Мұхтар екеумізді әдебиет табыстырды.
Оның үстіне құрдаспыз. Бірбіріміздің шығармашылығымызға деген көзқарастарымыз жақсы болды да,бір- бірімізді дос тұтып кеттік. Мұхтар тураллы айтқанда, оның ақындығын айтпай кетуге болмас. Ол- өте үлкен ақын, әлеуметтік ақын. Ең ғажабы, сонау Кеңес үкіметі кезінде, адамдардың ақыл- ойы, көзқарасы басқа кезде коммунистік партияға бір өлең арнамаған, оны мақтамаған бірден- бір ақын осы Мұхтар еді. Одан кейін Мұхтардың азаматтық бағыты айқындалды, ұлтқа байланысты күрестің қақ ортасында жүрді. Қылышынан қан тамған коммунистік режимнің заманында Мәскеудегі Жоғарғы Кеңес трибунасынан Желтоқсан мәселесін көтерген бірден- бір қайраткер де өзі. Сол үшін қуғынға да ұшырады. Бірақ ол-алған бетінен қайтпайтын батыр адам. Тәуелсіздіктен кейін де ұлт мүддесі үшін тіл мәселесі бойынша әлі күнге дейін тартысып келе жатыр. Мұхтар- жақсымен де, жаманмен де айтысып, доспен де ажырасуға дейін баратын үлкен принциптің адамы. Елге, халыққа деген сүйіспеншілік адамның азаматтығын айқындайды. Егер ол жеке басының қамын ойласа, әлдеқайда жоғары дәрежеге жеткен болар еді? Қазір біреулер оны елегісі де келмейді. Бірақ оның бәрі уақытша нәрсе. Ең бастысы, халық Мұхтарды қатты жақсы көреді. Оқырмандармен кездесуде қалың көпшілік оның өлеңдерін жатқа оқиды. Германияға барған сапарында екі- үш отбасы Мұхтардың өлеңдерін тыңдау үшін барған жеріне бірге еріп барып жүріпті. Ақынға осыдан артық қандай бақыт керек?! Жаратылыстың қызық бір жері, талантты адамдардың барлығы бірдей жақсы адам бола бермейді. Бірі қырсық, енді бірі қызғаншақ, тағы бірі мақтаншақ... Ондай адамдармен алыстан ғана сыйласқың келеді. Ал Мұхаң олардың қатарынан емес. Кейдк көңіліңе қарап жалпылдаған кезде өзіңнен кіші баладай болып кетеді. Ол- өте қарапайым, кішіпейіл, жұртқа жол бергіш. Өткенде Шымкентке барғанымызда, Қойшығара (Салғара) екеумізді үйіне алып барды. Ол жақта әпкесі тұрады екен. Сондағы әзіл- қалжыңы, жүріс- тұрысы- барлығынан да оның қарапайым халықтың ортасынан шыққандығы, халыққа жақындығы байқалып тұрды. Бірге жүрсең, қас- қабағыңа қарап отырады, сыйласуға рақат. Мұхаңдай талантты адамның адами болмысының сондай болуының өзі қоғамның жетістігі деп білемін. Мен оған қазақ руханиятындағы жарық жұлдыздарының бірі деп қараймын. Қазір таланты барлардың біразы «жағымпаздық» деген ауруға ұшырады. Лауазымдыларды мақтау, оларға арнап кітап жазу, өлең арнау сияқты тірлікте орын алды. Сондайлармен күресіп жүрген санаулылардың бірі де - осы Мұхтар. «ТЖ» деген нәрсені тауып алды. Онысы- туфли жалаушылар дегені. Қысқасы, ол жағымпазданып, жарамсақтанып жүргендерге бітіспейтін соғыс ашты деуге болады. Әрине, кейде қарабайырлықпен бірдеңені айтып тастап отыратын кезіде болады. Соған қарамастан, Мұхтар- терең, әріден ойлайтын ақын. Жүрекке жететін өлеңдері қандай ғажап! Сондықтан мен «Мұхтарды әлі де халыққа таныту керек, Мұхтардың бағасын әлі де толығырақ етіп беру керек» дегендердің жағындамын.
-
- Мұхтармен Дулат көп әзілдеседі. Мұхтардың өлеңдеріне өзінше пародия да жасап жүреді. Бірде Мұхаңның «Жігерлендіру немесе өзін бақытсызбын деп есептеген жігітке жауап» атты өлеңіндегі:
Кім айтты саған:
Тұлпарды сүрінбейді деп,
Асауды мінілмейді деп,
Ақ көйлек кірлемейді деп,
Қара ешкі мүжіген ағаш
Қайтадан гүлдемейді деп?
- деген жолдарына келтіріп,
Дулаттың:
Кім айтты саған:
Күн қайта шықпайды деп,
Кім айтты саған:
Күн қайта батпайды деп,
- деп әзіл өлең шығарғаны бар. Оны естіген Мұхтар ренжімейді, қайта мәз болады. Дереккөзі:
Төлен ӘБДІКОВ
Аңыз адам