Үлкен құда бала – ау, сонда сендер мырзаболат боласыңдар ма, жоқ әлде мәмбетсіңдер ме?
— Біз мәмбетпіз ғой.
— Әке–шешең қай шамадағы адамдар?
— Әкем Асқар деген кісі, алпыстың алтауында.
— Көтек, әлгі жұрт айтып жүрген Асқар деген кісі сенің әкең бе еді?
— Сол шығар. Біздің ауылда басқа Асқар жоқ.
— Ойбай–ау, онда белгілі кісінің баласы болдың ғой, – деп Қоңырша көзінің қиығымен қайын сіңлісіне қарап қойды.
Шай ішіліп болғанша, түннің бір уағы өтті. Төңіректегі бейсауат дыбыстың бәрі басылып, жерошақтағы оттар сөнді. Осы кезде ыдыс–аяқтарын жинай бастаған Қоңырша сыртқа шығып, қостың маңын түрткілеп жүріп, іштегі Бәйтенге дыбыс берді.
— Әй, кіші құда, маған көмектесіп жіберші.
Бәйтен сыртқа шығып, Қоңыршаның қайда екенін айыра алмай, аңтарылып тұрып қалды да, ашық қостың ішінен шыққан дыбысты аңғарып, әлі де қараңғыға көзі үйренбеген қимылмен еңкейіп жақындай түсті.
— Кіре бер, кіре бер, – деп сыбырлады Қоңырша. – Атамдар үйінен біреу шықса, көріп қап жүрер. – Бәйтенді қолынан ұстап, өзі отырған төсеніштің шетіне отырғызды. Бір жағынан жүк секілді бірдеңе тірелген аядай ғана қостың ішіне адамның өзі әрең сыйғандай екен, Бәйтен Қоңыршаның бір жамбасын баса, сығалап әрең орнықты.
— Өздері оңаша қалып әңгімелессін. – Қоңырша дәл жанынан сыбырлап, құлағына жел толтырып жіберді. – Шырақжан жыламай, теңін тапса екен деймін – дағы… Жігіттің әп – әдемісі екен. Шырақжанға да ұнар деп ойладым.
Бәйтен жауырын тұсынан тіреліп тұрған жұп–жұмсақ бірдеңе әйелдің емшегі екенін сезгенде, жүрегі дүрсілдеп, тынысы тарылғандай болды. Жан – тәнін бір сиқыр күш балқытып, баурай түсетін секілді. Сол тұңғиыққа балқыған күйі, елтіген күйі бата бергісі келеді.
Қоңырша қолын созып, әлдеқайдан жастық алды.
— Белім шыдамай барады, сүйеніп отырмасақ…
Екеуі шалқайған кезде бастары тым төмен кетіп, бір төсекте жатқан секілді болды да қалды.
Отау үйден бір келкі күңгірлеген дыбыс естіледі.
— Мына жігіт сонда саған аға бола ма?
— Иә.
— Айттырған адамы жоқ па еді?
— Бар болатын. Байдың қызы еді. Әкесі кәмпескеге ілігіп, бәрі жер ауып кетті.
— Сен ше?
— Нені айтасыз?
— Айттырған қызың қайда деймін? Ол да жер ауып кетті ме?
— Жоқ, айттырған адамым жоқ. Әкем кедей адам болған. Өскесін өзі сүйгенін алар деп, құда түспепті.
— Әкең қандай жақсы адам. Қыздарға да неге сөйтпейді екен, – Қоңырша бір қырындап жатқан кезде былқылдаған қос анары Бәйтеннің кеудесіне тірелді.
— Құдай–ау, мына араға тығыламыз деп, тегі жабысып қалдық қой, – дегенде Қоңыршаның демі түгіл, ерні тигендей Бәйтеннің бетіне. Бәйтен безгек тигендей дірілдеді. Қоңырша бір қолымен жайлап Бәйтенді құшақтады да, бетіне бетін тигізіп:
— Неге дірілдейсің? – деп сұрады.
— Жәй… – деді Бәйтен алқынып.
Қоңырша қолын созып, әлдеқайдан көрпе секілді бірдеңе алды.
— Ауырып қалып жүрерсің, түн салқын ғой.
Үстеріне көрпе жапқан кезде Бәйтен Қоңыршаның толық санын, жұп–жұмсақ ішін сезді. Бойын билеген таңғажайып жан рақаты, өлермен құмарлық, беймәлім қорқыныш көңілінде құйындай үйіріліп, өкпесін аузына тықты. Әзәзіл сезімдер басшысынан ұрысты талап еткен солдаттар секілді: «Бол, бол енді, тезірек баста» – деп әлденеге асықтыра түскендей болады. «Қайтып бастау керек, не істеу керек?», оған Бәйтеннің ақылы да, батылы да жетпеді. Әлдекім ішінен бір тізгінді жібермей тұрғанға ұқсайды.
— Бұрын әйел көріп пе ең? – деді Қоңырша да сәл ентігіп.
Бәйтен кекештеніп «жоқ» дегенді әрең айтты.
Қоңырша үндемей қалды. Әлден соң:
— Жаныңдағы жігіт болмаса, біздің Шырақжанға нағыз лайық жар болғандай екенсің, – деді аузын Бәйтеннің аузына тигізе. – Бірақ құдайдың жазуынан артық не болсын.
Әйел бүкіл денесімен жабыса жігітті қатты құшақтап, ернінен сүйді. Бәйтенде қарсыласар қуат қалмады. Әйелдің жұп–жұмсақ тілін сезгенде, шашының түбіне дейін шымырлап қоя берді.
Осы кезде сырттан:
— Ay, Бәйтен, қайдасың? – деген Есімбектің баяу даусы естілді.
Екеуі де шошынып, бастарын көтеріп алды. Бәйтен қолға түсіп қалған қылмыскердей, апалақтап, жан–жағын сипалай берді. Басы ұйып қалған секілді.
Қоңырша Бәйтенді қайта жатқызып:
— Ештеңе етпейді, іздей тұрсын, – деп сыбырлады. – Осылай болғаны дұрыс болды.– Өкініп отырсың ба? Өкінбе. Кейін түсінесің… Жүрегіңді бас… Бұл не тарсылдап тұрған?.. Жүрегің бе сенің?.. Құдай сақтасын.. Қалай қатты естіледі? Ал тұра ғой.
Қостан шыққан соң, Қоңыршаның: «Қош», – деуге шамасы әрең келді – үйге зып етіп кіріп кетті. Бәйтен анадай жерде қарақшы құсап состиып тұрған Есімбектің қасына келді.
— Оу, қайда жүрсің? – деді Есімбек таң қалып.
— Сендерді күтіп қоста отырдық қой.
— Жүр кеттік.
— Не болды?
— Не болсын, – деді Есімбек қуанышты үнмен, – алатын болдым.
— Келісті ме?
— Келісті.
Екі жігіт Қарасудың ойпаңынан бұрын атты жетелеп әкеліп, арбаға жекті. Сырт қараған адамға тұн жамылған ұрылар секілді. Бурыл ат жол жүрісті сезгендей, құлағын қайшылап оқыранып қояды.
— Ақырын, ақырын, жануарым, – дейді қуанышы қойнына сыймаған Есімбек аттың мойнынан елжірей құшақтап, – Ауылға асықпай–ақ барамыз, түн ұзақ. Сосын көп ұзамай, бір адамды алып кетуге осында тағы келеміз. Түсініп тұрмысың, жануарым, ақжолтайым менің?!
Бурыл ат түсініп тұрғандай тағы да құлағын қайшылады.
— Үйге кіреміз бе? – деп сыбырлады Бәйтен.
— Ұйықтап жатыр ғой, оятпай–ақ қояйық.
— Қамшың қалды ғой.
— Қала берсін.
— Жарайды, қалса, қалсын, – деді Бәйтен де Есімбектің көңіл күйін түсініп.
— Кел отыр. Шу, жануарым!
Үй ішінде жалғыз ояу жатқан Бәтима әлден соң бешпентін жамылып, сыртқа шыққанда, ұзап бара жатқан арба доңғалағының шиқылы түнгі тымық ауада ап–анық боп естіліп